THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, ол әдебиет адасып кетпек
Авторы: Өрісбаев Жолдас
17/05/2017 16:02 0 40710 0
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Филология факультетінде оқып жүрген Жолдас Өрісбаев редакциямызға қызықты бір мақала жіберіпті. Анығы ретроспектикалық сұхбат. Ол Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріне сүйеніп, артық-кем сөзсіз талдау жасай алған. Сұхбат формасында болғанымен, материал талдауға көбірек келеді. Қазақ тілінің тілдік заңдылықтары сақталмаса да, сұхбатты сол күйінде беруді жөн көрдік.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері төл әліп-биімізді латын жазуына көшіру мәселесі қызу айтылып келеді. Соңыра, өткен жылы елбасымыз латын графикасына өтетін уақытты нақты белгілегеннен кейін әр түрлі пікірлердің реті кеміді. Қазақтың тұңғыш лингвист ғалымы, қазақ тілі грамматикасы мен қазақ әдебиеті теориясының негізін қалаушы, қазақ тілі орфографиясының реформаторы, "Қазақ" газетінің Құрылтайшысы және бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлы қазіргі тілдік үдерістің мән-жайы жайлы сұхбат берді. Автордан
Массагет: Алдымен, Ассаломағалейкум, Ахмет аға!
Ахмет Байтұрсынұлы: Уағалейкумассалом!
Массагет: Аға, сіз осы бүгінгі тілдік әріптеріміздің ауысуына қалай қарайсыз?
Ахмет Байтұрсынұлы: Хат мәдениеті бар халыққа бір әріпті тастап, бір әріпті ала қоюы оңай жұмыс емес. Бірте-бірте алып кетуге бірталай уақыт керек, бірталай артық тұрған қаржы керек. Латын әрпінің қазақ әліп-биінен көзге көрініп тұрған артықтығы болса екен, онда ел көңілденіп, әсіресе сауаттылары қолдап, жебеп, көтермелеп бірдеме етер деп дәмеленер едік. Ондай артықтығы, пайдалылығы жоқ, қайта қазақ әліп-биінен гөрі толып жатқан төмендігі, кемдігі, кеселдігі бар.
Массагет: Тілдегі әріптердің ауысуы әдебиетке қаншалықты әсер етпек?
Ахмет Байтұрсынұлы: Асылы, әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, ол әдебиет адасып кетпек.
Массагет: Ахмет аға, өзіңіз "Қазақ жазуы" деп атағаныныңызды қарапайым халық "төте жазу" деп кеткенін білеміз. Тіпті оның қолданысы елімізден тыста өмір сүретін 3 млн-ға жуық қандастарымыздың қанжығасында. Ендеше бұл төл жазуымыз мүлде ұмытылмақ па?
Ахмет Байтұрсынұлы: Ұмытылары хақ. 1927 жылы латын әрпіне көшу төңірегінде болған сиезде тілдің толық графикасы мен фонетикасының өзгеруімен қатар, бүгінгі күнге дейін жазылған ұлттық мұраларымызды жоғалтып алу қаупін айтқан болатынмын. Дегенмен, сиез латын әрпін біздің болашағымыз үшін пайдалы деп тапты. Тілдік үдеріс толық енгеннен кейін жазба әдебиетімізді түгендеп латынша басып шығару мүмкін болмайды. Соңсоң, төл әріпті танымайтын ұрпақ оны (мұраны) оқудан қалады.
Массагет: Иә, діңгегі бар озық ой. Қазақтың төл әліп-биінің құрастырушы лингвист ретінде екі әріптің салмақ шамасын салыстырып қарағаныңыз бар ма?
Ахмет Байтұрсынұлы: Иә, екі әріпті теңестіріп, артық-кемін тексеріп өлшеуге салғанда таразыңның табан тірейтін нәрселері баршылық. Мысалы, тіл дыбысына жеткілікті болу немесе болмау жағынан салыстырып қарайсың. Араб әрпінен қазақ әліп-биіне 14 әріпті өзгертпестен, дайын күйінде алдық. 5 әрпіне ереже қосып алдық. Латын әрпінен өзгертпестен алдық дегенде 15 әрпін-ақ алған. Басқалары өзгеріп алынып отыр. Сөйтіп алғанда, 7 әрпі өзгертіп алуға жараған, басқалары тіпті жарамаған соң , "ң" мен "й" дыбыстарына ойдан шығарып, "ө" мен "и" таңбаларын алып отыр. Бұған қарағанда тіл дыбысына жеткілікті болу жағынан араб әрпі артық болып шықты.
Массагет: Ал, сол әріптермен басылған немесе жазылған сөздердің қай-қайсы оңай оқылады?
Ахмет Байтұрсынұлы: Немістің Майман деген профессоры басқа сондай сана заңын тексеріп, тәжірибе жасаған адамдар мынаны байқаған: басылған сөздердің ішінде не төмен, не жоғары сойдиып қатардан шығып тұрған әрпі бар сөздер немесе үстіне қойған қосымша белгісі бар әріп кіріскен сөздер тез танылып, шапшаң оқылады екен. Айта кетсек, латын әрпімен басылған кітап немесе газетті алып, араб әрпімен басылған кітап немесе газетті алып қарасаң, қайсысындағы сөз әріптерінің әлпі таяқшалар суреттерінің қайсысының әлпіне ұқсайды. Әрине, латындікі жоғары, арабтікі төменгі әліпті. Араб әрпінің ол артықтығы жалғыз баспада ғана емес, жазбада да артық болып тұрады. Өйткені араб әрпімен басылған сөз бен жазылған сөздің арасында айырымы аз болады. Онда оңай оқылса, мұнда да оңай болады.
Массагет: Оныңыз жөн, аға. Тағы басқа өзекті артықшалықтары бар ма? Мысалы, жазу есебіне тоқталып өтсеңіз.
Ахмет Байтұрсынұлы: Болонский деген орыстың тәрбие ғалымы қолдың әлгідей еткенде талмайтыны ұсақ бұлшық еттерінің бітісінен дейді. Менің оған қосатыным - қарды жаюдан жию жеңілірек. Солдан оңға қарай жазғанда қол қардың жайылатын жағына қарай жылжиды, жылжыған сайын қиындайды. Оңнан солға қарай жазғанда қол қардың жиылатын жағына қарай жылжиды, жылжыған сайын жеңілдейді. Қол тыныққан есепті болып талмайды. Сонымен қатар, латын әрпімен жазғанда қолдың қимылының бәрі ірі, толық болып отырады. Араб әрпімен жазғанда стенограф жазуымен жазған сияқты қолдың қимылы көбінесе ұсақ болып келеді. Ирегінің ұсақтығы жазуды жеңілдетіп, шапшаң жазуға ыңғайлатады.
Массагет: Түрік жұртының 90%-ы баяғыдан бері араб әрпін пайдаланып келеді. Әрқайсысының араб әрпімен жасалған хат мәдениеті бар. Енді латын әріптеріне өз күшіне енсе, ол әріпті үйрету қиындық тұдырмай ма?
Ахмет Байтұрсынұлы: Иә, ол тіпті екі есе, төрт есе қиындық тұдырады. Толықтырсақ, латынның баспа әрпі мен жазба әрпі біріне-бірі ұқсамайды, яғни бір сөзде екі түрлі сурет бар. Біреуін танудың орнына екі-екіден тану керек болады. Мұның аты бір жұмыстың орнына төрт, төрттен сегіз жұмыс деген болады. Арабтікінде ол жоқ.
Массагет: Мұныңыз айқындап көрсетілген дәйек екен. Сонымен, өз сөзіңізді қорытындылай кетсеңіз.
Ахмет Байтұрсынұлы: Қорытқан сөзім былай болсын: Араб әрпі латын әрпінен жазуға, оқуға оңай. Онысын сауатты адамдардың күндегі ісінің жүзінде көп пайдалы болып шығады. Сауат ашу жүзінде араб әрпінің қолайлылығы латын әрпінен артық. Баспа ісі жағынан араб әрпінің ескісі латын әрпінен төмен, жаңасы артық. Машиналарға орнатуға араб әрпінің жаңасы латындікінен анағұрлым артық, ескісі де орнатуға келетінін іс көрсетіп отыр. Араб әліп-биінің әрпі қазақ тілінің дыбыстарына толық жеткілікті, қандай емле жасауына да келеді. Қазақ емлесі - нағыз оңай, бұқараға қолайлы емле. Сөйтіп екі әріпті салыстырғанда сап-саз, ап-айқын көзге көрініп тұрған сындары әріп алмастыру мәселесін дәріптеп көтеруге орын жоқтығын көрсетеді.
Массагет: Ахмет аға, талдау кейпінде болған сұқбатыңызға көп рақмет. Қош, сау болыңыз!
Ахмет Байтұрсынұлы: Сау болыңдар!
massaget.kz
ПІКІР АЛМАСУ
17/05/2017 16:02
Әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, ол әдебиет адасып кетпек
|
ТЕКСТ