КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Таба алмай оң менен солыңды,

Адассаң қапылыста.

Дәл сілтер көрсетіп жолыңды,

Шығысқа,

Батысқа.

/Компас/

 

Қос әйнектен қарасаң,

Көз алдыңда тұрады,

Алыстағы орасан.

/Дүрбі/

 

 

Бір құлаштай сабы бар,

Бунақтары тағы бар.

Басы ұқсас қайыққа,

Жолықтырар ойыққа,

Қос танабы тартылған,

Ұзына бойы он тұнған.

/Домбыра/

 

Жүректі баурар үні бай,

Баршаға ортақ тілі бай.

/Саз/

 

Қаламы жоқ, ал бірақ,

Есептегенін сөзбе-сөз,

Сол қалпында қабылдап,

Жазып алар тезбе-тез.

Қайталайды тақылдап,

Тыңдай қойсаң көзбе-көз.

/Магнитофон/

 

Бала біткен соғады,

Жеңіл шарды домалақ.

Ұрсаң

Ұшып жоғары,

Жерге түсер домалап.

/Доп/

 

Қампитып үрлеп қарынын,

Қуалап басты арынын.

/Доп/

 

Тепсең-ақ секіріп,

Ұстатпай қашады.

Бір жерге бекініп,

Тұра алмай сасады.

/Доп/

 

Мінсем,

Төменге зу етем,

Өрлесем,

Оны өзім сүйретем.

/Шана/

 

Мініп алып ылғи да,

Тыңнан жол табамын,

Жоғарыдан ылдиға,

Жұлдыз болып ағамын.

/Шана/

 

Аяғымда

Басы қайқы қос сырық.

Таяғым да

Қуады оны састырып.

/Шаңғы/

 

Қайқы тұмсық қос табан,

Қос таяқпен ұштаған.

Итерсең алға заулайды,

Шойын жолдан аумайды.

/Шаңғы/

 

Даңғыл жол етемін,

Тілгілеп ақ қарды.

Шарықтап кетемін.

Қапталды, Шатқалды.

/Шаңғы/

 

Табанға қанжар байладым,

Бетінде айна ойнадым.

/Коньки/

 

Балалар суға салған жіп,

Тереңнен іліп алар жүк.

/Қармақ/

 

Жердің ирек құртына,

Құмар асау ұртына.

Ілгек іліп шығарды,

Судың жаға сыртына.

/Қармақ/

 

Жіңішке жіп,

Жүрген сүйретіп.

Бір басы — темір ілгек,

Бір басы — құрық имек.

/Қармақ/

 

Үрлесең жеп-жеңіл,

Елпілдеп кетеді.

Ұшырсаң,

Көк-теңбіл,

Бұлтқа да жетеді.

/Шар/

 

Үңгіген ішіне,

Қорғасын құйылған.

Әдемі түсі де,

Әрі тигіш қиырдан.

/Сақа/

 

Көше бойлап аяңдайды,

Адам тасып аялдайды.

/Автобус/

 

Темір тайым,

Тамақты еш жоқтамайды.

/Велосипед/

 

Суда — көлік,

Құмда — өлік.

/Қайық/

 

Аяғы жоқ, қолы жоқ,

Не жүретін жолы жоқ.

Мініп алсаң заулайды,

Бірақ, ізі қалмайды.

/Қайық/

 

Көзі — төбесінде,

Көлі — Түбінде.

/Құдық/

 

Жазда айдында жүзеді,

Қыста үмітін үзеді.

/Қайық/

 

Өзеннің қос жағасын,

Жалғастырған жол жатыр,

Тура өтіп шығасың,

Су кештірмес қол шатыр.

/Көпір/

 

Қос құбыр,

Аузына іліккен,

Тез құрыр.

/Мылтық/

Бір нәрсе қараңғыда қаймалайды,

Азнаса көмейінде мал жылайды.

Құйрығын қара жерге тіреп алып,

Келеді баяғының әнін салып.

/Қобыз/

 

 

Тиіп кетсе жылаған, 

Даусы көпке ұнаған.

/Домбыра/

 

 

Бір жансыз мойнында бар екі құлақ,

Ойнайды дәл үстінде он шақты лақ.

Белінде сегіз белбеу, қолда екі арқан,

Қояды оны бұрап-бұрап.

Бар екен маңдайында жалғыз көзі,

Болады тоқсан түрлі айтқан сөзі.

/Домбыра/.

 

Қос желі, үш жерінен қазығы бар,

Құбылған қоңыр желден азығы бар.

Желіні сабалайды дыңылдатып,

Байғұстың соншама не жазығы бар.

/Домбыра/.

 

 

Жылқыда ерен жүйрік қара арғымақ,

Мойыны жануардың бунақ-бунақ,

Айылын екі жерден мықтап тартып,

Кетеді қамшы бассаң зулап-зулап.

/Домбыра/.

 

 

Қос қазақ екі жерден шынжыр арқан,

Сылдырап әр буыны үнін қосқан.

Он адам жолдас болып еңбек етсе,

Аралап он екі үйге қонақ болған.

/Домбыра/.

 

 

Екі құлақты,

Он екі аяқты.

/Домбыра/.

 

 

Тынбайды жылтыр мұзда екі жорға,

Екеуі құлай жаздап кейде зорға,

Кей уақыт зырлап келіп кілт сүрініп,

Болады құлағандай қазған орға.

Минутта тоғыз бекет аралайды,

Он жігіт қызмет етіп жүрген сонда.

/Домбыра/.

 

 

Базардан алып келген қара арғымақ,

Бітіпті төбесіне екі құлақ.

Белбеуін тоғыз жерден буынып ап,

Сөйлейді адамзаттан бұрынырақ.

/Домбыра/.

 

 

Екі құлақ, тоғыз жерден қолы бар,

Күні-түні төбелейді,

Маңдайының соры бар.

/Домбыра/.

 

 

Тоғыз белбеу, қос жібек,

Екі мұрын,бір шүмек.

/Домбыра/.

 

 

Басы бар, денесі жоқ, бойы бір кез,

Табарсың болсаң зерек осыны тез.

Қозғасаң қос құлағын тігіп алып,

Тамаша әр тараптан айтады сөз.

/Домбыра/.

 

 

Төрт қазық, екі желі, тоғыз ноқат,

Сайрайды бұлбұл құсша адам соқса,

Шешенсіп адам барда тұрса-дағы,

Байланар тартса тіл адам жоқта.

/Домбыра/.

 

 

Қос қазық, екі желі, сегіз ноқта,

Сөйлейді шежіредей адам соқса,

Тағы да бір мінезі таңғажайып,

Еш уақыт сөйлемейді адам жоқта.

/Домбыра/.

 

 

Бұлбұлдың сегіз аяқ, бір басы бар,

Тең басқан сегіз жерден таңбасы бар.

Үстіне мініп алып жорғалатсаң,

Салатын әрбір түрлі жорғасы бар.

/Домбыра/.

 

 

Қарны қабақтай,

Бұты таяқтай.

Тиіп кетсең жылайды

Жыласа да ұнайды.

/Домбыра/.

 

 

Тартылған екі арқаны ұзын бойға,

Сөйлеуге сондай шебер тапсаң айла.

Әр жерде аршындалған балдағы бар,

Ойнайды он бармағың білсе айла.

/Домбыра/.

 

 

Бір тұйғын, екі лашын, бір сандуғаш,

Жиылып жеті қонақ болыпты мәз.

Басында екі кептер қонып отыр,

Бәрінің ұялауы жалғыз ағаш.

/Домбыра/.

 

 

Мінгенім дайым менің бір арғымақ,

Бітіпті төбесіне екі құлақ.

Тартатын сегіз жерден бедері бар,

Кетеді қол тигенде қатты зырлап.

/Домбыра/.

 

 

Бір мақұлық бар екен тау жайлаған,

Басына адам бара ойбайлаған. 

Екі бала үстіне мініп алып,

Қайда жиын, қайда той,той тойлаған.

/Домбыра/.

 

 

Бір ағаш, бір ағаштан жорға болды,

Оның да жорғалығы зорға болды.

Арқанмен бас аяғын байлап қойып,

Бір қарға соққылайды оңды-солға.

/Домбыра/.

 

 

Келемін жоғарыдан күймелемей,

Он жерден омырауды түймелей,

Сегіз қыз,сегіз жігіт ән салады,

Япыр-ай, не екенін білмедім-ай.

/Домбыра/.

 

 

Мойнына қатар-қатар түйме салдық,

Сегіз қыз,сегіз қызға қосылдырып,

Құбылтып неше түрлі күйге салдық.

/Домбыра/.

 

 

Базардан алып келген сары сандық,

Он жігіт зорға барып кілтін салдық.

Он жігіт кілтінсалып қозғап көрсек,

Сөйлейді әлгі сандық дамбыр қағып.

/Домбыра/.

 

 

Екі жерде жалы бар,

Күні-түні жолығар.

Күні-түні тоқпақтар,

Маңдайының соры бар.

/Домбыра,он саусақ/.

 

 

Бір ат бар екі кісі арасында

Жиылған көлеңкесі панасында.

Сегіз сәкін, екі әліп, бірі тәштіт,

Жұмбағым менің сондай табасың ба?

/Домбыра/.

 

 

Қолымда бір қамшым бар екі өрмелі,

Істеген әшекейлеп әртүрлері.

Бойында сол қамшымның қасиеті көп,

Қолына алған кісі бір сүйенеді.

/Домбыра, шек, пернелер/.

 

 

Қазықтан біраз жылқы келдік жиып,

Бір-екеу қарсы алдымнан кетті тиіп.

Кісідей шыбын шаққан шыбыжықтайды,

Тырсылдап, тырс-тырс етіп кетсе тиіп.

/Домбыра/.

 

 

Он екі белбеу, екі арқан,

Екі қазық бір басқан.

/Домбыра/.

 

 

Мойнында тоғыз торы бар,

Аңыраған екі жолы бар.

Күнде тоқпақ маңдайында,

Арылмаған соры бар.

/Домбыра/.

 

 

Әргез-әргез,

Мойыны біргез.

Шақырса келмес,

Қолдан түспес.

/Домбыра/.

 

 

Параход от жанады таңдайынан,

Жылтырар екі көзі маңдайынан.

Екі арқан, сегіз тең жіп бар белбеуі,

Сөйлесе тозаң шығар таңдайынан.

/Домбыра/.

 

 

Салдырттым әсем қара ат, екі жорға,

Он жігіт қызмет қылар әрең зорға.

Күніне жеті бекет жер алғызып,

Әселмен барып келер нұрлы жолға.

/Домбыра/.

 

 

Ағаш , темір, қағаз, желім,

Бұлардың басын қосқан көрдім жерін,

Шырқырап неше түрлі ән салады,

Ішіне толтырып ап барлық жемін.

/Гармонь/.

 

 

Жансыздан боз шыққан боз арғымақ,

Арқаны бар арқасында жұмақ-жұмақ 

Ер ерттеп екі айылын тартып алып ,

Қамшыласа кетеді зулап-зулап,

Мініп ап боз жорғаны күйге салдық.

Он жігіт жол бойында қызмет етеді,

Құбылтып неше түрлі әнге салып.

/Гармонь/.

 

 

Бір отау сырты әсем, екі баулы,

Он батыр босағада болған даулы.

Ішінде қыз бен жігіт толған екен,

Бәрі ақын көрінеді жез таңдайлы.

/Гармон/.

 

 

Келеді мына жатқан күймелі бай,

Омырауы сары алтыннан түймелі бай.

Екі шал, жеті жігіт ән салады,

Затының кім екенін білмедім-ай.

/Сырнай/.

 

 

Бойы бір тұтам,

Сақалы қырық тұтам.

Аузы ордай,

Мұрны құрдай.

/Мандолина/.

 

 

Қалдырмай емге етін,

Қақтаған күн бетін

Астында төмпештің,

Атқарар міндетін.

/Барабан/.

 

 

Аузы оймақтай,

Ерні етектей.

/Керней/.

 

 

Бір нәрсе көлемі үлкен едәуір зор,

Айтқаны әп-әдемі өлең мен хор.

Әрпі бар доп-домалақ доп сияқты,

Оқыса үйренеді оқыған қол.

/Нота/.

 

 

Денесі бар, аузы жоқ,

Көмейінен сөйлейді,

Бұл не деген тамаша.

Өлең тартқан кернейі.

/Патефон/.

 

 

Мұрнында бар инесі,

Бетінде бар түймесі.

Аузын ашса сөйлейді,

Табыңыздар не осы?

/Патефон/.

 

 

Қапасқа бір тотыны қойған байлап,

Отырар қысы-жазы соны жайлап.

Қасына тыңдаушылар жақын барса,

Жіберер қуанғаннан қатты айқайлап,

Өзіне әр түрлі құс келіп тұрар,

Сырты шұбар әдемі келген сұлу,

Әңгіме күні-түні мәжіліс құру,

Қаз мойын көмекейі сақылдайды,

Жиын той көңілденген қызық-қызу.

/Патефон/.

 

 

Бір шұқып тұмсығымен амандасып,

Айналып ахуалын көріп тұрар.

Бір сағат қарап тұрса ақыл ойлап,

Күйіне бар денесін толықтырар.

/Патефон/.

 

 

Жоқтан бар ғып сайратқан,

Тыңдаған жан жай тапқан.

Таңғажайып бір нәрсе,

Үйдің ішін жайнатқан.

/Граммафон/.

 

 

Жоқтан бар ғып сайратқан,

Жылы тартып жайнатқан.

Тұла бойы тұл жұмбақ,

Елу үш құлын байлатқан.

/Граммафон/.

 

 

Қария үсті тақтай, асты тақтай,

Үйрегі жиырма төрт қонған баққа-ай.

Ұшқанда бір-біріне қарсыласып,

Соқтықпай ұшады екен қанат қақпай.

/Дойбы/.

 

 

Бір кеме айналасы бітеу қақпа,

Жүргізген капитаны алтын тақта,

Уәзірі он екіден жиырма төрт,

Отыз екі көлде екен әр уақытта.

/Дойбы/.

 

 

Бір нәрсе төрт бұрышты, түсі шұбар,

Екі адам екі жақтан аңдып тұрар,

Екеуі он екіден әскер алып,

Жерінде ұшан майдан ұрыс салар.

/Дойбы/.

 

 

Алты пар, он екі қозы,

Жүрмейді рұхсатсыз оның өзі,

Осыған екі қасқыр кеп таласып,

Ақылмен жеңіп алар жетсе кезі.

/Дойбы/.

 

 

Бір көлден он екіден қаз ойнайды,

Алсам деп бірін-бірі наз ойлайды.

Келгенде жақындасып, қожаңдасып,

Бір-бірін алмасына еш қоймайды.

/Дойбы/. 

 

 

Жиырма төрт үйрек қонған қиған тасқа,

Орны бар әрқайсының басқа-басқа.

Он солдат оңды-солды ойнатады,

Жиын жоқ адамзатта онан басқа.

/Дойбы/. 

 

 

Қолымнан жиырма төрт үйрек ұшты,

Барды да отыз екі көлге түсті.

Балдыры мен шөбіне әбден тойып,

Бір-біріне жаудай боп қарсы ұшты.

/Дойбы/.

 

 

Бар екен екі жақты екі дуан,

Он екіден әскері бір күн туған.

Біреуін біреуі арбап, құрбан беріп,

Қан майдан соғыс салып көңілі тынған.

/Дойбы/.

 

 

Жансызда бір нәрсе бар төрт бұрышты,

Екі кісі келді де, келді ұрысты.

Екеуінің он екіден әскері бар,

Жиылды да екеуі қатты ұрысты.

/Дойбы/.

 

 

Бір топ құс ұшып қонды балағанға,

Үйірі жиырма төрт санағанға.

Ісіне құдіреттің қарап тұрсаң,

Қонады екі бөлініп қарағанға.

/Дойбы/.

 

 

Жүруші ем жігітімде атты жайлап,

Осы күнде отырмын жұмбақ ойлап.

Қолымда жиырма төрт үйрегім бар,

Отыз екі жүреді көлді жайлап.

/Дойбы/.

 

 

Қолыма қалам алдым, қағаз сайлап,

Жүруші ек көшіп-қонып алты ай жайлап.

Қолымда жиырма төрт үйрегім бар,

Жүреді отыз екі көлді жайлап.

/Дойбы/.

 

 

Асты тақтай, үсті тақтай,

Қонады сол тақтайға үйрек қаптай.

Үйректі екі мерген атамын деп,

Аңдиды тұрғысынан дамыл таппай.

/Дойбы/.

 

 

Бір шаһар жаратылды бітеу қақпа,

Жүргізіп патша отыр алтын тақта.

Уәзірі он екіден -жиырма төрт,

Әр уәзір алыс жерде әр уақытта.

/Дойбы/.

 

 

Бір дөңде жиырма төрт жан төбелескен,

Қызығы төбелессе, қалмайды естен,

Жері бар отыз екі майдан ашқан,

Білмейді басқа кәсіп төбелестен.

/Дойбы/.

 

 

Дария үсті тақтай, асты тақтай,

Ұшады жиырма төрт үйрек қанат қақпай.

Жем сұрайды он екісі бөлініп ап,

Жайылмас өз бетімен адам бақпай.

/Дойбы/.

 

 

Ғажайып жамбыл көрдім төрт бұрышты,

Жиылып патша, солдат көп ұрысты.

Қолында қару-жарақ сайманы жоқ,

Ары-бері ұрысты да жай болысты.

/Дойбы, шахмат/.

 

 

Таусыз жерде,

Сусыз шөлде,

Жансыз жаунгерлер,

Қарусыз соғысады.

/Шахмат, дойбы/.

 

 

Өз еркі ұшсын-қонсын мекеніне,

Алты ұра үйректерге тұр лайық.

Бүйірден бидайық кеп тиген кезде,

Табуы ұяны үйрек болар ғайып.

/Биллиард/.

 

 

Мен көрдім өзі жансыз сегіз еркек,

Оларға үйір болған адам тентек.

Сегіздің ортасында төрт әйел бар,

Жүреді жиырма төрт тай жетектеп.

/Ойын картасы/.

 

 

Бір патша бар екен төрт көзі бар,

Атылас, шайы киген төрт қызы бар,

Қисабы бәрі өзінің отыз алты,

Сегіз ұлы бар жау жарақты.

/Ойын картасы/.

 

 

Жайлаған бір аралда бір топ киік,

Жүрерге аяғы жоқ жерге тиіп,

Бәрінің қатар жүрсе бойы бірдей,

Біреуінен біреуінің көңілі биік.

Еш адам ол киікті жаратпайды,

Ішінде жалғыз мүйіз еркегі бар,

Бетіне еш біреуді қаратпайды.

/Ойын картасы/.

 

 

Екі жүз он алты екен қара солдат,

Төсектен отыз алты өреді аңдап,

Балталы батыр бағлан қойған атын.

Олардан басым шыққан сегіз қатын,

Қолына дүние түрлі гүлдерді ұстап,

Түзетіп отырады екен салтанатын.

Бар екен сегізінің сегіз байы,

Төрт текше болады екен оның жайы

Қорқытқан ол сегізі төрт батыры

Олардың батырлықтан жоқты жайы

Бұл сөзім емеурінсіз емес жалған,

Әр жерде болмай ма екен осындайы.

/Карта ойыны/.

 

 

Дүниеде бір нәрсе бар төрт бұрышты,

Топ кісі жиылып-ап келді, тұрысты.

Әр қайсысының төрт жүзден әскері бар,

Жиылды барлығы, қатты ұрысты.

/Карта ойнау/.

 

 

Мен көрдім өзі жансыз сегіз еркек,

Келгенде аларманға адам тентек.

Ішінде сол қосынның төрт әйел бар,

Жүреді елу екі қол жетелеп.

Және де екі патша басында отыр,

Үкімі сол шіркіннің тым-ақ тентек.

/Карта/.

 

 

Екі атасы бар,

Он сегіз анасы бар.

Он сегіз анасының әр қайсысында

Тоғыз-тоғыздан баласы бар.

/Тоғыз құмалақ ойыны/.

 

 

Орай бұты, бөкен сырты,

Қші бар, ішегі жоқ. 

/Асық/.

 

 

Нәзік белі бұралған,

Ұшы біздей қадалған.

Қар үстінде жорғалап,

Басқан ізін бояған.

/Коньки/.

 

 

Өзі кішкене дөп-дөңгелек,

Тапшы, қане біле алсаң.

Өзіңнен де биікке асады,

Мықтап жерге ұра алсаң.

/Доп/.

 

 

Ұрсаң қатты зырлайды,

Жерге қарғып тұрмайды.

Тиіп кетсе басыңа,

Еш бір зиян қылмайды.

/Доп/.

 

 

Қос аяқ жүрген қуып,

Жел шықтан үрген қуық,

Бірде жөн, бірде лағып,

Қашады зыр-зыр қағып.

/Футбол/.

 

 

Жазда жатса тынысып,

Дейді қыста жұмыс тап,

Тауға шықсаң - жетекте,

Қашады алып етекке.

/Шана/.

 

 

Ақ шатыр,

Ақ шатырдың ішінде

Ақ ала көйлек қыз жатыр

/Қуыршақ/.

 

Біздің үйде бір қыз бар,

Көзі бар, көрмейді,

Аузы бар, жемейді,

Қолы бар, ұстамайды,

Аяғы бар, жүрмейді.

/Қуыршақ/.

 

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 191 0




29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 585 0





08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 1008 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 1152 0












31/05/2017 16:34

Тіл мен тарих тамырлас
0 49638 10

02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 47304 0





05/06/2017 11:24

Абылайханның күйлері
0 45000 3


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика