КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бір байдың енші алыпты бір баласы,

Алғаны алпыс тоғыз ірі қарасы.

Төрт жерден түлікке желі қағып,

Үш жерден орнатылған мұнарасы.

/Түйе, алпыс тоғыз-күйісі, төрт желі-аяқтары, үш мұнара екі өркеші, басы/.

 

 

Болғанда қоян ерін, шыққан құлақ,

Тұлыбы шоқайғандай жатыр сұлап.

Жүруге қызметкер дайындалса,

Жалшыдай күні біткен кетер жылап.

/Түйе/.

 

 

Таптым-таптым, тап жорға,

Табаны жалпақ боз жорға.

/Түйе/.

 

Маң-маң басып келеді,

Тапырақтап желеді.

Мойны ұзын, үсті тау,

Ертеден елге бел еді.

/Түйе/.

 

 

Маң-маң басқан, маң басқан,

Шудаларын шаң басқан.

Екі өркешін қом басқан,

Алабота, теріскен,

Мұрындығы келіскен,

``Шөк!``- дегенде, ``бық!`` -деген,

Шешіп үйін жүктеген,

Бұл не деген жануар? 

/Түйе/.

 

 

Кезікті бір жануар,

Үстінде екі тауы бар.

Мойны ұзын, көзі үлкен,

Бұл не,өзің тауып ал?

/Түйе/.

 

 

Даусы қоңыр, үні мұң,

Тесіп қойған мұрынын.

/Түйе/.

 

 

Үш тың-тың,

Екі жылтың,

Төрт тап-тап,

Қап-қара сатпақ,

Бір былғаныш.

/Түйе/.

 

 

Ұзын-ұзын ұлпаны,

Ішіндегі жұлпаны.

/Түйе, бота/.

 

 

Дүниеде ақас бар бек жайлаған,

Жанына адам барса ойбайлаған.

Ақастың адам білер мінезі бар,

Мінгесіп екі бала той тойлаған.

/Түйе және оның өркеші/.

 

 

Бір тақыт бар дүниеде әркім білер,

Ол тақыт қымбат емес, әркім мінер.

Мінерінде төмендеп келеді екен,

Мінгеннен соң жоғары көтерілер.

/Түйе, оған мінген адам/.

 

 

Екі ауылдың баласы еңбектеп келеді,

Төрт ауылдың баласы төбелесіп келеді,

Бір ауылдың баласы шөпшек теріп келеді.

/Жайылымнан қайтқан түйенің өркеші, аяғы, ауызы/.

 

 

Екеуі қарауыл қарап тұр

Төртеуі ұйықтап жатыр,

Біреуі қамыр басып тұр.

/Түйе/.

 

 

Екі кісі қарауыл қарайды,

Бір кісі шөпшек тереді.

/Түйенің өркеші, ерні/.

 

 

Дүбір-дүбір төртеу,

Есенгелді екеу.

Жағалбайлы жалғыз,

Оның таңы қарбыз.

/Түйенің аяғы, екі құлағы, құйыршығы/.

 

 

Төрт кісі төсек сал дейді,

Екі кісі қарауыл қарайды,

Үлкен әйел есік аш дейді,

Кіші әйел төмпештейді.

/Түйе, төрт аяғы, екі өркеші, түйенің құмалақ тастағаны/.

 

 

Төсек астында төрт күлше.

/Түйенің төрт табаны/.

 

 

Таудан тас домалайды,

Тас бұршақтай сабалайды.

/Түйенің құмалағы/.

 

 

Жоғарыдан көп тас домалайды,

Кезектесіп бірін-бірі қуалайды.

/Түйенің құмалағы/.

 

 

Бір тауығым бар,

Жұмыртқасы көп,

Көп те болса жарылмайды.

/Түйенің құмалағы/.

 

 

Шашылды маржан,

Бағасы арзан.

/Құмалақ/.

 

 

Апан-апан,

Ескі шапан.

Иір қобыз,

Жарық жұлдыз.

/Түйенің шудасы, мойны,көздері/.

 

 

Апан-апан,

Жаман шапан,

Төрт түйреуіш,

Бір былғауыш.

/Түйенің шудасы,аяғы, құйыршығы/.

 

 

Иір қобыз,

Екі тұтқыш,

Бір қыл жуғыш.

/Түйенің мойыны, екі өркеші, құйрығы/.

 

 

Төрт лаулау,

Екі дің-дің,

Бір шібжің.

/Түйенің аяғы, екі өркеші, құйыршығы/. 

 

Мамам маң басып барады,

Күлшесі қалып барады.

/Түйенің ізі/.

 

 

Екі төлдің атынан

Бір төлдің аты шығады.

/Тайлақ/.

 

 

Түбірлі төртеу,

Түймемен бесеу,

Ерубай екеу,

Мамық жалғыз.

/Жылқы/.

 

 

Қоян жақты, тақыр жонды,

Төрт тұяқ, екі аяқты, екі қолды.

Салпы ерін, өзі жүйрік,

Кең омырау, жуан құйрық.

/Ат/.

 

 

Төрт түп тұт мәуітімен кесіледі,

Үстіне мінген адам есіреді.

Құрдасым, тапқын мұны ойлы көзбен,

Ойласаң тереңірек шешіледі.

/Ат/.

 

 

Отырдым мұнан барып оймауылға,

Ілінді екі аяғым байлаулыға.

Қолыма екі қайыс ұстап алып,

Жүргіздім қайда барсам айдауыма.

/Мінген ат/.

 

 

Екеуі елеңдеп келеді,

Төртеуі төбелесіп келеді.

/Аттың екі құлағы мен төрт аяғы/.

 

 

Ана таумен мына тау соғысып келеді.

/Аттың төрт тұяғы/.

 

 

Кішкене ғана тостаған,

Көтеріп қана тастаған.

/Аттың тұяғы/.

 

 

Тасқа тисе кетілмейді,

Суға тисе ерімейді.

/Аттың тұяғы/.

 

 

Үлкен келін есік ашты,

Кіші келін домалай қашты.

/Түйенің құйрығы мен құмалағы/.

 

 

Төлебайдың баласы төбелесіп келеді,

Егізбайдың өгей ұлы ерегесіп келеді.

Екеуі қарауыл қарайды,

Біреуі шөпшек тереді.

/Түйенің аяғы, өркеші, аузы/.

 

 

Ермекбайдың екі ұлы ерегесіп келеді,

Төлебайдың төрт ұлы төбелесіп келеді,

Жағалбайдың жалғызы жағаласып келеді.

/Түйенің екі өркеші, құйрығы,аяғы/.

 

 

Мен көрдім тұтам ақас тау жайлаған,

Тауына тиіп кетсең ойбайлаған.

Үстіне қара орман артып алып,

Барса да қандай жерге той-тойлаған.

/Жүк артқан түйе/.

 

 

Жануар бар жапан дала түзде өскен,

Арқасына екі бала мінгескен.

/Қос өркешті түйе/.

 

 

Тамға таяқ сүйедім.

/Түйенің құйрығы/.

 

 

Тауға таяқ қыстырдым.

/Түйенің мұрындығы/.

 

 

Алыстан қарасам бір қара,

Қасына келсем мың қара.

/Жылқының құйрығы/.

 

 

Алды қияқ, арты шалғай.

/Аттың жалы/.

 

 

Ұштым,ұжмаққа шықтым,

Тептім, терекке шықтым.

/Атқа міну/.

 

 

Қарасам, қайдан келдің,

Малы қара сайдан келдің.

/Аттың тезегі/.

 

 

Жездем желіп бара жатыр,

Жез қалпағын түсіріп барады.

/Аттың тезегі/.

 

 

Шауып келе жатып шақшам түсті.

/Аттың тезегі/.

 

 

Шиге қамшы байладым.

/Белбеуге байланған ат/.

 

 

Алты аяқты,

Екі қарынды,

Екі басты,

Екі қолды,

Төрт көз, төрт құлақты,

Екі мойын, бір құйрықты.

/Ат мінген адам/.

 

 

Алдымда бар нар қамыс,

Артымда бар нар қамыс.

Отырған жерім ой темір,

Басқан жерім бай темір,

Он қолымда-тең қайыс.

/Ат, үзеңгі, қамшы, атқа мініп отырған адам/.

 

 

Тау астында төрт бала,

Кезек-кезек ойнаған.

Төрт баланың қолына

Төрт айды әкеп байлаған.

/Аттың төрт аяғы, төрт тұяғы/.

 

 

Керіп қойған немене,

Көкектеген немене?

Малып қойған немене,

Бал татыған немене?

/Желідегі құлын, піспек, сабадағы қымыз/.

 

 

Кекендеткен несі екен,

Келіп салған несі екен?

Сорпылдатқан несі екен,

Сорқылдатқан несі екен,

Суырып алған несі екен,

Суы тамған несі екен?

/Желідегі биені емген құлын/.

 

 

Андыру мен мәндіру,

Тігісі жоқ қондыру.

/Ала мал/.

 

Үлгісіз піштім,

Жіпсіз тіктім.

/Ала мал/.

 

 

Жамаулары болса да білінбейді,

Жансызға ондай нәрсе ілінбейді.

/Ала мал/.

 

 

Тоғай-тоғай топтаған,

Тоғай ішін боқтаған.

Біреуі өлсе,

Бәрі жиылып жоқтаған.

/Сиыр/.

 

 

Төртеу келеді,

Төртеу асылып тұрады,

Екеу жол көрсетеді,

Екеу иттен сақтайды,

Енді біреу артында асылып тұрады.

/Сиыр/.

 

 

Екі айнасы бар,

Екі найзасы бар,

Төрт жаптырмағы бар,

Бір шыбыртқысы бар.

/Сиыр/.

 

 

Дауысы - азанда,

Жақсылығы - қазанда.

/Бұзаулы сиырдың мөңірегені/.

 

 

Екі отауға бір көсеу.

/Сиырдың танауы мен тілі/.

 

 

Екі ошаққа бір көсеу.

/Сиырдың танауы мен тілі/.

 

 

Қисық ағашқа қар жұқпас.

/Сиырдың мүйізі/.

 

 

Бүкір ағашқа қар жұқпас.

/Сиырдың мүйізі/.

 

 

Ел жатса да енекем жатпайды.

/Сиырдың мүйізі/.

 

 

Ел жатса да екі батыр жатпайды.

/Сиырдың мүйізі/.

 

 

Қисық шағаға су жұқпас.

/Сиырдың мүйізі/.

 

 

Тырс-тырс тамады,

Бір шұңқырға ағады.

/Сиырдың желіні/.

 

 

Жол үстінде жылтыр жібек.

/Сиырдың сілекейі/.

 

 

Төсек астында төрт бауырсақ .

/Сиырдың желіні/.

 

 

Төрт туысқан бір шұңқырға құяды.

/Сиырдың емшегі/.

 

 

Түйір-түйір төртеу,

Түймеменен бесеу.

Жалғыз тайы жалғыз,

Темір қазық екеу

/Сиырдың төрт емшегі, кіндігі, құйрығы, екі мүйізі/.

 

 

Арқасы бар, аунамайды,

Аузы бар, күйсемейді.

/Сиыр мен ат/.

 

 

Кішкентай ғана бойы бар,

Айналдырып киген тоны бар.

/Қой/.

 

 

Төрт тағанды бойы бар,

Момындық дұрыс ойы бар.

Кербезденіп жүрмейді,

Айналдырған тоны бар.

/Қой/.

 

Екен, екен, екен жұмбақ,

Екі етегін түрген жұмбақ.

Қазалыға барған жұмбақ,

Қақтың суын ішкен жұмбақ.

/Қой/.

 

 

Баурындағы бұлағын ел ішеді.

Шабылады жотасынан пішені.

/Саулық қой/.

 

 

Азанда кетер ләйлекен,

Кеште келер ләйлекен.

Түрлі-түрлі жібектен,

Түймесі бар ілгектен.

/Қой, ешкі/.

 

 

Шапаным да, тоным да,

Арқаның жүр жонында.

Атам соның соңында,

Таяғы бар қолында.

/Қой, қойшы/.

 

 

Ауылдан ерте тұрып, кетер сыртқа,

Көп жанға жалғыз нәрсе болды тұтқа,

Сол жерден аз жұмысын бітіріп ап,

Қайтады қуанышпен бір уақытта.

/Жайылған қой, қозы/.

 

 

Ерте кетіп, кеш келе,

Тері тонды жануар.

Моншақ төгіп кетеді,

Жылтыраған суы бар.

/Қойдың құмалағы/.

 

 

Ашылмаған сандықта,

Пішілмеген құндыз бар.

/Қозы/.

 

 

Байшағырдың түбінде балалап жатқан дуадақ.

/Қоздаған қой/.

 

 

Абылқайым айтқан жұмбақ,

Айналысып жатқан жұмбақ.

/Ішек-қарын/.

 

 

Тоғай іші толған жұмбақ,

Ақын жігіт айтқан жұмбақ,

Шешен қатын шешкен жұмбақ.

/Қойдың ішек-қарны және оны аршу/.

 

 

Абылай айтқан жұмбақ,

Тоғай толған жұмбақ,

Біреуін бірі өлтірді,

Ақылды кісі шешкен жұмбақ.

/Мал сойған адам/.

 

 

Төрт аяқ ортасында бүгілі бар,

Сөйлейтін өз алдында пиғылы бар.

Халінше сайманы ғой керек заты,

Көтерген екі дана құрығы бар.

Беретін жақынына жаны ашып,

Ашытқан бір аяқтай қымызы бар.

/Ешкі, төрт аяғы, екі мүйізі, сүті/.

 

Қайырып басын тастаған,

Қайқайып қойды бастаған.

/Ешкі/.

 

 

Асты пышақ, үсті істік,

Өзіне лайықтап киім пішкен,

Секіріп-секіріп түскен.

/Ешкі/.

 

 

Төрт аяғы бар,

Басында екі таяғы бар,

Иегінде екі сақалы бар.

/Ешкі/.

 

 

Сақалы бар,

Санасы жоқ.

/Ешкі/.

 

 

Бір шал бар ауылымызда барпылдаған,

Басында екі найза жарқылдаған.

Іш майын құмырадан аңқытып ап,

Кімді көрсе, артынан жалпылдаған.

Өзі кәрі болғанменен сылқым сері,

Ақ сокна белбеуі салпылдаған.

/Теке/.

 

 

Айтайын айт дегенде, ая батыр,

Болғанда асты гауһар, үсті шатыр.

Қазандай қара тастың дәл түбінде,

Бір түрлі адам таппас зәһәр жатыр.

/Малдың өті/.

 

 

Жол, жол, жол жатыр,

Жол айнала қол жатыр.

Тамақ қолдың ішінде,

Айдаһар жегір хан жатыр.

/Малдың өті/.

 

 

Алтынын алып,

Әбдіресін лақтырдым.

/Жілік/.

 

 

Он екі қысырағым бар:

Екеуі - жуан буаз,

Екеуі - күмән буаз,

Екеуі - анық буаз.

Екеуі - танық буаз,

Екеуі - жіңішке қысыр,

Екеуі - ат қысыр.

/Екі ортан жілік, екі тоқпан жілік, екі асықты жілік, екі қары жілік, екі жанбас, екі жауырын/.

 

Он екі түйе, он жылқы, тоғыз сиыр,

Бес ешкі, бір жарым қоян.

/Малдың бала көтеретін уақыты/.

 

Түрлі-түрлі түр кілем,

Түр аласы бір кілем.

/Малдың шуы/.

 

 

Түйеде жоқ, ешкіде бар,

Доңызда жоқ, қоңызда бар.

/Мүйіз/.

 

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 192 0




29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 588 0





08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 1008 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 1152 0












31/05/2017 16:34

Тіл мен тарих тамырлас
0 49638 10

02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 47305 0





05/06/2017 11:24

Абылайханның күйлері
0 45003 3


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика