КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Отан, халық туралы

Авторы: MTDI

12/01/2018 12:42   0   12671   0

Туған жер - Отан, ел-жұрт

 

Көп түкірсе, көл болар.

 

Көп күлкісі күннен де ыстық.

 

Халық қаһары қамал бұзар.

 

Жер шежіресі – ел шежіресі.

 

Халық – дана.

 

Көппен көрген – ұлы той.

 

 

Отан үшін күрес – ерге тиген үлес.

 

Ел іші – алтын бесік.

 

Отан оттан да ыстық.

 

Отан – елдің анасы,

Ел – ердің анасы.

 

Ит – тойған жеріне,

Ер – туған жеріне.

 

Кісі елінде сұлтан болғанша,

Өз еліңде ұлтан бол.

 

Бақа көлін сүйеді,

Бұлдырық шөлін сүйеді,

Ер жігіт елін сүйеді.

 

Опасызда отан жоқ.

 

Өз елім –өлең төсегім.

 

Отансыз адам –

Ормансыз бұлбұл.

 

Құлан қағын қорғайды,

Киік лағын қорғайды.

 

Кісі елінде күркірегенше

Өз еліңде дүркіре.

 

Мал қонысын іздейді,

Ер жігіт туысын іздейді.

 

Есі бүтін елден шықпайды.

Елінің қырын жықпайды.

 

Аққу көлін аңсайды,

Адам туған жерін аңсайды.

 

Ер жігіт елінің ұлы,

Намысының құлы.

 

Ел-елдің бәрі жақсы,

Өз елің бәрінен жақсы.

 

Отан үшін күрес –

Ерге тиген үлес.

 

Іргесі берік елді

Жау ала алмас,

Ауызы бір елді

Дау ала алмас.

 

Сұңқар қиясын сағынады.

Торғай ұясын сағынады.

 

Туған үйдің түтіні жылы,

Туған ананың күтімі жылы.

 

Ұлтарақтай болса да

Ата қонысы жер қымбат.

Ат төбеліндей болса да

Туып өскен ел қымбат.

 

Жат елдің жақсысы болғанша,

Өз еліңнің сақшысы бол.

 

Отанға опасыздық еткенің,

Өз түбіңе өзің жеткенің.

 

Туған жердің торғайы да сүйкімді.

Отансыздың оты жанбайды.

 

Отанға опасыздық еткенің

Өмірден қаралы боп өткенің.

 

Отанын сүйген отқа жанбайды,

Суға батпайды.

 

Туған жердің торғайы

Тұрымтайдай көрінер.

Құлыны тайдай көрінер,

Қыздары айдай көрінер.

 

Ата қоныс – алтын мекен.

 

Туған жердің жуасы да тәтті.

 

Отанды сүю –

От басынан басталады.

 

Ер жігіт: «Өскен елім, – дейді, –

Кіндік кескен жерім», – дейді.

 

Туған елің болмаса,

Тумай-ақ қойсын күн мен ай.

 

Есі бар жігіт елін табар,

Есі жоқ жігіт жаттың отын жағар.

 

Жат жердің қаршығасынан

Өз жеріңнің қарғасы артық.

 

Тұлпар тегін табар,

Ер жігіт елін табар.

 

Адам елінде

Қоға көлінде көгерер.

 

Бақыр қазан қайнаса –

Бәріміздің бағымыз.

Туған жердің әр тасы

Біздің алтын тағымыз.

 

Өз інінде көртышқан да батыр.

 

Мал екеш мал да

От жеп, су ішкен жеріне тартады.

 

Жат жерде жаның қиналса

Ел кәдірін білерсің,

Жұтым суға зар болсаң

Көл кәдірін білерсің.

 

Адам отанын іздейді,

Қой қотанын іздейді.

 

Әркімнің өз жері – ұжмақ.

 

Арша өскен жерінде

Азамат өскен елінде.

 

Ата мекен – анаң екен,

Қысылғанда панаң екен.

 

Құртақандай торғай да,

Өз ұясын қорғайды.

 

Егілмеген жер – жетім,

Елінен айрылған ер – жетім.

 

Туған жердің

Түйе жейтін жапырағы да дәрі,

Түйе аунайтын

Топырағы да дәрі.

 

Тұғырына саңғыған сұңқар оңбас,

Үйірінен айрылған тұлпар оңбас.

 

Туған жердің күні де ыстық,

Күлі де ыстық.

 

Ат үйірін сағынса

Артқы аяғын қағынар,

Ер үйірін сағынса

Ер-тұрманын тағынар.

 

Туған жер – тұғырың,

Туған ел – қыдырың.

 

Елінен безіп, елсізде өлгеннің

Екі көзін қарға шұқиды.

 

Кісі елінде сұлтан болғанша

Өз еліңде ұлтан бол.

 

Ел іші — алтын бесік.

 

Елде болса ерінге тиеді,

Ауылда болса, ауызға тиеді.

 

Ел аузына

Елек қойып болмас.

 

Ел құлағы — елу.

 

Елді жерде

Түлкі аштан өлмес.

 

Жері байдың — елі бай.

Адассаң,

Еліңмен адас.

 

Ақ бөкенді жатыр деме,

Көшпелі елді отыр деме.

 

Елде бір тентек жүрмей ме.

 

Елу жылда — ел жаңа,

Жүз жылда — қазан.

 

Ел аузы — дуалы,

Көп аузы — куәлі.

 

Қырықтың бірі — қыдыр.

 

Жұтаған ел — жұртын мақтайды,

Ашыққан ел — құртын мақтайды.

 

Екі тентек, елге сыймас.

 

Ел ағасыз болмас,

Тон жағасыз болмас.

 

Елдестірмек елшіден,

Жауластырмақжаушыдан.

 

Бүлінген елден,

Бүлдіргі алма.

 

Тозған елді там жияр,

Егін егер, мал жияр.

 

Орыс бар жерде — қоныс бар.

 

Елді жерде ұры бар,

Таулы жерде бөрі бар.

 

Есітпеген — елдекөп.

 

Итісеміз, малы арық —

Жер азғыны,

Ынтымағы болмаса,

Ел азғыны.

 

Ел көркі — мал,

Өзен көркі — тал.

 

Көшпелі елде аласың болса,

Көше-көше қасыңа келер.

 

Ел ұлсыз болмас,

Жер гүлсіз болмас.

 

Халық сыны қатесіз.

 

Ел жасымен көрікті,

Тау тасымен көрікті,

Аяқ асымен көрікті.

 

Елдің көзі — елу.

 

Елдің ерлігі ерінен танылар,

Елдің байлығы жерінен танылар.

 

Көлден кетсе жалбыз мұң,

Елден кетсе жалғыз мұң.

 

Ел ағасыз болмас,

Көл жағасыз болмас.

 

Білек түр де еңбек ет,

Етек түр де елге жет.

 

Ынтымақты елге ешкім батпас,

Ынтымақсыз елдің таңы атпас.

 

Қатардан ассаң да,

Халықтан аспақ жоқ.

 

Тозар елдің — жанжалы бітпес,

Озар елдің арманы бітпес.

 

Кең киім тозбайды,

Кеңесті ел азбайды.

 

Халық сүймес,

Халық сүйген —

Суға батпас, отқа күймес.

 

Ел қалаған ұл, қыздар —

Ел көгінде жұлдыздар.

 

Өрісті жол — елге жеткізер,

Өзен, су — көлге жеткізер,

Соқпақ — жолға жеткізер.

Жол молға жеткізер.

 

Қалыптан безсең де,

Халықтан безбе.

 

Сенде болсын, менде болсын,

Менде болмаса, елде болсын.

 

Көпке жақын — көкке жақын.

 

Көп жаңылса, көнеден сұра,

Көне жаңылса, көргендіден сұра.

 

Халқым — қазынам, қазаным,

Туғаным — туырлығым.

 

Екі тау қосылмайды,

Екі ел қосылады.

 

Жігіті жүзге жеткен елді

Жүзіқара кемітеді.

 

Жұт жеті ағайынды,

Жиенмен сегіз ағайынды.

 

Басшысы жоқ ел жетім,

Балығы жоқ көл жетім.

 

Ел қонысын тапса,

Ер ырысын табады.

 

Өзбек байыса там салар,

Қазақ байыса, қатын алар.

 

Омарталы бал жалар,

Қанжарлы қан жалар.

 

Жақсылық қылсаң халыққа,

Бір қайырымын аларсың.

Жамандық қылсаң халыққа,

Жапанда жалғыз қаларсың.

 

Елдің күші — селдің күші.

 

Көп жүрген, жер таниды,

Көп қыдырған, ел таниды.

 

 

 

Елсізде ит те жолдас.

 

Шындықтың шырағы сөнбейді.

 

Елмен көрген — еленбес.

 

Қаланған кірпіш кәдеге асқаны,

Қағылған шеге — орнын тапқаны,

Жігіттің халыққа жаққаны

Шырақ жаққаны.

 

...Өз аузына ие болмаған:

Астындағы биесінен айрылған,

Жетегіндегі түйесінен айрылған.

 

Тікен кірсе жаныңа,

Тілмен сылап аларсың.

Тікенектің зардабын

Гүлмен бұлап жазарсың.

 

Хан сырын білгеннің,

Қаны төгіледі.

 

Батылдықты айт, ерлікті айт

Батырлықты айт, бірлікті айт.

 

Ынтымақ қосып ел болып

Жұрт жасаған тірлікті айт!

 

Берекелі елдің

Бетін ешкім қақпайды.

Берекелі жердің

Жыланы да шақпайды.

 

Айрылған ел — азар,

Қосылған ел — озар.

 

Күн түспеген жер көгермес,

Көсемі жоқ ел көгермес.

 

Көсемнің дидары—

Күннен де жарық.

 

Қонысты болса—

Төл семіреді.

Қордалы болса—

Жер семіреді.

 

Бұлақты болса —

Көл семіреді.

Ынтымақты болса —

Ел семіреді.

 

Жыртық үйді жел табар,

Өтірік сөзді ел табар.

 

Етекті ел — есептегі ел.

 

Жүрек сүю үшін жаралған,

Көңіл түю үшін жаралған.

 

Ер басына күн туса,

Бұта түбі үй болар,

Ел ірісе — ыдырап,

Екі үйге бір би болар.

 

Есі шыққан елге күледі.

 

Өнерлі елдің —оты сөнбес.

 

Жыртық жерді жел табар,

Шын бақытты ел табар.

 

Елгедұшпан жерге сыймас,

Жергедұшпанелге сыймас.

 

Тау мен тасты су бұзар,

Ел арасын қу бұзар.

 

Кереге бойы қар жауса да,

Жұтамайды сауысқан.

Қанды қалпақ кисе де,

Қиыспайды туысқан.

 

Есі кеткеннен ем сұрама,

Есіріктен жөн сұрама.

 

Өнер-білім — ер қанаты.

 

Сақтықты соқырданүйрен,

Момындықты түйеденүйрен.

 

Еліңді тастап шетке кетпе,

Шетке кетсең де, көпке кетпе.

 

Халқына тартпағанның

Қары сынсын.

 

Қонақ келсе, сөйлес — деп,

Атып тұрып, атын тұт.

Жай сұрасаң жайласып,

Алдыменен өзін күт.

 

Жиеннің алғаны парыз,

Жезденің алғаны қарыз.

 

Халық қорғамаған басыңды

Қалпақ қорғай алмайды.

 

Гүлсіз болса — жер мұңды,

Күлкісіз болса —ел мұңлы.

 

Елді ерке бұзады,

Етті желке бұзады.

 

Өзің елді сыйламасаң,

Ел де сені сыйламас.

 

Ел ұнатқан ұлын жасқамайды.

 

Ер елдің айнасы.

 

Көшпелі елде қорған жоқ,

Көк сеңгірде орман жоқ.

 

Халықтан қайырымдылықты,

Қариядан байымдылықты үйрен.

 

Саңғылдың сықағынан сақта,

Жиденің бұтағынан сақта.

 

Қызым келіннен ғибрат алып өседі,

Ұлым елімнен ғибрат алып өседі.

 

Құлқынның құлы болғанша,

Халқыңның ұлы бол.

 

Ел болатын жігіттер,

Ел намысын жыртады,

Ел болмайтын жігіттер,

Елін ұрлап құртады.

 

Ел болатын жігіттер,

Озып жүлде алады.

Ел болмайтын жігіттер,

Бірін бірі шалады.

 

Зергерсіз болса, зер мұңлық,

Жолдассыз болса, ер мұңлық.

Егінсіз болса, жер мұңлық.

Иесіз болса, ел мұңлық.

 

Толған ел — тарихын таспен жазады,

Тозған ел — тарихын жаспен жазады.

 

Дәулетті ел — сәулетті.

 

Тау тасымен көрікті,

Ел жасымен көрікті.

 

Қойды серке бастайды,

Тойды ерке бастайды.

 

Елге елек те керек,

Шелек те керек.

 

Киім жағасымен жарасады,

Ел ағасымен жарасады.

 

Ел батылын жасқамайды,

Момынын жұртқа тастамайды.

 

Тау белгісі — тас болар.

Бар белгісі — ас болар.

Азған елдің белгісі —

Бір-біріне қас болар.

 

Құдай қарғысынан

Халық қарғысы қаһарлы.

 

Елге ел қайрылса — құт,

Елден ел айрылса — жұт.

 

Ел кәдірін білмесең,

Жесірлік берсін сазаңды.

Ел кәдірін білмесең

Жалғыздық берсін жазаңды.

 

Бала жетесіз болса,

Ата-анасын жерге қаратады.

Бала жетелі болса,

Ата-анасын елге қаратады.

 

Көргені көп көш бастар.

 

Ел аузына, елек қойып болмас,

Халық аузына, қақпақ қойып болмас.

 

Қасықпен көлді құрта алмайсың.

Қастықпен елді құрта алмайсың.

 

Атың барда жер таны,

Асың барда ел таны.

 

Даттаушы түгел жау емес,

Мақтаушы түгел ел емес.

 

Халқын сүйген —

Халқының қалпын сүйеді.

 

Халыққа қарсы жүру —

Ағысқа қарсы жүзу.

 

Кеңесіп іс басқару —

Келелі елдің белгісі.

Жұмыла жұмыс атқару —

Өрелі елдің белгісі.

 

Елге ерсі іс істеме,

Елге ерсі іс істеп,

Бармағыңды тістеме.

 

«Қошеметшіл — ұлықты сыйлайды,

Құрметшіл — халықты сыйлайды».

 

Қызғаншақ қатын ерін қориды,

Қырағы батыр елін де қориды,

Жерін де қориды.

 

Аспандай берме,

Жерден ұзап кетерсің.

Жерден ұзап кетсең —

Елден ұзап кетерсің.

Елден ұзап кетсең,

Барса келмеске жетерсің.

 

Халық қамын ойлаған,

Халық ағасы — нар кісі,

Қарын қамын ойлаған,

Қара бастың қайғысы.

 

Бір жерде алтын сыйлы,

Бір жердехалқың сыйлы.

 

Елдің іші —береке,

Көптің іші — мереке.

 

Елге жақсы қылығың —

Елдің іші тынымың.

Елге жақпаса қылығың

Үзіледі жұлының.

 

Зорлық көрсеңерге бар,

Қорлық көрсең елге бар.

 

Жасыл киген жас-жаран

Елдің сәні,

Қызғалдақ гүл құлпырған

Жердің сәні.

 

Атыңнан айрылсаң да,

Ер-тоқымыңнан айрылма.

Қатыныңнан айрылсаң да,

Қазан-ошағыңнан айрылма.

Қазан-ошағыңнан айырылсаң да,

Халқыңнан айрылма!

 

Жақсы енені

Жаман келін жер қылады.

Жақсы келін

Жаман енені ел қылады.

 

Халық базардан қайтады,

Қожа, молда мазардан қайтады.

 

Қаланың жаңалығын.

Даладағы ел бұрын есітеді.

 

Жұртты жеген жарымас.

 

Балық іздесең, көлге бар,

Береке іздесең, елге бар.

 

Елді тентек бұзар,

Басты келтек бұзар.

 

Тілі басқа — тілегі бір,

Түрі басқа —жүрегі бір.

 

Елге берсең асыңды —

Ел кәдірлер басыңды.

Итке берсең асыңды,

Ит мүжиді басыңды.

 

Елі мықтының

Белі мықты.

 

Халықтан бөлінген

Қараң қалар.

 

Орыс жерінде орман көп,

Өзен сулы қорған көп.

 

Ежелгі досым — орысым,

Ертеден бірге қонысың.

 

Еті тірі жігіт:

Елінің намысын қорғайды,

Тоғайының қамысын қорғайды.

 

Халықтың құшағы кең.

 

Халқы бірдің — салты бір.

Халық қалпына келмей,

Салтына келмейді.

 

Бидай — қырда,

Күріш — Сырда.

Жемістердің ғажабы —

Жетісуда.

 

Болмас елдің баласы

Бірін бірі табалар.

Болар елдің баласы

Бірін бірі ағалар.

 

Құт қонған елде

Қыдыр қыдырып жүреді.

 

Баласыз болса — ел сарқылады,

Бұлақсыз болса — көл сарқылады.

 

Ынтымақ елді — оздырар.

Күндестік елді — тоздырар.

 

Жібек мінезді жігіт

Жұртқа жағады.

Жылан мінезді жігіт

Жұртта қалады.

 

Жер шежіресі — ел шежіресі.

 

Арсыздық — ашыққаннан шығады,

Аңсыздық — асыққаннан шығады,

Пәмсіздік масыққаннан шығады,

 

Елін елсінбеген,

Жерін жерсінбеген

Жат жұрттың аяғын жалар,

Саяғын бағар,

 

Қырқында қыр аспаған,

Елуінде ел аспас.

 

Аюды жеңген — жарты ер,

Ашуды жеңген — бүтін ер.

 

Ел артындағы шаң жұтады,

Ел алдындағы май жұтады.

 

Кер кеткеннің сақалы

Кеңірдегінен шығады.

 

Жұрт көргендей қалаң болсын,

Жұт білгендей балаң болсын.

 

Өз елінде барқадар таппағанның,

Өзге елде жүйрігі шаппайды.

 

Көл жайлаған үйрек-қаз

Шөл қадірін білмейді.

Шөлде өскен бұлдырық

Көл қадірін білмейді.

Тауда туып, таста өскен,

Ағайыннан басқа өскен

Ел қадірін білмейді.

 

Халық келіп, кеткенді сыйламайды,

Қиылып қызмет еткенді сыйлайды.

 

Таныған жерде өң сыйлы,

Танымаған жерде тон сыйлы.

 

Үйі жыртық тамшы жейді,

Жалқау тантық қамшы жейді.

 

Әдепті елдің қыздары —

Қырмызы-қызыл жібектей.

 

Жігіттің үш жұрты бар:

Бірінші — өз жұрты,

Екінші — нағашы жұрты,

Үшінші — қайын жұрты.

 

Қисық арба жол бұзар,

Қыңыр жігіт ел бұзар.

 

Мешіттің азаншысы болғанша,

Халықтың қазаншысы бол.

 

Ашыққан не жемейді,

Ашынған не демейді.

 

Жесір қатын ер болар,

Жетім бала ел болар.

 

Ел иесіз болмайды,

Сөз жүйесіз болмайды.

 

Бұрынғыны айтпай,

Соңғы еске түспейді.

 

Әсем мінез аққуды

Айдын шалқар көлде көр.

Жаны сұлу аруды

Жадырай қонған елде көр.

 

Оттың қасынан от жақпа,

Елді бұзады.

Құдық қасынан құдық қазба,

Жерді бұзады.

 

Қарын қамын ойлаған —

Қаралықтың белгісі

Халық қамын ойлаған —

Саралықтың белгісі.

 

Жетесіз бала «жерден алдым» дейді,

Жетілген бала «елден алдым» дейді.

 

Жемісті ағаш,

Жерге иіліп тәжім етеді.

Жетелі жігіт,

Елге иіліп тәжім етеді.

 

Жұртпен жүрген жүдемес.

 

Арқанның ұзыны жақсы,

Әңгіменің қысқасы жақсы.

 

Екі елді жол қосады,

Екі адамды қол қосады.

 

Ашылмаған ұра жоқ,

Атадан қалған мұра жоқ.

 

Ел аралаған — сыншы болар,

Орман аралаған — үйші болар.

 

Құлақ баланікі,

Бас ағанікі,

Жақ қатындікі,

Жанбас батырдікі.

 

Ел-жұртыңның қадірін

Іс түскенде білерсің

Сары тонның қадірін

Қыс түскенде білерсің.

 

Ынтымақ — елдікке жеткізер,

Елдік ерлікке жеткізер.

 

Қала — халқының салтанаты,

Бала — ата-ананың қолқанаты.

 

Тұңғиықты қара су,

Түйе бойлап шыға алмас.

Кім атадан кем туса,

Оның сөзін пұл алмас.

 

Сынасуға жараған,

Сыйласуға да жарайды.

 

Жұртқа қолыңды жайғанша,

Жұрттан жұрқа терген артық.

 

Бетеге, жусан — бел көркі,

Білімді ұл, қыз — ел көркі.

 

Халықты дана қосады,

Қатын мен ерді бала қосады.

 

Өсер елдің баласы

Қозысын күтіп қой қылар,

Өспес елдің баласы

Қозысын сойып, той қылар.

 

Қартайған ата марқаяр —

Қанатын жазып қызы өссе,

Қартайған ата марқаяр —

Халыққа жағып ұлы өссе.

 

Жер бауыры суық,

Ел бауыры жылы.

 

Өзбек — өрістес ел,

Қырғыз — қоныстас ел.

Қарақалпақ — қарындас ел,

Түрікпен — тамырлас ел.

 

Көппен көрген — ұлы той.

 

Көп алғысы көгертер.

 

Көп қорқытады,

Терең батырды.

 

Көпке тентек —

Құдайға шет.

 

Көпті сөккен — көгермес.

 

Көпті жамандаған —

Көмусіз қалар.

 

Жоргаң қатты болса,

Төске сал,

Ісің ақ болса,

Көпке сал.

 

Тамшыдан тама-тама дария болар.

 

Көпке топырақ шашпа.

 

Құдайға жазсаң жаз,—

Көпке жазба.

 

Шөп те болса, көп болсын.

 

Көп қараса, жоқ табылар.

 

Кеңесті ел азбас,

Кеңнен пішкен тон тозбас.

 

Көптік қайда болса,

Тоқтық сонда болады.

 

Көптің ауызы —

Темір талқы.

 

Көптен қулық артылмас,

Көзді дария сарқылмас.

 

Өзім білем деген жігіттің

Басына ойран салғаны;

Көп біледі деген жігіттің

Басына қорған салғаны.

 

Ел айрылса — көбіне,

Жол айрылса — теңіне.

 

Кеңесті ел — кемімес.

 

 

Көп жасағаннан сұрама,

Көп көргеннен сұра.

 

Көп ұнатса,

Көк тоқтыңды сойып бер.

 

Сыйынғаннан сүйенгенің

Күшті болсын.

 

Нарды сөкпе,

Нанды теппе.

 

Көп дәнекер

Көлді де бекітер.

 

Екі кісі — бір кісінің тәңірісі.

 

Қара жерді жамандама

Қайтып сонда барарсың,

Қауым елді жамандама

Қарғысына қаларсың.

 

Аздың атасы бір,

Көптің батасы бір.

 

Қолы ұзын сүйгенін алады,

Қолы қысқа тигенін алады.

 

Көптің құрығы ұзын.

 

Көптен безген көгермес.

 

Көбікті төкпе,

Көпті сөкпе.

 

Көп ауызы дуалы.

 

Көштен бөлінсең де,

Көптен бөлінбе.

 

Мың ұрғанды жын ұрады.

 

«Көп біледі» деген күледі,

Өзім білем деген өледі.

 

Болсаң болаттай бол,

Болмасаң, бордай тоз

 

Тәлімі жоқ бозбала,

Есер емей немене.

Етек басты ескі әдет,

Кесел емей немене.

 

Терең құдықтың суы тәтті.

 

Жақсы да, жақсылық та жалпыға ортақ.

 

Көкті тіреуге болмайды,

Көпті мінеуге болмайды.

 

Көзсіз күнелтсең де,

Көпсіз күнелте алмайсың.

 

Көптің көзі көреген,

Көптің қолы береген.

 

«Барамын» деп мақтанба,

Жарлық бар.

«Көппін» деп мақтанба,

Жалғыздық бар.

 

Жер шетіне жүйрік жетпейді.

Көпке бұйрық жетпейді.

 

Балтам барда тақта жоқ,

Қалтам барда ақша жоқ.

 

Ашулыдан алты табан қашық тұр.

 

Көп жасап, күміс болғанша

Аз жасап, алтын бол.

 

Ырысын молдан пішкеннің

Мұртын балта кеспес.

 

Көп жүрген жер көңілді.

 

Көпке топырақ шашпас болар.

 

Таршылықты көрмесең

Кеңшілікті білмессің.

Көпті алдаған,

Көрінде өкіреді.

 

Алыстағыңа сыйын,

Жақындағыңа сүйен.

 

Сыртынан мақтаған — сыпайылық,

Көзінше мақтанған — көргенсіздік.

 

Сыртынан сөккен — сөкет.

 

«Қой» дегенде қоймасаң,

Арашашыға зар боларсың.

 

Көп жүрген жер көңілді,

Көптің ісі өнімді.

 

Күштінің дүмі диірмен тартады.

 

Көп асқанға —

Бір тосқан.

 

Көпті көрген біледі,

Алысты жүрген біледі

 

Жаман мерген киік атқан жеріне

Үш рет оралар.

 

Жаманның күші,

Жапалаққа жетер.

 

Жазда жанын баққан,

Қыста қыдың қаққан.

 

Өзіңді өзің тыймасаң,

Өзгені қалай тыярсың?

Құлы болсаң құлқынның,

Дүниеге қайтып сыярсың?!

 

Жігіттің бір басы екеу болмай,

Жиғаны жетеу болмайды.

 

Есердің қанжары

Етігінің қонышында жүреді.

 

Жалақормен бәлеқор құда болар,

Ақыр соңы айырлысып жүдә болар.

 

Көптің мүлкін көргенсіз алар.

 

Көпке ұнамаған

Көбеймейді.

Көп қарғысына ұшыраған

Көгермейді.

 

Шығыс шықпай,

Кіріс кірмес.

 

Сол қолыңды қазық

Оң қолыңды тоқпақ қыл.

 

Аздың қадірін білмеген

Көптің қадірін қайтіп білмес.

 

Әрекет көп,

Берекет жоқ.

 

Көппен жүрген көңілді,

Көп түзетер кеміңді.

 

Жарамды жігіт

Жұртына олжа салар.

Жарамсыз жігіт

Жұртына қауғасалар.

 

Тобылғы қатты деп,

Қамшыға сап қылады.

Көреген жігітті әккі деп

Қосынға бас қылады.

 

Көңілсіз басталған іс

Көпке бармайды.

 

Сайда саны көптің

Қырда шаңы көп.

 

Көпті жамандаған

Көмусіз қалады.

 

Көп ауыз біріксе,

Кере ауыз жоқ болады.

 

Сараңдық пен арамдық ағайындас.

 

Кемеңгердің артынан көп ереді.

 

Көп қорқытады,

Терең батырады.

Көптің қолы көкке жетеді.

 

Көп күлкісі күнненде жылы.

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 214 0




29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 602 0





08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 1014 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 1157 0











31/05/2017 16:34

Тіл мен тарих тамырлас
0 49664 10

02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 47330 0





05/06/2017 11:24

Абылайханның күйлері
0 45024 3


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика