КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Қазақ жылқысы туралы осы уақытқа дейін біраз дүниелер жарық көрді десек те, бұл тақырыпты кешенді түрде алып қарастырған, терең зерттеген бір де бір іргелі еңбек жарық көрмегені шындық. Осы тақырыпты көп жылдар бойы тұрақты зерттеп жүрген тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабайдың «Алматыкітап» баспасынан шыққан «Қазақ жылқысының тарихы» атты кітабы осы олқылықтың орнын толтырды десек қателеспейміз.
Бұл кітапта қазақ жылқысының тарихы кешенді түрде, тарихи даму барысында қарастырылып, кеңінен, терең зерттелген. Кітап жылқы малының қазақ мәдениетіндегі алар орнын, оның қазақтың этнографиялық тұрмысының әртүрлі салаларымен байланысын, жылқы тарихының әртүрлі аспектілерін жан-жақты ашып көрсететін «Қазақ жері – жылқының отаны», «Қазақтың байырғы жылқы тұқымдары», «Ер-тұрман», «Жылқыдан алынатын өнімдер», «Аттың бабы мен сыны», «Жылқы және халықтық мерекелер», «Жылқы және әскери іс», «Қазақтың әдеттік құқығындағы жылқының орны мен рөлі», «Жылқы және рухани әлем» сияқты аталатын бірнеше бөлімдерден тұрады.
    Өз еңбегінде автор археологиялық, этнографиялық материалдарды, көне жазбаша және ауызша деректемелерді, түрлі архив құжаттарының мәліметтерін өте мол пайдаланған. Қазақстанның ғана емес, Ресейдің, Өзбекстанның, Қытай Халық Республикасының, Моңғолияның мұрағаттарынан көптеген тың мәліметтер жинаған, этнографиялық ғылыми-зерттеу талаптарына сай жазба, құжаттық, ауызша деректермен қоса көптеген ақпарат берушілермен тікелей жұмыс істеген. Зерттеушінің Қытайға, Моңғолияға, Өзбекстанға, Түркіменстанға, Ресейге және Қазақстанның әр облыстарына арнайы сапарларында тікелей мәлімет алынған адамдар санының өзі 200-ден асады. Осы мәліметтерді автор сыни тұрғыдан талдап, електен өткізіп, жүйелеп, өзара салыстыра отырып, салмақты ой қорытады.
    Кітапта жылқының ең алғашқы рет Қазақстан жерінде қолға үйретілгені мақтанышпен баяндалып, оған энолит дәуіріне (б.д. дейінгі IV-III мыңжылдық) жататын Ботай қонысының материалдары арқылы көз жеткізіледі.
    Жылқының арғы тегі саналатын далалық жабайы жылқы тұқымының бірі, қазақ ауыз әдебиетінде айтылатын құлан төңірегіндегі пікірталас күні бүгінге толастамай келе жатқаны белгілі. А.Тоқтабай өз еңбегінде құлан туралы жазба және ауызша деректерді, қазақтардың өздерінен алынған мәліметтерді бір-бірімен салыстыра отырып, осы күні ғылымда Прежевальский жылқысы аталып жүрген жабайы жылқы түрі қазақтар айтып жүрген «керқұлан» («жылқы құлан») екенін дәлелдеп көрсетеді. Қазақтар өз жылқысының тұқымын азып кетуден сақтау үшін кейде керқұланмен будандастырып отырғанын, оларды аулап, етін жегенін, ал қазіргі құлан аталып жүрген жануарды қазақтар «есек құлан» деп атап жылқы тұқымына жатқызбайтынын жазады.
    Кітапта тарихи деректерді негізге ала отырып сақ-скифтердің, ғұндардың, түркі-қыпшақтардың жылқыларына, олардың ерекшеліктеріне, олардың әскери істе және тұрмыста қолданылуына талдау жасалады. Табынды жылқы шаруашылығын дамыту, жылқыны айғырмен үйірлеп өсіру әдісіне көшіру көшпенділердің жылқы өсіру ісіне енгізген маңызды жаңалығы екені, бұл әдістің жылқы шаруашылығын жаңа деңгейге көтергені туралы тың тұжырым айтылады.
    Бұл ғылыми еңбекте тиянақты қарастырылған мәселелердің бірі – қазақтың байырғы жылқы тұқымдары. Кітапта Қазақстанның әр аймақтарының, Алтай, Қытай, Моңғолия қазақтарының жылқы тұқымдары айтылып, олардың ерекшеліктері сипатталған. Қазақтың жекелеген руларының (шекті, адай, найман) жылқы тұқымдары туралы да сөз болады.
    Қазақ жылқыларының асыл тұқымдары туралы ғылыми-зерттеулер көп емес. А.Тоқтабайдың еңбегінде түркімен-араб жылқы тұқымдарын қазақ жерінің табиғи ерекшеліктеріне, далалық жағдайда өсіруге бейімдеп шығарған қазақ жылқысының асыл тұқымына – арғымақтарға және арғымақтар мен қазақы биелерді будандастырудан алынған асыл жылқы тұқымы – оңтүстіктегі «қарабайыр», батыстағы «қазанат» тұқымдарының ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінеді. Сондай-ақ, ғалым осы еңбегінде климаттың өзгеруіне төзімділігіне, ұзақ жолға шыдамдылығына байланысты қазақ жылқысы өткен ғасырларда орыс әскерінде көптеп қолданылғанын, орыстардың жылқы тұқымдарын қалыптастыруда қазақ жылқысы пайдаланылғанын нақты деректер келтіре отырып нанымды әңгімелейді.
    Бүгінге дейін жылқының түсі туралы ғылыми да, тұрмыстық та түсініктеріміз тек жылқының түстерін айыру мәселесімен шектеліп келді. А.Тоқтабай өз еңбегінде бұл мәселені де тереңдеп, кеңінен қарастырып, жылқы түсінің жылқының биологиясына, физиологиясына және психологиясына әсерін, қазақтарда жылқы түсінің ырымдық мәнін, түстерді таңдау ерекшеліктерін де зерттеген. Кейбір жылқы түсінің жылқының жасына қарай өзгеріп отыруы, жылқының төзімділігінің, мықтылығының, мінезінің оның түсіне байланысты екені айтылады. Жылқының түсінің бүгінге дейін зерттелмей жүрген бұл қырларының қарастырылуы соны ғылыми жаңалық деуге болады. Қазақтарда жылқы етін тамаққа, емге қолданғанда да оның түсінің ерекшелігі ескерілген, себебі, оның етінің дәмдік және емдік қасиеттері жылқының түсіне де байланысты. Көп жылдық тәжірибенің негізінде пайда болған қазақтардың бұл халықтық білімінің маңызы қазіргі заманда да өз құндылығын жойған жоқ. Автор өз еңбегінде тіліміздегі жылқы түсінің жасына, шығу тегіне және т.б. байланысты қалыптасқан 350-ге тарта халықтық атауларды келтіреді. Қазір әлемнің жылқытанушы ғалымдары қазақ тіліндегі жылқы түсіне байланысты сөздердің көптігіне ерекше таңғалады. XIX ғасырда испан, француз жазушылары роман – герман тілдеріндегі жылқы түсіне байланысты сөздерді жинап 60-қа жеткізіпті, орыс тілінде 20-дан астам. Автор өзінің ғылыми конференциялардағы баяндамаларында, шетелде шыққан мақалаларында бұл тұжырымын үнемі насихаттап, шетелдіктерді мойындатуға мәжбүр етіп жүр.
    Бұл еңбекте алғашқы рет қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі жылқышының әлеуметтік дәрежесінің, статусының қарастырылуы да тың ғылыми жаңалық десек қателеспейміз. Автор бұл кәсіптің қиындығы мен күрделілігіне байланысты және адамнан ерлікті, табандылықты, төзімділікті талап еткендіктен қазақ қоғамында жылқышының әлеуметтік беделі жоғары болғанын жазады. Бұл кәсіппен айналысқан адам ержүректілікке, ептілікке жаттықты, жолда аз ғана азықпен күн көріп, жердің ерекшелігін айырып, аттың бабын білуге үйренді, атта отыруды шебер меңгеруге, ат үстінде қару қолдануға, бұғалық тастауға машықтанды. Мұның бәрі жауынгер үшін де өте қажетті машықтар мен өнер болатын. Бұл жылқышылық кәсіптің әскери тәжірибе үшін де маңыздылығын көрсетеді.
    Кітапта қазақ қоғамындағы жылқышылықпен байланысты барымтаның маңызы, мәні де қарастырылған. Барымта өткен ғасырлардағы орыс жазба деректерінде айтылып жүргендей жылқы ұрлығы емес, даулы мәселе бойынша кесілген билер шешімі орындалмаған жағдайда жәбір көрген жақтың өз есесін, кегін қайтару жолы болғаны көрсетіледі. Сондықтан да барымтаға ел намысы үшін аты белгілі болған батырлар да қатысып отырды. Автор барымта туралы: бұл – қазақтың әдептік салты жолымен өз құқығын қорғау үшін жасалатын әрекет қана емес, батырлар институты үшін әскери тәжірибе жинаудың бір жолы да болған дейді.
    Қазақтың ат жабдықтары, ер-тұрман түрлері, ер қосу өнері туралы біршама жазылған еңбектер бар, бірақ олардың көпшілігі бір-бірін қайталаудан онша аспайды. А.Тоқтабайдың еңбегінде бұл тақырып та әрі қарай дамытылып, көшпелілердің ер-тұрманының шығу тарихымен бірге қарастырылып, қазақтың ат жабдықтарының аймақтық (Қазақстанның әр облыстарындағы, Шыңжаң, Баян-Өлгий қазақтарындағы), рулық ерекшеліктер мен айырмашылықтар зерттелген. Моңғолиядағы керей ершілерінде сақталған, ер жасауда ердің бөліктерінің ұзындықтарын анықтауда адамның дене мүшелерінің (елі, тұтам, қарыс, сүйем, шынтақ сияқты) өлшеміне негізделген халықтық өлшем жүйесінің қолданылуы туралы деректердің ғылыми айналысқа енгізілуі де өте маңызды жаңалық. Бұл – қазақтың өзіне тән, тұрмыстың бар саласында қолданылған, көнеден келе жатқан дәстүрлі өлшем жүйесі.
    Қазақ ерлерінің оннан аса түрі, ат жабдықтарының жүзге жуық атаулары мен терминдері қарастырылып, жүйе-жүйеге бөлініп түсіндірілген. Күнделікті ауызекі тілде айтылып жүрген «төрт тұрман», «бес тұрман» деген сөз тіркестерінің мәні фольклор деректері арқылы ашылған. Еуропа ғұндар арқылы қатты сүйекті ер-тұрманға, көне түріктер арқылы үзеңгіге қолы жетті деп сол елдердің өзінің тарихшылары мойындаған пікірлерін орынды келтірген.
    Алғашқы рет бұл кітапта өткен ғасырлардағы қазақтардың жылқы саудасы, Қазан төңкерісіне дейінгі қазақтардағы жылқы саны сияқты осы уақытқа дейін ескерілмей жүрген мәселелер зерттеліп, жылқы малынан алынатын өнімдер, олардың халық медицинасында қолданылуы туралы тың деректер мен соны тұжырымдар айтылады. Қазақтардың жылқыға байланысты әдет-ғұрыптары мен наным-сенімдері де толықтай қарастырылып, тиянақты зерттелген.
    Автор кітаптың әр бөлімінде халықтық атау-терминдерге де көп көңіл бөлгенін атап өту керек. Зерттеу барысында жинақталған, ер-тұрманға, жылқының түсіне, сынына, жылқының жүрістеріне, дене мүшелеріне, т.б. қатысты көптеген халықтық атаулар кітапта тізім түрінде де, олардың құрылымдық байланысын көрсететін сызба түрінде де берілген. Автордың бұл мол тілдік материалдарды ғылыми айналысқа енгізуі қазіргі замандағы тілдік қорымызды да байытып, қазақша ғылыми тілдің (әсіресе, жылқы шаруашылығына қатысты терминологияның) дамуына да әсер етері сөзсіз.
Автор грек, латын, қытай, парсы, орыс деректерін, археологиялық мағлұматтарды, т.б. салыстыра отырып, ежелгі Грекия мен Римнің, бүкіл Еуропаның, ортағасырлық Русьтің, көне Қытайдың жылқыны және жылқы мәдениетін Орталық Азия көшпенділерінен, оның ішінде қазақтың ата-бабаларынан алғанын дәлелдеп берген.
    Кітаптың соңында қорытынды тұжырымдармен бірге автор жылқы шаруашылығын өркендетуге, қазақтың байырғы жылқы тұқымдарын қайта қалпына келтіруге, жылқымен байланысты халықтық салт-дәстүрлерді жандандыруға қатысты көптеген пайдалы да сындарлы ұсыныстарын берген. Құзыретті мемлекеттік ұйымдар мен ел атқамінерлерінде, мүмкіндігі бар ынталы азаматтарда мұны оқитын көз, тыңдайтын құлақ болса дейік.
Әрине, рецензиялық мақаланың көлемінде аталған кітаптың барлық жақсы қырларын, тың жаңалықтарын сараптап жазып шығу мүмкін емес. Сондықтан сөзімізді түйіндейтін болсақ, А.Тоқтабайдың бұл еңбегі бүгінгі ғылыми сұранысты толық қанағаттандыратын, қазақ жылқысының тарихын жан-жақты қарастырып, тереңдеп зерттеген бірегей күрделі еңбек деп санаймыз. Тағы бір айта кететін жай, берілген мол деректік түрлі-түсті фотолар мен бейне материалдар, әр бөлімді көркемдеуге қолданылған суреттер кітаптың құндылығын арттыра түскен. Кітап жақсы полиграфиялық деңгейде де басылып шыққанын айту керек. Бұл еңбек осы тақырыпты зерттеуде жаңа бағыттарды анықтап, зерттеудің жоғары деңгейін де белгілеп берген. А.Тоқтабайдың бұл кітабының жарық көруі этнограф ғалымдарға, мал шаруашылығы мамандарына, мәдениеттанушы мамандарға, жалпы қазақ тарихы мен мәдениетін білуге ұмтылған көпшілік қауымға мол мағлұмат беріп, қазақ болмысы туралы тарихи танымымыздың көкжиегін кеңейте түседі демекпіз. Бұл басылым грек тарихшысы Ксенофонттың «Жылқы трактаты». Ассирияның «Киккули сыны», француз генералы Доманның «Араб жылқылары», Бахадур Фируз Абу-Алла-ханның «Фараснамэ» (жылқы туралы кітап), граф Врангельдің «Жылқылар», князь Урусовтың «Жылқы туралы кітап» деп аталатын әлемдік тарихнамадағы үздік зерттеулермен қатар тұратын және уақыт өткен сайын жиі басылып тұратын кітапқа айналары сөзсіз.
    Кітап жарыққа шыққан екі жыл мерзім ішінде оқырмандардан өзінің бағасын алды, жұртшылықтың іздеп жүріп сатып алатын басылымына, көптеген мерекелер мен тойларда ат-шапан орнына берілетін сыйға айналды, біраз шетел кітапханалары сатып алды. Осы жағдайды ескере отырып «Алматыкітап» баспасы кітапты орыс тіліне аударуды аяқтады, алда ағылшын, қытай тілдеріне аударып, ЭКСПО көрмесіне қоймақшы.
Сөз соңында айтарымыз, жылқы тарихынан туындайтын үш мәселені автор бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі насихаттап келеді. Біріншісі – әлемнің 30 елінде тек жылқыға, тағы 30-дан астам елінде жылқыға жанама түрде арналған музейлер бар екен. Жер шарындағы 250 тұқымнан тарайтын 65 млн. жылқының шыққан жері, тараған өлкесі қазақ даласы десек, елімізде неге жылқы музейі жоқ деп орынды сұрақ қояды ол. Көп музейлердің экспозициясымен таныса келе және өзінің зерттеулері бойынша «Қазақстан жылқының – отаны» деген ұлттық музейдің тұжырымдамасын жасады. Сол сияқты, орта ғасырларда Египеттің сұлтан сарайында қыпшақ-мамлюк жігіттерінен құралған «Жылқы театрын» егеменді елімізде жаңғыртатын кез туғанын айта келіп, 40-тан астам өзі жинаған қазақтың ат үсті ойындарын келтіре отырып, «Жылқы театрының» сценарийін жазды. Тағы да Қымызмұрындық (бие бау, бие мұрындық) мейрамын ұлттық-мемлекеттік дәрежеде тойлау – халықтың денсаулығын түзеп, рухын көтеретін шара болар еді деп ой тастайды. Өмір бойы бір тақырыппен айналысып, кең тынысты, кемел құлашты энциклопедиялық еңбек жазған ізденуші еңбегі жоғары бағалауға лайық деп білеміз.

Baq.kz

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


22/06/2017 15:03

Қазақтың қанаты
0 44631 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика