THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
«Қазақбайский» деген не?
Авторы: Сәуле Әбілдаханқызының Facebook-тегі парақшасынан
22/06/2017 14:40 0 41091 0
Немесе Кәсібилікке ұмтылайықшы...
Әрқайсысымыздың қолымыздан бірдеңе келеді. Аздап білеміз, істей аламыз дегендей... Құдай тағала әрбір пендесіне өзін-өзі асырай алатын, бала-шағасын баға алатын дарын, қабілет, мүмкіндік, кәсіп береді екен...
Бірақ...
Біз осы неге кәсібилікке – профессионализмге ұмтылмаймыз?
Бір тірлік қолынан келіп, соны кәсіп еткен қазақтар көп, алайда, сол кәсібін алғаш үйреніп жүргенде қалай жасаса, 1 жылдан кейін де, 5 жылдан кейін де, 10 жылдан кейін де солай істеп жүре береді.
Мысалы, СТО-ға жүз бардық. Қазақ жігіттері істеп жүрген СТО-ға бір барсаң – міндетті түрде артынша 10 барасың, өйткені олар жөндеген болады – жөндемеген болып шығады... Керісінше, жөндемек түгілі, көлігіңнің "ауруын" асқындырып береді. Амал жоқ, орыстарға барасың – тап-тұйнақтай етіп жөндеп те береді, одан бөлек, майда-шүйделерін де қарап береді, жасай салатын жұмыс болса – ақша алмай-ақ жасап береді...
Немесе... Мысалы үй жөндеу жұмыстарына 2-3 қазақ жігітті жалдайсың, көңілде "беретін ақшаны өзгеге бергенше, өзіміздің қаракөздерге берейін..." деген ізгі ниет жатады. Олар да кәсіби деңгейі өспей қалған, аз-маз білетін сатыда қалып қойған болып шығады... Базардан бір-ақ рет барып арқалап келетін керек-жараққа сені 10 рет барғызады... Онысымен қоймай, жұмысы айларға, жылдарға созылады... Бір жасаған қателігін екі рет, үш рет... бес рет, он рет қайталап жүре береді, және, ең аяныштысы сол, өз қателіктерінен ұялып, кешірім сұрауды білмейді...
Кәсіби маманды шақырасың, олар көбінесе өзге ұлттан болып келеді – келеді, см-мм-іне дейін өлшеп, қандай материалдан қанша керек – түгел бір-ақ есептеп шығады, тарсылдатып, және еуростандартпен тап-тұйнақтай етіп жұмысыңды келісілген мерзімінде бітіріп береді...
Тағы бір мысал – таксиге отырасың. Орыс таксистердің көлігі тап-тұйнақтай болады, темекі тартпайды, тіпті, қатты тартқысы келіп бара жатса – пассажирден рұқсат сұрайды. Қазақ таксистке отырасың... – берісі, бар қыжылыңды ішіңде сақтап, үнсіз ақшасын төлеп түсіп кете барасың, арысы – "ұнамаса түсіп қал" деген сөз естисің де, "миллион таксидің біріне отырамын" дейсің де, түсіп қаласың...
Әншілермен, "жұлдыздармен" жұмыс істейтін кездер болады. "Суретіңіз керек, өзіңізде бар суреттерді алайық, жоқ болса, фотосессия жасайық..." дейсің. "Интернеттен ала салсай", "бар суретті сала салсай..." Құдды бір "ала салуға, сала салуға" біздің миымыз жетпей тұрғандай...
Мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады.
Бұл менің бір-екі рет көргеннен түйе салған ойым емес, ес білгелі көріп-білгендерімнен келген қорытындым...
Неге? Нанын жеп жүрген кәсібіне неге біздің қазақтың жігіттері тереңдеп бойлауды, жан-жақты меңгеріп, игеруді білмейді? Неге ұмтылмайды? Мүмкін, "қазақбайский" деген сөздің тууына осындайлар себепші шығар?
alashainasy.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ