КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Қазақтың ақсүйек атанған бір бөлігі – төрелер өздерінің арғы атасы хан Шыңғыс екенін ешқашан да ұмытқан емес. Әуелі оны өздеріне Алланың бізге сыйлаған асқан сыйы-мәртебесі деп санайды. Осыған орай Шыңғыс ханның ұрпағы туралы әлемдік шежіре дайындалмақшы. Жалпы шежіре жазу Шыңғыс хан заманынан басталғаны белгілі. Қазақ халқының жазбаша шежіресі ерте кезден дамымаса да, ауызша шежіресі есте жоқ ескі заманнан басталған. Бұл өзі аңыз, таңба, таным арқылы елдің есінде сақталып, атадан – балаға, ауыздан-ауызға тарап, елдің жадында сақталған, ұлтымыздың ескірмес асыл мұраларының бірі екені сөзсіз.
    Жетпіс жылдан артық үстемдік құрған кеңестік тоталитарлық жүйе жеті атаны ұмыттырып, ата-баба, ата-ана арқылы қанмен, сүтпен келетін ғажайып құдіретті қасиеттерді жоққа шығарып, туған-тұрған ортасын өзгертіп белгілі бір мақсатқа бағытталған тәлім-тәрбие беру арқылы қатардағы адамдардан асқан талантты адам жасаймыз деген жалған ұранмен дамыды емес пе? Сол жалған ұран сол жүйенің түбіне жетіп тынды ғой.
    Қазақ халқы тұқым қуалау заңдарын зерттейтін генетика ғылымын игермей тұрып-ақ ұлын үйлендіріп, қызын ұзатар тұста, құдалар жақта ел құрметтейтін атақты азаматтар болған ба, болмаған ба, алдымен соған назар аударған.
    Мысалы, қазақ халқы мал шаруашылығында да жақсы аталық пен аналық малдардан жақсы тұқым алуға тырысады ғой. Ал адам баласына келсек, бұл қағиданы мүлдем жоққа шығарып барлық адам бірдей, тегі де бірдей, өзара ешбір артықшылығы жоқ, тек тәрбиелесек, оқытсақ болғаны қатардағы адамнан талантты адам жасаймыз деп келдік. Адам баласының тегіне таптық көзқараспен қарау сияқты ішмерез теория қарқынды түрде іске асып жатты.
    Қазақ халқы тәуелсіздік алғаннан кейін шежіреге ерекше назар аудара бастады, өзіміздің кім екенімізді, қайдан келдік, қайда барамыз деген философиялық мәселелерге барлау жасап, етек-жеңімізді жиып, барымызды бағалап, жоғымызға іздеу салу мақсатында әртүрлі үлкенді-кішілі шежірелер шығып жатыр. Ол дұрыс та шығар.
    Солар сияқты жазылып жатқан Шыңғыс хан ұрпақтарының әлемдік шежіресінің бір тарауы Қазақ халқының ұлы ханы - біздің бабамыз Абылайдың Жетісу аймағына келген ұлдарына, солардың кейінгі ұрпақтарына арналған.
    Реті келген соң айта кетелік, Абылай ханның 12 әйелінен артында 30 ұл, 40 қыз қалған. Қазіргі Абылай әулеті, төре тұқымдары солардың ұрпақтары. Осы әулет кейіннен Есенгелдіні, Саржанды, Кенесарыны, Шоқанды, Тезек Төрені, Сыздықты, Ермахан Бекмаханов сұлтандарды және біздің замандасымыз Шот-Аман Уәлиханов сұлтанды берген әулет.
    Дейтұрғанмен, Абылай ханның ең үлкен мұрагері, өшпес әулеті – артындағы қазақ деген жұрты. Қазақ Ордасы аталатын ежелгі мемлекетін Қазақстан Республикасы деген есіммен қайта құрған, алда қандай қиындықтар тұрса да елінің санасын сақтайтын өжет, ержүрек ұрпақ өсіріп, ата қонысына берік қоныстанып өркен жайғаны сөзсіз. Сол халықтың арқасында Абылай салған Ақ жол, Абылай үлгісі бүгінгі күнге ұласып жатыр.
Абылай ханның ұрпақтарының тағдыры өзінің қазақ деген халқы сияқты қай кезде болса да оңай болмағаны анық. Егер қазақ халқын мызғымас Шың(пирамида) деп санасақ, сол Шыңның үш қыры (жүзі) қазақтың үш жүзі болса, ұлы хандардың ұлысы Шыңғыс ханның қазақ бұтағы – төрелер үш жүзге ортақ саналады. Сондықтан да орыс халқы Қазан төңкерісінен кейін Романовтар тұқымын түгел қырып, қуып тастағанда қазақ халқы хан тұқымдарын, өздерінің төрелерін өз руларына қосып, жасырып сақтап қалғанын қалай ұмытпақпыз, ағайын...
    Қазақ елінде «Сұлтан» лауазымы басында тек Шыңғыс ханның ұрпақтарына берілген. Тәуке ханның тұсында қабылданған «Жеті жарғы» заңдар жинағы Сұлтан дәрежесін заңдастырып берді. Сонымен қазіргі төрелер өздерін «Сұлтан» деп атауына толық негіз бар.
Қазақ халқының аса ірі жазушысы Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» деген кітабында, «...ежелгі түріктің қият руынан шыққан Шыңғыс хан ұрпағы Қазақ Ордасында Ақсүйек, яғни айрықша текті әулет деп саналған. Бұл әулеттің қазақы тілде атауы – төре...» деп көрсеткен. («Қазақстан», 1995, 190 бет).
    ...Хан Абылай ұрпақтарының Жетісуға келуі біздің аталарымыздың айтуы бойынша былай баяндалады.Ұлы жүздің ел жақсылары Абылай ханға барып қолқа салып, «Жер төбесіз, Ел төресіз болмайды, ескі салт бойынша бір балаңызды бізге беріңіз, өзіміз апарып, тәрбиелеп, ел басқартайық» деп қолқа салыпты. Сонда Абылай хан аулындағы ойнап жүрген балаларын жинап, хан ордасына шақырып, былай деп құзірет айтқан екен: «Мына төрде отырған ақсақалдар Ұлы жүз жұртының игі жақсылары, сендердің біреуіңді сұрап келіп отыр. Ел басқарсын деп. Қайсың барасыңдар, баратының осында қал да, бармайтындарың шыға беріңдер» деген екен. Сонда біздің бабамыз 13 жасар Әділ тізерлеп отырып қалған екен. Міне, біз сол Әділдің ұрпақтарымыз.
    Хан Абылайдың әулеті шежіресінде Әділ сұлтанның үрім-бұтағының алатын орны бөлек. Хан Абылай баласы Әділді Қытай императорына аманат етіп жіберген. Қытайдан қайтып келген соң, Ұлы жүздің хан дәрежесіндегі сұлтаны болған. Әділ сұлтанның Қытай мемлекетімен қарым-қатынасы жақсы болғаны анық. Қытай тарапынан «уан» (ван) атағын алған. Қазір Қытайда да бірнеше әйелдері болып, біраз балалары болыпты деген сөздерді де естіп жүрміз. Солардың ұрпақтары, өздерінің айтуларынша, қазір де бар екені анықталып отыр. Содан кейін Әділ сұлтаннан басқа тағы да Абылай ханның 5 ұлы Жетісу-Түркістан өңіріне ел басқаруға жіберілгендері туралы деректер бар.
    ...Менің атам Қалибай Нұғыманның әкесі өлер алдында «...кеңес өкіметі төрімізді алғанымен төрелігімізді ала алмады, әйтеуір ұрпақ сақталып қалды. Егер жер бетінде қазақ деген ел бар болса, Абылай бабаларыңның аты ұмытылмас»- деген еді, шүкіршілік етейік, айтқаны келді.
2011 жылы 24 маусымда Алматы қаласындағы «Береке» мейрамханасында жалпы қазақ төрелері жиылып Абылай ханның 300 жылдығына арналған көптеген адамдардың қатысуымен «Ас» берілді. Сонда байқағанымыз, жалпы ақымақ төрелер жоқ екен, бірақ көбісі кедей, әлі бойларынан үрей кетпеген. Жалпы алғанда төрелер билікте жоқ, биліктен шеттетілген, шектелген. Бұл түсініксіз жағдай?..
Сараптан қарасақ, Абылай ханға дейін де, Абылай ханнан кейін де Шыңғыс хан ұрпағы, оның ішіндегі қазақтың бір бұтағы болып саналатын төрелер өз елінің ауыз бірлігі, ар-намысы, тәуелсіздігі жолында жан-тәнімен қызмет етуді мақсат-мүдде етіп, осы үшін жанын да құрбан етуге дайын болуы сол еліне деген шексіз махаббатының нышаны емес пе. Бұған дәлел ретінде Әлихан Бөкейхановтың: «Хан баласында қазақтың хақы бар, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» немесе ату жазасына кесіліп тұрған кезде: «Мен кеңес өкіметін ешқашан да ұнатқан емеспін, бірақ мойындауға мәжбүрмін»,- деп мәлімдеуінің өзі неге тұрады!?
    Жалпы, Әбілқайыр, Сәмеке, Әбілмәмбет пен Абылай хандардан тараған текті ұрпақтардың аты аңызға айналған жақсылары болған, баршылық, әлі де бола бермек. Олардың қазақ халқының ауыз бірлігі, ар-намысы, тәуелсіздігі үшін, қазақ деген ержүрек, достыққа адал, бауырмал, өте сенгіш, қонақжай халыққа қызмет етуді өзінің басты міндеті деп білетіндерін еш дәлелдеудің қажеті жоқ. Оған тарихтың өзі куә!
    Бізде біраз уақыттан бері Хан көтеру мәселесі анда-санда ақпарат құралдарында көтеріліп келе жатқаны белгілі. Осыған орай тарихқа көз салсақ, Ресейде Романовтар тұқымының соңғы билеушісі Николай II 1917 жылы ресми түрде тақтан бас тартқан.
    Ал қазақ хандарына келетін болсақ, тарихта бірде-бір хан – Шыңғыс тұқымы тақтан бас тартпаған екен. Тақты олардан тартып алған немесе отаршыл мемлекет күшпен жойған. Олай болса, тақ рухы Шыңғыс ханның ұрпағында қалды деп түсіну керек.
Осы тұста бір ескертетін жай, ғұлама тарихшы Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағында» Ұлы хандардың ұлысы - Шыңғыс ханның жеті атасының тізбегі берілген. Ол былай таратылады: Буданжар хан - Датум Мөнен – Қайду хан – Байсұңқар –Түмене хан – Қабыл хан - Бартан Баһадур     - Исугей (Есугей) Баһадур – Шыңғыс хан.
Ал Шыңғыс ханның қазақ бұтағы әкесінің даңқына даңқ қосқан, аты әлемге әйгілі қолбасшы, жаужүрек баһадур Жошы ханнан басталады ғой. Соның бір бұтағы Шыңғыс хан – Жошы хан – Тоқай Темір – Өз Темір – Қожа – Бадағұл Оғлан – Орыс хан – Құйыршақ хан – Барақ хан – Әз Жәнібек хан (Абу-Саид) – Жәдік – Шығай хан – Есім хан – Салқам Жәңгір – Уәли хан – ҚаҺарлы (Қанішер) Абылай хан – Көркем Уәли хан – Абылай хан.
    Дүние жүзінде дәл осындай тегі бар бірде-бір ұрпақ кездеспейді. Бұны келтіріп отырғаным үлкен бір мақтаныш үшін емес. Осыдан бір үлкен сұрақ туындайды. Ол Шыңғыс ханның ұрпағымыз, деп жүрген біздерге – төрелерге, осы жоғарыда келтірілген ұлылардың ұрпағы болу «Сор ма, әлде бақ па?» - деген сауал. Менімше, оның бақ болуы мүмкін, егер біздер, сол ұлылардың рухына лайық немесе лайықтау болсақ, онда сөз бөлек. Ал біздер солардың рухына мүлдем лайық болмасақ, сордың нағыз өзі емес пе? Біздер – төрелер осының бағасын біліңкіремей, мән бермей жүрміз-ау деп ойлаймын. Осы сауалға сіздер мен біздер Шыңғыс ханның қазіргі ұрпактары – Төрелер, қандай жауап бере аламыз?.. Ойланайықшы, ағайын!.. Осыншама неге арамыз суып кетті? Біз ұлы хандардың ұлысы Шыңғыс ханның ұрпағы емеспіз бе? Осыны түзетуге бола ма, ағайындар? Біздерге төрелердің қандай болатынын ешкім үйреткен жоқ, сондықтан алдымен өзіміз төре болуды үйренейік, содан кейін ұрпақтарымыз жас сұлтандарға төре болуды үйретейік. «Төреде де бауыр бар...» деген мақалдың сыналар тұсы осы.
    Сөз соңында айтарымыз, қазіргі кезде жер шарында ұлы хандардың ұлысы Шыңғыс ханның 24-30-шы ұрпақтары өмір сүріп жатыр. Мынандай нәрсені еске салсақ артық болмас. Мына менің жас кезімде қалған ес-санамда, бұрынырақтағы біздің төре азаматтары шетінен өр, әрі ер мінезді, сері-сымбатты, сегіз қырлы, бір сырлы азаматтар болғандықтары қалыпты. Мұның Шыңғыс бабамызға тікелей байланысты екені сөзсіз. Өйткені Ұлы аталық тізбектің ақ бастауы – даңқты бабамыздың өзі. Бұл мәселе генетика ғылымында сөзсіз дәлелденген. Дейтұрғанмен, өсе келе ес жиған соң « Ерте кездерде осы төрелердің шешелері кімдер болған деп ойлап», тарихқа көз жүгіртсек, олардың аналары қазақ халқының бай-бектері, батырларының, даналарының, билерінің қыздары екен. Бұл дегеніміз, сол кездегі төрелер өздерінің текқорын қазақ халқының ең асыл қасиеттерімен құнарландырып, нұрландырып, байытып отырған. Сондықтан да көптегенг төре ұрпақтарының табиғатында ҚАЗАҚ халқының ең жақсы қасиеттері жинақталып, көрініс тапқан деуге болады. Бірақ сол асыл қасиеттердің одан әрі бүршік жарып, ел игілігіне айналуы кешеуілдеп жатқандай және оған сұраныс та жоқ. Хан Шыңғыстың ұрпағы оянатын күн болғай деп тілеу тілеймін! Бір Алла, Жаратқан Ием жар болғай!

Шыңғысхан» журналы №2(3) 2012 жыл
abai.kz

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


07/06/2017 16:18

Ұлы баба ұрпағымыз
0 46921 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика