КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бір жайын тынбай жүзер дөп-дөңгелек,

Ұясы үш жүз бес, алпыс, бөлек-бөлек,

Сөткеде жиырма төрті жұмыртқалап,

Ақ,қара қанаты бар бір көбелек.

Тағы да нұрға толмақ асыл шөлмек,

Таусылып алмағайып қайтып келмек,

Әлемде алты арыстан ысқырғанда,

Жиылып құрт-құмырсқа бәрі де өлмек.

Айтуға сонда қиын болғанмен де,

Тұрады барлығын да заңы билеп.

/Бір жыл,үш жүз алпыс бес күн, жиырма төрт сағат, бір ай/.

 

 

Үш жүз алпыс бес жасадым болып жуан,

Қырық сегіз қызды болдым бір алуан.

Қатар өскен бар менің он екі ұлым,

Бір ұлым бар олар да ерек туған.

/Бір жыл, қырық сегіз жұма,он екі ай,бір ай/.

 

 

Ойдан шықты бұл жұмбақ,

Ойшыл ерлер ойлан тап.

Өзгермейді өзінен

Бұл жаһанда бір дарақ.

Ол дарақтын бойында

Дәл он екі бар бұтақ.

Бұтақтардың басында,

Үш жүз алпыс жапырақ.

Жапырақты қарасақ,

Бір жағы қара, бір жағы ақ,

Бұл жұмбақты кім шешсе,

Болсын дейміз жасы ұзақ.

/Жыл он екі ай,үш жүз алпыс күн, күн мен түн/.

 

 

Үш жүз алпыс бес шығыршық,

Қырық сегіз тығыншық,

Аққу жылына екі рет балалайды.

/Үш жүз алпыс бес күн,қырық сегіз жұма,екі айт/.

 

 

Үш жүз алпыс алты анасы,

Қырық сегіз болар баласы.

Он сегіз бөлек ұясы,

Ішінде екі ақ жұмыртқасы.

/Жыл,бір жылдағы апта,күн,ай/. 

 

 

Үй артында бір дуан,

Бір ұлы бар ханға дуан,

Қырық сегіз қызы бар,

Бәрі жуан.

/Бір жыл,бір ай ораза,бір жылдағы қырық сегіз жұма/. 

 

Лұғат жұмбақ қылып, сөз бастадым,

Жаралған бір мақұлық үлкен жайын.

Өзінің басы жеті, қолы он екі,

Отыздан саусағы бар қол бас сайын,

Жиырма төрт құлағы бар бір басында

Жолдас боп жүрер оның кім қасында?

Бірі - ақ, бірі - көк, екі көзі

Тұрады бақырайып арқасында.

/Он екі ай,отыз күн,бір күндегі жиырма төрт сағат, күн мен ай/. 

 

 

Бір ағашта он екі ұя,

Әр ұяда отыз жұмыртқа.

/Жыл мен ай/. 

 

 

Тауда дарақ, екі бұтақ,

Біреуі гүлді, біреуі гүлсіз.

/Жыл,жаз,қыз/. 

 

 

Келеді үлкен алып аузын ашып,

Жүреді он екі аяқ қадам басып,

Отыздан әр бірінде саусағы бар,

Құтылмас ешбір адам одан қашып.

/Жыл, он екі ай,отыз күн/. 

 

 

Атасы мен анасы,

Үш жүз алпыс бес баласы,

Он екі ауыл шамасы,

Отыз ор дуадақ,

Бес балақ сан,

Елу екі қарашы.

/Күн мен ай, үш жүз алпыс бес күн, он екі ай, бір айдағы отыз күн, айлардан тыс алынып жылға қосылатын бес күн, бес қонақ, жыл ішіндегі елу екі апта/. 

 

 

Ботасы жоқ нар құр боздайды,

Әр заманда аяғын бір қозғайды.

Әр заманда аяғын қозғаса да,

Ұшқан құс та, жүгірген аң да бір озбайды.

/Жыл мен ай/. 

 

 

Базардан бір текемет алдым сатып,

Алты айдай текеметте жүрдім жатып.

Бұл іске мен ғажайып болып тұрдым,

Қалды ғой алты айдан соң айран қатып.

/Жаз бен қыс/. 

 

 

Басына биік таудың бітеді раң,

Жайлайды ол раңды екі түрлі аң.

Қолына өткір семсер қылыш алып,

Шығады аң аулауға салып ұран.

Ат мінген бұл екеуі жүгендемей,

Дүниені кетпекші емес түгендемей,

Астында екеуінің аты бар,

Құрығы шолақ болған бөгендемей.

/Жыл,жаз,қыс/. 

 

Күзетші бір-екі адам ол жаһанда,

Ораулы он екісі бір шапанда.

Ұстайды он екісі отыз шоқпар,

Қырық құрық даярлаулы қашағанға.

Қарасам жеңі бесеу ол шапанда,

Көрмедім бұндай шапан бұл жалғанда.

Аузы жеңдерінің бүрмеленген 

Анықтап он екі пар түймеленген.

Апырмай, есебі жоқ толып жатқан,

Қиындық ойлап тұрсам тарау-тарау бұл не деген?

/Жыл,күн,жұма/.

 

Руымыз әнжан,

Атқа міндік алты адам,

Алтымыз да балуан,

Тұра қашты бір қоян,

Басып қалдық жалма-жан.

Басып тұрдық бесеуміз,

Бауыздадық біреуміз,

Мойны шықты қырық сабын,

Бұзаушығы былай тұр.

Терісі шықты алпыс етік,

Қырық ұлтан,

Сыздығы былай тұр,

Мұны өтірік демессің,

Ойланып ал, шыдай тұр. 

/Алты ай жаз, бір жыл, бес ай қыс, қыстан жазға аударылған ай, қырық сабыны - қырық күн шілде, терісі алпыс етік шықты дегені - көктемнің екі айы, алпыс күн/.

 

Алты арыстанды үш бөрі сорған,

Жілігін шақпай майын сорған,

Терісін теспей қанын сорған.

/Алты арыстан - алты ай жаз, үш ай тоқсан/. 

 

 

Алтауы ала қасқыр, алтауы қара қасқыр,

Біріккен он екісі қара басқыр,

Жиылып бір тырнаны бәрі жеген,

Көрейік сол тырнаны жақындастыр,

Бір сирағы тырнаның ой,жамағат,

Үйге тіреу болғандай алты қанат,

Сол үйдің үлкендігі сондай екен,

Артылар алты нарға қаттап қабат,

Ол нарды кіші десең, ей, жарандар,

Бір үлкен бәйтеректің басын шалады,

Бітіпті сол бәйтерек құба жонға,

Түбінен ерте ұшқан бір тұрымтай,

Басына кешке қонар әрең зорға.

Демеңіз күнді қысқа тағы нашар.

Семіз бар таңдағанға көңіл ашар

Әреңмен кешке барып бұзаулайды,

Болғанда таң мезгілі қашқан қашар.

/Алты ала қасқыр - алты ай қыс, алты қара қасқыр - алты ай жаз, бір тырна - бір жыл, бір сирағы - жарты жыл, алты нары -алты ай, бір нары - 30 күн, бәйтерек - бір ай, тұрымтай - туған ай, қашар - шыққан күн/. 

 

 

Алпыс аттың етін жер,

Жілігін шақпай майын ішер.

/Алты ай қыс/. 

 

 

Аспанда қаһарланған алты терек,

Ұясы алтауының бөлек-бөлек.

/Алты ай қыс/.

 

 

Жолда кеткен ақ қоян,

Жолға қарап отырды.

Қарға менен құзғынды,

Ұйқыменен жоқ қылды.

/Қыс/.

 

 

Көрсең реңді, қарасаң көрікті,

Ол болмаса жұрттың бәрі

Бір бәлеге жолықты.

/Жаз/.

 

 

Шақырса келмес,

Жаяу жүрмес.

/Жаз/.

 

 

Жерде жоқ, көкте жоқ,

Бір әңгелектен әңгелек шығады.

Он екі бөлек,

Біреуі-ащы,

Біреуі-тұщы.

/Он екі ай, жаз бен қыс/.

 

 

Екі үлкен нар көрдім,

Бірінің жақсы нұры бар,

Бірінің жаман түрі бар,

Арасында үзілмес бұйда жібі бар.

/Жаз бен қыс/.

 

 

Шілдедей шуақ күні бар,

Бұлбұлдайын үні бар.

Көк шалғыны құлпырған,

Масатыдай түрі бар.

Қызықтырған адамды,

Неше түрлі гүлі бар.

/Май айы/.

 

Бір адамға он екі егіз,

Бір егізде біреусіз сегіз.

/Ай мен апта/.

 

 

Бір ұяда жеті жұмыртқа.

/Апта/.

 

 

Жаралған бұл дүниеде екі қақпақ,

Мезгілімен ашылып және жаппақ.

Болғанда бірі қара, екіншісі -

Күмістей жарқыраған сүттен де аппақ.

/Күн,түн/.

 

Алдымен қара тұлпар озық келер,

Арғымақ мойнын созып кейін келер,

Соңынан боз арғымақ басып озып,

Айналып бірін-бірі жүре берер.

/Түн,таң,күн/.

 

 

Баяғыда болыпты екі патша,

Бірі қуып бара жатса, бірі қашса,

Артында он екіден баласы бар,

Үш жүз алпыстан болады тұқым шашса.

/Күн мен ай,он екі ай - үш жүз алпыс /.

 

 

Бірі - ақ, бірі - оның туған қара,

Отыздан он екі рет өскен дара.

Үш жүз алпыс әрбірінің серігі бар,

Жұп қылып бөліп алған екеу ара.

/Күн,түн,он екі ай,әр айдағы отыз күн/.

 

Үш бірдей бағып жүрмін арғымақты,

Біреуі біреуінен қарғымапты.

Үш бірдей үшеуінен қаққан қазық,

Біреуі біреуінен тар болмапты.

/Таңертен, түс,кеш/.

 

 

Жабысқан жар бетінде көрдім бір зат,

Ай, жұлдыз,күн мен түнді тұрар санап.

Жанында шешен де бар, көсем де бар,

Мүшесі үш жүз алпыс алты қабат.

/Календарь/.

 

 

Үйрегім бар еді үйде үш жүз алпыс,

Мұнша үйректі санап алу елдің салты.

Күніне бір үйрегім жоғалады,

Айтшы сен сол үйректі кім алады?

/Календарь/.

 

 

Бір нәрсе дөңгелейді шыр айналып,

Келеді бір жеріне қайта айналып,

Қызықты мұндай нәрсе бола ма екен,

Отырар оны көрсе ер жайланып.

/Сағат/.

 

 

Желсіз, сусыз айналған бір диірмен,

Шыққан күннен айналып бірдей жүрген.

Қылдан нәзік мойнында бір бауы бар,

Ақылың жетік данасың ойлап білген.

/Сағат/.

 

 

Мен көрдім күн шығыстан бір диірмен,

Түс болса тұрады екен оң бүйірден.

Ішінде қылдан нәзік бір жібі бар,

Ол жіпті қолы епті, кім иірген.

/Сағат/.

 

 

Өзінен өзі айналған бір диірмен,

Көрінеді әр парасы бір бүйірден.

Қылдан нәзік ішінде бір жібі бар,

Қолы епті екен, шіркін-ай, кім иірген?

/Сағат/.

 

 

Дегенде алпыс бұтақ, алпыс бұтақ,

Бір бұтақта бар екен алпыс жапырақ.

Өзі жансыз, жандыдай қызметі бар,

Үлкендігі түйенің көзіндей-ақ.

/Сағат/.

 

 

Бір нәрсе күндіз-түні шыр айналған,

Есебін оның айтқан кім ойлаған.

Қарайды анда-санда аузын ашып,

Жаңылмас есебінен қара басып.

Мойнында бір құлаштай шынжыры бар,

Жүреді адамзатпен араласып.

/Сағат/.

 

 

Келгенде күн төбеге болады түс,

Кезегін ұмытады жаз бенен қыс.

Күніне он екі айлық жол жүреді,

Өзінің қанаты бар, бір жансыз құс.

/Сағат/.

 

 

Өмірді өлшейді,

Ешкімнен сұрамай.

Тіліңді алмайды,

Тетігін бұрамай.

/Сағат/.

 

 

Бір кісі бар дүниеде,

Шемішке шағып тұрады.

Бұл кісіден әр уақыт

Әркім мезгіл сұрады.

/Сағат/. 

 

 

Шіңгірлеген жеңешем,

Шыр етті де оятты.

Гуілдеген ағекем

Гу етті де ұзатты.

/Сағат,гудок/. 

 

 

Тағы бар өнер біткен асыл шөлмек,

Бір толып, бір басылып, қайтып келмек.

Күні-түн жиырма төрт жұмыртқасы,

Қанаты ақтан сары бір көбелек.

/Сағат/. 

 

 

Сырт-сырт соғады,

Уақыт озады.

/Сағат/. 

 

 

Сырт-сырт сыртылдайды,

Тілі екеу, сөзсіз үн шығады.

Кейде екеу бір жерде,

Қосылып бірге дем алады.

/Сағат/. 

 

 

Болаттан салған жүрегі,

Сырт-сырт соғып жүреді.

Үйде арқандаулы тұрады,

Тыста кісендеулі жүреді,

Күнді метрсіз өлшейді,

Сөзсіз түсіндіреді.

/Сағат/. 

 

 

Бір нәрсе күні бойы санап тұрады,

Оған жұрттың бәрі қарап тұрады.

/Сағат/. 

 

 

Қозғалады орнынан,

Бірақ рет күнінде.

Ел ұйықтаса ол ояу -

Тыныштық жоқ үнінде.

/Сағат/. 

 

 

Денесі бар, сөзі жоқ,

Аяғы жоқ жүреді.

Күнді, түнді өлшейді,

Екі тілді жүрегі

Шешуін кім біледі?

/Сағат/. 

 

 

Сырт-сырт етіп соғады,

Кеудесінде жүрегі,

Өзі тілсіз сөйлейді,

Өзі жансыз жүреді.

/Сағат/. 

 

 

Жүруден бір талмайтын,

Күн мен түннен қалмайтын.

/Сағат/. 

 

 

Жаңылмайды есептен,

Аяғы жоқ жүреді.

Сөйлейтұғын тілі жоқ,

Уақытыңды біледі.

Күндіз-түні жүргенмен,

Қызымайды жүрегі,

Су ішіп, жем жемейді,

Сықырлайды жүрегі.

/Сағат/.

 

 

Дөңгелек аяғымен жер баспайды,

Жерінен уағдалы адаспайды.

Білімді қанша адам болса-дағы,

Бір адам біліміне таласпайды.

/Сағат/.

 

 

Екі тілді балғалы,

Арқаны бар мойнында.

Арқандамай бос қойсаң,

Жүрмей қалу ойында.

Сұрасаң онан сөйлесіп,

Сөйлеп жауап бермейді,

Қарасаң бетіне тесіле,

Тіліменен сермейді.

/Сағат/.

 

 

Бір жансыз жолбарыс бар екі тілді,

Байлаған екі шынжыр мықтап мұны,

Жүрісі бір шақта әм тұрысы,

Дауыстап уақытымен шығады үні.

Айтылар шаян, отыз пар шегірткесі,

Шырылдап дамыл таппай күні-түні.

/Сағат/.

 

 

Бір көл бар он екі қаз жайлаған,

Ішінде екі тырна айқайлаған.

Тырнаның біреуі - би, біреуі - хан,

Ішінде жалғыз үйрек той тойлаған.

/Сағат/. 

 

Бір жансыз жолбарыс бар екі тілді,

Байланған шынжырымен мәкемені.

Он екі көз, алпыс өлшемі бар,

Жүгірер дамыл таппай күндіз-түні.

/Сағат/. 

 

 

Ей, құрғыр, есермісің, есермісің,

Бұралып тал шыбықтай өсермісің.

Айналып үш жүз алпыс түлкі жұмбақ,

Байлауын жұмбағымның шешермісің.

/Үш жүз алпыс күн/. 

 

 

Үш жүз алпыс шытыра,

Қырық сегіз батыр,

Екі аққу, он екі бұлбұл.

/Үш жүз алпыс күн,қырық сегіз жексенбі,ай мен күн,он екі ай/. 

 

 

Төрт аққу, қырық сегіз қоңыр үйрек,

Жиналды ойын құмар қалмас сиреп.

Майданда белдескенде кезек-кезек,

Тастайды бірін-бірі ұн қып илеп.

Ойыны қанғаннан соң бәрін жиып,

Зынданға сап тастайды өзін түйреп.

/Бір жыл, төрт мезгіл, қырық сегіз апта/. 

 

 

Қолымнан жиырма төрт үйрек ұшты,

Барды да отыз көлдің суын ішті.

Көрді де сол үйректі он екі арқар,

Үш жүз алпыс қозыға болды ішті.

/Бір тәуліктегі 24 сағат, бір айдағы 30 күн, бір жылдағы он екі ай, 360 тәулік/. 

 

 

Айнала қорған салдым,

Ішіне жеті бөлме үй салдым.

Жеті үйдің ішіне бір әйнек,

Бір шырақ қойдым.

/Дүниенің төрт бұрышы, жеті күн, ай мен күн/. 

 

 

Он екі үйрек, бір сұңқар,

Жағалап ұшып сымпылдап.

Отыз қызғыш, төрт қыз бен,

Айнала жүріп сұңқылдап.

/Бір жылдағы он екі ай, бір айдағы төрт жұма, отыз күн/. 

 

 

Жер үстінде бір бәйтерек,

Оның бар он екі бұтағы.

Әрқайсысында отыз жапырақ,

Отызының бір жағы ақ, бір жағы қара.

/Жыл он екі ай, бір айдағы отыз күн, бір күндегі күн мен түн/. 

 

 

Он екі көлді жайлар отыз үйрек,

Он екі аққу бір шетте жүрер бөлек.

Қырық сегіз сол көлдердің ұясы бар,

Адамға қиын болар мұны білмек.

/Он екі ай,бір айдағы отыз күн, бір жылдағы қырық сегіз жұма/. 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 205 0




29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 594 0





08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 1012 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 1155 0











31/05/2017 16:34

Тіл мен тарих тамырлас
0 49653 10

02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 47322 0





05/06/2017 11:24

Абылайханның күйлері
0 45020 3


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика