THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қ. Жұбановтың қазақ жазуы мен әліпбиіне қатысты көзқарастары
Авторы: Садуақас Нұрбол Абдуллаұлы
26/06/2017 11:19 0 54497 0
Адамзат мәдениеті тарихында алфавитпен жазудың маңызы ерекше. Жазу – адамдардың кеңістік пен уақытқа тәуелді болмай, әлеуметтік өмірдің барлық саласында кең түрде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін құрал. Ғалым Ә.Қайдаров айтқандай, әлеуметтік мәні зор құбылыс ретінде жазу- өткен мен бүгінгіні, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Еліміздің бүгінгі жеткен биігіне шығуы жолында жазу мәдениетіміздіңде өз үлесін қосқанын жоққа шығармаймыз. Себебі жазу – мәдениеттің ажырамас бір бөлшегі. Ал жазудың өзгертілуі сол халықтың мәдени өміріне, әлеуметтік психологиясына әсер етеді. Халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады. Бір жазудан екіншісіне көшу халықтың осы рухани байлықтан сусындауына қосымша қиындық келтіруі мүмкін. Сондықтан алфавитпен жазу мәселесіне әлеуметтік лингвистика тұрғысынан жете назар аударған жөн деп білеміз [1.510].
Қ.Жұбанов қазақ тіл білімінің сан саласынан іргелі-іргелі зерттеулер жаза отырып, сол тұстағы көкейтесті мәселелердің бірі болған қазақ жазуы мен әліпбиі бойынша белгілі фонетист ғалым ретінде құнды-құнды пікір айтып, ғылыми маңызы зор еңбектер жазған. Қ.Жұбановтың әліпби және жазу мәселесіне қатысты көзқарастарын оның «Әліппеміз бұқарашыл болсын», «Қазақ тілінің емлесін өзгерту жайлы», «Қосар ма, дара ма?», «К проекту реформы казахского алфавита»,«Проект казахского алфавита», «К пересмотру казахской орфографии», « К проекту реформы казахского алфавита», «Проект изменений орфографии и алфавита казахского языка», «Выступление К.К.Жубанова на научно-орфографической конференции в г. Қзыл-Орде» /2-4. 1929г./ т.б. мақалалары мен түрлі жиындарда сөйлеген сөздерінен байқауға болады. Ғалымның жазу, орфография жөніндегі теориялық зерттеулері негізінен қазақ әліпбиін жасау, бөгде тілдің графикасын қазақ тілінің ішкі ерекшелігіне бейімдеудің тиімді жолдарын іздестіру, жүйелі жазу емлесін құрастыру, оны жетілдіру, орфоэпия мен орфографияның өзіндік белгілеріне сай қазақ тілі дыбыстарының ерекшеліктерін көрсету, қазақ тіліне енген терминдердің жазылу заңдылықтарын бір жүйеге келтіру, қазақ орфографиясының жетекші принципін анықтау, т.б. бағыттарда болды. Дыбыстық тіл жазу арқылы таңбаланады десек, графиканың басты қағидаларының бірі - белгілі бір әріп бір ғана фонеманың таңбасы болуы керек. Сондықтан да Қ.Жұбанов қазақ орфографиясын ғылыми негізде құру үшін алфавит құрамына енуге тиісті әріптердің санын қазақ тіліндегі белгілі бір фонеманың іс жүзіндегі қажеттілігіне қарай белгілеуді мақсат еткен. Дыбыс жазуы дыбысталған сөздің сол қалпындағы көшірмесі емес, оның басты қызметі ой мен сезімді жеткізу болғандықтан, дыбыс жазуында фонетикалық қоршауға тәуелді, фонологиялық жүктемесі жоқ, небір дыбыс құбылыстары ескерілмейді. Қ.Жұбанов та фонологиялық жазудың ерекшелігі бойынша фонемалардың негізгі реңкі таңбаланады да, фонетикалық қоршауға тәуелді реңктері ескерілмейтінін басты нысана етіп ала отырып, дыбыстық қоршауға тәуелді кез-келген дыбыстық құбылысты жазуда таңбалай беру ультра-фонетик бағытқа бой ұру болатынын айтады. Ғалымның айтуынша, қазақ жазуы фонетикалық принципті ұстануы тиіс, себебі бұл принцип қазақ тілінің дыбыс жүйесіне сәйкес келеді дейді. Қ.Жұбанов бұл жерде фонологиялық принцип туралы айтқан, себебі ол кезде “фонология” термині қолданыста болмағанын және ғалымның сөз дыбысталуына жақын жазылуы керек деген сөзін ескеруіміз керек. Сөздің дұрыс жазылуы, айтылуы сол тілдің ішкі ерекшеліктерінен туындауы керектігін айта келіп: “Емле негізіне қожа сол тілдің жаратылыс заңы болуға керек. Тіліміздің жаратылысына қарасақ, емле дыбыс негізді болуға керек”, - деп түйін жасаған [1.498]. Ал қазақ орфографиясы мен терминологиясын қалыптастыруда өзіндік орны бар тұлға Е.Омаров қазақ жазуы алғашқы кезеңде фонетикалық принципке сүйенгенмен, кейін бірте-бірте морфологиялық принципке көшу керек деген көзқараста болған еді.
Қ.Жұбанов тіліміздің фонологиялық ерекшеліктерін дөп басып тани білген ғалым қазақ тілі дыбыстарын буын құрамында қарастырып, дауыстылардың таңбасы “буынның жуан-жіңішкелігін білдіретін қарақшы” деген дәлелді пікір айтады. Кезінде ұу, үу, ый, ій - қосынды дыбыстар екендігін көрсете отырып, оларды жазуда жалаң у, и әріптерімен таңбалау туралы айтқан ұсынысы жазу сауаттылығын жақсарту бағытындағы сол алғашқы ізденіс кезеңі үшін маңызы болғанын жоққа шығара алмаймыз. Себебі, латын графикасына негізделген алғашқы дауысты дыбыстар қазақ әліпбиінде 13 әріп (17 таңба) арқылы белгіленген болса, ғалым енді оны қазақ тілінің ішкі мүмкіншілігін ескере отырып, 7 әріппен таңбалауға болатындығын көрсетеді [1. 521]. Латын графикасын қабылдауда кеткен кемшіліктер мен олқылықтарды түзеу жөніндегі жұмыстарға Қ.Жұбанов белсене ат салысты. Қазіргі таңда латын графикасына көшудің маңыздылығы туралы мәселе көтеріліп жатырса, бұл жөнінде де ғалым есімі еріксіз ойға оралады.
Қ.Жұбанов емле жасау жөнінде өз ойларын былайша тұжырымдайды: “Қазақтың әдеби тілінде ұстап-тұтынылатын сөздердің бәрі де дұрыс жазылып, әрқайсының өзіне меншікті тұрақты таңбасы болуы керек те, сол тұрақты түрден айнып, басқаша жазылған жазудың бәрі де қате делінетін болуы керек. Бірақ ол үшін мына сөз “таза қазақша”, мынаның “тегі жат” деп, - сөз-сөздің тегін қосып жатудың қажеті жоқ: тегі қайдан шықса да бәрі бір, қазақ тіліне кірген сөздің бәрі де қазақтың өз сөзі делінуі керек”, - дейді [1.337]. Ол ереже жасауда негізгі есте болар жай, “емле жеңіл болу үшін ереженің санын да, ережеге көнбейтін одағай қалыптардың санын да құр тек “аз ету” шарт емес, қайта тілде бар, емлеге керекті қалыптардың бәрінің түгел тексеріліп, ереже болып қорытылып шығуы шарт”, - дейді [1. 340].
Басқа тілден енген сөздерді дұрыс жазу үшін олардың дыбысталу қалпын бұзбау қажет, яғни алфавитке сол тілдің дыбысын дәл жеткізе алатын таңба болуы керектігін айтып, халықаралық мәні бар сөздерді дұрыс таңбалау мақсатында қазақ әліпбиіне ф, х, һ әріптерін енгізу туралы да ұсыныс жасайды [1.510].
Қ.Жұбанов қазақ әліпбиіне и,у әріптерін ұсына отырып: «ұу, үу, ый, ій-лердің әрқайсысында екі-екіден дыбыс бар деушілердің екінші әрі бар күшті дәлелі-бұл қосар әріпті ерте кезде бір дауысты, бір дауыссыздан құралған екі дыбыс болған деседі. Мұнысы дұрыс: «су» сөзі бұрын бірде» «сұу», бірде «сұғ» түрінде болуы рас. Бірақ бұрын сондай болушылығының өзі осы күні сондай екендігінде, немесе, осы күні қосар таңбамен жазудың дұрыстығына дәлел бола ала ма?» деп, олардың бұрын қос дыбыс болғандығына келісе тұрып, қазіргі кезде қос әріппен таңбалауға қарсылық білдіреді. [1.345] Бұған дәлел ретінде кейінгі зерттеушілер пікірін алға тартады: “Қазақ тілінің грамматикасын ең жақсы тексерген профессор П.Мелиоранский де осы Радлов пікірінде болып, ұу, ій-лерді жалаң әріппен таңбалаған. Бұл дыбыстардың татар тіліндегісі мен қазақ тіліндегісінің ешбір айырмасы жоқ. Ал татар тіліндегісін эксперименталь түрде тексеріп келіп, Ғалымжан Шарап бұлардың жалаң дыбыс екенін ашты. Татар, түрік тілдерін эксперименталь фонетика жөнімен көп зерттеген оқымыс Богородикий “О корневом вокализме в турецком языке” деген еңбегінде ана Радлов пікірін қуаттап, бұларды жалаң дыбыс деп шығарды”,-деп, жалаң әріппен таңбалауды жақтайды. [1.347-348] Осындай танымал ғалымдар пікірлерінен кейін олардан басқаша ой қорытып, тұжырым жасауын Ә.Жүнісбеков зерттеуінің құндылығының бір қыры деп түсінеміз. Себебі Ә.Жүнісбеков бұл и,у әріптерінің әрқайсысы дауысты+дауыссыз қос дыбыстың таңбасы екендігін, қазақ тілінде дауысты и,у дыбыстары жоқтығын ғылыми тұрғыда дәлелдеді [2.11]. Қ.Жұбанов қазақ әліпбиін жасаудағы А.Байтұрсыновтың мұрасына да құрметпен қараған. “Алфавит құрудың математикалық формуласы” туралы Н.Ф.Яковлевтің еңбегі шын мәнінде А.Байтұрсыновтың қазақ әліпбиін жасауда қолданған амалы екендігін айтып, оны заңсыз иеленуді ғылыми плагиат деп ашық сынаған да Қ.Жұбанов болды [1.507]. Осы мәселеге байланысты сөзінде А.Мектептегі: “Құдайберген Жұбановтың ащы шындықты тіке айтуы ол кезең тұрғысынан жүрек жұтқандық, ерлік еді”, - деп бағалайды [3. 166]. Қ.Жұбанов әліпби және жазу мәселесін шешу бағытында өз тілімізбен қатар басқа тілдердің де тарихын зерделеп, салыстырып, салғастырып пікір айтады: “Қырғыз тіліндегі секілді ұзындық-қысқалық қазақ дыбыстарында жоқ” [1.346]. “Наши алтайские языки в древности, вероятно, не дифференцировались по признаку звонкости и глухости звуков, как уйгурской письменности, где п и б, а также к и г обозначаются одной и той же буквой. Это все нам показывает, что в сознании тогдашних тюрков, которые писали на этом алфавите, эти буквы не отличались так друг от друга. …Сейчас чувашский язык, например, не знает различие глухих и звонких. Глухие звуки в открытом слоге превращаются в звонкие, а в закрытом-глухие” [1.502]. “Наша письменность, можно сказать, имеет значительно древнюю историю. Еще в VІ-VІІ веках тюрки имели письменность” [1.499].
Ғалымның бұл пікірлерінің тек фонетикалық жағынан ғана емес, фонологиялық, салғастырмалы, салыстырмалы-тарихи тұрғыдан да құндылығын танимыз. Әлем лингвистикасына жүгінер болсақ, фонологиялық танымдар алфавит жасау проблемасымен астасып жатқанын байқауға болады. Бұған дәлел ретінде А.Байтұрсыновтың қазақ әліпбиі мен жазуы туралы ізденістерін айта аламыз. Демек, бұл бағыттағы А.Байтұрсыновтың ізденістерін Қ.Жұбанов жалғастырғаны, латын алфавитіне көшу, жаңа әліпби бойынша жазу заңдылықтарын жетілдіру мәселелері де тіліміздің фонологиялық табиғатына сай ізденісті қажет еткені аян.
Ғалым жазу, орфография мәселесін барлық уақытта да сингармонизммен байланыста қараған. Мәселен, латынға көшу кезінде араб жазулы қазақ алфавитінің жетістіктерінің бірі дәйекшіден бас тарту дұрыс еместігін, себебі қазақ тілінің табиғатында е, к, г дыбыстарынан басқасы жуан-жіңішке болып екі түрлі дыбысталатынын, сондықтан, оларды бір таңбамен белгілеу мүмкіндігінен айырылып қалатындықтарын айтты [1.504]. Араб әліпбиіне негізделген қазақ жазуындағы дәйекшінің артықшылығын Қ.Жұбанов өте жоғары бағалаған. Ол 1912-1930 жылдар аралығында 18 жылдай қазақ сөзі А.Байтұрсынов жасаған әліпби арқылы жазылғанын айтып, араб алфавитінің табиғатына тән кейбір ерекшелігі болмаса, бұл жазудың еш кемшілігі байқалмағанын, сондықтан одан бас тартып, латынға көшу мәселесі жоғары жақтың қысымы екендігін ескертеді [1. 506]. А.Байтұрсыновтың өзі де латынға көшуге қарсы болмаған. Ол араб графикасынан латын жазуының артық екендігіне анық көз жететін болса, онда латын графикасына деген қарсы ой болмайтындығын білдірген еді. Қ.Жұбанов жазу мәселесіндегі теориялық зерттеулерінде орфография мен орфоэпия мәселесінің ара жігін ашып, жазу емлесін жасау барысында, әсіресе, түбір мен қосымша арасындағы дыбыстардың айтылуы мен жазылуына сингармонизм заңдылығы тұрғысынан жете көңіл бөлген [1.208-213]. Әр тілдің өзіндік табиғаты, дыбыстар тіркесімі болуы заңды жағдай болып табылады. Соған орай әр тілдің өзіндік орфографиялық ережелері болуы шарт. Бұл заңдылық сақталмаған жағдайда тілге қиянат болады. Осы орайда, тіл заңдылығын терең түсіне білген Қ.Жұбанов: “Білек, тыраш,ыстаған (мес) сияқты қазақ сөздері, осылай, басқы ашық буында келте дауысты ы, і-лермен жазыла тұрып, пленум, трактор, стахановшы сияқты сөздер ы, і-лерсіз жазылатын болса, жеңіл соғар ма еді?”,-деп дыбыстарының тіркесу заңдылығы тіліміздің табиғатына сай емес орыс тіліндегі сөздерді көрсетіп, оларды жазудың тиімді жолын іздестіреді. [1.137]
Ғалым сауатты жазу үшін ана тіліндегі сөздермен қатар, басқа тілден енген сөздердің де тіліміздегі жазылу заңдылықтары туралы ереже шығару үшін әуелі әліппе мен емле мәселесін шешу керектегі туралы өз ойын төмендегіше білдіреді: “Халықаралық терминдердің емлесі де үзілді-кесілді шешілген жоқ. Орысша жазылуынша болсын деген жалпы бағытқа ешкімнің көріне дауы жоқ сияқты. Бірақ жалпы бағыт бар да, ереже бар. Бұл екеуі бір емес қой. Нағыз толық ереже беру мәселесі әліппе мен емлені түгел қарастырмай шешілмек емес”. [1.137] Қазақ жазуы үшін қандай принципті басшылыққа алу керек деген мәселені шешу бағытында Қ.Жұбанов тарихи жазбаларға да назар аударады. “У нас, например, лар пишется лар, лер, дар, дер, тар, тер. Вуйгурском алфавите лар писалось только через а, в чагатайской письменности -лр” –дей келіп, қазақ тілінің табиғатына сай жазу бағытын таңдау керектігін айтып:“Казахское лар имеет 4 начертания, мы не можем отказаться от них и перейти к (лр). Это затруднит обучение первоначальной грамматике, а в дальнейшем также самую грамотность” [1.348] деген тоқтамға келеді. Қазақ орфографиясын қалыптастыру бағытындағы Қ.Жұбановтың көзқарасын білу үшін өз сөздеріне назар аударып көрейік: “Әріп қатар екен деп дыбысы қосар бола бермей, дараланып қалып, жазу мен айтудың екеуі екі жаққа кеткенін көреміз (француз, ағылшын, армян әліппелері” [1.347]. “Біз емлені ермекке түземейміз, оңайласын деп түзетеміз” [1.348]. «Чтобы не писать безграмотно, начертание должно быть приблежено к произношению» [1.348]. “…Что такое казкхский язык данного периода и куда он идет в своем дальнейшем развитии. Выяснение этого вопроса было необходимо, так как орфография казахского языка данного периода должна была создаватся по образу и подобию языка именно этого периода” [1.516-517].
Қазақ терминологиясын жасау, қалыптастыру жұмыстарының алғашқы қиын кезеңінде Қ.Жұбанов терминдерді жазу мәселесіне ерекше мән берді. Ол психологияны - жан жүйесі, геометрияны - пішіндеме деп жазуды сынап, бұлардың бәрі термин емес, тек терминнің лексикалық мағынасын қазақшалау екендігін, бірақ сол аудармалардың өзі термин мағынасын жеткізіп бере алмайтынын ескертті [1.524]. Ғалым қазақ орфографиясын жетілдірудегі негізгі талап - қалың көпшілікке түсінікті, игеруге жеңіл болуы деп көрсетті. Орфографияны жеңіл жасаймыз деп, жадағайлатып жіберілгенін, соның нәтижесінде бір сөзді бірнеше вариантта жазуға жол берілгенін, сауатты жазудың орнына бәрі сауатсыз жазуына әкеліп соқтыратынын сынады. Ғалым ғылыми пәндерде орыс тілінен енген “техника”, “физика” сияқты сөздерді өзгертпей жазу туралы пікір айтып, осындай көзқарастағы Қ.Кемеңгеров сияқты ғалымдарды қолдады [1.503]. Алфавиттегі әр әріптің өзінің аты бар. Дауысты дыбыстар көбіне сол өздерінің дыбысталуы түрінде айтылса, дауыссыз дыбыстарды алдына не артынан бір дауысты дыбыс қосып айтамыз. “Мысалы: балалар деген сөздің бас дыбысы (б-ны) бөлек айтпақ болсақ, бы деп, ыб деп қана айта аламыз. Осы балалар деген сөздің соңғы дыбысы (р-ды) бөлек айтамыз десек те, не ыр деп, немесе ры деп қана айту мүмкін. бы, ры деп айтқанда б мен р-дың соңынан, ыб, ыр деп айтқанда, алдынан дауысты ы дыбысын қосып отырмыз. Өйткені дауыссыз дыбыс пен сонор дыбыс алдынан, не артынан бір дауысты дыбыс қоспай, өздігінен бөлек айтылмайды”, - деп Қ.Жұбанов текке айтпаса керек [1.196]. Ал мектепте қазақ тілін оқыту барысында қазақ алфавитіндегі дыбыстардың атауы бе, ве, ге, эн, эс, эр, те түрінде орысша үйретіліп келеді. Бұл дұрыс емес. Сондықтан Қ.Жұбановтың буын туралы тұжырымдары мен Ә.Жүнісбековтің сингармотеориясына сүйеніп, қазақ дауыссыз дыбыстарының жалаң айтылмайтынын ескере отырып, алдынан не артынан бір дауысты қосып қазақша айтамыз. Қорыта айтқанда, ғалым ұсынған ойлардың бәрі де өз кезінде шешімін таппағанмен де, оның өміршең идеялары мен теориялық тұжырымдары қазақ тіл білімінің ғылым биігіне көтерілуіне үлес қосты.
Қазақ жазуы алғашқы кезеңде араб графикасына негізделсе, 1929 жылдан бастап латын әліпбиіне көшірілді де, 1940 жылы кирилл жазуына ауыстырылды. Қазақ халқы өзінің ұзақ тарихында бірнеше жазу үлгілерін пайдаланғаны мәлім. Әсіресе, А.Байтұрсынұлының жаңа әліпбиі қазақ халқының мәдени тарихында, рухани өмірінде, түркітануда, жалпы тіл ғылымында үлкен мәні бар белес болды. А.Байтұрсыновтың сингармофонологиялық зерттеулерімен таныса отырып, оның қазақ алфавитін құрастырып, орфография принциптерін жасауда ғажайып білгірлік танытқанының куәсі боламыз. Жазу, орфография мәселесіне байланысты жұмыстарда А.Байтұрсынов пен Қ.Жұбановтың еңбегін ерекше атаған жөн. Араб графикасына негізделген жазу А.Байтұрсынов есімін еріксіз ойға алдырса, латын графикасын қазақ жазуына икемдеу істерінде Қ.Жұбановтың орны ерекше. Сондықтан да, қазақ жазуы мен орфографиясында, жалпы, қазақ жазу мәдениетін арттыруда осы қос ғалымның қосқан үлесі зор. Қорыта айтқанда, Қ.Жұбанов қазақ әліпбиі мәселелерін талдау барысында жалпы тіл білімі деңгейіндегі ғылыми ізденістерге, белгілі ғалымдар еңбектеріне, басқа тілдің кейбір экспериментальды зерттеу деректеріне арқа сүйей отырып, грек, ағылшын, француз, неміс,орыс, армян, грузин, араб және туыс түркі тілдерінің ерекшеліктерін жетік біліп, оларды қазақ тілімен байланыстыра, салыстыра баяндағанын көреміз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. - Алматы: Ғылым,1999.-581 б.
2. Джунисбеков А. Просодика слова в казахском языке. - Алма-Ата: Наука, 1987. - 92 с.
3.Мектеп-тегі А. Қазақ жазуының қасиеті мен қасіреті // “Жалынжурналы. №1, 2. Алматы: 1996. 152-170 б.
«Жұбанов тағылымы-VІ» халықаралық ғылыми – теориялық конференциясы материалдары. - Ақтөбе, 2005. - 193-197 б.)
emle.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ