КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жүруге жоқ, шығуға жарар жаны бар,

Тәртіппенен тұратын өз әлінше сәні бар.

Керек болар кейін деп түйіп алған,

Азық қылар бір азырақ дәні бар.

/Егін/.

 

 

Жеп жатарда жасқанбай бірді берсең,

Ондап-жүздеп аларсың егер көрсең.

Еш уақытта еңбегің еш болмайды,

Әрекет қып, беріп ал, тіліме ерсең.

/Егін/.

 

 

 

 

Біздің ел сұратады сегізіңді,

Бұғыдай мойны жуан семізіңді.

Алдынан алақанын төсеп алып,

Тартады тойғызам деп негізіңді.

/Егін/.

 

Ұстарамен алынбас,

Ұйысып тұрған қалың шаш.

/Егін/.

 

 

Қар астында қыстағаны,

Жасыл бөрік тыстағаны.

/Күздің егіні/.

 

 

Жасынан тәрбиелеп бала бақтым,

Өсіріп ол баланы жұртқа жақтым.

Күніне екі-үш рет көрмей тұрсам,

Болмайды бұл дүниеде менің нақтым.

/Егін, ішкен тамақ/.

 

 

Алтын аяқты,

Алтын десем - азығы жоқ,

Ол жоқ болса - алуы жоқ.

Дүние толған адамның

Баршасы да теп-тегіс,

Біріне бірі қарауы жоқ.

/Астық пен аштық/.

 

 

Желі басында бес бие,

Бесеуі де жас бие.

Құлындары құла ала,

Құлақтары сары ала.

/Масақ/.

 

Аласа терек,

Алпыс бұтақ,

Бұтақ сайын ұя,

Ұя сайын жұмыртқа.

/Масақ/.

 

 

Мысық мұртты,

Өрмек басты.

/Бидай/.

 

Ұзын мұртты сарылар,

Қойнында наны бар.

/Бидай/.

 

 

Екі жағы бүртік,

Ортасы сызық.

/Бидай/.

 

 

Аласа ғана бойы бар,

Қойнына тыққан наны бар.

/Бидай/.

 

 

Өзі қызық,

Бауырында бар

Жалғыз сызық,

Бұған жұрттың бәрі де ынтық.

/Бидай/.

 

 

Бек тұрған,

Белін буып,

Тек тұрған.

/Бау бидай/.

 

 

Бір ағашта қырық бұтақ,

Қырық бұтақта қырық ұя,

Қырық ұяда қырық жұмыртқа,

Қырық жұмыртқада қырық балапан.

/Бидайдың масағы/.

 

 

Қызыл күріш тас болып түседі,

Ақ ұлпа қар болып шығады.

/Бидай ұн/.

 

 

 

Бала, бала, балалар,

Мүйізінен су ішіп,

Таяғынан балалар.

/Тары/.

 

 

Бір бұтаның қырық ұясы бар,

Қырық ұяда қырық мұрасы бар.

/Тары/.

 

 

 

Мынау неге мұңаяды,

Бір жағына қыңыраяды,

Аузы-басын түк басып,

Тұмсығы неге қызарады.

/Тары/.

 

 

Пәре-пәре болды,

Басы айналып жара болды.

Бастарына жүн шығып,

Басымызға бәле болды.

/Жүгері/.

 

 

 

Бойы бір қарыс,

Сақалы екі қарыс.

/Жүгері/.

 

 

 

Жерден шығар көгеріп,

Беліне қылыш байланып.

/Жүгері/.

 

 

Қол басындай ағашта

Сансыз адам байлаулы,

Санасаң саны бар,

Аяғында жаны бар.

/Жүгері/.

 

 

Мұнда тау,

Онда тау,

Ортасында көп шөп.

/Пісте/.

 

 

Сары қызым көгенде тұрып семірген

/Жалбылша/.

 

 

Көк лағым көгенде тұрып семірген.

/Қарбыз/.

 

 

Соғым үшін сайлап қойдым,

Бордақылап байлап қойдым.

/Қарбыз/.

 

 

Бір шар бар кіріп шығар есігі жоқ,

Су ішер, нан жемейді, тамағы тоқ.

Ішінде көп балапан етер мекен,

Ас қылып сойып жесең балдай екен.

/Қарбыз/.

 

 

Өзі аласа, семіз, майы жоқ,

Терісі қалың, жүні жоқ.

/Қарбыз/.

 

 

 

Жерде жатып желіндейді,

Күзге дейін желінбейді.

Үндеместен төлдеп жатыр,

Су бермесең шөлдеп жатыр.

/Қарбыз/.

 

 

Ара-арасы ақпа тіл,

Арасынан тастап тіл.

/Ала қарбыз/.

 

 

 

Қолымда сақинам бар алшығарай,

Қойды қасқыр жейді екен қан шығармай.

Бұл жұмбақты қайсы жігіт табады,

Сол жігітке тиемін мал шығармай.

/Қарбыздың тіліктері, қарбыз, пышақ/.

 

 

 

Алуан түрлі түсі бар, сырты қатты,

Адамзат жеуге құмар, өзі тәтті.

Тоқсан күнде толықсып, күні бітіп,

Есепсіз ақты-қара бала тапты.

/Қауын, қарбыз/.

 

 

Сусыз піскен ас көрдім,

Домаланған бас көрдім. 

Бауыздасаң қан орнына су ағар.

/Қауын/.

 

 

Бір арқанда отыз қой байлаулы жатыр.

/Қауын/.

 

 

Атасынан бұрын баласы базарға барады.

/Қауын/.

 

 

Құдая, құдіретіңнің панасынан,

Таңым бар мен құдайдың бар күшіне,

Анасы туады екен баласынан.

/Қауын/.

 

 

Ұзын-ұзын әулие,

Онан да ұзын әулие.

Тораңғылдың түбінде,

Теңкиіп жатқан әулие.

/Асқабақ/.

 

 

 

Ояғы тау, бұяғы тау,

Ортасында бұжыр тау.

/Жаңғақ/. 

 

 

Сырты тас, іші қуыс бөлек-бөлек,

Базардан оны сатып алса керек.

Алған жанға тағамдық пайдасы бар,

Шешіп бер, жұмбағымды болсаң зерек.

/Жаңғақ/.

 

 

Асты тас, үсті тас,

Шағып жесең, піскен ас.

/Жаңғақ/.

 

 

Алыстан қарасам әңгір-күңгір,

Қасына келсем қаптаулы темір,

Ашып қарасам аппақ,

Жеп қарасам тәп-тәтті.

/Жаңғақ/.

 

 

Кішкене қозымның асы дәмді.

/Пісте жаңғақ/.

 

 

Мәуе ішінде тас,

Тас ішінде ас.

/Өрік/.

 

 

Бар еді бір жұмбағым аты бүрлен,

Шіркінді нәпсі қойып шешіндірген.

Ішінде бір нәрсе бар дүмбірлеген,

Оны аламыз деп қылдық талап.

Алалмай бір қыдыру тұрдық қарап,

Отыз кісі жиылып алсақ қарап,

Нәрсесі ішіндегі доп-домалақ.

/Өрік/.

 

 

Домалақ қана албар,

Ішінде қатты дәні бар.

/Анар/.

 

 

Кішкентай ғана құтша,

Іші толы мықша.

/Анар/.

 

Алма дерсің, түсіне қарап,

Жүгері дерсің, ішіне қарап,

Татсаң тәтті, бал шәрбәтті.

/Анар/.

 

 

Үлкендігі алмадай,

Сырты жанған қызыл от,

Ішін жарып қарасаң-

Майда , майда қызыл шоқ .

/Анар/.

 

 

Өзі қызыл , өзі қызық ,

Ортасында бір сызық .

/Шабдалы/.

 

 

Үстіне тігіп көк шатыр ,

Астында қызғылт дәу жатыр .

/Қызылша/.

 

 

Үлпершекке қан құйып ,

Үріп талға байладым.

/Бүлдірген/.

 

 

Қыналы бармақ ,

Жез оймақ.

/Бүлдірген/.

 

 

Болған соң түсі қызыл , түсі шұбар ,

Адамзат жеп көруге оны құмар.

Тегінде өне бойы болып тұрмас,

Біраз ғана боп тұрар уақтысы бар.

/Бүлдірген/.

 

 

Біз, біз, біз едік,

Біз де бір топ қыз едік.

Бізді бізіп қойды,

Бір жіпке тізіп қойды.

/Шие/.

 

 

Ирек-ирек әкесі бар,

Желбіреген шешесі бар,

Тәттібике деген қызы бар.

/Шие/.

 

 

Арбайған әкесі бар,

Тарбайған шешесі бар.

/Шие ағашы/.

 

 

Атасы бүкір қожа,

Анасы жайма шелпек.

Баласы шырын, шекер,

Бір сабақта ғұж-ғұж жентек.

/Жүзім/.

 

 

Бір анадан жүз бала,

Жүзі де боз бала.

/Жүзім/.

 

 

Бұты, бұты ұзын,

Бұтынан да қолы ұзын. 

/Жүзім/.

 

 

Қыста-мазар,

Жазда-базар.

/Жүзім/.

 

 

Азар, азар кетті,

Әкесі мазар кетті,

Баласы базар кетті.

/Жүзім/.

 

 

Аспай піскен,

Қайнамай түскен.

/Жеміс/.

 

 

Отырған мекен етіп жапан дала,

Бір талай мақұлыққа болған ана.

Мезгілі жеткен шақта жүкті болып,

Алты айда табады екен сансыз бала.

/Алма ағашы/.

 

 

Түсі бар ақты, көкті, қызыл ала,

Пайдасы адамзатқа тиген жаңа.

Қойыпты ортасына қазық қағып,

Сүйкімді көреді екен бала-шаға.

/Алма ағашы/.

 

 

Әрі қызыл, әрі тәтті,

Татқан жанды таңырқатты.

/Алма/.

 

 

Гүлсіз миуа піседі,

Көп жесең тіл жарады.

Ай сияқты дөңгелек,

Бұны кім табады?

/Әнжір/.

 

 

Сырты қызыл, іші ақ,

Ортасында бір таяқ.

/Жиде/.

 

 

Сары қапта бір қап ұн,

Ұн ішінде бір ұстұн.

/Жиде/.

 

 

Болат жапырақ шешесі бар,

Тәтті бике қызы бар,

Тастай қатты баласы бар.

/Жиде/.

 

 

Әңкүр-мәңкүр әкесі бар,

Жайлы шыбық шешесі бар.

Сұлу бикеш қызы бар,

Арамзада ұлы бар.

/Жиде тал/.

 

 

Жер астында темір қазық.

/Сәбіз/.

 

 

Жер астында қызыл қыз отыр.

/Сәбіз/.

 

 

Жер астында жез қазық,

Жеуге болар ас қазық.

/Сәбіз/.

 

 

Жаздай інге тығылып,

Жатқан қызыл түлкіні

Құйрығынан суырып,

Әкелді әжем бір күні.

/Сәбіз/.

 

 

Сары балам ішкері,

Сақалдары тысқары.

/Сәбіз/.

 

 

Қызыл, қызыл, қызыл қыз,

Бұрымы кеткен ұзын қыз.

Өзі ұйқыға батады,

Бұрымы сыртта жатады.

/Сәбіз/.

 

 

Жерге қазық қақтым,

Басына айдар тақтым.

/Сәбіз/.

 

 

Жер астына түседі,

Сап-сары боп өседі.

/Сәбіз/.

 

 

Тоғыз қабат қызыл торқасында,

Өседі екен ақ сүйрік ішінде.

/Сарымсақ/.

 

 

Аласа ғана бойы бар,

Тоғыз қабат тоны бар.

/Сарымсақ/.

 

 

Қанттан ақ, бүйірі тоқ,

Жерден алар керегі көп.

Киетіні қызыл, жасыл көйлектер

Ол не екен; кәне, достар, ойлап көр?

/Пияз/.

 

 

Қалың киімді ұнатады,

Шешіндірсең жылатады.

/Пияз/.

 

 

Жер астында ақбоз ат,

Терісі бар он қабат.

Жалынан ұстап соярсың,

Жей бастасаң жыларсың.

/Пияз/.

 

 

Бар екен жер астында түйме басты,

Мәнісін адам тауып айта алмасты.

Өзінің кемеліне әбден келіп,

Басына көріктей ғып ығыр шашты.

/Жуа/.

 

 

Бір күмбездің ішінде мың күмбез.

/Жуа/.

 

 

Формы бар домалақ,

Көміп қойдым сығалап,

Жақсы болса тұрмысы,

Шығады екен қоғалап.

Бес ай тамам біткенде,

Қаптап алдым құмалақ.

/Картоп/.

 

 

Кіргенде жерге сынар-ды,

Ұрпағын ертіп ол шығарды.

/Картоп/.

 

 

Ана ауылдың кемпірі өлді деген немене,

Топыраққа томпайтып көмді деген немене.

Анасы сол күйінде өліп қалады,

Балалары шуылдап толып болады.

/Картоп/.

 

 

Аласа ғана бойы бар,

Қабат-қабат тоны бар.

/Капуста/.

 

 

Аласа талда алуан алма,

Алқызыл болмай аузыңа салма.

/Помидор/.

 

Шақырсаң өздігінен бара алмайды,

Сұрасаң бірде жауап бере алмайды.

Егер де отқа салсаң өліп кетер,

Бір жерін кесіп алсаң қанамайды.

/Ағаш/.

 

 

Қозғалмай бір орында қарап тұрар,

Адамның қажетіне жарап тұрар.

Қаншалық жәбір көрсе, сабыр етіп,

Және де көбеймекке талап қылар.

/Ағаш/.

 

 

Жазда жасыл тон киеді,

Күзде сары тон киеді.

Қыста , суық аязда

Жалаңаш тұруды сүйеді.

/Ағаш/.

 

 

Өсіп тұрған бұл не,

Жаз болса жайнап,

Саясында ән салып ,

Құстар жүрген сайрап.

Салқын түссе шешіліп,

Қалады өзі жайрап.

/Ағаш/.

 

 

Қыс болса ұзын бойлы жалғыз тұрған,

Жаз болса түрлі құстар келіп қонған.

Қысты күні киімсіз, жазда киімді,

Жыбырлап түрлі жәндік соған толған.

/Ағаштың жапырағы/.

 

 

Ол өзі мекен еткен жаһан дала,

Атасы, анасымен біреу ғана.

Қысында бар баласы кетіп бітсе,

Жазында қайта бітер сансыз бала.

/Ағаш және жапырақ/.

 

 

Айға, күнге көрінбес,

Ағашпенен тепе-тең.

/Ағаштың өзегі/.

 

 

Ұзын-ұзын ұзарады,

Ағарады, бозарады.

Өскен сайын басын иіп,

Мұңаяды, қызарады.

/Мәжнүн тал/.

 

 

Қалтырап жап-жалаңаш,

Тұрғанда терек, қарағаш.

Көк желегін жамылып,

Құлпырар қыста қай ағаш.

/Қарағай/.

 

 

Жазы, қысы өзгермес,

Жаралған баста түрінен.

Қанша аяз болса да,

Айрылмайды гүлінен.

/Қарағай/.

 

 

Тікен, тікен тік пісте,

Қысы-жазы бір түсте.

/Шырша/.

 

 

Кескінсіз, талдай,

Миуасы балдай.

/Тұт ағаш/.

 

Күннің нұрын сүйемін,

Күнге басымды иемін.

Моншағым жоқ мойнымда,

Үлкен қалпақ киемін.

/Күнбағыс/.

 

 

Бір сиырым ала бас,

Жан-жағына қарамас.

/Күнбағыс/.

 

Жиып қойсаң анасын,

Жеуге болар шикідей,

Бұл іске қайран қаласың.

/Күнбағыс/.

 

 

Ол күнді күзетеді,

Күн оны түзетеді.

/Күнбағыс/. 

 

 

Күннен көзін алмайды,

Мойны бірақ талмайды.

/Күнбағыс/. 

 

 

Бір үйде бар мың қақпа,

Бір қақпасы күн жақта.

/Күнбағыс/. 

 

 

Өзінің жаны жоқ,

Айға, күнге қарайды.

/Айқабақ/. 

 

 

Бір ел бар су ішетін тамақ емес,

Сөйлесіп бір-бірімен қылмас кеңес,

Үстіне жаздыгүні киім киер,

Қыстыгүн жалаңашы ештеңе емес.

/Бақша/. 

 

 

Көгеріп май алдында түрге келген,

Күшімен адамзаттың өсіп-өнген.

Тамыз бен қыркүйекте күні толып,

Әлеумет пайдаланар алып жерден.

/Бақша/.

 

Қырға кілем жайдым. 

/Қызғалдақ/.

 

 

Бес-бес біләлі,

Білектері қыналы,

Жасыл ала тон киіп,

Жайнап шыққан біләлі.

/Қызғалдақ/.

 

 

Қар астында қыстады,

Жасылмен бөркін тыстады.

/Гүл шешек/.

 

 

Айт десе жүгірмес,

Су тисе сілкінбес.

/Шөп/.

 

 

Ұзын-ұзын ұзарды,

Іші неге қызарды,

Аузы-басын түк басып

Басы неге мұңайды?

/Қонақ деген шөп/.

 

 

Әкесінен баласы бұрын туады.

/Шөмеле/.

 

Бар екен бір асыл зат жерден өнген,

Кезуге жер дүниені өзі көнген.

Барады дөңгеленіп тор жорғадай,

Айдалада жүруге тым-ақ жөндем.

/Қаңбақ/.

 

 

Шеңбер жасап өседі,

Желмен бірге көшеді.

/Қаңбақ/.

 

 

Бір-ақ жерде жасында

Тұрды оранып жасылға.

Қартайғанда сарғайды,

Кезіп кетті сай-сайды.

/Қаңбақ/.

 

 

Ұшарымды жел біледі,

Қонарымды сай біледі.

/Қаңбақ/.

 

Онда барып ондай болдым,

Мұнда келіп мұндай болдым,

Белін буған қындай болдым.

/Ши/.

 

Басына үлпілдетіп таққан шашақ,

Бұралып тал шыбықтай тұрған жасап.

/Қамыс/.

 

 

Қатар-қатар тұрғандар,

Түлкі тымақ кигендер.

/Қамыс/.

 

Тоғай толған жандар бар,

Әр жандардың ішінде

Бөлмелеп салған тамдар бар.

/Қамыс/.

 

Бір нәрсе ұзын бойлы сәлдесі бар,

Қойнында құшақтаған баласы бар.

Айтайын мұның жайын сұрасаңыз,

Аққұба ұйықтап жатқан анасы бар.

/Қамыс/.

 

Өзі ұзын жіңішке,

Бұтағы жоқ.

/Қамыс/.

 

 

Өзі өте жіңішке,

Ішінен рулы ел көшіп өтеді.

/Қамыс/.

 

 

Тасқа шығар көк,

Бірақ тамыры жоқ.

/Қына/.

 

 

Ұзын терек,

Іші кеуек.

/Қамыс/.

 

 

Ақ сәлделі молдалар

Ертелі-кеш аллалар.

/Қамыс/.

 

 

Буын-буын, буыншақ,

Түйін-түйін, түйіншек.

Қырық қыздың шешесі,

Әлі көрсем келіншек.

/Қамыс/.

 

 

Қатар-қатар тізілген,

Үкілі бөрік киінген.

/Қамыс/.

 

 

Өз елімде ел едім,

Желпілдеген жел едім.

Қырғызға түстім қиылдым,

Қырық жерімнен буылдым.

/Ши/.

 

 

Алыстан қарасаң қара,

Жақындасаң бала.

Ұстаған таяқ,

Жесең тамақ.

/Кеурек/.

 

 

Ұзақтан қарасам аппақ,

Қасына барсам шапшақ

Жеп қарасам балдай,

Ұстап қарасам талдай.

/Кеурек/.

 

 

Айтайын мен бір жұмбақ қыл тамаша,

Тыңдама жұмбағымды ұнамаса.

Ішінде сүйектері бақша-бақша,

Басында бар шағасы оннан аса.

/Кеурек/.

 

 

Сырты бүтін,

Іші түтін.

/Саңырауқұлақ/.

 

 

Аяғынан қаз тұрған,

Қалпағы бар антұрған.

/Саңырауқұлақ/.

 

 

Бір кезде қыз келіншек болған мырза,

Өзінің көркемдігіне болып ырза.

Бір аздан соң түрін көрсең,

Қалады бөлек-бөлек болып сайда.

/Өсімдіктің өсуі мен қурауы/.

 

 

Мұз астында қыстайды,

Жасыл тонын тыстайды.

/Гүл шешек/.

 

Тегіс жер кесілді,

Арқандай есілді.

/Жыртылған жер/

 

Қыр басында әрқилы,

Сары теңіз толқиды.

/Егін/

 

Жезге ұқсас сабағы,

Дәні — халық тамағы.

/Бидай/

 

Асыраған —

Ел-жұртты,

Жез мұртты.

/Бидай/

 

Дөңестеу жотасы,

Бауырында сызығы,

Тамақтың атасы,

Баршаның ырзығы.

/Бидай/

 

Бұтақ басында

Ұясы бар,

Дәл осында —

Өмірің бар.

/Бидай/

 

 

Маржанын түзген,

Сатылап тізген.

/Масақ/

 

Біреуін бердім,

Онын тердім.

/Тұқым/

 

Аласа терек,

Күлтеленген жалына.

Ұнаса керек,

Моншақ таққан малына.

/Тары/

 

Табаны суды сүйеді,

Қабағы күнге күйеді.

/Күріш/

 

Түскенде салқын күз,

Жинадық алтын тіс.

/Жүгері/

 

Көктемде

Ақ гүлге оранады,

Күзде

Қолға доп боп оралады.

/Алма/

 

Ортасында қазығы,

Бұтағында азығы.

/Алма/

 

Желілері жайылып,

Жол-жол болып жатады.

Күн нұрына бой ұрып,

Жердің нәрін татады,

Жасыл шатыр астында,

Кететіндей үзіліп,

Тұр көп маржан тасындай,

Мойыл моншақ тізіліп.

/Жүзім/

 

Тіл үйірген дәмі бар,

Сары алтын түс — сәні бар.

Шақсаң егер кептіріп,

Сүйегінің дәні бар,

Баққа тұрар сән беріп,

Алқа етіп тізіп ал.

/Өрік/

 

Суық ұрса бүрлейді,

Көктем шыға гүлдейді.

Күнге басын иеді,

Мол шуақты сүйеді.

Күте білсең бабымен,

Өнім берер қабымен,

Қызыл, сары түйіні,

Витаминдер жиыны.

/Алша/

 

Қызыл күрең түрі бар,

Тебіндеген бүрі бар.

Піскен кезде қаулайды,

Алтыннан бір аумайды,

Бал татыған нәрі бар,

Онда емнің бәрі бар.

/Шабдалы/

 

Іші аумаған жүгері,

Түрі-түсі алмадай,

Ойымның жоқ бүгері,

Жесең бал деп қалмағай.

/Анар/

 

Шертсең көк жолақ сыртынан,

Піссе үн шықпас ұртынан.

Шикі болса, сампылдап.

— Тиме, - дейді таңқылдап.

/Қарбыз/

 

Қарала қойымды,

Байлап ем,

Желіде жатып тойынды.

/Қауын/

 

Бақшадан жер қазып,

Жиып алдым жез қазық.

/Сәбіз/

 

Бұйра тұлымы,

Желмен ойнайды.

Қызыл мұрыны,

Жерге бойлайды.

/Сәбіз/

 

Тігіп алып көк шатыр,

Қызылкүрең доп жатыр.

/Қызылша/

 

Аласа тал,

Тамаша тал.

Самсап тұр алмасы,

Ол алқызыл,

Ол қанқызыл,

Боялғанша, алмашы!

/Қызанақ/

 

Доптар жатыр желісі бар,

Қабат-қабат терісі бар.

/Орамжапырақ/

 

Қос құлағы қалқайып,

Су ішкен сайын марқайып.

Күн ысыса тон жинайды,

Доп болғанда ел жинайды.

/Орамжапырақ/

 

Түбі толған құмалақ.

/Картоп/

 

Көрсең өскен желісін,

Жапырағы қазтабан.

Мөлдір қара жемісін,

Қыста емес, жаз табам.

/Қарақат/

 

Күнді аңдып шалқалап,

Гүлмен жапқан қалқалап,

Бақшада өскен теректің,

Дәндерінен май тамар,

Шағып жеген нәр табар.

/Күнбағыс/

 

Сырнайынан төгіп жыр,

Күнге сәлем беріп тұр.

/Күнбағыс/

 

Қалпағы бар дөңгелек,

Сары гүлмен қоршалған.

Қарай-қарай күнге ерек,

Мойны талып шаршаған.

/Күнбағыс/ 

 

Жүзін орап гүлменен,

Күнге қарап телмірер.

Тіспен шағып,

Тілменен,

Дәмін татқан ел білер.

/Күнбағыс/

 

Кең алқап ақ түске,

Бейне бір малғандай.

Күзде де, тал түсте,

Қар жауып қалғандай.

/Мақта алқабы/

 

Тау-тау ақ қар,

Ерімейді ыстықта.

/Мақта/

 

Үйі де жоқ,

Күйі де жоқ.

Бірақ

Жауыннан да,

Дауылдан да,

Қымсынбайды.

Ыстыққа да,

Суыққа да,

Шын шыдайды.

Шешуін айта ғой,

Балалар білсін жайды.

/Өсімдіктер/

 

Күн нұрымен піседі,

Уылжып қолға түседі.

/Жеміс/

 

Қар астында қыстады,

Ақпен бөркін тыстады.

/Бәйшешек/

 

Арулары бақшаның,

Көктемді қатты сағынып,

Шуаққа шықты.

Шап шағын,

Бантиктерін тағынып.

/Алма ағашы/

 

Дауылға нық күші,

Ағаштың мықтысы.

/Емен/ 

 

Дауылға да, аязға да,

Шыдап бағар мізбақпай.

Тау етегі тұрағы,

Жап-жасыл боп тұрады.

/Қарағай/

 

Жасыл тонының бояуы,

Жыл он екі ай оңбайды.

Діні, бүршікті сояуы.

Қысқы аязға тоңбайды.

/Шырша/

 

Ағаштардың көркемі,

Мәңгі жасыл бұтағы.

Мекен ғып тау-өлкені,

Кәусар ауа жұтады.

/Шырша/

 

Қысы-жазы шешпейтін,

Көйлегі бар жасылдан.

Өзгертпейді еш кейпін,

Жаралғандай асылдан.

/Шырша/

 

Топырақтан нәр алып,

Тамырлары таралып.

Өсіп шықты еккенім,

Көріктенді мекенім.

/Ағаш көшеті/

 

Жасыл болып жыпырлап өнеді,

Сары болып үзіліп семеді.

/Жапырақтар/

 

Жазда жайнайды,

Күзде жайрайды.

/Ағаш жапырағы/

 

Жазғы киімі жасыл,

Қысқы киімі ақшыл.

/Қар жамылған ағаш/

 

Әсем гүлді өсімдік,

Жыл бойы тұрады.

Жапырағы көгеріп,

Салтанат та құрады,

Гүлшоқ болып өріліп.

/Лавр/

 

Шөлде

Гүлдейді, құлпырады,

Суда

Өмірі қырқылады.

/Сексеуіл/

 

Тасты тесіп, күресіп,

Терең жайып тамырын.

Ақ күлгін шөп тұр өсіп,

Қарсы ап дәйім таң нұрын.

/Тау гүлі/

 

Тасты жапқан түк кілем,

Тамыры жоқ, мүк кілең.

/Қына/

 

Өзіне шап шақ,

Киген қалпағы аппақ,

Балалар тұр қаптап.

/Бақбақ/

 

Аумайды бір қылыштан,

Пұліш түсі жап-жасыл.

Соғылғандай мырыштан,

Өтпейтұғын жап-жасыл.

/Қияқ/

 

Саздауыт жерде өседі.

Хош иісі аңқыған,

Шипа өсімдік деседі.

/Жалбыз/

 

Көлді жердің,

Үкілі аруы.

Өткір желдің,

Саз тартар қаруы.

/Қамыс/

 

Басына үлпілдетіп таққан шашақ,

Бұралып тал шыбықтай тұрған жасап.

/Қамыс/

 

Тұлымы бар төбесінде,

Күлтеленіп шумақталған,

Құлағы бар денесінде,

Сұңғақ бойы бунақталған.

/Қамыс/ 

 

Желден қатты сасады,

Томпалаңдап қашады.

Тірелгенше дөңге кеп,

Дедектейді дөңгелеп.

/Қаңбақ/

 

Бұтаға ілген үлпершек,

Іші нәрлі қызыл сөл,

Теріп алып үлгерсек.

/Бүлдірген/


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 210 0




29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 595 0





08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 1013 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 1156 0











31/05/2017 16:34

Тіл мен тарих тамырлас
0 49657 10

02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 47328 0





05/06/2017 11:24

Абылайханның күйлері
0 45021 3


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика