КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бір нәрсе ұшқан сайын жоғарылаған,

Бір ұшса жерге қайтып қона алмаған.

Орнында баяндайтын бір мақлұқат,

Оларға тиген жандар сау қалмаған.

/От, түтін/.

 

 

Дүниеде бір айдаһар жылан бар,

Жан-жағын жеп барады,

Қшіне бітеу сүйек көп барады.

/От пен отын/.

 

 

Қызыл сиырды байлап салдым,

Көк сиырды айдап салдым.

/От, түтін/.

 

 

Бір жансыз бір жансыздың жанын алар.

/От/.

 

Жалт-жұлт етеді,

Жалмай-жалмай жұтады.

/От/.

 

 

Жаурағанды күлдірер,

Аяғы жоқты жүргізер,

Өз еркіне жіберсең,

Дүниені бүлдірер.

/От/.

 

 

Табақ толған анар,

Қорықпасаң бәрін ал.

/От/.

 

 

Қуыста қызыл әтеш билейді.

/От/.

 

 

Там-там тобылғы,

Тамылжыған тобылғы,

Көлеңкесі көк майса,

Күліп тұрған тобылғы.

/От/.

 

 

Көзі жайнай қарайды,

Қазан түбін жалайды.

/От/.

 

 

Өткірлігі өлімнің нақ зәріндей,

Өзінен басқалардың бәрін жейді.

Жейтұғын ешбір нәрсе таба алмаса,

Өзін-өзі жейді де көрінбейді.

/От/.

 

 

Бір нәрсе өз киімін қорек еткен,

Сау емес оның өзі кесепеттен.

Нәрсені қолға түскен жалмап жұтады,

Мен оның мешкейлігін айтып жетпен.

/От/.

 

 

Бар екен бір жалмауыз жалғанда артық,

Жүреді, жүрген шақта өзі шалқып.

Темір мен топырақ, тас, суды жемес,

Басқаны жеп қояды қойсаң артып.

/От/.

 

 

Бір сұлу бар ел бәрі айналысты,

Адамға әлгі сұлу байланысты.

Сол сұлу жақсылығының арқасында,

Ет пен тамақ, нан мен су қайнап пісті.

/От/.

 

 

Зәредейін жанданған,

Бара-бара жалданған,

Бұйра-бұйра жалы бар,

Жал астында қаны бар.

/От/.

 

 

Сары аттың сиген жеріне шөп шықпайды.

/Оттың орны/. 

 

 

Есіктен кіреді,

Тесіктен шығады.

/Оттың жануы/. 

 

 

Қара сиырым қарап тұр,

Қызыл сиырым жалап тұр.

/Қазан мен от/. 

 

 

Бір қара өгізге екі теңдей-теңдей жүк арттым,

Бір бала үстіне мінгізіп шылым тарттым.

/Пеш, мұржа/. 

 

 

Боп, боп, бопылдақ,

Бопылдақ үсті үш тармақ.

Үш тармақта соқыр шақ,

Соқыр шақ үсті жез қармақ.

/Күл, ошақ, қазан, тамақ,шөміш/. 

 

 

Бап, бап, бапанақ,

Бапанақ үсті арғымақ.

Арғымақ үсті қызыл тақ,

Қызыл тақ үсті қу шұнақ.

/Қазан, ошақ, от/. 

 

 

Болғанда қиған қалпақ, қырсау құрық,

Мінгені үш аяқты қызыл жүйрік.

/Қазан, ошақ, от/.

 

 

Басына қара таудың бітер қорған,

Онда жоқ бекітерге айыл-тұрман,

Қасына төрт нөкерін ертіп алып,

Үстіне қайырлы бай мініп тұрған.

/Қазан, ошақ/.

 

 

Үш балада бір қармақ.

/Мосы/.

 

Дыбыстасаң қарамас,

Болса-дағы құлағы.

От-жалынмен аралас,

Тату-тәтті тұрады.

/Қазан, от/.

 

 

Бар екен арасанның үш төресі,

Жайлауы бір апанның кенересі.

Асты зерден болғанда, үсті балдан,

Адамзаттың ойласақ неменесі!

/Қазан, ошақ/.

 

 

Қара тайым мықты,

Қара бием сүтті.

/Қазан, ошақ/.

 

 

Үш адам қара киген қарағымды,

Бар еді үшеуінің арғымағы.

Үшеуі үш жағынан қарғыса да,

Жетпейді адым жерге қарғығаны.

/Қазан, ошақ/.

 

 

Үш аяғы үш жақта,

Төрт құлағы қалқиған.

Ретін таппай жұмсаса,

Ыңғайына жантиған.

/Темір ошақ/.

 

 

Үш атқа мінгесіп тұр жанғыз көрдім,

Соларға тамаша етіп қарап тұрдым.

Жандыны жансызбенен күрестіріп,

Жансызды бір уақытта алып ұрдым.

/Ошақтың үш бұты, қазан/.

 

 

Әкесі баласын көтеріп тұрады.

/Қазан, ошақ/.

 

 

Қара бием қалт етті,

Қабырғасы жалт етті.

/Жалын, қазан/.

 

Жер жүзін бір айдаһар жеп барады,

Аузынан бітеу сүйек боп барады.

Айдаһардың аузына түспей қалса,

Енді іске жарамаймын деп барады.

/Өрт, ағаш/.

 

 

Анасы - жуан,

Қызы - қызыл.

/Пеш/.

 

 

Тап-тап, тап балшық,

Тап-тап соққан сор балшық.

Іші қызыл қиямет,

Сырты сұлу әлемет.

/Пеш/.

 

 

Қос белбеу, мауыт шекпен, қазан қалпақ,

Нәрседей жылан сорған қарны жалпақ.

Бір жерден қозғалмайды сабыр етіп,

Қылмайды сабырсыздық етсе жалтақ.

/Жалпақ пеш/.

 

 

Заттардың қуаңына өр құмар,

Үстінде күйіп піскен нәрсе тұрар.

Орнынан аузын ашып, ұмтылса егер,

Тығылар берген тамақ ұмар-жұмар.

/Пеш, отын/.

 

 

Сырты қап-қара,

Іші қып-қызыл жара.

Әлсін кіріп шығады,

Бір жалаңбас бала.

/Пеш, от, кесеу/.

 

 

Бір нәрсе төрт бұрышты, доп-домалақ,

Үстінде тыныш тұрақ, бір сабалақ.

Өзінің бір ұшы жерде, бір ұшы көкте,

Тоймайды бес жүз түйе баққан шөпке.

Әркімдер көтерем деп ойласа да,

Келмейді сірә тегі тіпті епке.

/Пеш, түтін/.

 

 

Ұзын құрығым үйге сыймайды.

/Пештің мойны/.

 

 

Қозғалмайды, үш аяқпен тұрады,

Ауыл көшсе, шаңырақта тұрады.

/Ошақ/.

 

 

Аузы іште, мойны сыртта,

Бар жылуын берер жұртқа.

/Пеш/.

 

 

Қуаты ыссы керемет,

Үйге лебін жаяды. 

/Пеш/.

 

 

Аузы қара індікеш,

Түбі қара қиямет,

Ән шақырған Мұхамет.

/Пеш, мұржа, түтін/.

 

 

Мың дозақ қиямет дерсің,

Ішіне нанды пісіріп жерсің.

/Тандыр пеш/.

 

 

Үсті бүтін,

Іші түтін.

/Тандыр пеш/.

 

 

Іші қызыл әлеумет,

Сырты қызыл керемет.

Тыңдап тұрып дәл ұрсаң,

Пайғамбарға сәлем ет.

/ Тандыр пеш/.

 

 

Аузы қара,

Түбі жара.

Сулап салсаң,

Шығады сары бала.

/Тандыр пеш/.

 

 

Арқаға міндім, хан болдым,

Үйге келдім, құл болдым.

Отқа жандым, күл болдым.

/Отын/.

 

 

Ұзыннан ұзақ,

Көкке тұзақ.

/Түтін/.

 

 

Шешесі мәсісін кигенше,

Қызы Мәскеуге барып қалды.

/Түтін/.

 

 

Атасы аяғын кигенше,

Ұлы базарға барып қайтар.

/Түтін/.

 

 

Ұзыннан ұзақ,

Көкке тұзақ,

Балапан жапырақ,

Батпан топырақ.

/Түтін мен күл/.

 

 

Көк лағым көлеңкеде сүйретіліп барады.

/Түтін/.

 

 

Көк өгізім жүреген,

Мүйізін көкке тіреген.

/Түтін/.

 

 

Көк итім көкке қарап ұлиды.

/Түтін/.

 

 

Ана ауылдың бурасы,

Мына ауылдың бурасы,

Желкілдейді шудасы.

/Түтін/.

 

 

Жұмбағым жұтылды,

Көкке қарай тұтылды.

/Түтін/.

 

 

Үй үстінде ақ аю билеп тұр.

/Түтін/.

 

 

Қарны жуан қампайған,

Серейіп бойы талтайған.

Ерте-кешке бір жазық,

Тапа-тал түсте жантайған.

/Түтін/.

 

 

Көк көйлекті жеңешем

Көлбең-көлбең етеді,

Артындағы баласы

Елбең-елбең етеді.

/Түтін/.

 

 

Болат жапырақ,

Батпан топырақ.

/Шоқ, күл/.

 

 

Пеш ішінде отырмын,

Өзім шикі қотырмын,

Қотырыма тимеңдер,

Өлейін деп отырмын.

/Шала жанған қоламта/.

 

 

Тас таяқ қағысар да соғысар,

Ортасында бөдене, қырғи келіп қағысар.

/Шақпақ тас/.

 

 

Кішкентай ғана сандығым,

Өмірге керек жабдығым.

Сандығыммен бітірем,

Керегімнің барлығын.

/Сіріңке/.

 

Бір қорада қамалған сансыз жануар,

Әрқайсысының басында тұрған панар.

Аңдаусызда сүйкеніп тиіп кетсе,

Тыз етіп сол жануар от боп жанар.

/Сіріңке/.

 

 

Елу тентек тып-тыныш,

Бір сарайда жатады.

Тысқа шықса біреуі,

Жарқ етіп от шашады.

/Сіріңке/.

 

 

Кішкентай ғана арық,

Қші тола балық.

/Сіріңке/.

 

 

Кішкене ғана мүсәтір,

Ол мүсәтір жоқ болса,

Елдің бәрі мүсәпір.

/Сіріңке/.

 

 

Бір бөлмеде көп тентек,

Әрқайсысы отпен тең,

Жатпайды олар біз-сіз деп,

Шыға келер шыж-быж деп.

/Сіріңке/.

 

 

Бір үйде тұрады екен жетпіс батыр,

Үй сыртына сүйкенсе-ақ өліп жатыр.

/Сіріңке/.

 

 

Ағаштан үй салдырдым аузы ашық,

Ішінде елу жігіт қылар кәсіп,

Біріне ажал жеткен уақытта

Кетеді жанып, елге пайда шашып.

/Сіріңке/.

 

 

Сен өзің сандықсың ба, сарайсың ба,

Қайтадан мүлік болып жарайсың ба?

/Сіріңкенің қорабы/.

 

 

Өзі ала,

Жан-жағы қара,

Ортасында бала,

Баласының басы қара.

/Сіріңке/.

 

 

Қамалып бір сарайда солдат жатқан,

Далаға шыққандары мылтық атқан.

Салмағы аз бұл сарайдың солдатында

Ойланып милы кісі мұны тапқан.

/Сіріңке/.

 

 

Іші алпыс, екеу екен сырттан қабы,

Байланыс тіршілікпен мұның жаны,

Сырты да әкесінен ажыраса,

Ешқандай болмайды екен мұның сәні.

Пайдалы адамзатқа болғаннан соң,

Қолынан тастамайды елдің бәрі.

/Сіріңке/.

 

 

Бір нәрсе төрт бұрышты білесіз бе,

Жаны жоқ қимылдауға денесінде.

Ішінде жансыз шоқпар тығулы тұр,

Қажетін кешке жақын білесіз де.

/Сіріңке/.

 

 

Кілті жоқ суырмалы бір сандық бар,

Ішінде елу екі тайлағы бар.

Тайлақты қасына алып еңбек еткен,

Адамға оның өте керегі бар.

/Сіріңке/.

 

 

Кең балақтың ішінде

Кетпен сап болады.

/Сіріңке/.

 

 

Үйге кіріп ақ бала,

Болып шықты қап-қара.

/Көсеу/.

 

 

От басында ұзын темір.

/Көсеу/.

 

 

Жұмбағым жұты қара,

Таба алмаған кісінің беті қара.

/Көсеу/.

 

 

Іші қара,

Тысы ақ.

/Мұржа/.

 

 

Дүниеде бір сұлу бар жылтыраған,

Көргенде жел мен суды қалтыраған.

Сен оны қасына алып жүре қалсаң,

Нәрсе жоқ қараңғыда табылмаған.

/Шам/.

 

 

Бір тон бар өте әлді болған түзік,

Ешкімге қарамайды түсін бұзып.

Жаман-жақсы пайдасы көпке бірдей,

Сол себепті біз көрдік қанша қызық.

/Шам/.

 

 

Ақ тауға бір бәйтерек қарсы біткен,

Басына бір адамзат мекен еткен.

Әділдігі елге бар, өзіне жоқ,

Ақырында өз басына өзі жеткен.

/Шам/.

 

 

Ояғы дуалша,

Бұяғы дуалша.

Ортасында молда бала.

/Шам/.

 

 

Бір нәрсе әділ етті,

Әділ етті де өліп кетті.

/Шам/.

 

 

Жапанда бір бәйтерек жалғыз біткен,

Басына бір азамат мекен еткен.

Пайдасы жұртына бар, өзіме жоқ,

Басынан алтын шоғы ұшып кеткен.

/Шам/.

 

 

Бір тастың қақ басында құдығы бар,

Құдықтың айналасы бәрі де жар.

/Білте шам/.

 

 

Бір тілім ет не қаны жоқ,

Азғана май қорегі,

Тапсаң ойлап, тез шешіп,

Жауабын кім береді?

/Шам/.

 

 

Арықтаса сөнеді,

Адам үшін көнеді.

Мінезі жаман өзінің,

Білдірмей тебеді.

/Шам/.

 

 

Ақ шатыр, ақ шатыр,

Ақ шатырдың ішінде

Қызыл көзді шал жатыр.

/Шам/.

 

 

Бір түйем бар қамыстың басын жейді,

Шу-шулесең жануар бір жүрмейді.

Қағып-соғып шандаққа шөгерсем де,

Төс табаны сірә бір жер тимейді.

/Шам/.

 

 

Бір түйем өлді арықтап майы көптен,

Жануар семірмейді жеген шөптен.

Ол түйем зәудеғалам өліп кетсе,

Сүйегі табылмайды жерден, көктен.

/Майшам/.

 

 

Сығырайып қарады,

Аласарып барады.

/Майшам/.

 

 

Жіңішке жуан емес, өзі арық,

Тілі шықса дүниені қылар жарық.

Сүйегі жоқ, денесі жұмсақ өзі,

Суға салса батпайды сондай парық.

/Майшам/.

 

Бір жылан су ішінде жуан қарын,

Басы аппақ, тілінен шығар жалын.

Түн ішінде адамға пайдасы көп,

Күзетіп бақылайды адам қалін.

/Майшам/.

 

 

Судан шығып жалаңдайды бір жалын,

Аузында алтын балық жарқыраған.

Жыланның тіршілігі суыменен,

Су құрыса балық өлер әрі жылан.

/Шамның білтесі,жалыны,керосин/.

 

 

Білтесі жоқ,майы жоқ.,

Жарқырап от жанады.

Тұтанады шырпысыз,

Өзінен ұшқын шығады.

/Электр жарығы/.

 

 

Жарығы күндей,

Таң қалдырар адамды,

Жалындап күймей.

/Электр жарығы/.

 

 

Сыртының сырнайы бар,

Ішінің бүтін айы бар,

Май ішінің өзегі бар,

Бір апта өшеді,

Бір апта көшеді,

Кезегінде керегі бар.

/Лампа, шам, білте/.

 

 

Үй сайын бір-бір құсты қойдық байлап,

Тұрады уақытында көзі жайнап ,

Ішіне бір сырғалы салып қойсаң,

Бар суын ішіндегі шығады айдап.

/Лампа/.

 

 

Бір нәрсе заты тастан, іші қуыс,

Ұстауға қиын екен қылса жұмыс.

Өтпейді өткір пышақ, шажан қылыш,

Қайтадан күл болады қылсаң соғыс.

/Шамның шынысы/.

 

 

Бір жерде бір бәйтерек жеке біткен,

Басында әділ патша мекен еткен.

Неше күн жер астында жатып-жатып,

Жолай алмай қасына қыршын кеткен.

/Шырақ пен шіркелер/

 

 

Бір нәрсе тау үстінде мекен еткен,

Басына шарбақталып күмбез тіккен.

Болғанда судан себеп, тастан бөгеу,

Жеріне күрмек шыбық тетік еткен.

Еш нәрсе өз тұсынан істемейді.

Сыртынан бірнәрсе кеп хабар еткен,

Адамға түнде пайда беру үшін,

Дүниеге аты мәлім, даңқы кеткен.

/Керосин, лампа/.

 

Күндіз жанбайды,

Түнде маздайды.

/Шырағдан/

 

Шеңбердің үш тағанын,

Қаракөлдің табанын,

Қызыл сиыр жалап тұр,

Терлеп, буы тарап тұр.

/Қазан; Жалын/

 

Қып-қызыл кезінде,

Бет қаритын жапырақ,

Табы қайтқан кезінде,

Сұп-сұр майда топырақ.

/Шоқ пен Күл/

 

Жүрген жерін жалмайды,

Тастан басқа қалмайды.

/От/

 

Жердің әрін жейді,

Жолда кезіккеннің,

Аямай бәрін жейді.

Бұл қандай алпауыт?

Айта ғой, дәл тауып?

/Өрт/

 

Түсі нарттай,

Тілін тартпай.

Жолға шықса,

Қоймайды құртпай.

/От/

 

Қимылы оңдырмас,

Кішкене қоңырбас.

/Сіріңке/

 

Құйтымдай сандықтың,

Суырмасы толып тұр,

Қажетті заты сан жұрттың.

/Сіріңке/

 

Өңеші кең,

Дәу аузымен жұтады.

Төбесі дөң,

Кіші аузымен құртады.

/Пеш/

 

Салып ем шыны сарайды,

Тілінен жарық тарайды.

/Шам/

 

Шудалары желпеңдеп,

Үйден шығып жатады,

Көкке өрлейді көлбеңдеп,

Бұлт болып батады.

/Түтін/

 

Үй үстінен

Көкке өрлеп шығады,

Әуе ішінен,

Із-тұз жоқ боп тынады.

/Түтін/

 

Қабырғаға қасынар,

Былғауыш басы бар.

/Сіріңке/

 

Құрама темір,

Қолқабысы көп—

Ғұлама темір.

/Робот/

 

Қызыл ішек

Дөңгелек сайда жатыр.

Ақ шәйнек,

Бұрқылдап қайнап жатыр.

/Электр қыздырғышы/

 

Әуеде

Дәу қарынды үрдім де,

Аузын байлап бүрдім де,

Төмен қарай сүйредім,

Ауада еркін биледім.

/Парашют/

 

Құмды жиған —

Тұмсығы диван.

/Экскаватор/

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 189 0




29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 584 0





08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 1008 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 1152 0












31/05/2017 16:34

Тіл мен тарих тамырлас
0 49635 10

02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 47304 0





05/06/2017 11:24

Абылайханның күйлері
0 44998 3


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика