THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
«Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп», «Бір ауылда мың туысың болғанша, әр ауылда әр туысың болсын», «Мал қонысын іздейді, ер туысын іздейді». Бұл дана сөздерді атам қазақ айтып кеткен. Кешегісін ойлап, болашағын болжап отыратын бабаларымыз ұрпағына осындай аталы сөз қалдырған. Ағайынның татулығын ұлағат еткен. Бауырлардың бір-біріне бауырмал болуын баса айтқан. Туыстық байланыстың маңыздылығы мен парқын жете түсіндірген. Тіпті «Туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың» деп те ескертеді. Бірақ оны бүгінгі буын елеп-ескеріп жатыр ма? Қазақ халқы қай кезде де туыспен етене жақын болып, алауыздықтан алшақ болуға үндейтін. Бала кезімізде бір туған бауырлар түгілі көрші-қолаң да бір-біріне жәрдемдесіп, көмек қолын созуға дайын тұратын. Асарлатқанда алдына жан салмайтын. Той-томалақ, өлім-жітімнің бәрі көпшілікпен, ауылдастардың, ағайындардың арқасында өз дәрежесінде бітіп атқарылып жататын. Ағайын болып өмір сүру, бауыр-қарындастың қамын ойлау, туыстың жайына жанашырлық сезіммен қарау салты ұмытылып, риясыз көңілден жасалатын көмектің де қатары сирегені байқалады. Адамның азғандығы ма, қоғамның тозғандығы ма, әйтеуір, бүгінгі заманда кісіліктің қасиеті жоғалып, мейір азайып, бір-біріне деген пейілі тарылғандай. Есесіне бір-біріне деген іштарлық та, қызғаныш та үдеп бара жатқандай. Бір өкініштісі сол, бұл жағымсыз көріністер бір туған ағайындылар арасында да кездесіп қалып жатады. Бауыры түгіл оның отбасын далада қалдырмау үшін өз қамқорлығына алып, асырап-сақтайтын қазақ отбасының ер азаматтары бүгінде безбүйрек болып бара жатқан жоқ па? Өмірде ағайын адамдардың бір-бірімен тіл табыса алмай, осылайша бір-бірін мәңгі көрместей болып, ат-құйрығын үзісіп кетіп жатқан мысалдар аз ба? Мұның себебі неде? Мұншалық қатыгездік қайдан келді? Өкінішке орай, ағайынды адамдардың арасында бір-біріне жәрдемдесіп, көмек қолын созудың орнына «пайда тек өзіме ғана болса» деген теріс пиғыл орныға бастады. Ондай ниеттегілер бас пайдасы үшін өз ағайынын жарға да жығуға даяр тұрады. Мұның барлығы туыс-туғанның жоғына қарайласпай, өз қамын ғана күйттеуден туындайтын жағымсыз қасиет екені белгілі.
Бүгінде ағайынның басын біріктіріп, ақыл айтатын ақсақалдардың да азайып кеткендігі рас. Есесіне ез еркегін билейтін, елдің ынтымағын бұзатын, ағайын-туманың арасына іріткі салып, алауыздығын қоздыратын, екі үйді қоңсы қондырмайтын әйелдер де жоқ емес. Оны айтып отырған себебіміз, үйленбей тұрған кездерінде бауырмалдығын жоғалтпаған бір туғандар үйленген соң бір-бірінен суый бастайтындығы қалай? Барлық кінәні әйелге артып қою да жараспас. Бірақ әйелдерінің жетегінде кеткен еркектердің осындай салғырттығынан қазақтың ұғым-түсінігіндегі «ағайындық дәстүр», «ағайындық жол-жора» көмескі тартып, жоғалып бара жатыр ма деп те алаңдайсың. Бір қаланың екі шетінде тұрып, бір-біріне қонаққа бармақ түгіл мүлдем араласпайтын ағайындардың бар екенін күнделікті өмірімізде аз көрмейміз. Телефон шалып, үлкені кішісінің хал-жағдайын сұрамай жүре беретін жайттарды естігенде жағаңды ұстауға мәжбүрсің. Төменде келтірілген мына оқиға осы айтылғандарға нақты дәлел бола алады.
Бір туысымыздың ұлы отбасылы болған соң әр нәрсені бір сылтау қылып бауырларынан алшақтай береді. Жиналған кезде өзін өзгелерден жоғары сезінетін. Онысын байқатып та отыратын. Ал бауырлары оның сабасына түсуін қалайды. Ол бауырларының сөзін «өзін көре алмағандықтан» деп қабылдайды. Онысын айтып та салады. Ақыры ағайындылар арасында тұтанған шоқ бірте-бірте жалынға айналады. Олар бір-бірін көрместей болады. Осылайша Ермек бауырларынан безіп Алматыға жол тартады. Арада айлар жылжып, жылдар өтеді. Өзі ат ізін салмаған бауырлары Нұрбек пен Жанаттың да ұл-қызы ержетіп, бой түзейді. Ермектің де ұлдары азамат болады. Бірақ жанындағы жары сырқаттанып, ауруы күннен-күнге дендей береді. Ақыры оның денесі қара жердің қойнына табыс етіледі. Осы кезде ғана Ермек өзінің жалғыз қалғанын аңғарғандай болады. Бірақ бауырларының басындағы қайғыны естіген ағайындылар келіп, қайғыға ортақтасады. Шынайы жанашыр екендерін дәлелдейді. Ермек те бармағын осы сәтте тістейді. Бірақ артта қайтаруға келмейтін жылдар қалды. Ойлап көрсе соның бәрі бір ғана жанындағы келіншегінің сөзінен болған жағдаят еді. Соның сөзіне еріп, әке-шешесіне қырын қарады. Бауырларынан безді. Болмашыға бола ауыр сөздерге барды. Ақыры әзәзіл жау алдырды. Ойлап қараса, тіпті сол туған бауырларының бірінің қуанышына да ортақтаспапты. Сол үшін өзін жегідей жеді. Бірақ өткенді қайтара алмасы анық. Кешіріммен, өкінішпен ешнәрсені орнына келтіре алмасын білсе де Ермек қазір бауырларының жанында жаны қалмайтын болды. Әр жиналған сәтте өзегін өртеген өкінішін өксік етеді.
Міне, бұл мысал – бір ғана отбасындағы оқиға. Мұндай жайттар тізе берсек қаншама?! Бәрін айт та, бірін айт, дүние-мүлік үшін бауырларын беті бүлк етпестен жер жастандырғандар да кездеседі. (Ондайдың бетін ары қылсын!) Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы оқиға елді бір дүрліктірген. Аталмыш облыстың Сайрам ауданында ағайындылар арасындағы дау соңы өлімге әкелді. Әкеден мирасқа қалған 8 гектар жерді бөлісе алмаған ағайындылардың бірі екіншісін ұлдарымен жабылып сабап, қуып жіберген екен. Ызаға булыққан әрі жәбірленген азамат өзін қорғап қалу мақсатында бауыры мен оның баласына оқ атады. Нәтижесінде әкелі-балалы мерт болады. Осылайша қолы қалт етпеген азамат өзінің туған ағасы мен оның ұлын бірдей өлім құштырады. Бұл оқиға біраз жұрттың жағасын ұстатты.
Қасиетті Құран Кәрімде де «Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырады» делінген. Біз дәл осы жауапкершілікті қалай арқалап жүрміз? Айтар болсақ, біріміз жоғарыдағы мысалдағыдай бір-бірімізді жат көріп, араласуды азайттық. Туыстық қарым-қатынасымызды нығайта берудің орнына, үзуге бейім болып барамыз. Ағайын-туыспен жиын-тойларда ғана кездесіп қалғанымыз болмаса, арнайы жолға шығып, жүздесіп қайтуды да ұмыта бастадық. Осының салдарынан ағайын арасы бірте-бірте суып, ертеңгі күні қалай жат болып кеткендерін сезбей де, білмей де қалады. Қатыгездік те осындай теріс қылықтардан бастау алатыны сөзсіз. Содан келіп туған бауырына оқ атуға даяр адамдар пайда болады. Олар әлеуметтік жағдайының дұрыстығына, дүние-байлығына мастанып, өзінен төмендегілерге назар аудармай өмір сүруге дағдыланып кетеді. Өзінен дәрежесі, болмаса лауазымы төмен жақын-жұрағаттарына жуымайды. Бойын алшақ ұстауға тырысады. Олардан гөрі өзімен «терезесі тең» адамдармен байланыс жасағанды артық санайды. Ертеңін елемейді.
Әбу Ләйс ас-Самарқанди: «Кімде-кім ғұмырын ұзартқысы келсе, туыстарымен қарым-қатынас жасасын. Егер бір адамның үш-ақ күн өмірі қалса, Аллаһ туыстық қатынасты үзбегені үшін оны отыз жылға ұзартады. Ал егер біреудің отыз жылдық тіршілігі қалған болса, туыстықты үзгені үшін Аллаһ оны үш-ақ күн етеді» дейді бір еңбегінде. Ал Сүйікті пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Туыстарының қарым-қатынасына жауап қайтарушы – байланыс жасаушы емес, нағыз туыстық байланысты жасаушы – туыстары қатынасты үзгенде байланыс жасаушы» деген (Бухари). Яғни туыстарының теріс қылықтарына мән бермей, олармен қарым-қатынасын үзбей, барынша сақтап қалуға тырысатын адамның дәрежесінің биіктігі анық көрініп тұр. Мұсылмандықты ғасырлар бойы ата дініміз ретінде мойындап келген бабаларымыз «Өле жегенше, ағайынмен бөле же», «Бауыр шырын, бас тәтті. Ағайынмен ішкен ас тәтті», «Туысы бірдің қонысы бір. Туысы бірдің уысы бір» деп ұл-қызына ақыл айтқан, көргені мен көңілге түйгенін мирас еткен.
Түйін:
Мәшһүр Жүсіп бабамыз:
«Аманыңда елжіреп,
мақтайтын да ағайын,
Алыстамай айналып,
жақтайтын да ағайын.
Ауырыңды жеңіл ғып,
жоқтайтын да ағайын,
Еркелетіп бетіңнен,
қақпайтын да ағайын» дейді. Иә, қырық рулы, қарға тамырлы қазақтың даналары ағайынның алалығынан ауыздағының кететіндігін дөп басады. Сондықтан жамағайын жұрағатымыз іргесін сөкпеген. Салтын сақтап, бауырын мақтап отырған. Үлкені сөз бастаған, кішісі оны қостаған. Сүттей ұйып, береке мен бірлікті жиып отырған. Жақынын жатқа бермеген. Аға өлсе, іні мұрагер болып, оның отбасын асыраған. Әмеңгерлікпен әйелдікке алған. Жесірін жылатпай, жетімін тентіретпеудің қамын жасаған. Бұл – бабалар ұлағаты. Оған адал болу – әркімнің парызы. Бүгінгі жайт – мүлдем өзгеше. Жоқ болса бере алмайтын, бар болса көре алмайтын ағайынның дәуірі жүріп тұр. Сол кері кеткен тірлікті бері тартып, ақ пен қараның аражігін ажыратып, ой салу – біздің міндет. Ой түйіп, нәтиже шығару – сіздің міндет.
Ана тілі
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ