КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Төрт қарны бар,

Бір аузы бар.

/Үй/. 

 

 

Қазша қанатын жаяды,

Үйрекше мойнын созады,

Құсша қонады.

/Киіз үй/.

 

 

Дүниеде бір айдаһар білесің бе,

Жаны жоқ қимылдауға денесінде.

Қшінде сүйектері бақша-бақша,

Жарқылдар жалғыз көзі төбесінде.

/Киіз үй/.

 

Өзі жүкті,

Сырты түкті.

/Киіз үй/.

 

Ұрса жаны шықпайды,

Сойса қаны шықпайды.

Терісін сыдырып алса,

Тырысып-тырысып қалады.

/Киіз үй/.

 

 

Ауып едім,

Ептедім, септедім,

Қара жерді түптедім.

/Киіз үй/.

 

Бір нәрсе өзі берік, іші қуыс,

Ол заттың сүйегі көп айқыш-ұйқыш.

Көзі бар жарқыраған төбесінде,

Жайса үлкен, жиналғанда бір-ақ уыс.

/Киіз үй/.

 

 

Бұғы-бұғы ұзын,

Бұғыдан да бойы ұзын,

Алтын қошқар мүйізі

Аба киік терісі.

/Киіз үй/.

 

 

Ол не екен аузы үңгірдей, қырық қолы,

Адамды тірі жұтты көрдік оны.

Терісін сыпырып ал, тамбас қаны,

Сүйегі салдырап тұр, жоқ қой жаны.

/Киіз үй/.

 

Тұрады жетпіс кемпір жерді басып,

Баласын арқасына арқаласып,

Рахмет ол баланың атасына,

Баласын бағып отыр қолмен басып.

/Киіз үй/.

 

Айдалада атамның үлкен тақиясы түсіп қалыпты.

/Киіз үй/.

 

 

Бар екен бір мақұлық қаны қашқан,

Сақылдап адам келсе аузын ашқан.

Болғанда отыз омыртқа, қырық қабырға,

Мұны тапқан адамның ақылы асқан.

/Киіз үй/.

 

 

Апан-апанды көрдім,

Жаман шапанды көрдім,

Алпыс аяқтыны көрдім,

Адам жұтқанды көрдім.

/Киіз үй/.

 

 

Қарыптары каф-дыр білсең оны,

Қанаттары қатар жатар жаны.

Сүйегі толып жатыр пара-пара,

Терісін сыдырып алса, шықпас қаны.

/Киіз үй/.

 

 

Бір құс бар қанат жайса дөп-дөңгелек,

Адамнан ешқашанда жүрмес бөлек.

Ұшса да, қонса-дағы еркі адамда,

Жатасың ыстық болса көлеңкелеп.

/Киіз үй/.

 

 

Буын-буын қалтада,

Буы шыққан насыбай.

Мұны тапқан кісінің,

Жүз жиырма жасы бар.

Құлындары құла ала,

Құлақтары кез ала.

/Киіз үй/.

 

 

Айуанға екі қолын артып тұрған,

Белбеуін екі жерден тартып тұрған.

Алдына не тастаса соны жалмай,

Заһарын төбесіне шашып тұрған.

/Киіз үй/.

 

 

Дәудің іші өртеніп,

Көзінен бу шықты.

/От жағылған киіз үй/.

 

 

Бір топ құс бір қалбада арқандаулы,

Ол құстың қол-аяғы бәрі баулы.

Ішінде бірақ сұңқар, басшысы бар,

Болыпты сол сұңқарменен бәрі даулы.

/Киіз үй, уық, шаңырақ/.

 

Алпыс терек,

Адамға керек,

Алпыс теректің бәрі-ұя,

Тұрған жері - қия.

/Алпыс басты киіз үй/.

 

Әлім-шәлім,

Екі байдың қызы, екі ханым,

Төрт жеңгесі бар екен,

Қызмет қылған немересі.

Бууы-бууы, буы ұзын,

Буыннан да қолы ұзын,

Аба киік терісі,

Алтын қошқар мүйізі.

/Бау, құр, екі үзік, төрт туырлық,

түндік, кереге, уық, киіз, шаңырақ/.

 

Өзімді жас қайыңнан кесіп алды,

Белімді неше жерден тесіп алды.

Жемейді көк түтінмен ертелі-кеш,

Шықпаған шыбын жанның несі қалды.

/Шаңырақ/.

 

 

Әупірім, ала, қара құс,

Үсті-басы тарамыс.

/Шаңырақ/.

 

 

Ұзын-ұзын әулие,

Төбесін құрт жеп қойған,

Тұғыр төбе әулие.

/Шаңырақ, уық/.

 

 

Таңертең тұрдым,

Ернімді бұрдым.

/Түндік/.

 

 

Күндіз ашық,

Түнде жабық.

/Түндік/.

 

Ақ итім арбадан қарғып түсті,

Барлығының басына шыққан кісі 

/Түндік/.

 

 

Қара таудың басында

Қабылан деген құс отыр.

Қанатына мұз қатып,

Қайрыла алмай ол отыр.

/Түндік/.

 

Қара тоқтыны қайырып соқтым.

/Түндіктің ашылып, жабылуы/.

 

 

Алпыс атым ала аяқ.

/Уықтың қаламы/.

 

 

Отыз омыртқа,

Қырық қабырға,

Бәрін ұстап тұрған-

Ауыз омыртқа.

/Уық, кереге, шаңырақ/.

 

Әкесі баласын көтеріп тұр,

Баласы бөркін көтеріп тұр.

/Кереге, уық, шаңырақ/.

 

 

Алтынменен аптадым,

Күміспенен күптедім.

Бірін өрге шығарып,

Бірін жерге түптедім.

/Уық, кереге/.

 

 

Біреуде қырық ұл бар,

Қырқының қырық аяғы бар.

/Уық, кереге/.

 

 

Қырық қой қырқылдақтан су ішіп жатыр.

/Уық, шаңырақ/.

 

 

Ай құшақ,

Ай құшақ,

Жиылып келсем-бір құшақ.

/Кереге/.

 

 

Алпыс атым ала аяқ,

Жетпіс атым жел аяқ.

/Кереге/.

 

 

Жүз жігіт жер тіреп жатыр.

/Кереге/.

 

 

Жетпіс кемпір жер тістеп жатыр,

Алпыс кемпір ат байлап жатыр.

/Кереге мен уықтар/.

 

 

Былайғы елдің баласы

Ашамайын мініп тұр.

/Керегенің басындағы уық/.

 

 

Үйдің іші толған мыс кене.

/Керегенің көгі/.

 

 

Артыңда әкең жұдырығын түйіп тұр.

/Керегенің көгі/.

 

 

Үйде бір жұдырық,

Сыртта бір жұдырық.

/Керегенің көгі/.

 

 

Ала күшік үй айнала жүгіреді,

Екі басы ішке кіреді.

/Басқұр/.

 

 

Үй айнала қан төктім.

/Басқұр/.

 

Ана ауылдың қойларының бәрі ала аяқ.

/Уық бау/.

 

 

Үй үстінде төрт шыбық,

Төртеуі де тең шыбық.

/Түндіктің төрт бауы/. 

 

 

Құрап-құрап тон піштім,

Құлынды биеге бергісіз.

/Тоқыған ши/. 

 

 

Өз елімде бек едім,

Желкілдеген жек едім.

Келдім де қыспаққа түстім,

Отыз екі тұзаққа түстім.

/Тоқыған ши/. 

 

 

Әуелінде шөп едім,

Жерге өскен көк едім.

Қолға түстім, ойылдым,

Он жерімнен буылдым.

/Ши/.

 

 

Мен елімде дегендім,

Жирен атты бек едім,

Елімнен келіп мұндай болдым,

Белімді байлаған құлдай болдым,

Тонымды жырттырдым,

Сақалымды қырықтырдым.

/Ши/.

 

 

Баяғыда бай едім,

Ақ сақалды шал едім.

Мұнда келіп сондай болдым,

Қысылған қындай болдым.

/Ши/.

 

 

Ұзын, ұзын, ұздар-ай,

Ұзын бойлы қыздар-ай.

Бізді құдай айдады,

Белімізден байлады,

Тірідей сорым қайнады.

/Ши/.

 

 

Ерте тұрдым,

Алып ұрдым.

/Есік/.

 

 

Дүниеде бір нәрсе бар өзі жансыз,

Жоқ оны ұрмайтұғын адамзатта.

/Есік/.

 

 

Адам кірсе ашылады,

Сыртқа шықса жабылады.

/Есік/.

 

 

Әрі лап-лап, бері лап-лап,

Қанша үлкен болса да,

Орнына келер жапсақ.

/Есік/. 

 

 

Мекені жол үстінде тұрар жері,

Бар екен алты жерде қаққан зері ,

Қандайлық қызметті атқарады,

Адаммен бірге жүрер әрі-бері.

/Есік/. 

 

 

Күндіз сырп-сырп,

Түнде жым-жырт.

/Есік/.

 

 

Көк итім қабаған,

Артына киіз жамаған.

/Киіз есік/.

 

 

Қызыл сиырымның жоны жалпақ.

/Есік/.

 

 

Үлкен өгіз бар,

Жалғыз көзі бар.

/Там үй, оның есігі/.

 

 

Арыстан аузын ашса, арс етеді,

Таңдайы жұтып қалса, тарс етеді.

Омыртқасы тұтас та қабырға жоқ ,

Екі көзі маңдайында жарқ етеді.

/Есіктің ашылып, жабылуы/.

 

 

Аузын ашсаң,

Өкпесі көрінеді.

/Есік пен от/.

 

 

Аяғы жоқ жүрмейді,

Үй бағады, үрмейді.

/Құлып/.

 

 

Қаппайды, шаппайды,

Үйіңді қорғайды.

/Құлып/.

 

 

Жолда бір бұзау өліп жатыр,

Аузына қолын тықса, күліп жатыр.

/Құлып/.

 

 

Ә, керемет, бір ит бар,

Үй бағады, үрмейді,

Аяғы жоқ, жүрмейді,

Көмейіне тықсаң, сөйлейді,

Тілін адам білмейді,

Ұрықсатсыз ол иттен,

Адам үйге кірмейді.

/Құлып/.

 

 

Шешесі үйде қалады,

Баласы кісіге ереді.

/Құлып, кілт/.

 

 

Жоғарыдан айдаған,

Белін берік байлаған.

Сидам құлға жолықсаң,

Өз еркіне қоймаған.

/Кілт/.

 

 

Шырт-шырт етеді,

Шыртылдап барып, кіріп кетеді.

/Кілт/.

 

 

Алыстан қаңғыр-күңгір,

Жақыннан бұрау темір.

/Кілт/.

 

 

Жол бермес жүрейін деп жалынсаң да,

Естімес айтқан сөзді бағынсаң да,

Қақпақты қаққан қазық иір тұмсық,

Ешқандай жақындамас бөтен жанға.

/Кілт/.

 

 

Күндіз салбырап тұрады,

Түнде тесігін табады.

/Есік ілгіш/.

 

 

Есік ашады,

Есіктің артына қашады.

/Топса/.

 

 

Екі басы жұмырықтай,

Ортасы қылдырықтай.

/Тұтқа/.

 

 

Жансызда бір нәрсе бар формалданған,

Аузын кейде ашып, кейде жұмған,

Ішінен жылтыраған мөлдір көзі,

Өмірде ұйықтамайды бұл не қылған?

/Үйі, әйнек ,есік/.

 

 

Біреу екен анасы,

Жиырма бес баласы.

Іс жағына қарасаң,

Қан шаһардың қаласы,

Маңдайында ағы бар,

Түрлі қажет табылар.

Түгел екен тұрманы,

Керек жағы тағы бар.

/Үйдің іші, тамағы/.

 

 

Жүруге аяғымен ерінеді,

Нәрсеге өз-өзінен телінеді.

Адамға қашан болса пайдасы бар,

Бір мезгіл жарық болып көрінеді.

/Терезе, әйнек/.

 

 

Есікте екеу отыр өлемін деп,

Төрде төртеу отыр төремін деп,

Ортада біреу отыр көмемін деп.

/Босаға, кебеже, құман/.

 

 

Күндіз бай,

Түнде кедей.

/Жүк/.

 

 

Айқайлаған жау келсе,

Айыр сақал атам тоқтатады.

/Бақан/.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



14/10/2024 09:57

Хабарландыру!
0 926 0




15/07/2024 16:45

Хабарландыру!
0 2124 1




05/06/2024 11:25

Хабарландыру!
0 2859 0



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 2626 0




28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 207129 0

02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 191937 0





26/06/2017 12:02

Жалындаған жастық шақ
0 123948 0










ТЕКСТ

Яндекс.Метрика