THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Тәрбие беру – жалпы адамзаттық іс
Авторы: Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы, ф.ғ.к. ҚАСЕНОВ Е.С.
14/06/2017 11:18 0 57117 2
Ұрпақ тәрбиесі – адамзат дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын бірден-бір айрықша құбылыс. Әрбір мемлекеттің дамуындағы өзгерістер мен жаңалықтар, адамзат мінез-құлқындағы кемшіліктер мен келеңсіздіктердің бәрі тегіс ұрпақ тәрбиесіне келіп тіреледі. Осы ретте ең алдымен ата-бабамыздан қалған ұлттық мәдениет, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіпті ұлттық музыка негізінде келешек ұрпақты тәрбиелеуміз қажет. Басқаша айтқанда, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып, ғасырлардан келе жатқан халқымыздың тәрбие беру жолы бүгінгі ұрпақ тәрбиелеу үдерісінде кеңінен орын алуы тиіс. Бұл – мемлекет келешегінің мызғымас кепілі.
Келешек тірегі бүгінгі жас ұрпақты жан-жақты, ақыл-парасаты мол, ізетті, кішіпейіл, мәдениетті азамат етіп тәрбиелеу – ата-ананың, мұғалімнің, мектептің, барша адам баласының қоғам алдындағы борышы. Осымен байланысты Қазақстан Республикасының этникалық мәдени білім тұжырымдамасында: «Тәрбиенің түп мақсаты – қоғамның нарықтық қарым-қатынасқа көшу кезінде саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын өмірге икемделген, білікті, жан-жақты мәдениетті жеке тұлғаны тәрбиелеу» – деп өнер мен мәдениетті дамытуға ерекше мән берілген. Себебі, тәрбие мәселесі алдыңғы кезекке қойылмайынша, мемлекет дамуы барынша тежелетіні анық.
«Ұлт мәдениетінен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажетіне пайдалы азамат шықпайды» (М.Шоқай). Сондықтан жаңа заман талаптары мен міндеттеріне жауап бере алатын рухани бай тұлғаны қалыптастыру мәселесі – бүгінгі таңдағы еңселі мемлекетіміз алдындағы өзекті мәселенің бірі. Демек, тәрбие беру – қоғамдық құбылыс, жалпыадамзаттық іс. Себебі, бүтін бір ұлт, тұтас мемлекеттің келешегі жас ұрпақ қолында. Ал бүгінгі таңдағы Шығыс пен Батыс, Еуропа мен Азия мәдениеттерінің өзара тоғысуы кезіндегі ұрпақ тәрбиесін оңтайлы жүргізу үшін қандай мақсат қойылуы, нендей міндеттер іске асырылуы қажет деген сауалдар туындауда. Біздің ойымызша, жас ұрпақты тәрбиелеудің мақсаты – ұлттың рухани және материалдық құндылықтарын бағалай білетін, ана тілінің қадірін арттырып, дамуына үлес қосатын жан-жақты білімді, дені сау, рухани дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы жоғары ұлтжанды азамат тәрбиелеу. Бұл мақсатты орындау үшін халқымыздың сан ғасырларғы ұрпақ тәрбиесіне қатысты тәжірибесіне сүйене отырып, мынадай міндеттерді жүзеге асыруымыз қажет:
- әлемдік және отандық мәдениеттің жетістіктерін тәрбие жоспарларына енгізу;
- ғылымның соны жетістіктері мен ұлттық құндылықтар негізінде жеке адамды тәрбиелеуге, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған қажетті жағдайлар туғызу;
- жастарға берілетін білім мен тәрбие берудің тиімді жолдарын нақтылы анықтау;
- ер бала мен қыз бала тәрбиесіне арналған тәрбие жоспарларын гендерлік ерекшеліктерге сәйкес құру;
- кез келген саладағы барлық буынға тәрбие беру ісін тек ана тілі негізінде жүргізу;
- тәрбиелік іс-әрекет мазмұнын ұлттық мүддеге сай құру;
- әрбір жүргізілетін тәрбиелік шараларды ұлттық мәдениетті насихаттайтын деңгейде ұйымдастыру. Міне, осы айтылған міндеттерді оңтайлы шешудің жолдарын қарастыру мен тиімді шешу арқылы әрбір тұлғаны жан-жақты білімді, саналы азамат етіп тәрбиелеуге болады. Бұл айтылғандар, яғни ұлттық тәрбие беруге қатысты міндеттерді жүзеге асыру арқылы бүкіл қазақ халқына тән ұлттық ерекшелік қалыптасады. Ұлттық тәрбиеміздің ерекшелігі – ұлттың әлеуметтік, экономикалық тұрмыс-тіршілігінің талабынан туындайды.
Жалпы «жастарға ұлттық тәрбие беру» деген ұғымды жастар бойында ізгі қасиеттерді ұлттық ерекшелікке сай қалыптастыру деп ұғынуымыз керек. Басқаша айтқанда, ұлттық тәрбие беру– халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, баланың қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын және соған сай мінез-құлқын қалыптастыру. Бұл орайда біз жас ұрпақтың іс-әрекеті, сезімі мен ойлау ерекшеліктері, оның өмір сүріп отырған қоғамдық тарихи жағдайларына тәуелді болатындығын міндетті түрде ескере отырып, әр баланың өзіне тән санасы, еркі, шығармашылық қарым-қабілетіне сай ұтымды әдіс-тәсілдерді қолданғанымыз жөн.
Қазіргі ел жастарының ұлттық сана сезімін, имандылық қадір-қасиетін қалыптастыруда қазақ ұлтының төл мәдениеті, салт-дәстүрлері, әдеті, әдеп-ғұрпы негізіндегі түрлі қосымша арнайы пәндерді, курстарды енгізу – жастарға ұлттық тәрбие берудің бірден-бір оңтайлы жолына айналар еді. Ал ол курстар мен арнайы пәндердің жоспарлары жоғарыда аталған міндеттерді көздей отырып құрылса, ұлттық тәрбие беру ісінің жолға қойылғаны дер едік. Шын мәнінде, жалпы кәсіби білім беретін пәндердің тәрбиелік мазмұнын күшейтумен қатар, тәлім-тәрбиені көздеген қосымша арнайы пәндер мен курстардың қолға алынуы жастардың білімге, ғылымға деген ықыласын арттырады, олардың ақыл-ой қабілетін, жеке бас қасиеттерін дамытады, оны қоғам талабына сай іске асыруға көмектеседі.
Тәрбие беру – үздіксіз жүргізілетін күрделі үдеріс. Мұнда балаға табиғаттан берілген тума қасиеттері, қоғамдағы саяси-әлеуметтік жағдай, іс-әрекет пен қарым-қатынас сияқты негізгі күштеріміздің өзара ұтымды байланысы және сәйкестігі саналы азаматтық көзқарастың қалыптасуына мүмкіндік береді. Сондықтан қоғам дамуының белгілі сатысында тәрбие беру қағидаларын анықтау да ең басты мәселенің бірі болып табылады. Бүгінгі күннің талабына сай берілетін ұлттық тәрбиенің мазмұнын қалайтын негізгі қағидалар қатарында мыналарды көрсетуге болады:
1.Ұлттық тәрбиенің мазмұны адамгершілік, имандылық, ізгілік, Отаншылдыққа негізделеді;
2. Ұлттық тәрбие – ұлттық мәдениетті қалыптастырудағы басты арна;
3. Халқымыздың педагогикалық құнды ой-пікірлері – ұлттық тәрбие жүйесінің тірегі;
4. Ұлттық тәрбие беру жүйесінің негізгі тіні – ана тілі;
5. «Отбасы (ата-ана) – балабақша – мектеп – мұғалім» сабақтастығы ұлттық тәрбие жүйесінің өзегі болып табылады. Бұл қағидаларды ұлттық тәрбие беруде үнемі басшылыққа алып отыруымыз қажет.
Жалпы ұлттық тәрбие жайында зерделеген пікірімізді жинақтай келе байқағанымызды сөз етсек: халқымыздың сан ғасырлық өмір елегінен өткен тәжірибесі ұлттық тәрбие беру ісіне мол үлес қосқанын байқатады. Сондықтан ана тіліміздің ерекшелігіне сүйене отырып, әртүрлі әдіс-тәсіл қолдану арқылы тәрбие мақсатына сай білім мен тәрбие беру басты борышымыз. Демек, тәрбие халқымыздың тұрмыс жағдайы дүниеге келтірген өнеге мектебі деуге болады.
Түйіндей айтсақ, жас ұрпақты тәрбиелеу ісі – жалпыадамзаттық іс. Сондықтан жүктің жеңілдігі жұмыла көтеруде екендігін ескеріп, бүгінгі жас ұрпаққа ұлттық мүддеге сай тәрбие беруде баршамыз біріге күш салғанымыз абзал. Әсіресе, ұлттық тәрбие мазмұнын ұлттық мүддеге сай құрып, жастарға ұлттық мәдениет пен өнер негізінде жан-жақты жүзеге асырсақ еңбегіміздің еш кетпегені.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ