THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Бүгінде ұлты қазақ азаматтардың
аты-жөнін жазуда бірізділік сақталмай отыр. Тіпті, осы рәсімге «-овты, -евті»
алып тастаған соң, әкесінің аты, өзінің аты қайсы екенін білмей шатастырып аламыз
деп қарсы өре түрегелетіндер, қазіргі «орысша» дәстүрде жазылған ныспысынан
айырылғысы келмейтіндер де жеткілікті. Аты-жөнді жазуда грамматикалық қатесіне
байланысты да шұбарлық жетіп артылады.
Қайткенде де азаматтардың аты-жөні қазақ тілінің заңдылығына бағынуы керек.
Сондықтан тіл мамандары, ғалымдар дайындаған «Қазақ азаматтарының
аты-жөндерінің емлесі жайлы» нұсқаулықты ғалымдар талқылады. Оған Қостанайдағы
зиялы қауым өкілдері де өз пікірлерін қосты.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің профессоры Жантас Жақып модераторлық еткен дөңгелек үстел
мәжілісіне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары
Б.Әбдіуәлиұлы, Ж.Ағабекова, Халықаралық бизнес академиясының профессоры С.Иманбердиева,
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ономастика бөлімінің меңгерушісі
Қ.Рысберген, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Ономастикалық хабаршы»
бюллетенінің редакторы С.Шүкірұлы, Қостанай педагогика институтының профессоры
А.Күзембайұлы, М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті
З.Құламанова қатысты. Олар қазақ азаматтарының аты-жөніндегі жазылуын
бірізділікке түсірудегі түйткілдерді тілге тиек етті. Аты-жөніміздің жазылуын
дұрыстау тұрғысында айтар ой көп. Алдымен, адам аттарын жазуда грамматикалық
емле ережелері сақталмайды. Ғалымдар бір «Әйгерім» деген аттың 14 түрлі жазылып
жүргенін айтты. Бұл қазақша сауатының жетпейтіндігінен емес, ұлттық сананың
ақсауынан туып отырған көрініс екенінде сөз жоқ. Көптеген есімдерде, мысалы,
«Сәлима – Салима» деген сияқты «ә» әрпінің орнына «а» әрпі жазылады. Ғалымдар
«ә» әрпі аты-жөнімізге ұлттық реңк беретінін ескертті. Ат қоюда қазекем еліктеу солық таудан
әлі арылып болған жоқ. Баяғы «Колхозбек, Совхозбек, Шофер» деп ат қойған қазақ,
бүгінде де көңіл-күйдің көк дөненін тоқтатпай, жаңа туған нәрестені
«Саммитхан» деп атап жіберді. Қыз балаларға Бразилияның, түріктің көп сериялы
фильмдеріндегі кейіпкерлердің, өзге ұлттар атын немесе «Аяна, Даяна» сияқты
мән-мағынасыз есімдер беру көбейіп кетті.
– Кісі аты – мәдени мұра, – деді Жантас
Жақып. – Бала – бүгін нәресте, ертең – еліміздің азаматы. Бала тағдырымен
ойнауға болмайды. Сондықтан оған лайықты, ұлттық бояуымыз білініп тұратындай ат
берген мақұл.
Аты-жөнімізді бірізді жазуға байланысты
отарлық психологиядан әлі батпақтап шыға алмай жүргеніміз жөнінде ақын Ақылбек
Шаяхметтің де өз пікірі бар.
Фамилияны жазуда да бірізділік жоқ. Оның
үстіне «бояушы дегенге сақалын бояп», ныспысының алдына араб тілінен кіріккен
«әл» деген артиклді қосатындар немесе ныспысы етіп алған атасының біріккен
сөзден тұратын есімін бас әріптермен бөліп жазатындар кездеседі. Нұсқаулықты
талдай келе, мәжіліске қатысқандар қазақ азаматтарының аты-жөнін «Арман
Қалабекұлы Оспан» деп үш мүшеден бе, әлде «Арман Қалабекұлы» деп екі мүшеден
жазу керек пе?» деген мәселені талқылады. Сонымен қатар, бірізділік болу үшін
адамның аты бірінші, фамилиясы екінші жазылу керектігі де айтылды.
Міне, нұсқаулықтың төртінші талқылануында аты-жөнімізге байланысты көптеген мәселелер көтерілді. Нұсқаулықты иін қандыра талқылап, барлық өзгерістер толық енгізілген соң, ол алдағы уақытта құжаттармен жұмыс істейтін мемлекеттік қызмет көрсету орындарына таратып берілетін болады.
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ