THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
«Ана тілімен» амандасу (Әкесі мен баласының әңгімесі)
Авторы: Берік САДЫР
10/05/2017 14:58 0 37814 0
Жазушы
әріптесіміз Берік Садыр еңбек жолын сол кездегі «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас
Алаш») газетінде бастайды да, 1982 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне ауысып – аға
тілші, 1987 жылы «Ара-Шмель» журналында фельетонист, 1990 жылы балалар газеті
«Ұланда» жауапты хатшы және «Тамашада», «Бауыржан шоуда» редакторлық жұмыс
атқарады. Ал 1996 жылдан «Егемен Қазақстан» газетінде «Сөз сойыл» әзіл-оспақ
отауын желдей естіріп келеді.
Бірнеше топтама
жинақтарға сатиралық әңгімелері енген қаламгердің 1987 жылы «Не десем екен?!»
атты алғашқы әзіл-сықақ кітабы жарық көрсе, одан соң «Қосымша ми», «Біз өсек
айтпаймыз», «Ойсоқты», «Ойхой өмір», «Социализм сатирасы» жинақтарын шығарды.
Аударма саласына да дендеп атсалысып, «Күллі әлемнің күлкісі» атты шағын
көлемдегі шетел әзілдерін аударып, кітап етіп оқырманға ұсынды.
Әлемге әйгілі
тұлғалар мен қазақ қайраткерлерінің тауып айтқан тапқыр сөздерін құрап «Бірде…»
деп, айтқыштардың айтқандарын құрап «Ауылдың айтқыштары» және «Ауыл әзілдері»
деп қос жинақты қалың көпшілікке тарту етті.
Біз бүгін Берік
Садыр әріптесімізді 60 жылдығымен құттықтап, шығармашылық табыстар тілей отырып
сатирик-жазушының мына әңгімесін оқырманға ұсынуды жөн көрдік.
Әкесі: – Ухит-сухит
деп жүріп оқу жылының аяқталып қалғанын да білмей қалыппын. Заман кінәлі, уақыт
кінәлі! Аумалы-төкпелі, аласапыран мезгіл. Бұрындары ғой, екі тоқсанда бір
күнделік тексеріп, жылына екі рет жон теріңді сыпырып отырушы едім… Ал қайсысы
саған қытай қорғаны болып тұрған?(Баласы басын қасып, үшінші кластың «Ана тілі»
оқулығын ұсынады).
Әкесі:
«Ана тілі» несі-ей! Мүмкін, әліппе шығар?
Баласы:
«Ана тілі» дедім ғой.
Әкесі:
Өй, сен бірінші класта емес пе едің?!
Баласы:
Үшінші класс қой…
Әкесі:
Не дейді?! Ойпыр-ай, зымырап бара жатқан заман-ай, мен сені 1-класта деп
жүргем… (Баласы берген оқулықты аударып төңкеріп, салмақтап).
Мынауың,
кірпіштен де дәу ғой ей. Әліппе дедіңдер, енді «Ана тілі», содан кейін әдебиет
дейсіңдер, ә. Ал жақсы, сонымен… Өй, бақырайып қарайсың ғой-ей, неғып жыл бойы
бір «Ана тілінен» он екі екі алғансың?!
Баласы: — Он екі
емес, он бір…
Әкесі: —
Антұрған! (Кітаппен баласының басын ұрмақшы болып, дәулігінен сескеніп, өзінің
басына тигізіп көріп, басын шайқап). Он бір болса әлі жыл аяғына дейін аласың
да біреуін.
Баласы: — Алғаш
екі алған себебім… Андағы кітабыңыздың 69-бетін ашыңызшы.
Әкесі: — Ал
аштым.
Баласы: —
Сондағы «Чапай» атты өлеңді апай мәнерлеп оқып шықты да: «Чапаев туралы кім не
біледі?» деп сұрады. Мен: «Білемін» дедім. «Ал айта ғой» деді. «Бірде Василий
Иванович пен Петька екеуі» деп келе жатыр едім, тоқтатып: «Анекдот айтайын деп
тұрмысың?» деді. «Иә» дедім. «Отыр оңбаған, екі!» деді… Енді 70-беттегі бірінші
сұрақты оқыңызшы.
Әкесі (оқиды): —
«Чапаев не үшін күрескен адам? Өлең жолдарын оқыңдар».
Еділ, Жайық
үстінде
Торлаған қара
бұлтты
Серпу үшін ер
Чапай,
Қайратқа мініп
жорытты.
Патшаның торын
қырқуға,
Жандаралды
құртуға,
Халық үшін жан
қиып,
Түсті сыпыра
жортуға.
Баласы:
Апайымыз: «Енді Чапаев не үшін күрескен адам? Өз сөздеріңмен айтып беріңдер»
деді. Баяғы мен: «Василий Иванович… кешіріңіз, апай. Еркек Чапай Еділ, Жайықтың
үстіне жатып алған қара бұлтты ары да
тырқыратып қуды, бері де тырқыратып қуды… Содан демін бір алып алды да,
патшаның балық ұстаймын деп жайып қойған торын «Мә, саған
балық ұстау, мә, саған балық ұстау» деп қолындағы нан
кесетін пышағымен қырқып-қырқып тастайды да, бір саптыаяқ сыраны демалмай сіміріп,
жандарал дейтін атаманды құртуға аттанды» дедім… Апайымның аузы ашылған күйі
маған: «Ана саптыаяқ сыраны қайдан қостың?» деді.
Мен:
«Халық үшін жан
қиып,
Түсті сыпыра
жортуға» деген соңғы екі жолды оқып: «Апай, мен «сыпыра» деген сөзді түсінбей,
мүмкін, ол сыра шығар, мұнда қате жазылған болар деп, әрі сонша шайқастан соң
терлеп-тепшіп кеп, обычно ел сусын ішеді ғой деп…» дей беріп едім…
Әкесі: — Не, бір
сабақта екі екіні бірден қонжитты ма?!
Баласы: — Жоқ-а.
Ана жетпісінші беттегі екінші сұрақты оқыңызшы.
Әкесі (оқиды): —
«Оның сарбаздарының ішінде кімдер бар еді?».
Баласы: — Мен:
«Сарбаздардың ішінде Петька, Анька бар еді…» деп едім, екінші екілікті сонда
қонжитты.
Әкесі: —
Келесісін ше?…
Баласы: — 105-бетті
ашыңыз.
Әкесі: — Ал
аштым. «Коллективтің жырын айт» деген өлең бар екен.
Баласы: —
Сондағы үшінші сұрақты оқыңыз.
Әкесі (оқиды): —
«Көк шолақ мойын босатып» дегенді қалай түсінесіңдер?»
Баласы: «Көп іс
тындырған коллектив кешке қарай «собраз» жасап, біраз көк мойынды босатқан
шығар… біраз бөтелке арақ ішкен болар» дедім…
Әкесі:
Келесісін ше?..
Баласы:
208-беттегі мына бір жұмбақты жасырды: «Өзі айлакер, өзі бір қу, жүрген жері
айқай да шу». Мен: «Ол Алматыдағы көкбазардың жанындағы темекі, бояу-сояу
сататын цыгандар» дедім. «Таппадың» деді. «Жібек жолы көшесінің бойындағы алик-маликшілер»
дедім… Сөйтсем, жауабы Түлкі екен.
Әкесі:
Соған бола екі қойды ма?
Баласы:
Жоғ-а. Апайға мен де жұмбақ жасырдым… Өзі ғой, «Қане кім төрт жұмбақ жасырса,
соған төрт, бес жұмбақ жасырса бес қоямын» деген. Содан мен әлгі өзіңіз жиі
айтып отыратын жұмбақты айта қойдым…
Әкесі:
Жә, жетеді…(Оқулықтың бірінші бетіндегі бадырайтып жазып қойған жазуды оқиды)
ХБЧА. Оу, мына ХБЧА деген не?
Баласы: — Менің
кличкам… Лақап атым.
Әкесі: — Ол не?
ХБЧА жануар ма, жәндік пе?!
Баласы: — МЭЛС
дегенді естуіңіз бар шығар?
Әкесі: — Е, иә.
Ол деген Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин есімдерінің бас әріптері ғой.
Баласы: — ХБЧА
ұрпақ жалғастығы: Хрущев, Брежнев, Черненко, Андропов… Балалар паспорт
алғанымда кличкам «Г» әрпін қосамыз дейді.
Әкесі: — Сонда?!
Баласы: — Сонда
ХБЧАГ боламын.
Әкесі: — Бала
емес, пәле. Саясатта басың қалғыр! Предпоследний екілігіңді айт!
Баласы: — 205-бетті
ашыңыз.
Әкесі: — «Мақал-мәтелдер».
Баласы: — Сол үш
бетке жазылған алпыс сегіз мақал-мәтелді бір күнде класта өттік те, апай үйге
елу мақал-мәтел жаттап келуді тапсырды.
Әкесі: — Өй, ана
шешең екеуіміздікін қоссаң да елу шықпайды ғой-ей?!
Баласы: — Елу
мақал айтқанға — 5, қырық мақалға — 4, отызға — 3, жиырмаға — 2, онға — единица
қоямын деді.
Әкесі: — Айттың
ба?
Баласы: — Біраз
айттым: «Болар бала боғынан…», «Оқыған келін енеге жау келеді», «Текені жезде,
ешкіні әпке деп жүріп жатқан жай бар», «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық»,
«Ұрлық қылсаң жалғыз қыл, екеу болсаң, бірі айғақ», «Қыз баққаннан қысырақ
баққан оңай», «Бұға берсең — сұға береді», «Жаман байдан жайдақтығым артық»,
«Сөздің қысқасы, қолбасаның ұзыны жақсы», «Екі әйел қосылса — базар, үш әйел —
жәрмеңке», «Екі сиыр — айран, екі қатын — ойран», «Бейтаныс кісіден таныс
шайтан артық», «Соқыр құлын аттан емшек іздейді», «Арақ — адамның некелеспеген
әйелі», «Әйелінен ұялған — ұрпақсыз қалады», «Бұзаулар ортасында бұзылған бұқа
жүреді», «Әйелдің тілін алмаған — алиментші», «Сақинасы көп жеңгейдің ақимасы
да көп», «Ақ ішкен адам — әнші, коньяк ішкен адам — композитор болады»,
«Айықтырғыш та — екінші үйің, өлең төсегің?», «Бірінші әйел — бекер, екінші
әйел — шекер», «Химия — қиын, ашиды миың», «Қатыны өлген қызды ауылға қарап
жылайды», «Хан жарлығынан қатын жарлығы күшті», «Жаман еркек бір әйелмен
қартаяды»…
Әкесі: — Доғар, оңбаған ХБЧА, жоғал (Қолындағы кітапты көтеріп)! Осы кітаппен бір-ақ перейін бе осы?! Қой мынаумен ұрсам, тіл қатпай кетерсің. Жолдас Халыққа білім беру министрлігі бұны қайта қарап, ғасыр аяғына жеткізбей түзету енгізіп, суын сығып, пышақтың қырындай еткенде ұрармын!…
anatili.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ