КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

«Жақсы келін – келін, жаман келін – келсап» — деп қазақтың мақалында бекер айтылмаған. Келіннің «келсап» болмай, жақсы келін болуы, әрине, біріншіден, өзінің туған ата-анасының, содан соң енесінің тәлім-тәрбиесіне байланысты. Ақ босағасын аттаған келінге келсап деп қарамай, оған туған перзентіндей қарау – ене үшін үлкен міндет. Ене өзінің өзегін жарып шыққан ұлының таңдап алған жарын, яғни келінін өз баласындай бауырына баса білуі тиіс. Жақсысын асырып, жаманын жасырып, абыройын асқақтата білуі керек.
Қазіргі қоғамда өзекті мәселелердің бірі – ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынас. «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» демекші, кейбір қатынжанды жігіттер әйелінің сөзіне еріп, мәпелеп, бағып-қағып өсірген ата-аналарының ақ сүтін ақтамай, оларды өз қарашаңырағына сыйғызбай, қарттар үйінің тұрғынына айналдырып не болмаса бөлек шығып кетіп жатады.
Келін де болашақ ене емес пе?! «Атаңа не істесең, алдыңнан сол шығады» деп, атам қазақ айтпақшы, келіннің де жастық шағы өтіп, балалы-шағалы болып, келін алатын күн де өзінің басына туады. Сонда ол өзінің келініне қандай тәлім-тәрбие бермекші?..
Ене болу да оңай шаруа емес. Бір үйдің ерке қызы келін болып түседі. Қазіргі кезде келіндер бір-екі ғана бала тауып, ерке келін болғылары келеді. Оған көнетін енелер бар ма, ол да сол шаңыраққа билік жүргізіп отырған адам. Келіннің үй шаруасына да тиянақты болғанын қалайды. Кейбір ақылды енелер баласына бірін білдіріп, бірін білдірмей, ақырын ғана балам былай ет, балам солай ет деп, келінді өзі ақырын тәрбиелеп алады. Әрине, оған көнетін келін болса. Көнбейтін келін болса, енесі үйде жоқта жолдасына: «сенің анаң сен жоқта былай деді, солай деді», – деп отқа май құйып жатады. Ене мен келін туралы ел ішінде неше түрлі әңгімелер жүріп жатады. Мысалы: «Баяғыда ит пен мысықтай арбасқан ене мен келін бір үйде тұратын көрінеді. Бір-бірін көргенде кірпідей жиырылып, түрпідей тиіседі екен. Келіннің берген асы мен сөйлеген сөзін былай қойғанда «тық, тық» етіп жүргені де кемпірдің жүйкесіне әбден тиіп болыпты. Отырса – опақ, тұрса – сопақ. Қысқасы, кең дүние тарының қауызындай тарылып, қажаса-қажаса екеуі де титықтап, тығырыққа тіреліпті.
Күндердің күнінде құлағының құртын жеген енесінен жауыр аттай қажыған келіннің ойына жамандық түсіпті. Күншілік жердегі елге танымал бір емшіге барып, кемпірден көрген қорлығын көз жасын сарқып отырып айтып, кемпірді өлтіретін дәрі жасап беруін өтініпті.
Көпті көрген қарт емші келіншекке бір құты дәрі жасап беріпті де, мынадай кеңес айтыпты: «Бірден өліп қалса бала-шағасы, туыс-туғандары сенен көрері анық. Сондықтан бұл дәріні күнде аздап беріп отырасың. Үш ай өткенде кемпірдің шаруасы бітеді. Қатаң ескертер бір жайт – ол кісіге бұрынғыдай сөз қайтарма, не десе де «сіздікі жөн» дей бер. Онсыз да үш ай ғана ғұмыры қалды ғой» – дейді.
Келіншек үйге келіп, емшінің айтқанын айнытпай істеуге кіріседі. Алайда, басқа шарт бір төбе, әлгі емші айтқан шарт бір төбе… Алғашында біраз қиналады. Кемпірдің ерні қыбырлай бастаса, келіннің де тілі жыбырлай бастайды. Көкірегінен лап етіп көтерілген қызыл жалын жұтқыншағына келгенде, емшінің айтқан сөзі есіне түсіп, тұтығып тұрып қалады. «Сөйлеп қал, үш ай ғана ғұмырың қалды ғой» деп іштен тынады.
Сөйтіп жүріп апта өтеді, ай өтеді. Кемпір болса аң-таң. Баяғыдай арсылдап тұрған келін жоқ, «Әй қатын, әкел ананы… тарт мынаны!» деп қолды бір сілтесе болғаны, келін байғұс жерге салмақ түсірмей желе жөнеледі. Қимылы да, сөзі де жеп-жеңіл. «Міне, апа… тағы не керек?..» деп қиылып тұрғаны.
Кемпір ойлана бастайды. «Құдай-ау, мына сорлыға неге ұрса берем? Сонша не жазып еді?..» деп, өзін кінәлай бастайды. Сөйтіп, ененің емеурінімен жүгірген екі ай артта қалған соң келіннің көңілі біртүрлі күй кеше бастайды.
Тіпті бір күні мынадай оқиға болады. Тістей қатып отыратын кемпір келінін еркелете шақырып алады да, аузында өмірбақи баданадай құлып тұратын сандығын ақтарып: «Мынау білезік, мынау жүзік, бәрі сенікі, мен оны көрге алып кетеді ғой дейсің бе, тағып ал, көркейіп жүр, қарғам…» деп, елжірейді.
Міне қызық, енесінің қылығына көңілі бордай босап қоя берген келіншек ауызғы бөлмеге атып шығып, қос білегін көкірегіне басып отыра кетеді. «Қайран енем-ай, өлеріңді білгенің бе, бұл не еткенің, қасиетіңді ғұмырыңның соңында бірақ білдім-ау… бір-ақ ай қалғанда, бір-ақ ай…» деп ағыл-тегіл жылапты.
Содан өкпесін қолына алып, өткендегі емшіге барады. Өзінің оңбай қателескенін айтып: «Әлгі дәріңіздің күшін қайтарып, енемді аман алып қалатын дәрі жасап беріңізші…» деп, жылап-еңіреп, емшінің етегіне оралады.
Тартысы мол өмірде талай көйлек тоздырған әлгі емші келіншікті шынтағынан сүйеп орындыққа отырғызып қойып, былай дейді: «Мен берген дәрі кәдімгі су болатын, адамға ешқандай зияны жоқ, менің мақсатым екеуіңді татуластыру еді, ол орындалды… енең Алланың берген жасын жасайды, әзір өлмейді, бара ғой», – депті. Қуанған келіншек жазира даладай жайылып сала беріпті…». Осы мысалға қарап, көп жағдайда шаңырақтың шайқалмауы, үйдің іші берекеге толы болуы ене мен келінге байланысты екенін аңғарамыз. «Келін жаман емес, келген жері жаман» демекші, кейбір енелер өздерінің жас келін болып түскен шақтарын ұмытып, жаңа түскен келінді «ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда ұстауым керек» деп, тырнақ астынан кір іздей бастайды. 
Қалай дегенде де, келін – әулеттің ырысы, болашақ ана, ұрпақ жалғастырушысы. Қыз баланың қандай ата-енеге тап болып, қандай жігітке тұрмысқа шығатынын тек бір Алла ғана біледі. Қасиетті «Құран кәрімде» Алла тағала қыз баланы бойжетіп, кәмелетке толғаннан кейін тұрмысқа шығып, өмірге ұрпақ әкелумен қатар бір әулеттің үрім-бұтағын көбейту үшін жаратқандығын айтады.
Келін де біреудің әлпештеп, еркелетіп өсірген қызы, ардақты перзенті. Келін жақсы болса, енесіне туған қызындай болып сіңісіп кетеді. Ене де келінге оң көзімен қарап, оң қабақ танытып, ренжітпейді де. Әрине, ене мен келіннің арасында жанжал болмайды емес, болады. Бірақ, келін ешқашан да енесіне қарсы сөйлемей, өз анасындай көруі қажет. Келін енесінің алдында кішіпейілділік таныта білуі керек. Кешегінің келіндері атасы мен қайынағаларына иіліп сәлем салатын, салт-дәстүр бойынша қайынағалардың аттарын атамай, оларға өзі жанама ат қоятын. Қазіргі күні бір өкініштісі салт-дәстүріміздің шетте қалып бара жатқандығы. Осыған байланысты Ақтау қаласында болған бір оқиғаны айтқым келіп отыр. Өзімнің бөле сіңілім Самал қыркүйек айында Маңғыстау облысы, Ақтау қаласының Ерменбет әулетіне келін болып түсті. Той өткен соң, туысқандары мен достары «келін шайға» шақырылды. Сонда сол әулеттің босағасын аттаған жас келін, яғни бөле сіңілім Самал қазақ көйлек пен камзол киіп отырып, келген қонақтарға шайды ілтипатпен ұсынып отырды. Мұны айтып отырғаным, соңғы уақытта мейрамханаларда думандатып той өткізіп, ішкен-жегендеріне мәз болып жүрген ағайындарымыз бар екені қынжылтады. Ол ол ма?! Жас келінді түсірген кезде, салт-дәстүріміз бойынша келіннің бетін ашамыз. Бұл, әрине, дұрыс! Бірақ, келіннің екі жағында тұрған жеңгелері ұялмай шалбар киіп тұратындары да бар. Бұл не сонда? Жаңа түскен келінге көрсеткен тәрбиелері ме? Жоқ, бұлай болмайды. Бұл – ерсілеу көрініс.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, атам қазақ айтпақшы «ескінің естісін үйретіп, жаңаның жаманынан жирендірейік» деп айтқандары рас. Сонда ғана келін «келсап» болмай, ақылды да, парасатты болатыны даусыз. Бүгінгі келін, ертеңгі ене екенін ескерсек, енелер мен келіндер тату болса, ағайын-туыс тыныш болады.

Динара Масакова
Үркер

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 208260 0


02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 194915 0


26/06/2017 12:02

Жалындаған жастық шақ
0 150507 0












ТЕКСТ

Яндекс.Метрика