THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Жаңа заман
ұрпағы планшетте сурет салып, ойнап, әлемді экраннан тануға үйреніп кеткен. Ал
планшеттер мен смартфондарды жиі қолдану балалардың денсаулығына үлкен залал
келтіреді екен.
Оклендалық (Жаңа
Зеландия) хиропрактик Маргарет Брайстің айтуынша, түрлі гаджеттердің кесірінен
бала омыртқасы майысып, дене қисық өседі.Брайс бұл сөзін өз тәжірибесінде
кездескен жағдайлармен дәлелдейді. Мұндай жағдай бұрын тек офисте ұзақ уақыт
басын төмен ұстаған қалыппен жұмыс істейтіндер арасында кездессе, қазір денесін
тік ұстап, дұрыс қимылдай алмайтындардың көбі жасөспірімдер. Ол омыртқа
жотасының қисаюын емдейтін маман ретінде бұл мәселені бірнеше жыл бақылапты.
Маман бұған басты себеп ретінде смартфондар мен планшеттердің жиі қолданылуын
алға тартады.
«Балалар қолында
ұстап, барынша беріліп қарап отыратын құрылғыларды ұзақ қолдана берсе, ми мен
қол әрекетінің үйлесімі бұзылады. Былайша айтқанда, органдардың бір-біріне
белгі беруі дұрыс жүзеге аспайды. Мысалы, арқасының қисықтығынан допты да тіке
лақтыра алмайтын 10 жасар науқасым болды» дейді ол.
Смартфон немесе
планшетті пайдаланған кезде адам басын біраз алға созып, бүкірейіп алатыны
белгілі. Ал бұл мойын омыртқасы мен омыртқаның жоғарғы бөлігіне қосымша ауырлық
түсіреді. Миға баратын жүйкенің жиналған орны осы болғандықтан, жоғарыда
айтылған жағдайлардың ұялы телефонға көп телмірген балада кездесуі әбден
мүмкін.
Мүсіннің бұзылуы
мен дененің дұрыс қимылдамауы экраннан келетін жалғыз қауіп емес. Баланың
әлемді танудағы көзіне айналған гаджеттер өз көзіміздің нұрын сөндіруі ықтимал.
«Ұзақ уақыт кішкентай зат айналасынан өзгеге қарамаудың кесірінен көзді
құрғатып, жараның пайда болуына, оның одан ары қауіпті індетке айналуына әкеп
соғады» дейді офтальмолог Аллон Барсам.
Сонымен қатар
ұялы телефондар балалардың ұзақтан көру қабілетінен айыруда. Көру қабілетіндегі
мұндай ақау телефонды көзіне жақын ұстайтын үлкендерде де кездеседі.
Смартфондарды
жиі қолдануға дерматологтар да қарсы. Дәрігерлердің сөзіне сүйенсек,
құрылғыларды қолымыздан тастамай қолданудың нәтижесінде иек пішінің өзгеріп,
терінің салбырап кетуі мүмкін. «30 жастан асқан науқастар жақ астындағы
жайсыздықты жиі байқайды. Мен оларға ұлғайған сайын адам терісінің созылғыштық
пен иілгіштігі бәсеңдейтінін, сондықтан планшетті қолдану үшін ұзақ уақыт төмен
қарап отырудың салдарынан жақтың астындағы терінің салбырап қалатынын
түсіндіремін» дейді дерматолог Сэм Бантинг, қызметіне қатысты болған
сұхбаттарының бірінде.
Мұның бәрі аз
болғандай, смартфондар жанұя және қоршаған ортамен болатын қарым-қатынастарды
да күрделендіре түсетін көрінеді. Психологтардың айтуынша, смартфон иелері
көбіне өз жеке әлемінде өмір сүріп, адамдармен араласа бермейтін көрінеді. «Біз
ұялы телефон оңай байланысты қамтамасыз етеді деп ойлаймыз. Олай емес. Түрлі
зерттеулер әлеуметтік желілердегі виртуалды достармен болатын тынымсыз әңгіме
ең берік орта есептелетін жанұяның шырқын бұзып, даудың басына айналуы мүмкін
екендігін дәлелдеді» деп ескертеді мамандар, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды
қарастырған зерттеулердің бірінде. Ондай даудың болмауы үшін жақындармен
әңгімелесу не тамақтану барысында ұялы телефонға тимеген жөн.
Жаңа ғасырдың ең жақсы ашылуына бағаланған смартфон, компьютер, ұялы телефондар мен планшеттер бүгіннің басты проблемасына айналуда. Заман талабы мен адамның керек-жарағы екені даусыз. Бірақ бәрі өз деңгейінде, өз уақытында болуы тиіс. Әйтпесе, экрандағы виртуалды «шындықтың» шырмауынан шыға алмай, көбіміз бала боп ойнаудан да, үлкен боп ойлаудан да қалып барамыз.
Айқын
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ