КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Қазақ ұстаздарының атасы Ыбырай Алтынсариннің дәл осы бір шағын әңгімесін оқымаған азамат жоқ шығар. Өйткені, бұл әңгіме мектептің пән оқулықтарына сонау кеңес заманында-ақ енген. Орыстілділер үшін арнайы тәржімаланған да. Балалар санасы үшін жеңіл, қарапайым, солай бола тұра, тәрбиелік мәні ат тарта алмас зор. Жас өскінді еңбекке, өнерге, мейірімділікке шақырады, жалқаулықтан жирендіреді. Пәк те, жалған дүниенің әліппесін жаңа парақтаған балаларды жақсылыққа тәрбиелейтін таптырмас құрал. Ендеше, ересек қауым есіне, ертегі әлемді неге қайта салып отыр деп айып тақпассыз, оқырман, мұның өзіндік себебі бар. Елбасының ел халқын еңбекке баулыған жолдауы әдеттегіден тыс болған. Ел халқын еңбекке, өнерге, мейірімділікке шақырды, жалқаулықтан жирендірді. Қарасаңыз, Алтынсариннің балаларға арнаған насихатын бүкіл халыққа бір-ақ бағыттады. Елбасы жолдауы ғұлама ұстаздың «Өрмекші, құмырсқа, қарлығашымен» үндес шықты. Ел халқы өрмекшідей өнерлі, құмырсқадай тәртіпшіл, қарлығаштай қайырымды және үшеуіне де ортақ қасиет – еңбекқор болса, жасампаздықтың кілті, міне, осы. 
    Ыбырай атамыздың назары неге дәл осы үш жан иесіне ілінді деген ой көптен көкейде жүретін. Құдіретті Алла барлық шыбын жан иесін еңбекке тәуелді етіп жаратқан ғой. Еңбектен қашқанның еншісі – өлім. Тіпті Крыловтың «ыршып жүріп ән салып, көгалды қуып гөлайттайтын» шегірткесі де жатыпішер жалқау емес, азығы үшін азды-көп еңбектенеді. Өрмекші, құмырсқа, қарлығаштың таңдаулылар тобына ілінуінде олардың өзіндік басқа да қасиеттері жатқандай. Бұлар – өміршең қасиеттер...
Шегініс жасайық...

Өнерпаз өрмекші

    «– Анау өрмекшiнi көремiсiң, не iстеп жүр?
    – Көремiн, өрмек тоқып жүр».
    Өрмекшінің түр-келбеті адамға үрей ұялататыны болмаса, оның адам баласына зәредей де зияны жоқ. Қайта өрмек-тұзағын құрып, шыбын, масаларды қорек қып, зиянкестерден тазартады. Олар тарататын ауру-сырқаудың алдын алуға жәрдем береді. Ал оның өрмегі қандай? Ешбір пенде дәл осындай өнер туындысын өмірге әкеле алмайды. Бір қызығы, ғалымдардың зерттеуінше, әлемдегі бар өрмекшіні бір жерге жинап, бәріне өрмек тоқытар болсақ, ішінен дәл бірдей екеуін ұшырастырмайды екенбіз. Бұл нені көрсетеді? Демек, өрмекшілер әрбір ісіне жаңашылдықпен, шығармашылықпен қарайды екен. Біз үшін аса қажет-ақ нәрсе. Жаңашылдық және инновация. Елбасы еңбек тақырыбындағы жолдауында өндіріс пен өнеркәсіп, шаруашылықтарды шаң басқан ескі әдіс-тәсілдерден бас тартып, тиімділіктің тетігі болатын ғылыми жаңа инновацияларды қолданысқа енгізуге талап қойды. Бұл үшін жыл сайын инновациялық форум өткізіп, новаторларды қолдауға тапсырма берді. Өнер-білім ешуақытта өз бағасын жоғалтқан емес. Мұны қарапайым ғана өрмекші біздің есімізге сап тұрғандай. Өрмекші өнерінің сапасы ешбір сынға ұшырамас, сірә. Өйткені ол темір болаттан да берік, егер дәл өрмек жіңішкелігіндей қып темірден сым есер болсақ. Бірақ бәрінен бұрын біздің халық үшін өрмекшінің өнерге деген құрметінен алар сабағымыз мол-ау деп ойлаймын. Адам баласы қай өнерді де табиғаттан үйренген. Өрмекшінің өрмегі жеңіл өнеркәсіптің дамуына түрткі болғаны тарихтан белгілі. Қазақ дәстүрінде қыз бала ұзатыларға дейін кесте, киім тігу, шұлық, қолғап тоқу, өрнек салу, ою оюдың қыр-сырын жетік меңгерген. Есіме еңбек қоғамына арналған салиқалы жиында айтылған салмақты пікір оралып тұр: «Еңбектің төресі – қыз бала үшін үйдің ішкі, ер бала үшін сыртқы жұмыстары. Бұдан артық өнер керек те емес». Таразылап қарағанға, жөні бар сөз. Жұмыстың үлкен-кішісі, жақсы-жаманы болмайды. 
    Өрмекші – Алланың назарындағы жәндік. Оны дәлелдейтін ғибратты әңгіме де бар. Қажылық жасалынатын аймақта Нұр мен Сәуір таулары кездеседі. Исламның жауларынан қашып келе жатқанда, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар Әбу Бәкір (р.а.) досы екеуі осы таудағы үңгірге жасырынады. Сонда Әбу Бәкір (р.а.) қорыққанын сездіріп қояды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әбу Бәкір, сен қорықпа. Бізді жауларымыз енді таба алмайды. Біз енді Алланың құзырындамыз. Жаратқан иеміз бізбен бірге», – дейді. Соңдарынан іле-шала қуып келгендер әрі-бері іздеп, шақпақ жағып қарап, үңгірдің ішіндегі бұларды көрмей, кете барады. Алла тағаланың құдіретімен үңгірдің аузына өрмекшінің торы пайда болған екен. «Бұл жерде адам қайдан болсын. Өрмекші ұя салып, тор құрып тастапты ғой. Көптен бері үңгірге ешкім кірмеген болуы керек» деген оймен қуғыншылар ішке кірмепті. Міне, өнерпаз өрмекшінің өнегелері осындай.

Тәртіпшіл құмырсқа

    «– Анау құмырсқаны көремiсiң?
    – Көремiн, аузында бiр нанның уалшығы бар, жүгiрiп кетiп барады».
    Құмырсқаның қасиеті көп. Оларға таңылған «адал еңбек иелері» деген атау әсте де артық айтқандық емес. Сірә, тәртіпті тізбегінен жаңылмай, өз көлемінен әлденеше есе үлкен азықты арқалап не итеріп, тіпті болмаса сүйреп бара жатқан құмырсқаларды бәріміз де қызықтаған болармыз. Болмаса, ұйымдасқан үй салу әрекеттеріне тәнті боп тамашалаған сәттер де аз емес шығар. Айтпағымыз, құмырсқалардың тәртіп пен еңбекқорлыққа, әділдік пен тазалыққа негізделген өмір сүру қағидаттарынан қазақ тұрмысына да үлгі алар нәрсе көп секілді. 
Ғасырлар желісінде бұл үш бунақ жәндіктің өмір салтын қызығып зерттеген ғалым-ғұламалар аз емес. Олардың баяндап кеткеніндей, «құмырсқалар әуелі бар тапқан-таянғандарын қауымдастықтарына ортақ «қамбаға» жинайды екен. Мұндайда ешкім де жеке басын күйттемейтін көрінеді. Яғни қауымдастықтан жырылып, жеке басына азық қамдамайды. Оның үстіне «ортақ қазан ғой, кімнің қанша үлес қосқанын кім біліп жатыр, азырақ еңбектенейін» деп ешкім қосақ арасында бос жүрмейді. Барынша адал еңбек етіседі. Осыларға қосымша баса айтқымыз келетіні, бір қауымдастықтың құмырсқалары келесі қауымдастықтың азық-түлігіне тиіспек түгіл маңайынан жүрмейтін көрінеді. Құмырсқалар әлемі тұнып тұрған еңбекқорлық, әділдік, тазалық». 
    Енді өз айналамызға назар салайықшы. Бізге де жетіспей тұрған осы қасиеттер емес пе? Елбасының да ел халқынан көргісі келетіні дәл осылар. Алдау-арбау, аз еңбекпен көп табысқа кенелу, өзгенің адал еңбегін қанау, тәртіпке бағынбау – бәрі-бәрі бүгінгі күннің сын садағына түйреліп тұрған жайттар. Осындай жегіқұрттармен күресте Елбасы жолдауына, құмырсқаның илеуіне назар аударалық, жамағат!
Құмырсқадан тағы бір үйренер жақсы қасиетіміз – қанағатшылдық. Оның бір жылдық азығын бар болғаны бидайдың үш-ақ дәні құрайтын көрінеді. Егер қыс ұзап кетіп, не болмаса ұяларының шығар аузы бітеліп қалып, тағы да басқа жағдай туындап, әлгі азықтарын үнемдеу керек болса, олар үш түйір дәнді екі жыл азық етуге пейілді екен.
    Құмырсқа да Жаратқан шапағатынан құралақан емес. Аса Қамқор Алла тағала қара түнде, қара тастың үстінде жылжып бара жатқан қара құмырсқа­ны да көре алатынын айта отырып, қасиетті Құранда Өзінің айрықша қасиеттерін түсіндірген! Сахиқ хадистердің бірінде былайша баяндалады. Пайғамбар­лардың бірі қасына серіктерін ертіп, жауын сұрамаққа далаға шыққан екен. Жолда олар аяқтарын аспанға беріп, шалқалап жатқан күйі Алладан жалбарына жауын сұраған құмырсқаға кезігеді. Сонда әлгі пайғамбар: «Кері қайтыңдар. Өзге тіршілік иелерінің жаңбыр сұраған дұғалары сендер үшін де жеткілікті болады!» деген екен.

Қайырымды қарлығаш

    «– Жоғары қара, аспанда не көрiнедi?
    – Жоғарыда қарлығаш ұшып жүр, аузында кесе тiстеген шөбi бар».
    Қарлығаш – қазақ халқы үшін киелі құс. Бір қазақ емес әлем халықтарында да оған деген құрмет ерекше. Бір елде ол – махаббат-мейірімнің, бір елде – достықтың, енді бір елде – сұлулықтың символы. Әдемі қанатты жайлы әңгімені діни әфсанадан бастайық. «Рабғузидің «Кисас – ул Әнбиясындағы» «Нұх алайхис салам хикаяларында» топан су қақпақыл қылған кеменің ішіндегі ахуал баяндалады. Тесіктен су кіріп, кеме қарық болуға айналғанда жылан «мен бұл суды тоқтатамын, тек ненің еті тәтті болса, соны беріңіз» деп қолқа салады. Амалдың жоқтығынан Нұх нәби мақұл дейді де, араға «Бар, әр нәрсенің етін татып көр, қайсысы тәтті болса, жыланға берейік» дейді. Ара ұшып кетіп, адамның еті тәттілігін айтпақ боп келе жатқанда алдынан қарлығаш шығып, жөн сұрайды. Ара білгенін айтады. «Кәне, тіліңді көрсетші» дейді қарлығаш. Ара аузын аша бергенде қарлығаш оның тілін суырып алады. Екі ортада мылқау боп қалған сорлының ызыңын ешкім түсінбейді. «Мен білсем, бұл бақаның еті тәтті деп тұр» дейді Қарлығаш тілмаш боп. Жыланның бақа жейтіні, араның сақау боп ызыңдап қалғаны содан, ал адам баласын ажалдан құтқарған қарлығаш содан бері қарындастай қадірлі бопты дейді аңыз». Бұл – белгілі ақын Есенғали Раушановтың жазбасынан үзінді. 
    Христиан әлемі де қарлығашты хазірет Исамен байланыстыра құрмет тұтады. Иса пайғамбар Понти Пилат әмірімен айқыш ағашқа таңылып, аяқ-қолына шеге қағылып өлтірілетінін білеміз. Сол кезде қандықол Рим жендетінің бірде шегесін ала қашып, бірде балғасын қағып тастап, Иса алайһис-саламның қазасын кешіктірген қасиетті құс – Қарлығаш еді делінеді.
    Бұл аңыз-әңгімелер қарлығаштың еңбекқорлығынан бөлек, қайырым-шапағатынан хабар береді. Еңбекке келсек, әрине, ұясын қырық күн бойы асқан шеберлікпен соғатын қанаттының бұл қасиетіне ешкім шүбә келтірмес деген ойдамыз. Ал қайырым-мейірім – жаһандану дәуірінде қазақтың айырылып қалмауға тиіс асыл қазынасы болып тұр. Әзірейілдей төніп тұрған аздырғыш сыртқы күштердің әсерінен жұтылып кетпей, ата-бабадан қалған асыл қасиетті сақтауда қарлығаш қанатының сусылына да бір мезгіл құлақ түрелікші. 
«Қарлығаш оба тараған жерге келмейді. Оба, тырысқақ, шешек, безгек секілді жұқпалы аурулардың беті қайтып, ел сауыға бастағанын қарлығаштың қайта оралуына қарап білген» дейді орта ғасырлардан келе жатқан аңыздардың бірі. Киелі құстың жаны жамандыққа қас. Жамандық жайлаған жерге ол мүлдем жоламайды. Қарлығаштың бүгінде көп көзге түсе бермейтінін ойлағанда, қаупіміздің күшейе түсуінің сыры осы. 

Сөз соңы:
    Әңгіме басында айтқан пікірімізді жалғай түселік. Неге Ыбырай атамыздың таңдауы дәл осы үш жан иесіне түсті? Еңбекті ғана насихат етсе, бал шырынды араны әңгімелемес пе еді? Сірә, мұның себебі – үшеуінің де Алла назарында боп, қазаққа қажет қасиеттерге ие екендігінде болса керек. Осы шағын әңгімені есімізге түсірген Елбасының еңбек қоғамы жайлы мақаласы болатын. Үндестікке ие екі туындыны тағы да салыстыра оқып шығыңыз. Әлсіз жәндік, жұдырықтай құс демей, олардан да алар сабақ, үйренер үлгілеріміз көп секілді, жамағат!

Жас қазақ

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



14/10/2024 09:57

Хабарландыру!
0 930 0




15/07/2024 16:45

Хабарландыру!
0 2129 1




05/06/2024 11:25

Хабарландыру!
0 2860 0



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 2628 0




ТЕКСТ

Яндекс.Метрика