КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Алматыдағы 28 панфиловшылар (дұрысы «28 панфиловшы» болуы керек) саябағында Екінші дүниежүзілік соғысы қаһармандарының («Ұлы Отан соғысы» деуге де келмейді) рухына арнап орнатылған бір ескерткіштің тұрғаны белгілі. «Тұра берсін…» дерміз-ау, егер оның мәні мен сәнін етегіндегі «алтын әріпті» жазуы құртпаған болса! Қараңыз, «Велика Россия, а отступать некуда, позади Москва. Политург В.Клочков» дейді. О тоба, келмеске кеткен қызыл КСРО «Ұлы Ресей» емес еді ғой, ол кезде!.. Бұл не сандырақ?! Демек, санамызға сынадай қағылған орыстың отарлық пиғылы әлі де өз үстемдігін әйгілеп тұр мұнда. 
Қызыл билетін сандығының түбіне сары майдай сақтап жүрген «советтік сарқыншақтар»: «Ескерткіш сол қалпында сақталып қалуы керек. Ол – тарих!»,- деп шыр-пыр етеді, кейінгі буын үстіндегі ескі шапанын сыпырып алып, тыржалаңаш қалдырғалы отырғандай. Құдды, сол ескерткіш қазіргі қазақ қоғамы үшін де үлкен идеология құралы дерсің… «Қызыл шапанын» құртсақ, оның орнын су жаңа «көк шапан» басатынын неге түсінгілері келмейді екен, ә?..
 «Көк шапан» дегеніміз – еліміздің бірде-бір қала орталықтарына «бұйырмаған», Алаш арыстарына арналған ескерткіш. «Солардың рухы разы болсын!», – дегісі келмейді-ей, біздің шалдардың! Жарайды, өзі бодан болған екен, ал неге Тәуелсіздіктің тәубе етерлік игілігін немере-шөберелеріне қиғысы келмегендей қасарыса береді?!
Бұл мәселені бізден бұрын Facebook әлеуметтік желісі арқылы белгілі журналист Нәзира Байырбек көтерді. Ендігі кезекті тақырыпқа қатысты білдірілген парықты пікірлерге берейік…
Нәзира Байырбек: – …Ашаршылықтың пәлен жылдығын, репрессия күнін атап өтіп жүргеніміз ресейліктердің ашуын туғызғанын білеміз. Ашаршылықтың 80 жылдығына байланысты жиын өтіп жатқанда, Ресейдің Елшісі ашуланып, шығып кетті көз алдымызда. Сонда «Велика Россия» деген жазу Алматымыздың ең әдемі жерінде тұрғанда, біздің жастар, азат ойлы азаматтар бұған ашуланбауы керек пе, қалай ойлайсыздар?
Айдос Сарым: – Панфилов дивизиясының ерлігі дау туғызбайды. Бірақ 28 панфиловшы деген – қолдан шығарылған тарих. Журналистердің ойлап тапқаны. Клочков жаңағыдай сөздерді тіпті айтпаған. Сондықтан мен саябақтағы ескерткішті алып тастап, орнына 20 дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған, оның ішінде Түркістан легионында күрескен қандастарымызды да ескеретін ескерткіш қою керек деп есептеймін.
Әміржан Қосанов: – Жалпы, Кеңес Одағы кезінде тұрғызылған барлық ескерткіштерге қайта ревизия керек деп ойлаймын. Әрине, тарихты қайта жаза алмаймыз. Ата-бабаларымыздың Мәскеуді қорғағаны рас. Бірақ олар Мәскеуде жүріп, ең алдымен, өз Отанын, Қазақстанды қорғады! Солардың арқасында фашистер жерімізге жете алмады. Ал «Ресей» деген жазуды алып тастау керек! Басқа сөздер табуға болады. Мәселен, сол шайқасқа қатысқан Бауыржан Момышұлының сөздерін.
Гүлмира Аймағанбет: – «Тарих қолдан жасалады. Басында кім тұр, қалам соның ыңғайына кетеді». Қазіргі тарихты жазып жүрген ағамыздың өз сөзі. Сондықтан қолдан жасалған кейбір тарихқа құлдық ұруды қояйық! Санамыздың сілкінетін уақыты әлдеқашан келді ғой.
Көктүрік Алтай: – Таңғаламын! «Тәуелсіз ел» деп жер-суға сыймай, танауымыз желбірегенде сондаймыз. Тіпті бұл мәселені талқылауға салмай-ақ Үкімет біржақты етуге тиіс деп ойлаймын. Бірақ ондағылардың рухы бос. Санасы биік билік қазір жоқ! Эстония ештеңеге қарамай, Таллиндегі совет солдатын алды да тастады емес пе?!.
Құралай Шубаева: – Кеңес үкіметі біздің тарихымызды күлге көміп, талай ескерткіштерімізді тоз-тозын шығарып қиратқанда, біз неге отаршыл билік орнатқан ескерткішті, айтылмаған жалған ұранды далитып төрімізде сақтауымыз керек? «Ескерткіш қалсын!» дейтіндер - менің ойымша, бойында намысы жоқ, қара басының қамын, жанының тыныштығын ойлайтын қорқақ, жалтақ адамдар! Әйтпесе менің атам да майдангер болған. Ол кісі жарықтық: «Ұрпағымыз біз сияқты жалтақ болмай, тәуелсіз рухта өссе екен…»,- деп армандап отыратын. Бұл ескерткіш, түптеп келгенде, төрінен көрі жақын біздің ҰОС ардагерлеріне бір тиынға да керек емес! Орыстар болмаса…
Берік Шералыұлы: – Негізі, Кеңес дәуірінде орыс халқынан басқа ұлт соғысқа қатыспағандай, солардың ескерткіші ғой барлығы! Мысалы, Щучинск қаласында мәңгілік алаудағы ескерткіште орыс пен украин ұлтының бейнесі тұр. Ең қызығы, орысша, қазақша және украинша жазып қойыпты астына. Қазақстанға украин тілі жетіспей тұр еді енді…

P.S. Басқа да бауырларымыздың ашынып айтқан ащы сөздері баршылық. Біздің міндет – оның бәрін тізбектеп отыру емес, жоғарғы жақтың қам көңілдерге медеу боларлық шешім қабылдауын талап ету. Енді Алматының төріндегі «Велика Россия» ұрпағымыздың ұранына айналмасын десек, анау ескерткіштің етегін жалтыратқан ерсі ұранды қазақы қалыпқа салып өзгертейік немесе бізге қарай кеудесін кере ентелеп тұрған орыс сарбазының мүсінімен қоса құртайық! Екінің – бірі! Бұл ретте, биік билікке қазақтың арқасында жайғасқан шен-шекпенділердің елді елеңдете бермей, еркін пікірмен санасуы шарт. 

Еркеғали Болатұлы
kazakia.kz

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 208279 0


02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 194954 0


26/06/2017 12:02

Жалындаған жастық шақ
0 150655 0












ТЕКСТ

Яндекс.Метрика