КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Әр түрлі мақал-мәтелдер

 

Қасқырда қас қылмайды жолдасына.

 

Қасқырдан қорыққан

Тоғайға бармас.

 

Қасқыр қарызын терісімен төлейді.

 

Жолбарыс жұлқынса,

Жонынан от шығады.

 

Бөрі арығын білдірмес,

Итке сыртын қампайтар.

 

Арыстан күшігін тістеп сүйеді.

 

Қасқырдың ауызы жесе де қан,

Жемесе де қан.

 

Бөркіңді беріп

Бөріден құтылмайсың.

 

Қараусыз қалған есек —

Қасқырдың олжасы.

 

Ит — жеті қазынаның бірі.

 

Есіктен ергенек кетсе,

Иттен иба кетеді.

 

Жеңген ит желкесінен талайды.

 

Аш иттің құйрығын

Сұқ ит жалайды.

 

Иттің құны — бір күшік.

 

Иттің басын алтын табаққа салсаң

Шоршып түсер.

 

Қазаннан қақпақ кетсе,

Иттен ұят кетеді.

 

Иттің ұлығанын бөрі есітпес.

 

Ит те киімге қарап үреді.

 

Ит аузы тигенмен

Дария суы арам болмас.

 

Итін жамандасаң,

Иесіне тиеді.

 

Ит үрген жерде ауыл бар.

 

Итке темір не керек?

 

Көп жортқан ит

Күшәлаға кездеседі.

 

Ит баласы жүре азар.

 

Ысқырған жылан шақпайды,

Үреген ит қаппайды.

 

Қырсыққанның иті қырын жүгіреді.

 

Жақсы ит өлігін көрсетпейді.

 

Асыранды күшік

Аузыңды жалайды.

 

Итті қонақ жараспас.

 

Ауыл итінің достығы

Сүйек тастағанша.

 

Сүйекпен ұрғанитқыңсыламайды.

 

Қойға қасқыр шапса,

Ит семіреді.

 

Итті иесімен қина.

 

Ит ұяласынан қорықпас.

 

Итті күшігім десең,

Аузыңдыжалар.

 

Алжыған төбет айға қарап үреді.

 

Ит итті жұмсайды,

Ит құйрығын жұмсайды.

 

Түлкі алған итте сын болмас.

 

Табаны қышыған ит керуенге өреді.

 

Ақ ит, қара ит, бәрі бір ит.

 

Иттің жатқан жері — төсегі.

 

Иттің ішіне сарымай жақпайды.

 

Итті тепсең — ырысыңды тебесің.

 

Мысық жоқта тышқан кісінейді,

Ит жоқта шошқа үреді.

 

Ит әлі жеткенін талар.

 

Ит қорыған жерге өш.

 

Жаман күшіктің атын

Бөрібасар қояр.

 

Итке үкі жараспайды.

 

Ит арық болса

Ауылдың намысы.

 

Түлкіні түлен түрткенде

Тойлы ауылға кездесер.

 

Көбік қарда түлкі ойнар.

Көк шалғында жылқы ойнар.

 

Аю — аңғал,

Түлкі — айлакер.

 

Түлкі түсінде

Тауық көреді.

 

Түлкіні түн асырайды.

 

Ұрының арты қуыс.

 

Ұры байымайды,

Сараң семірмейді.

 

Ұры ұрлығын қойса да,

Ұры аты қалмайды.

 

Адам тілінен жазады,

Ұры ізінен жазады.

 

Елді жерде Ұры бар,

Таулы жерде бөрі бар.

 

Ұры азығы мен бөрі азығы

 

Ұрының қатыны өзіне лайық.

 

Бөлінгенді бөрі алар,

Ұзағанды ұры алар.

 

Ауыл үйдің моншағын

Күндіз ұрлап, түнде тақ.

 

Ұры бір түнде — бай,

Бір күнде — кедей.

 

Ұры — көптің жиені.

 

Аты шулы ұры аштан өлер.

 

Ұрыны ұры ұрмай-соқпай ұстайды.

 

Барымташының басы бодаудан,

Ұрының басы төлеуден шықпайды.

 

Өтірік сөз — жанғақас,

Өткір пышақ – қынға қас.

 

Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам.

 

Өтірік деген дұшпан бар,

Отқа сүйреп салады.

Әділет деген аға бар,

Дұшпанның қолын қағады.

 

Түстік жерге өтірік айтсаң,

Кешке артыңнан қуып жетеді.

 

Таң атпайын десе де

Күн қоймайды.

Өтірікті қуалап

Шын қоймайды.

 

Жыртық үйді жел табар

Өтірік сөзді шын табар.

 

Қамыс отын емес,

Жалыны бар да шоғы жоқ.

Өтірік сөз досым емес,

Айтқан жерде өзі жоқ.

 

Өтірікті — шындай,

Ақсақты — тыңдай.

 

Ойнап айтса да ойындағысын айтады.

 

Көсеумен түрткеннің кегі кетпес.

 

Көрмеген көлде

Білмеген құстың

Даусы естіледі.

 

Оты өшкен үйдің

Шаңырағынан байғыз саңғиды.

 

Сырқат пен семіру — көңілден.

 

Қасапшы қалған-құтқанды жейді.

 

Аш тамағым —

Тыныш құлағым.

 

Ашта тойғаныңды тоқта ұмытпа.

 

Қоқиланған қораздың

Қотыр-соқыр микиендері болады.

 

Ерінбеген есекпен қоян алады.

 

Жеңіл барып, ауыр қайт.

 

Жуас түйе жүндеуге жақсы,

Бұралқы сөз күлуге жақсы.

 

Бақыт шыбын сияқты —

Бірде гүлге қонса,

Бірде көңге қонады.

 

Қасқыр мен ұры мінездес:

Екеуі де түнді аңдиды.

Бұлбұл мен гүл мінездес:

Екеуі де күнді аңдиды.

 

Қас сұңқардың баласы

Шыңнан тоят тілейді.

Қас тұлпардың баласы

Шапқан сайын үдейді.

 

Соқыр көргенін жазбас.

 

Өзі жоқтың — көзі жоқ.

 

Жүгірген жетпес,

Бұйырған кетпес.

 

Кетпеннің басын бассаң,

Сабы өзіңе тиеді.

 

 

 

Аспаннан шұға жауса да,

Сорлығаұлтарақ тимес.

 

Жазмыштан озмыш жоқ.

 

Аузына әлі жетпегеннің

Қолында шоқпары бар.

 

Бір жоқтыңбіртоқтығы бар.

 

Көкте тырна қиқуласа,

Көлдегі қаз қанатын қағар.

 

Ескі тонның жылуы жоқ,

Қайтқан күннің қызуы жоқ.

 

Тар киім — тозғақ.

 

От пен су — тілсіз жау.

 

Жақсылық таудың басында,

Жамандық табан астында.

 

Есекті ысқылағанша, иығын шұқыла.

 

Қатты ағашта шайыр жоқ,

Қатты адамда қайыр жоқ.

 

Түйекеш түйесін бағады,

Түйесі түйекешті бағады.

 

Қодастың еті

Қырық жылғы ауруыңды қозғайды.

 

Ай қораланса

Арбаңды сайла,

Күн қораланса,

Күрегіңді сайла.

 

Жайлауы жақсының

Әр бұтасының түбі бір кесек ет.

 

Боталы түйе — боздауық.

 

Кәрі қасқыр қақпанға түспейді.

 

 

 

Елін жамандаған

Елеусіз қалады.

Ауылын жамандаған

Атаусыз қалады.

 

Тойған үйге тоғыз бар.

 

Сыйлап берген су да тәтті.

 

Жолсыз жүріп торыққан

Жол қадірін біледі.

Жалғыз жүріп зарыққан

Ел қадірін біледі.

 

Балық тілін бақа білер.

 

Ескіні жамағанның

Есі кетеді.

 

Ашу үстінде

Ант жүрмейді.

 

Несиеге ет жесең,

Сүйегі ішегіңді жыртар.

 

Құтырғаннан

Құтылған олжа.

 

Талаптың тұлпары

Тас қиядан таймайды.

Саятшының сұңқары

Салса, ілмей қалмайды.

 

Қорыққан мен қуанған бірдей.

 

Қазан ұстаған

Қазан жалайды,

Сазан ұстаған

Қылтанақ санайды.

 

 

 

Ойын түбі — от,

Тұман түбі — жұт.

 

Арашаға бой бермеген

Арашаға зар болар.

 

Ажалды киік ашыққа қашады.

 

Қайғының қандай екенін

Қайғырғандабілерсің.

Қарындастың қандай екенін

Айырылғанда білерсің.

 

Ұлыңа бес жасқа дейін патшаңдай қара

Он бес жасқа дейін қосшыңдай сана,

Он бестен асқан соң досыңа бала.

 

Отау үй оңаша келеді,

Отындары тамаша келеді.

 

Отыз ұлың болса да

Әрқайсысының орны басқа.

 

Дау мен жау — ерге сын,

Көшіп-қонбақ — елге сын.

 

Адам — тастан қатты,

Гүлден нәзік.

 

Арсыз болса — қыз қорлық,

Ақылсыз болса — ұл қорлық.

 

Балаң жақсы болса —

Екі көздің шырағы.

Атың жақсы болса —

Бұл дүниенің пырағы.

Алған жарың жақсы болса —

Абыройыңның тұрағы.

 

Сүтпен кірген мінез

Сүйекпен кетеді.

 

Көп шайнаған

Қартаның дәмі болмас.

 

 

 

 

Жер асыңнан

Жемес асың көп болсын.

 

Жақыныңмен жауласқан

Жатқа мазақ болар.

 

Өзім дегенге,

Өзегімді суырып берем.

 

Балаға —

Ата қорған, ана құрбан.

 

Ауыл үйдің қонағы,

Айында-жылында бір келер.

 

Біреу — арашашы

Біреу — тамашашы.

 

У ішкеннің іші білер.

 

Тоты құс бойын көріп —

Сыланады,

Аяғын көріп —

Қорынады.

 

Көзі қарайған там сүзер.

 

Құлан қайда семірсе,

Қан-жыны сонда төгілер.

 

Сынбайтұғын шөлмек жоқ,

Ажал жетпей өлмек жоқ.

 

Сүймеске асылма,

Арзымасқа шашылма.

 

Барымтаны басынған алады,

Иә, ашынған алады.

 

Құлақ есіткенді көз көреді.

 

Таршылықтың тақсіретін тартысқан

Кеңшілікте кейіспейді.

 

 

 

Құс қанатымен ұшады,

Құйрығымен қонады.

 

Жоқшылық — жүдетеді,

Бөз көйлекке — жібек жамау.

 

Кергіген кері кетер,

Кесірі түбіне жетер.

 

Тіршілік — түзетеді.

 

Жегенін білмейтін шұнай,

Жұтқанын білмейтін құмай,

Алғанын білмейтін құдай.

 

Сөз ауыздан кірмейді,

Құлақтан кіреді

Құлағың керең болса

Қаяқтан кіреді?

 

Сараңға саңыраулық қонады,

Есітсе де есітпеген болады.

 

Жас арқалағаннан

Тас арқалаған жеңіл.

 

Өтпес пышақ қол кесер.

 

Ебін тапқан екі асар.

 

Бәле қайда деме,

Аңламасаң, аяқ астында.

 

Құдай бергенге құлай береді.

 

Арсызда бет болмайды,

Азғында кек болмайды.

 

Халық ауызына

Қақпақ қойыпболмас.

 

Татарға тілмаш керек емес.

 

Ұры түн асқанша,

Бөрі қыр асқанша.

 

 

 

Екі үйдің қонағы

Емексіп жүріп аш қалар.

 

Құда болғанша,

Түп-тегіңді сұрас,

Құда болған соң,

Қол қусырып сыйлас.

 

Қарды қылау өсіреді,

Баланы сылау өсіреді.

 

Қыздың көзі қызылда.

 

Жан ашыры жоқ адам

Жал-құйрықсыз атпен тең.

 

Еңсесі түскеннің

Ер-тұрманы жиылмайды.

 

Екі қоянды қуған,

Біреуін де ұстай алмас.

 

Жапа шегіп, жай жату,

Жасқаншақтың белгісі.

Аспандағы айды ату.

Мақтаншақтың белгісі.

 

Балықта батажоқ,

Итте ата жоқ.

 

Біреу жәбір етсе,

Сен сабыр ет.

 

Тасбақаның басқаны

Тәңірге аян.

 

Көзі сынық инемен

Көйлек тіге алмайсың.

Көңілі сынық құрбымен,

Ойнап-күле алмайсың.

 

Азапсыз махаббат —

Арзан махаббат.

 

Ұялған тек тұрмас.

 

 

 

Шыбынға шоқпар көтермес болар.

 

Бұлбұл гүлдің ашылғанын

Көрем деп сайрайды.

 

Құс жеткен жеріне қонар,

Қонақ қалаған үйіне қонар.

 

Айдындағы аққуды

Ақылды мерген атпайды,

Ақ еркесін айдынның

Атуға қолы батпайды.

 

Шөлмен жүрсең, жолмен жүр:

Жол бұлақты көлге апарады,

Көл қонысты елге апарады.

 

Өзінің бетін аямаған,

Кісінің бетін шиедей қылады.

 

Екеудің үлесі,

Үшеуге үнем.

 

Саңырауға сәлем берсең,

Атаңның басы дейді.

 

Алтынды тот баспайды.

 

Әліне қарамаған — әлек.

 

Сабы алтын болса да,

Көсеудің көсеу аты қалмайды.

 

Көптің көзі — көреген.

 

Көзден кетсе, көңілден кетеді.

 

Көсеуі ұзынның қолы күймес.

 

Көңілім келсе – көлдеймін,

Көңілім келмесе – шөлдеймін.

 

Қолынан келген қырынан қояды.

 

Кішкентай тастан

Қауақтай бас жарылады.

 

Күйеу – жүз жылдық,

Құда – мың жылдық.

 

Үйге кірген жыланды да

Басына ақ құйып шығарады.

 

Қажып жүрген адамға,

Қарсы алдынан шыққан ит,

Қасқыр болып көрінер.

 

Ақша кетуге тырысады,

Есеп ұстауға тырысады.

 

Тауықтың түсіне тары кіреді.

 

Балта сабынан озбайды.

 

Барар жердің алыстығы жоқ,

Керек тастың ауырлығы жоқ.

 

Асыққан етегіне сүрінеді.

 

Өсекші мен өтірікші – егіз.

 

Өзің сүйгенді алма,

Өзіңді сүйгенді ал,

Өзің сүйгеннен жапа шегерсің,

Өзіңді сүйгеннен рахат көрерсің.

 

Ұлы сөзде ұят жоқ.

 

Ақ шалаға көрінді –

Алыс емес су жақын.

 

Жұрттың жүргені басылмай

Иттің үргені басылмас.

 

Көзің барда көргенің –

Көңіліңе тергенің.

 

Бара жатқанның балтасын

Келе жатқанның қалтасын қағады.

 

Ұртына мұртын жалғайды.

 

Әркім өз несібесін теріп жейді.

 

Тамызығын тапсаң,

Тас та жанады.

 

Бас – кемеңгер,

Жүрек – ер,

Құлақ – бұлақ,

Аяқ – пырақ,

Қол – мұрап,

Тіл – тілмаш,

Кілтін тап та сырын аш.

 

Кісі киімі кіршіл,

Кісі көлігі тершіл.

 

Іздегенге – сұраған.

 

Жер астынан жік шықты,

Екі құлағы тік шықты.

 

Біреу қақпанын мақтайды,

Біреу сақпанын мақтайды,

Бірақ қуырдаққа ет таппайды.

 

Оңқай – асықтай,

Күміс – қасықтай.

 

Көсе бетінен қылтанақ көрсе,

Қырғанша құты кетеді.

 

Шар болат

Шорт сынады.

 

Шілге тұзақ құрса да,

Тілге тұзақ құрмайды.

 

Өткендерін ескерген –

Өскендіктің белгісі,

Өткендерін жек көрген –

Өшкендіктің белгісі.

 

Бұраудың да сұрауы бар.

 

Өткен күнде белгі жоқ.

 

Алтын пышақ өтпесе,

Алтынын ал да отқа жақ.

 

Көптің аузы дуалы.

 

Дәндеген қарсақ

Құлағымен ін қазады.

 

Қойға қасқыр шапса,

Жарлының жалғызын жейді.

 

Бүркіт саңқылдаса,

Киік күйбектейді.

 

Біреу көріп күледі,

Біреу еріп күледі.

 

Сабырлы адам сақтанып сөйлер,

Сабырсыз адам мақтанып сөйлер,

Сапырыстырып, ақтарып сөйлер.

 

Мұрыныкішкентайдың

Есесі бетінде.

 

Қолы қимылдаған адамға

Кедейлік жоқ.

Аяғы қимылдаған адамға

Алыстық жоқ.

 

Қудан —үйрен,

Сұмнан — жирен.

 

Кезенген пышақ,

Кез бойы ұзарып кетеді.

 

Қарыстың алыстығы бар,

Сүйемнің жақындығы бар.

 

Желгеқарсы түкірсең —

Өз бетіңе былш етер.

 

Бұлтты күн ашылар,

Бұлыңғыр көңіл басылар.

 

Жығылған үстіне жұдырық.

 

Жұрт өтірік айтпайды,

Жоқ өтірік айтады.

 

Сөзі — олақ,

Ойы — шолақ.

 

Құдайдан қорықпа,

Құдайдан қорықпағаннан қорық.

 

Мысқал,

Мысқыл түбі мүшкіл.

 

Құдай бір айналдырғанды,

Шыр айналдырады.

 

Бас жарылса,

Бөрік ішінде,

Қол сынса

Жең ішінде.

 

Балапан басымен,

Тұрымтай тұсымен.

 

Басы аман, малы түгелдің,

Құдайымен ісі жоқ.

 

Алғанды білген анайы,

Бергенді білген сыпайы.

 

Мақтаншақты мақтасаң,

Басыңа секіреді.

 

Қайғысы жоқ адамға

Қара көже балмен тең.

Қайғысы көп адамға

Кең дүние жармен тең.

 

Үйі жоқтың көңлінде

Алтын сарай жүреді.

 

Аш отырып,

Ас таңдайды,

Жаяу отырып,

Ат таңдайды.

 

 

 

Таудай талаптан

Бармақтай — бақ.

 

Тышқанның тәңірі —

Мысық.

 

Олай тартсаң өгіз өледі,

Бұлай тартсаң арба сынады.

 

Көңілі қаран

Жолдасынан айрылады.

Көп жасаған,

Құрдасынан айрылады.

 

Әкесі өлгенді де естіртеді.

 

Біреудің атан көтермес бөзі бар,

Біреудің ат көтермес сөзі бар.

 

Қарнымның ашқанына жыламаймын,

Қадірімнің қашқанына жылаймын.

 

Тісің барда ысқыр,

Мұрның барда пысқыр.

Бір жылға қоян терісі де шыдайды.

 

Көргенсізбен құрдас болма,

Опасызбен сырлас болма.

 

Өлсең көрің кең болсын.

 

Кең болсаң, кем болмассың.

 

Адам өзінен кейінгілерді

Көріп қартаяды.

 

Әсіре қызыл тез оңар.

 

Қатыны өлген мен байы өлген қосылса:

Күндіз екеу,

Түнде төртеу.

 

Киім кірі жуса кетеді,

Көңіл кірі айтса кетеді.

 

 

 

Кемедегінің жаны бір.

 

Жалғыз қаздың үні шықпас.

 

Әліжетпеген ақыретшіл.

 

Артық олжа басқа еңбек.

 

Бір кемпір бір кемпірді апай дейді.

 

Көз көрмей,

Көңіл сенбес.

 

Ұялмаған бұйырмағанды ішеді.

 

Соқырдың тілегені екі көзі.

 

Мың қайғы,

Бір борышты өтемейді.

 

Өтірік — қаңбақ,

Шын — салмақ.

 

Кірісіне қарай — шығысы.

 

Тентекке — келтек.

 

Бас жарылса — бөрік ішінде,

Қол сынса — жең ішінде.

 

Басы қатты болса,

Аяғы тәтті болады.

 

Қайыр қылсаң, бүтін қыл.

 

Кішіпейілдік —

Кішілік емес,

Кісілік.

 

Бардан жұғады,

Балдан тамады.

 

Ерте жат та ерте тұр,

Бір піспекті артық ұр.

 

Аға болсаң ақыл айт,

Ақыл айтсаң, мақұл айт.

 

Ісім жақсы деме,

Көпке ойлат.

Суды саяз деме,

Құрығыңды бойлат.

 

Басқа үйдің жығуын білсем де,

Тігуін білмеймін.

 

Жердің үстімен барып,

Астымен қайттық.

 

Орнында бар – оңалар.

 

Кішіні – мақтап,

Үлкенді – мін.

 

Мергеннің

Көзі де мерген,

Қолы да мерген.

 

Жетесінде жоқ,

Жете сыйламайды.

 

Бөрік – басқа көрік.

 

Мен не деймін,

Қобызым не дейді.

 

Кісі өлтіретін пышақты

Кісі көрмейді.

 

Қонақты сөзбен тойғыза алмайсың.

 

Аузына ие болмағанның

Қолында ұяты бар.

 

Жүректің сырын

Көздің нұрынан байқа!

 

Ауыл – қарайлас,

Шаруа – орайлас.

 

Келмей жатып қорықпа,

Көрмей жатып торықпа.

 

Күнің шуақты болсын,

Көлің суатты болсын,

Қонысың өрісті болсын,

Еккенің жемісті болсын,

Еңбегің келісті болсын.

 

Салақтан – олақ жаман.

 

Бар барын айтады,

Жоқ зарын айтады,

Құда базына айтады,

Құдағай назын айтады.

 

Көзі көрместің

Көңілі сезбес.

 

Біреуден екеу жақсы,

Құр қолдан көсеу жақсы.

 

Арамды құдай табады,

Момынды қайыр табады.

 

Ашуланса,

Көшке берген тайлағын алсын.

 

Кісіден тілегеннің

Екі көзі шығады.

Еңбегіне сенгеннің

Екі бүйірі шығады.

 

Жеміс жеміске қарап өседі.

 

Домалаған тасқа мүк тұрмайды.

 

Ауыздан шыққан сөз алыстар.

 

Төңкерген ыдыс толмайды.

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 209 0




29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 595 0





08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 1013 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 1156 0











31/05/2017 16:34

Тіл мен тарих тамырлас
0 49657 10

02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 47328 0





05/06/2017 11:24

Абылайханның күйлері
0 45021 3


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика