THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Көкпардың көркі қашып тұр
Авторы: Лашкер палуанның ұлы Әл-Қайдар, Қазығұрт ауданы
07/06/2017 11:44 0 45489 0
Көкпар отаны саналатын Оңтүстік өңірінде көкпар мерзімінің басталғанына да біршама уақыт өтті. Жылдағыдай аттыдан жаяуы көп көкпарлардың бес алтауының да куәсі болдық. Бұрынғы жылдары күздің алғашқы күндерінен-ақ көктемге дейінгі Көкпар тойларының хабары көпшіліккке мәлім болып қалатын. Ал, биыл алғашында қатарынан өткізілген 5-6 көкпардан соң ентік басылғандай. Қарап тұрсақ, совет өкіметі тұсында Көкпарға тиым салғанына қарамастан көкпарды мейлінше, барынша дамыта білген екен. Оған сол жылдардағы салымның азды көптігіне қарамай, сырнай-кернейлетіп, екі күн бойы тартысатын той көкпарлары куә. Ол кездері той көкпар беру әр қазақтың арманы еді.
Ал, бүгінгі көкпар тартысқа қарап тұрып, қарның ашады. Додаға тасталған серкені екеуара бірігіп, ат айналдыру арқылы көтере бастады. «Көкпарды екеулеп көтергенді қай Ата-бабаңнан көрдің, босат аттың шылауын, байлама бағын тұлпардың» – деп жігіттің жігерін жанып, намысын оятар ешкім жоқ.
Әріден айтпағанда, кеше ғана көкпар тартқан аға-көкелеріміздің өзі 90 келілік тананы ат айналдырусыз, біреудің көмегінсіз, арқан-жіпсіз, тұзақ-тағасыз көтеріп шаппап па еді?! Олар қазір де арамызда жүр.
Біз өзімізді ат айналдыру арқылы көкпармен жекепе-жек шығып жүрміз деп айта аламыз ба? Жоқ, әрине! Мұндай жағдай №1-ші әділетсіздік болып есептелінеді. Бұл – көкпарға төнген үлкен қауіп. Ат айналдыру мен байлап шабудың кеңінен етек алып кеткені соншалық, ауыл арасындағы кішігірім бата (өлмес) көкпарлардың өзінде салмағы 20 келілік көкпарды ат айналдыру арқылы көтеріп, 200 теңге үшін Көкпар байлап шабатындар саны көбейді. жасөспірім көкпаршылар ерге қонбас бұрын, ердің қасына жіп байлап алуды шығарды. Көкпарды дүние табу көзіне айналдыру - ұлттық құндылығымыздың қадір-қасиетін төмендеуде. Айта берсек қазіргі көкпардың өкпесі ақын Сейдахмет жырлаған көкбөрінің өкпесінен асып түспесе, кем түсіп жатқан жоқ. Бабаларымыз көкпардың қадір-қасиетін біліп, «көкпар әкелініп тастаған үйден бәле-батар аулақ жүреді», «көкпардың еті мың түрлі ауруға ем», «алақұйын додадан әрең шыққан арғымақ аттың ашшы тері көкпарға тамады», «көкпар тартқан әр атпал азаматтың алақан табы көкпарға сіңеді» дей келе ұл тапқысы келген әйелге ырымдап, көкпардың етін жегізген. Соңғы 5-6 жыл көлемінде осынау Қазақ ырымы іске асып жүр ме, әлде істен шығып қалды ма? Оны көкпарсүйер көпшілік өзі таразылай жатар.
Соңғы жылдары көкпар додасына еніп кеткен жат қылықтар көкпардың ежелгі ережесіне қиянат жасауда. Олар: өркөкіректік, тойбасшыларды тыңдамау, ат айналдыру, жіп, тұзақ, таға секілді пәлелермен көкпарды байлап шабу, көкпарды аш белден ердің қасына орау, тартқанды ұру. Бұлар көкпаршыға тән қасиет емес. Әсіресе, серкенің енегін жұлып алып, оның орнына қап-қап тұз тығу көкпар салмағын шамадан тыс ауырлатып, ат айналдыру мен көкпарды байлап шабуға әкеліп отыр. Үлкен салымның серкесі де ауыр болуы керек деген қағиданы қоюымыз керек. Енегі жоқ текені тартып, ертең ұрпағымыз ұрғашы ешкіні тартып жүрмесін. Осы аталған пәлекеттердің Көкпарға енгеніне 10-15 жылдай уақыт болды. Бұдан көкпар дамыса дамып кетер еді. Көкпардың қандай дәрежеге жеткенін уақыт өзі көрсетіп отыр. Ендеше, бұл пәлекеттерді Көкпардан аластатар кез жетті.
Көкпардағы көтензорлық, өркөкіректік, тартқанды ұру, тұзақ, таға деген пәлелерді біреудің тақымындағы көкпарға салу, момынға тисе жабылып, мықтыға тисе таласа-тармаса шылауынан алып, ала жөнелу осының бәрі тартысы жоқ, қошеметі көп, барды-келді салымдар көкпар көркін төмендетуде. Көкпар көкпар емес, спектаклге айналуда. Әсіресе, мұндай жайттардан соң, көкпар көркін қыздырушы, қарапайым халық көкпарға беттей алмауда. Сөйтіп, халық көкпар беруін де тоқтатты. Ел ішіндегі көкпар тойларының мүлдем азайып кетуі осының дәлелі. Қазіргі көкпарда аттыдан жаяудың көп болуы да соның айғағы.
Жігіт басымызбен көкпарды байлап шабуды доғармасақ, ат үстінде отырып бетінен сүйіп амандасуды, сүйісіп бір-бірімізге жағымпаздануды қоймасақ, тағы басқа ұсақ-түйектерге бара берсек, әйелдің де көкпарға араласып кетуі әбден мүмкін. Олар онсызда көкпар беру арқылы көкпардың жиегінде тұр. Ата-бабамыздың әйелді көкпарға жолатпау ырымын ұмытпайық!
Көкпарды дүние шашу, пайда табу көзіне айналдырудан, Көкпарды ауыл арасының қызығына қылғаннан ештеңе ұтпаймыз, ағайын!
Abai.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ