THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Шеше тәрбиесінен гөрі, көше тәрбиесі басымдық алып кетсе, ел ертеңі бұлыңғыр
Авторы: Бейбіт САРЫБАЙ
18/05/2017 14:25 0 40748 0
Шәкен Күмісбайұлы,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері, балалар жазушысы:
– Шәкен аға, сіз балалар әдебиеті жанрының санаулы өкілдерінің санатындасыз. Осы жанрдың жай-күйін бір білсе, сіз біледі деп ойлаймыз. Айтыңызшы, балалар әдебиетінің қазіргі жағдайын қалай бағалайсыз?
– Рас, ептеп өскендігі байқалады. Қозғалыс бар. Ал қозғалыс бар жерде өсу де, алдыға жылжу да болады. Құдай өзі кері кету мен бір орында тұрып қалудан сақтасын.
Балалар әдебиетінің жандануына «Жер-Су» инвестициялық-өндірістік корпорациясының көмегі тигенін айтуымыз керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қаламгер қауымының дағдарып қалғаны рас. Бірақ осы дағдарыс ұзаққа созылды. Қаламгерлерді қаржылай қолдау, олардың шығармаларының басылуына көмектесу, кітаптарының таралуына қолұшын беру жағы кемшін түсіп жатты. Әуелден тек жазуға ғана үйренген жазушыларыңыз нарық заманының қиыншылығымен бетпе-бет келгенде, әрекетсіз қалды. Басқа жанрлар сынды, балалар әдебиеті де бұл қиыншылықтарды бастан кешті. Дегенмен балалар жазушылары қаламдарын тастай қашқан жоқ. Әрқайсысы шама-шарқынша жазып жатты. Олардың еңбектері балалар басылымдары арқылы оқырманға жетіп жатты. Бірақ бұл аз еді. Қаламгерлерді рухани және материалдық тұрғыда қорғаудың керек екенін түсіндік. Жаңа шығармалардың жазылуына, және сол шығармаларды оқырманға жеткізуге себепкер болу үшін, үлкен бір бәйгенің керек екенін сезіндік. Содан Жазушылар одағының басшылығымен бірлесіп, бәйгенің шарттарын жасадық. Бірақ демеуші табуға келгенде, біраз қиындықтарға кезіктік. Меценаттық танытады-ау деген біраз азаматтың есігін қағуымызға тура келді. Ең өкініштісі, барған азаматтарымыздың барлығы қырық сылтауларын айтып, шығарып салумен шектелді.
Сөйтіп жүрген күндерде осы «Жер-судың» басшысы Бауыржан Оспановқа да жолықтық. Жылышыраймен қарсы алған Бауыржан бауырымыз мұң-мұқтажымызды асықпай тыңдады. Тыңдап қана қоймай, өзінің білгісі келген біраз сұрақтарын қойды. Біз қалқадірімізше жауап бердік. Сол арқылы балалар әдебиетінің халінің мүшкіл екенін сезініп, қазақтың болашағы үшін демеушілік жасауға келісімін берді. Содан бері он жылға жуық уақыт өтті. Уәдеге берік Бауыржан бауырымыз жылма-жыл бәйгеге демеуші болып келеді. Соның арқасында балаларға арналған шығармалардың халықаралық «Дарабоз» бәйгесі алдағы жылы тоғызыншы рет өтпек. Ал министрлік тарапынан көмек баяу. Әлі де болса, балалар әдебиетіне деген қамқорлық аздау. Рас, қаламгерлердің кітаптарын шығарып беріп отыр. Бірақ қаламгерлерге басқа да қамқорлықтардың керек екенін ескергені жөн. Балалар әдебиетіне қалам тартып жүрген ақын-жазушыларыңыздың көбісі – орта жастан асқан қаламгерлер. Бұдан басқа кәсібі жоқ. Сондықтан қаламгерлердің шығармаларына лайықты қаламақы берілуі керек.
Қазақстан Жазушылар одағында 700 мүше болса, соның 34-і ғана балалар әдебиетінің өкілі. Осыдан-ақ, біраз нәрсені байқауға болады. Сол аз ғана қаламгер бүгінгі оқырманның сұранысын қанағаттандырып отыр. Осы ретте министрлік тарапынан үлкен көмектер күтеміз. Балалар әдебиетін мемлекет өз қамқорлығына алу керек деп ойлаймын. Жеке демеушілердің қолдауы аздық етеді. Ал тікелей шығармашылық тұрғыда жауап берсем, бүгінгі жас оқырмандардың сүйікті кейіпкерлерін көре алмай жүрмін. Көбіне жетім балалар өмірін суреттейтін, аң-құс төңірегіндегі, танымдық тұрғыдағы дүниелер жазылуда. Қожа сынды кейіпкер жоқ.
– «Балалар әдебиеті қартайып барады» деген пікірге көзқарасыңызды білдірсеңіз. Егер бұл пікір рас болса, себебін қалай түсіндірер едіңіз?
– Бір мысал айтайын. Жоғарыда айтқан «Дарабоз» бәйгесінен жүлде алып жатқандардың дені – үлкендер, орта жастан асқан немесе соған жақындаған қаламгерлер. Осыған орай тілшілер қауымы «неге бұлай?» деген сұрақты жиі қойып жатады. Шындығында, жастардың бұл жанрға деген қызығушылығы аз. Және ересектерге жазудан гөрі, балаларға жазу қиынның қиыны. Бұл – мойындалған шындық. Қазір әдебиетке он адам келетін болса, соның біреуі ғана балалар тақырыбында қалам тартады. Жазбаса ол да жоқ. Осыдан кейін жаңағыдай сұрақтың жауабы белгілі болмай ма.
«Балалар – біздің болашағымыз» деген сөзді әркім айтады. Бірақ жеме-жемге келгенде, нақты іске көшкенде бәрі немқұрайдылық танытады. Бұны неден байқадаңыз десең, айтайын. Жаңағы «Дарабоз» бәйгесінің қорытынды жиынын биылғы жылы сегізінші рет өткіздік. Салтанатты марапаттау рәсімі ғой. Соған келіңіздер, қонақ болыңыздар деп білім ошақтарының біразының есігін қақтық. «Не жазылып жатыр екен, қандай жаңа шығармалар бар екен?» деп, сол мектептердегі ұстаздар оқушыларын алып келуі керек еді ғой. Жоқ, келе қояйын деген адам көрмейміз. Мектептерді былай қойғанда, қалалық оқу бөліміне, кітапханашыларға, жоғары оқу орнының басшыларына да бардық. Бір сөзбен айтқанда, бармаған жер, баспаған тауымыз жоқ. Бірақ Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйі жыл сайын бос қалады. Бәйге алғандар мен бірен-саран оқырмандар ғана жиналады. Бес жүз адамдық залда жүзқаралы адам ғана отырады. Біз сонда да жалықпаймыз. Жыл сайын шақырту қағазымызды жасап, алып барамыз. Жылда осы көрініс. Қарның ашады. Сол баяғы немқұрайдылық. Басқа-басқа, жазу, сызудың айналасында жүрген филология мен журналистика факультетінің студенттері келмегесін, өзге жұрттан не үміт, не қайыр? Соның салдарынан «айдағаным бес ешкі, ысқырығым жер жарадының» кері болды. Яғни, балаға, оның тәрбиесіне, жалпы кітап десе шошынатын жағдайға келгендейміз. Осыдан кейін барып «балалар әдебиеті қартайып барады» деген көзқарасты қалай бағалауға болар екен. Бірақ бала оқырмандардың келуіне ықпал ете алмай отырған ұстаздардың немқұрайдылығынан тоқтап қалған ештеңе жоқ. Балалар әдебиеті тоқтап, тоқырап қалған жоқ. Жақсы шығармалар жазылып жатыр. Бірақ соны жарқыратып көрсете алмай отырғанымыз жаныма батады.
– Неге көрсете алмай отырмыз дейсіз? Осы бәйгеден орын алған шығармалар жыл сайын жинақ болып шығып жатыр емес пе?
– Бұл да сол мың болғыр Бауыржан Оспановтың арқасында жүзеге асуда. Осы бәйгеден жүлде алған шығармаларды (поэзиялық, прозалық, сахналық) жыл сайын «Кәусар бұлақ» сериясымен кітап етіп шығарып келеміз. Шығарып қана қоймай, еліміздің әр аймағындағы мектептер мен кітапханаларға тегін таратудамыз. Және қазақ тілінде шығарумен ғана шектеліп отырған жоқпыз. Бірнеше жылдан бері орыс тіліне аударып, «Чистый родник» сериясымен таратып келеміз. Бұның барлығы – сол қазақтың балалар әдебиетінің кең қанат жаюы жолындағы атқарылып жатқан игі істер. Орыс балалары да таныссын, қазақтың балалар әдебиетімен. Және қазақ тілін білмейтін қазақ балалары да жоқ емес, өкінішке орай. Бұның барлығы да – осындай жағдайды ескергендіктен жасалып жатқан шаруа. Алдағы уақытта ағылшын тіліне аударуды да қолға алмақпыз. Бұның барлығы да демеушіміздің жағдайына байланысты. Біз сол демеушіміздің тілеуін тілеп отырмыз. Егер олар демеушілігін тоқтатса, дәл сол сәттен бастап бәйгеміз де тоқтағалы тұр. Ал осы бәйге көптеген жақсы шығармалардың жазылуына себепкер болды. Егер бәйгенің нәтижесінде шыққан «Кәусар бұлақтың» жыл сайынғы кітаптарын жүйелеп қарайтын адам болса, біраз нәрсеге көз жеткізеді. Шіркін-ай, сыншылар осы серияның барлық кітабын зерттеп-зерделеп жазса ғой, үлкен жаңалықтың көкесі сонда болар еді. Сонда бір ғана бәйгенің балалар әдебиетінің дамуына қаншалықты үлес қосқаны нақтыланар еді. Және балалар әдебиетінің соңғы он жылдағы дамуы барысы да айқындалар еді. Айтпақшы, құрғақ шөппен ауыз сүрте бермейін. Осы кітаптардың бетін ашып қараған оқырмандар біледі, бұл бәйгеден орын алып жатқан жастар да баршылық. Өмір жалғасуда.
– Демек, балалар әдебиетін дамытудағы бұл қадамдарыңызды нәтижелі деп айта аласыз ғой?
– Әрине. Халықаралық «Дарабоз» бәйгесін ұйымдастырып келе жатқан осы тоғыз жыл ішінде біршама шығармалар жазылды. Үздік шығармаларды топтастырып, жыл сайын үш жарым мың данамен шығарып, республикаға тегін таратып жатырмыз. Ұзын саны 20 мыңға жуықтады. Бұл бірақ қалай дегенде де аз. Республикада 8 мыңға жуық мектеп, осынша кітапхана бар. Ал енді есептеп көріңіз. 3500 дана қай жыртығымызға жамау. Осы тұрғыда биліктің қамқорлығы керек екендігін тағы да баса айтқым келеді.
– Жалпы балалар әдебиетіне деген насихатқа көңіліңіз тола ма?
– Жоғарыда айттым ғой. Толмайды.
– Мемлекет тарапынан қандай қолдау керек деп ойлайсыз?
– Қазіргі уақытта орыс тілімен ана тіліміз текетірес түсіп жатқанда, қазақ балалар әдебиетіне аса зор мән берілуі керек. Кітап – тіл дамыту құралы. Біз қазақ мемлекетіміз. Елбасы айтқандай: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек». Еуропа жұрты балалар үшін барын салады. Мәселен, Германияда 1-3, 5-7, 8-10, 10-12 жастағы балаларға арналған кітапты айтпағанда, газет-журналдар бар. Бізде қызық. «Қазақ мемлекеті қазақша сөйлеуі керек» дейміз де, балалар әдебиетіне, оның кітабына қырын қараймыз. Егер менің мүмкіндігім болса, балаларға арналған мемлекеттік баспа ашар ем. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі қазақтілді ел басшысы, ел экономикасының тұтқасын ұстаушысы, ел тәуелсіздігін сақтаушы тұлға.
– Көгілдір экранға фильм қылып шығарарлықтай шығармалар бар ма?
– Болған. Болады да. Бірақ соны экранға шығарушылар бала психологиясын жақсы білетін адам ба? Мысалы, «Менің атым Қожа» Бердібек Соқпақбаев сияқты ұстаз-жазушының қолынан шыққан. Ол баланың мінезін өте жақсы біліп, қалай экранда көрсете білген?! Керемет. Өз басым нешеме жылдар өтсе де аталмыш фильм теледидардан көрсетілгенде, әр көрген сайын Қожаның, Сұлтанның мінезінен жаңалық іздеймін. Оны табамын да. Өйткені мен 35 жыл бала тәрбиесінде болған адаммын. Рас, қазіргі балаларға арналған фильмдерді де құр жібермеймін. Одан қазақ баласының жаңа типін іздеймін. Өкінішке орай, оларды таба алмаймын. Ұқсастық, бір-бірінен, басқа жұрттан «қамту» бар. Қазіргі өз байқауымда бәйгеге түскен шығармалар арасында балалар киносын түсіруге лайық шығармалар бар. Мысалы, «Жанталас», «Ақтабан», «Қараторғай» сияқты бәйге алған хикаяттарды киноға бейімдесе, тәп-тәуір дүниелер туары анық. Әрине, бұл – менің пікірім. Тек, режиссер мен жазушының арасында дұрыс қатынас болғай. Тағы бір айта кетерлік жайт бар. Біздің режиссерлер балалар әдебиетіндегі шығармаларды оқымайтын сияқты. Әркім бет-бетімен кеткен заманда қайдан оқысын?! Егер оқитын болса, киноға лайық шығармаларды кезіктірер еді.
– Жұрттың барлығы өзіңіз айтқандай «Қожаны» жоқтап жүр. Мүмкін, күллі жұрттың жүрегін жаулап аларлық ондай кейіпкерді таныта алмай, насихаттай алмай жүрген шығармыз. Сіз қалай ойлайсыз?
– Өнерде «қайталаушылық» деген дерт бар. Түсіндіріп айтайын. Мәселен, қазіргі классик атанып жүрген көп жазушы өзінің алғашқы шығармаларын балаларға арнап жазған. Есімін атамасақ та, оқырманның іші сезіп отырған шығар. Бірте-бірте бұл жазушылар ересектерге қарай ауыса бастайды. Қалың-қалың кітап шығарады. Рас, кезінде (кеңес уақытында) олардың қаламақысы мол еді. Ал сіз балаларға арнап қалың кітап жаза аласыз ба? Оны бала ден қойып оқи ма? Шаршайды ғой. Қысқа жазу балаға тиімді, жазушының балаларға арнап шығарма жазуы – қиынның қиыны. Ғабең – Ғабит Мүсірепов айтпақшы: «Ең нәрлі, ең анық және ең жеңіл тіл балалар әдебиетіне керек. Балаға арналған шығарма – баланың өзіне қызықты болуы жеткіліксіз, ол ересек адамдарды да қызықтыруы керек. Үлкендерге бөбектердің мінезі қандай тәтті көрінсе, балаға арналған шығарма да ересектерді де дәл сондай тартымды қасиетімен сүйсінтуі шарт» – деген екен. Міне, мәселе қайда жатыр. Ол – ол ма, мен мынадай бір жайды көріп, жағамды ұстадым. Осыдан біраз бұрын Алматыда халықаралық кітап жәрмеңкесі өтті. Біз де баспаның («Балалар әдебиеті» баспасы) кітаптарын сөреге қойдық. Қарсы алдымдағы бір дүңгіршекте оқырман жұрт кезекке тұрып, әлдебір балаларға арналған кітапты сатып алып жатты. Рас, ішімде қызғаныш пайда болып, мен де жақындап, біреуін қолға алдым. Әсем безендірілген. Ішін ашып қарадым. Авторы бір қыз. (Есімін атауды жөн көрмей отырмын). Жазғаны түкке тұрмайтын шалдыр-шатпақ.
– Әй, қызым-ау, мынауың не? – деймін.
– Кітап, – дейді ол.
– Кім жазды?
– Мен, – дейді ол шімірікпей.
– Суретшісі кім?
– Ол да мен, – дейді.
– Мынау масқара ғой, – деймін күйініп.
– Бұл – нарық, – дейді ол.
Ал керек болса?! Біз кейіпкер іздейміз кеп. Мәселе осында сияқты. Сөзімнің басында өнерде «қайталаушылық» бар деп едім. Жазушылық сияқты, кинода да солай. Балаларға фильм қойған режиссер оның қиындығын бастан өткізіп, ересектерге ауысады. Сылтауы – сценарий жоқ дейді. Мұнда да, яғни балалар дүниесіне деген көңіл пәс. «Қожаны» жұрт жоқтасын, жоқтамасын, жай осылай сияқты. Әйтпесе, аты дардай «Шәкен жұлдыздарына» бір балалар фильмі қосылса керек еді ғой. Мені сол ойландырады. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деген сөз бар. Осындай-осындай жағдайларды көріп отырып, «балалардың басынан кім сипайды?» деп жүрегің ауырады.
– Балалар әдебиетінің алтын дәуірі туып қойды ма, әлде алдағы уақытта келе ме?
– Өткен ғасырдың 60-жылдарын белгілі мөлшерде қазақ әдебиетінің алтын дәуірі деп айтып жүрміз. Мен сол пікірге қосыламын. Расында да, 60-жылдар қазақ әдебиетінің шарықтаған кезеңі болды. Барлық жанрда жақсы шығармалар жазылып жатты. Демек, балалар әдебиетінің де алтын дәуірі сол жылдар болған шығар. Әлі, күнге ел аузынан түспей келе жатқан «Менің атым Қожаңыз» да сол жылдың өнімі емес пе?
Бізде тек қана балалар тақырыбында жазатын ақын-жазушылар бар да, сонымен қатар балалар әдебиетіне қосымша жанр ретінде қараған қаламгерлер де болды. Соның бір мысалы – Әбдіраштың Жарасқаны. Ол негізінде қазақ поэзиясының айтулы ақыны, қазақ өлеңінің ерен жүйрігі. Сол Жарасқан бірер жыл балалар поэзиясына қалам тартып, белгілі бір мөлшерде үлес қосты. Оның жазған шығармалары балалар әдебиетінің өлмес мұрасына айналды. Ал қазақ поэзиясының классиктері Қадыр мырза-әлі мен Тұманбай Молдағалиевтің қалдырған қазынасы қисапсыз. Бүгін де осы үрдіс жалғасын табуда. Мысалға, Ертай Ашықбаев, Байбота Қошым-Ноғайлар бастаған біраз ақындар балалар поэзиясына ат басын бұрып жүр. Жастардан Алмат Исәділ, Қалмағанбет Мұхаметқали, Есей Жеңісұлылардың да назар аударуы көңіл қуантады.
Ал тек қана балалар әдебиетінің суымен кіріп, күлімен шығып жүрген Қастек Баянбай бастаған балалар әдебиетінің өкілдерін, осы жанрда ғана қалам тербейтін ақын-жазушылардың жөндері мүлде бөлек. Олар бар ғұмырын, барлық мүмкіндігін осы балалар әдебиетіне арнаумен келеді. Алла еңбектерін жандырсын дегім келеді.
Ал бәйгеге бола жүлде алсам деген ниетпен жазып көргендер болды. Бірақ, сөздің шынтуайтына келер болсақ, олардыкі сәтсіз шықты. Тағы да қайталап айтамын, балаларға жазу қиынның қиыны. Майдан қыл суырғандай шеберлік керек. Бала болып ойланып, мына әлемге баланың көзімен қарауға тиіссіз. Өйтпейінше, ісіңізден нәтиже шықпайды. Үлкендерді сендіру қалай қиын болса, баланы сендіру одан он есе қиын.
– Сіз балалар әдебиетінің қиындығын сөз етіп отырсыз. Бірақ бізде балалар әдебиетін басқа жанрларға қарағанда төмен санайтын көзқарас бар сияқты.
– Рас, ол – бұрыннан бар нәрсе. Өкінішке орай, әлі де солай сияқты. Өзге жанрдың өкілдері балалар жазушыларына екінші сортты қаламгер ретінде қарайтындай сыңай білінеді. Бірақ, шын мәнінде, балалар жазушылары олардан бір мысқал да кем емес. Балалар әдебиеті балаларға ғана керек сияқты түсінетін әріптестеріміз де жоқ емес. Бала деген ұлттық болашағы болса, балалар әдебиеті сол ұлттың болашағын тәрбиелейді. Балалар әдебиетін оқымай өскен бала үлкен әдебиетіңді қайтсін. Демек, біз оқырманды да тәрбиелеп отырмыз деп айта аламыз.
– Балалар әдебиетінің басқа да мұңы бар ма?
– Бұл жанрдын мұңы жетерлік қой. Жоғарыда біраз жайттың шетін шығардық. Мені бір қинайтыны, соңғы уақыттарда кітап оқымайтын буын қалыптасты дедік қой. Енді сол буын мектептерге ұстаздық ете бастады. Өзі кітап оқымай өскен адам шәкірттің кітап оқуына қаншалықты көңіл бөледі?.. «Немқұрайды қарап жүрмей ме?» деген қорқыныш бар. Баланың әдебиетке деген қызығушылығын оятып, жолға салатын адам ұстазы емес пе?! Осыны білгендіктен ұстаздар асына адал болса екен деген тілек айтқым келеді.
– Өзіңіз де біраз жыл ұстаздық етіп, бала тәрбиеледіңіз. Жазушылығыңызға кәсібіңіздің пайдасы тиді ме?
– Ауыл мектебінде мұғалім болып бала оқытып жүргенімде біраз нәрсеге көз жеткіздім. Баланы сырттай бақылау бөлек те, олармен қоян-қолтық жұмыс істеу мүлде бөлек. Сол кездерде мен бала психологиясын зейін қоя зерттеп, жетік меңгердім. Баланың арманы, аңсары, оймұраты дегеннің не екенін жақсы білемін. Оларға қалай әсер ету керек, айтпақ ойды қалай жеткізу керек екенін де сезінемін. Жалпы балалар жазушысы болу дегеніңіз, балаларды жақсы көруден басталатын шығар. Балаға деген махаббатымыз немереге деген ыстық ықыласқа ауысқан шақта да қолымыздан қаламымыз түскен жоқ. Әлі де жазсақ деген тақырыптарымыз бар. Алла қаласа жазуымыз жалғаса жатар.
– Ал Шәкен аға, қаламгерлік пен азаматтықтың екі тізгінін тең ұстап, 70 дейтін мерейлі жасқа толып отыр екенсіз. Газет ұжымының атынан бүгінгі мерейтойыңыз құтты болсын дейміз. Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым...
Баласынан ештеңесін аямайтын халықпыз. Баламызға не керектің бәрін жасап береміз. Қазір мектеп оқушыларының әрқайсысының қолында ұялы телефон бар. Сол арқылы ғаламторға еніп, әртүрлі ақпараттардың ортасында өсіп келе жатыр. Ал ғаламторда жақсы да бар, жаман да бар. Баламыз жақсыдан жиреніп жүр ма, әлде үйреніп жүр ме? Осы жағына көңіл бөлу жағы кемшін түсіп жатқаны жасырын емес. Баламыздың қай бағытта тәрбиеленіп жүргеніне назар аударайық. Шеше тәрбиесінен гөрі, көше тәрбиесі басымдық алып кетсе, ел ертеңі бұлыңғыр. Перзентін әртүрлі үйірмелерге қатыстыратын ағайын бір уақ баласының кітап оқуына ықпал етсе екен деймін. Балалар басылымдарын жаздырып берсе. Әдебиет тәрбиелеген ұрпақ ешқашан жаман болған емес. Сондықтан болашақтың алдындағы жауапкершілігімізге немқұрайды қарамайық. Жауапкершілігімізді абыроймен атқарайық дегім келеді.
Алаш айнасы
ПІКІР АЛМАСУ
18/05/2017 14:25
Шеше тәрбиесінен гөрі, көше тәрбиесі басымдық алып кетсе, ел ертеңі бұлыңғыр
|
ТЕКСТ