КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тоғыз жасар інім: «бүгін сіздердің үйлеріңізге қонамын», – деп келді. Отбасымызбен құрақ ұшып, оның бар қамын жасап, кезіп жүрміз. «Не жейсің», «не ішесің?»-нің астына алып.

Інім қонған күн

Бала атаулы – біздің шаңырақ үшін үлкен сый. Өйткені жанұямыздың кенжесінің өзі жиырмадан асып кеткен. Сондықтан болар баланың неге қызығатынын да аса біле бермейміз.
Сөйткенше болмады, інім компьютер қосып беруімді өтінді. Ойбай-ау, маған да ең оңайы компьютер қосып бере салу боп тұр ғой. Лезде-ақ қостым.
«Ал, не қараймыз?» – дедім. Ол иығын қиқаң еткізді. Сол қапталыма жайғасқан күйі маған жалтақ-жалтақ қарағыштап қояды. Бірдеңе айтуға бата алмай отыр сезем. Мен де ішімнен оның компьютерлік ойын ойнағысы келіп отырғанын біліп отырмын. Бірақ, сыр алдыртпадым.
«Бәлкім, мультфильм қарармыз?» – деп ем, ол басын изеді. Рұқсатын алуын алып-ап, енді не қосарымды білмей дал болдым. Қазақша қандай мультик бар? Шақшадай бас шарадай болды. «Ертөстікті» іздегеніммен, роликтен өзгені ғаламтор таппады. «Қазақша мультфильм» деген сұранысыма іліп алар бірдеңе кезіксейші. Әйтеуір дегенде, «Алдар көсені» көзім шалды. Аты да жаман бұл мультикті інім жақтырмайтын боп шықты. Содан не керек, «Қазақша Шрек» деген атау жанарға жаздай көрінді. Жерден жеті қоян тапқандай қуандым. «Айтпасам сөздің атасы өле ме» деп тұрмын, әлгі бәтшағар Шрегіміз қазақшаға төгіліп тұр екен. Сөз саптасының өзі неге тұрады? Сөйлеу жанры қалың жұрттан ерекше екенін әп дегеннен-ақ аңғартты. Аузы толған бипыл сөз. Есегі онан өткен. Інім дән риза. Сасқанымнан мелшиген күйі тыңдап қалыппын. Мұндайда әп-сәтте есті жию да қиын болады екен. Видеоны тоқтатып кеп жібергенім сол еді, інімнен қайта сұраныс түсті. «Жоқ, болмайды»,-деп қатқылданған күйіммен орысша мультфильмдерге ығыстым. «Человек паук», «Черепашки нинздя», «Бэтмен». Жалпы орысшаға кәсіби аударылған дүниелер көп-ақ. Бірақ, несі керек, қарап қарық болмадық. «Көке, жалықтым»-ның сарынымен бірінен екіншісіне секірдік те отырдық. Бүйтетін де жөніміз бар еді. Інім орысша түсінбейді екен.

Келесі күн

Таң атқаннан інім компьютерге қайта қонды. Бұл жолы ештеңе жасырмады.
«Ойын қосып берші?»-деді.
«Менде ешқандай ойын жоқ. Тек жұмысқа бола қолданамын»,-деп бәйек болдым. Расымен де ойындарға деген аса қызығушылығым жоқ еді. Біздің тәрбие солай болды. Ал, бұл ұрпақ бізден өзгеше.
«Интернетте көп қой. Көшіріп алайық? Менің досым сөйтеді»,-демесі бар ма? Мен қасарысып қарсылық білдірдім.
«Жоқ, інім болмайды! Кел, одан да қағаздан кеме, құрбақа, тауық, сандық, ұшақ жасайық?»-деген жалынышты күйге түстім.
Ол мұрнын шүйірді. Бәлкім, қызығушылығы оянып қалар деп құрап та көрсеттім. Ол пысқырмады да. Мен шаршауға айналдым. Баланың көңілін табу, оған тәрбие беру қаншалықты қиын екенін сезіндім. Содан ол мультфильм көретінін айтты. Маған кедергі болмауын, тек өзі көргісі келетінін және ескертті. Жағаласпауға тырыстым.

Он минуттан соң

Менің көзімді ала бере інішегім кешегі «Боқтампаз Шректі» тауып алып, қарап отыр екен. Жүзінде күлкі. Мұндайда қалай ашуға мінбессің? Біраз кейіс білдірдім. Артынша көңілін аулап, «Асық ойнайсың ба? Ләңгі ше?»-деп ем, ол келіспеді. «Менде қайдан асық болсын?» Оның осылай жауап қататынын іштей біліп тұрмын.
«Жалпы сендер асық ойнайсыңдар ма?»-деген ем, ол:
«Жоқ. Досымда бар»-деді.
«Ол ойнайды ма?»
«Жоқ, тек жинайды».
«Ееее... Ол шырақ қайдан ойнасын? Кіммен ойнасын?

Біздің балалық шақ

Біздің ауыл құмды. Барқандар. Үлкен төбелер. Онда жабайы сәбіз, жуа, гарагани бәрі өседі. Үйден жемегенді сол даладан қазып жейтінбіз. Тапа-тал түсте «охотаға» кеттік деп, қолға рогатка, ұзын таяқ алып, дала кезіп кетеміз. Жалаң аяқ, жалаң бас. Табан жарық, сирақ күс, бет қаспақ. Біреу қинап далаға айдағандай.
Анамыз ұйқыға кеткенде, біз каналға кететінбіз. Шомыламыз. Асық ойнаймыз. Ләңгі тебеміз. «Айкол-сайкол» (таяқпен ойналатын ойын), «джами» (доппен ойналатын ойын), керек десеңіз, қыздардың «петкасын» (өзге өлкелерде «мап» деп аталуы да мүмкін), белге айналдыратын сақиналарын, «скакалкасын» да бір қалыспай ойнайтынбыз. Спорт емей немене?
Кеш батса қоқысқа тастаған ескі киім кешектерді өртеп, арасына картоп пісіріп жейтінбіз. Үйдің таза тамағынан сол қоқысқа оралып піскен күйе картоп дәмді болғаны ғой. Сонда деймін-ау, қазіргі балалар сияқты ауырып қалмайтынбыз. «Бактерия», «инфекция» дегендерді термин деп те білмейтінбіз.
Көшеде екіге бөлініп, «Әнші балапан» ұйымдастыратынбыз. Кәдімгідей сценарийі болатын сайысымыздың. Ән айтатынбыз, би билейтінбіз. Арамызда үлкендері қазылықта отырып, баға беретін. Қолдан қылыш, қалқан, найза жасап семсерлесетінбіз. Күресетінбіз. Кешқұрым салқынмен футбол ойнайтынбыз.
Армандарымыз асқақ емес-тін. Өскенде «Камаз» айдаймын, трактормен топырақ тиеймін деуші едік. Көршілердің үйіне көмір төксе, бетіміз күйе-күйе боп соны қызықтап тұра беретінбіз. Сөйтетінбіз.
Аңғал едік. Есейгенше әкеміздің аузынан түсіп қалдық дейтінбіз. Жалпы нұсқалар көп болатын. Бала болғасын сұрағыштайсың ғой. Бұл үйге қалай жиналдық деп. Солардың ішінде ерекшесі «мені қыстың күні шанадан тауып алған» нұсқа болады. Осы версия көңілге қонымды болған соң сұрақтың жауабын тауып, әрі қарай қозғамадық қой, несі керек.

Қазіргі бала

Арада бір ғана ұрпақ ауысты. Ұрпақпен заманның ырғағы да ауысты. Сонда мұның бәріне кінәлі кім? Дұрысы «не?» деген сұрақ болар. Асықты да, ләңгіні де, футболды да ойнатпайтын тек компьютер деп бар кінәні соған аудара салғанымыз жөн бе? «Не?» деген сұрақтан енді «кім?» дегенге көшейік. Мұқият оқыңыз!
Тағы бір жиен інім бар. Өзі әлі балабақшаға барады. Тым мазасыз. Әкесінің ізінен қалмай велосипед алып беруін өтінді. Дегеніне жетті де. Біраз уақыт көлігін тепті. Бірақ... Әкесі: «әркез баланың ізінен еріп жүре алмаймын. Менің қарауымсыз қалғанда, көліктің астына түсіп қалар» деген желеумен компьютер сатып әперді. Енді міне, бала көшеге шықпайтын болды. Компьютерлік ойын ол үшін ата-анасынан да артық. Ал ата-анасына баланың үйде отырғаны артық. Киімі таза, ештеңеге ұрынбайды. Бұл әзірге. Кейін ше? Кейін не болмақ?
Қазіргі бала көршісін де танудан қалып барады. Оларда ең болмаса біз тәрізді «Камаз айдайын» деген де арман жоқ. Есесіне олар өздерінің қайдан пайда болғанын біледі. Қарай гөр. Мәнерлеп айтып та береді. Өйткені интернет толы анайы бейнероликтер. Аш та, көре бер. Мархабат! Балаға да, шағаға да орын бар мұнда.
Біздің кезімізде қазақша мультфильмдер жоқтың қасы болатын. Орысша мультиктердің өзін теледидардан бірен-саран ғана беретін. Соның өзін әлдеқандай қараушы ек. Осылайша орыстанып кетпесек те, орысша ұғып өстік. Қазіргі балалардың орыс тілін білмегенін қуанышқа балауға болмайды. Егер ағылшын тілін білген болса, әңгіме басқа. Ана тілін біліп қана қою жаңа қазаққа аздық етеді.

Олар кім болады?

Жастайынан компьютер жастанып өскен ұрпақ біздің елде әлі есейген жоқ. «Дэнди» мен «Сегаға» ілініп кете жаздаған бізді ата-анамыз үнемі қайырып отыратын. Оның өзіндік себебі де болды. Өйткені, ол аппараттар теледидарды бұзатын еді.
Қазір бәрі өзгеше. Етегіне баласын оралтқысы келмейтін әке баласына компьютер сатып алса болғаны. «Құда да, құдағи да тыныш». Ортақтасатын, әрі күйіп кететін теледидарлары ортақ емес.
Бұл ұрпақ ертең өседі. Есептен, спорттан, тарихтан, кітаптан хабары жоқ болып. Одан артығын күтпеңіз! Сол кезде сан соғып қалмалық! Араб елдерінің жастары жұмыс істемей, үйде жататын көрінеді. Барша жұмысты атқарушы шетелдіктер. Біздің ән олардың әніне ұқсамай кете ме деп қорқам. Елімізді шетелдіктер басқарып, дымға жарамсыз біздің ойынқұмар ұрпағымыз соларға қызмет етіп кетпесін!

ЖАҚСЫ

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


06/06/2017 10:34

«Жоғалған» балалық
0 46250 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика