КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мектептің есігі айқара ашылар күн де таяу. Сөйтіп жаңа оқу жылы басталады. Қазақстанда 1 қыркүйекте 250 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады. 
Бұл күн бала үшін де, ата-ана үшін есте қаларлық айрықша күн. Баланың мектеп табалдырығын аттағаны оның ержеткенінің, есейгенінің белгісі.
Қолда бар дерек бойынша Қазақстанда барлығы 7516 мектеп жұмыс істейді. Олардың 3843-і қазақша білім берсе, 2067-і орыстілді мектеп. Қалғандары – аралас. Демек, олар да орыс тілінде білім береді деген сөз. Ендігі үлкен мәселе – ата ананың (бұл жерде қазақ ата-анасы жөнінде) баласын қай мектепке жетелейтіндігі. Қазақ мектебіне ме, әлде орыстілді мектепке ме? Біз айтар едік: балаңызды қазақ мектебіне беріңіз! Қазақ баласы білімді ең алдымен қазақ мектебінен алуы тиіс. Қазір орысша, ағылшынша үйренудің еш қиындығы жоқ. Кешегі техника, технология бүгінгідей дамымаған уақытта да қазақ баласы орысшаңызды осы ұлттың өкілінен еш кем меңгермеген. Бүгін болса – тіл үйренуге барлық жағдай бар. Есік-тереземізді тастай етіп жауып тастаған тұйық мемлекет емеспіз. Төрткүл дүниемен қатынас өрістеген. Барша халықпен араласып-құраласып жатырмыз. Сондықтан да қазақ үшін шет тілдерін үйрену өзекті мәселе емес.
Қазаққа қазіргі керегі өз тілін, ана тілін жетімсіретпеу, есіктің босағасында жаутаңдатпау. Ел болғаннан кейін оның дербес тілі болуы заңдылық. Оның үстіне біздің тіліміздің өзгелерден еш кемістігі жоқ. Қайта артықшылықтары көп. Әр тілдің басын шалған елдің ертеңдері көсегесі көгеріп кетуі қиын. Бүгін білінбес. Болашақта оңбай зардап шегеді. «Қап!» деп сан соғып, аһ ұра өкінеді. Тілдің кетеуі кетуі – елдіктің көбесі сөгілгенмен бірдей.
Қазақ елінің жұлдызын ұлтына, жеріне жанашыр, жүрегі «қазағым», «елім» деп соғатын жандар ғана жарқырата алады. Қазақ тілінің бойын­да ар да, намыс та, мейірім де, ізгілік те тұнып тұр. Зәмзәм суына татырлық осы қасиеттерді бала мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ бойына сіңіруі керек. Сонда ғана біз Отанына, халқына, тіпті ата-анасына, бауырларына жаны ашитын ұрпақты тәрбиелей аламыз.
Кейде көшеде немесе қоғамдық көліктерде мектеп жасындағы баласымен орысша сөйлесіп тұрған үлкендерді байқап қаламыз. Осы жерде «Неге қазақша сөйлемейді?» деп балаға кінә арту дұрыс болмас. Бар кілтипан – ата-анада. Сондықтан балам толыққанды адам болып өссін десе, ең алдымен әке-шешенің жаны ашығаны абзал.
Қазақ баласының қазақ мектебінде оқу керектігін біздің ұлы даналарымыз да айтып кеткен. Ұлт көсемі Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы қазақ мектебінде оқып, ұлттық тәрбие алмаған баланың кейін ұлтына қызмет етпейтінін ашық айтты. Мағжан да, Сәкен де осыны айтады.
Даналардан артық айта алмаймыз. Біздікі сол ел қамын ойлап өмір сүрген біртуарларымыздың тілек-аманатын қайталау ғана. Олай болса, балаңызды қазақ мектебіне беріңіз, құрметті ата-ана! Қазақша оқысын, нағыз қазақ азаматы болып өссін!

Нұрперзент Домбай
Ана тілі

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 208261 0


02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 194920 0


26/06/2017 12:02

Жалындаған жастық шақ
0 150507 0












ТЕКСТ

Яндекс.Метрика