КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Филологиялық білім беру – бұл классикалық гуманитарлық білім беру. Қазақстанда алғаш ашылған оқу орындарында білім беріле бастаған да дәл осы филология мамандығы болатын. Тарихи қалыптасқан бұл мамандықтың 90 жылдық тарихы бар. Бұл ғылым түріне тіл білімі, филология (тілтаным), әдебиеттану, коммуникация теориясы, лингвистика, аударма ісі, тіл мен әдебиетті оқыту методикасы, стилистика, тіл мәдениеті, тіл тарихы, тіл саясаты тәрізді тілге қатысты барлық бағыттар мен құбылыстардың жиынтығы жатады. Филология мен лингвистика – бүгінгі таңда әлемдік бағытта дамып жатқан ғылымдар. Себебі әлемдік үрдіске айналған әрі ортақ ғаламдастыру құндылықтарын қалыптастырып жатқан тілдік құбылыстар мен тілдік тенденциялардың орын алуына байланысты бұл ғылымның да дамып, кеңеюуі, үлкен ғылыми-идеологиялық күшке айналуы байқалады. Сол сияқты қазақстандық филологияның да басты мақсаты – полимәдениетті білім беру бағдарламасын тағайындау. Бұл, өз кезегінде, Қазақстанның ғаламдық интеграцияға жақындауын жылдамдатады. Қазақстандық саясаттың негізгі эталонына айналған үштілді мемлекеттік саясаттың да орын алуына тікелей қазақстандық филологияның қатысы бар екені белгілі.
    2013 жылдың 16-17 мамырындағы Білім және ғылым министрлігі тарапынан тұңғыш ұйымдастырылған І филологтар Съезінің болуы да филологиялық бағыттың Қазақстан үшін маңыздылығын айқын байқатты. Филолог-ғалымдар мен мамандар, педагогтар бас қосқан бұл съезде Қазақстандағы филологиялық білім беру мәселелері – тіл мен әдебиетті оқытудың оқу-методикалық бағыты, замануи білікті филолог мамандарды дайындау, тілдік саясат стратегиясын жүзеге асыру, лингвистикалық білім беру үлгілерін байыптау тәрізді мәселелері қаралды.
    Қазақстанда жоғары білімді филолог мамандарды дайындап шығаратын 34 ЖОО, ал магистратураға дайындайтын – 29, PhD докторанттарын дайындайтын 3 ЖОО бар. Филологияның 8 мамандығы бойынша 2013 жылы 36 мың адам (барлық студенттердің 7 % құрайды), оның ішінде 8 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуда. Ал 2012 жылы 38 мың студент болса, 2014/2015 жылғы оқу жылында филология мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер саны 27 мыңнан асқан (барлық студенттердің 6 % құрайды). Бұл, әрине, Қазақстандағы студенттердің жалпы санының азаюуымен түсіндірсе болады, студенттер үлесі өткен жылмен салыстырғанды 16,5%-ға азайған.
    2012/2013 жылғы оқу жылында филология мамандықтарына жалпы 1600-ден астам мемлекеттік грант бөлінген, ал 2013/2014 жылғы оқу жылы бойынша –1751 грант. Бұдан байқағанымыз, бір жылда филология берілген грант мөлшері 123 бірлікке өскен. Әсіресе, екі шет тілі мамандығына көбірек грант бөлінген байқалады: 2012/2013 жылы – 720 грант, 2013/2014 жылы – 907 грант. Бұл қазақстандық тілдік саясатты айқын аңғартады: үштілді қазақстандық қоғамды қалыптастыру үлгісін көрсету. Филология мамандықтарына жыл сайын түсіп отырған студенттердің саны салыстырмалы түрде бірдей. Алайда екі шет тілі мамандығына түскен студенттердің саны басымырақ екені байқалады. 2012/2013 жылғы оқу жылы бойынша, екі шет тілі мамандығында қып жатқан саны – 13 002 адам болса (түскендер саны – 3 217), 2014/15 жылғы оқу жылы бойынша 13 502 адам (түскендер саны – 3 284) болған. Қалған мамандықтарда азаю тән. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы: 2012/13 оқу жылы – 9 503 (түскендер саны – 1 718), 2014/15 оқу жылы – 7 956 (түскендер саны – 1 828). Қазақстанда шетел филологиясы мамандығы бойынша ағылшын, француз, неміс, араб, ұйғыр, өзбек үнді, хинди, қытай, кәріс, жапон, парсы, поляк, түрік тілдері оқытылады. Бұл мамандықтарға түсетін студенттер саны мен бөлінген гранттар санында аса айырмашылық жоқ.
    Филолог мамандардығын бітіргендердің 85 % жұмыспен қамтылуда: бұл – жоғарғы көрсеткіш және қоғам қажет ететін мамандық екенін дәлелдейді. Тілге қатысты барлық қызметтерді атқара беретін бұл сала мамандары – барлық салада жұмыс жасай алатын әмбебап мамандық иелері. Бүкіл әлем бойынша тілдерді меңгерген маман ең әмбебап маман болып отыр. Филолог мамандар мемлекеттік басқарушы-өндірістік органдарда, ұйымдастыру-басқару мекемелерінде, білім беру саласында, аударма жасау, ресми іс-қағаздар, ғылым саласында ғылыми-зерттеу қызметкері, БАҚ саласында, мемлекеттік қызметкер, өзге де әлеуметтік-гуманитарлық салаларда бақ сынай алады. Әсіресе, филолог кәсіби маман ретінде журналистика саласында, PR-маман, редактор ретінде сұранысқа ие. Соған сәйкес филолог мамандардың сұранысы да жоғарылай түскен: 2013-2015 жылы олардың сұранысы 4 000 болған, ал 2020 жылғы болжам бойынша бұл сан 10 000 жетпек.
    Филологиялық білім берудің имиджін қалыптастыру қолға алынып жатыр, бір жағынан, бұл өзекті де. Болашақ халықаралық бағдарламасы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Гумелев атындағы ЕҰУ, Бекетов атындағы ҚарМУ 20 оқытушы шетелде оқып келді. Қазақстандық тілдік модел бойынша, мемлекеттік тіл – қазақстандық қоғамды біріктіруші фактор. Дәл осы жерде филологтардың атқаратын қызметі мен жасайтын ғылыми-зерттеу жұмыстары, іске асырылған жобалар филологтардың көкжиегін кеңейте түседі. Полимәдениетті білім беру, қазақстандық көптілділікті, қазақстандықтардың лингвистикалық капиталын қалыптастыру, мемлекеттік тілдің ұлттық корпусын жасау, мемлекеттік тілді мемлекеттік құрылымдардың барлық саласында қуаттандыру, ел аумағында этностық тілдерді дамыту, IT-мамандарды дайындау тәрізді мәселелер мен міндеттер филология мамандығының қоғамдық беделін арттыра түседі.
    Әр елдің өзінің белгілі бір филологиялық бағыттары бар екені белгілі. Қазақстандық филологтардың, әсіресе, қазақ филологиясы мамандарының алдында тұрған маңызды проблема құрылымдық тіл білімі бағытынан функционалды (жұмсалымды) тіл білімі бағытына, аспектісіне ауысу процесі («формадан мазмұнға қарай») болып отыр. Бұл, өз кезегінде, Қазақстандағы іргелі ЖОО орындарында қолға алына бастаған үлкен үрдіс, соған байланысты филологиялық пәндердің өзгеруі, жаңаша пәндердің қалыптасуы қатар өрбіп жатыр. ЖОО арқылы қалыптасқан филологиялық бағыттар арқылы орта білім беру жүйесіне де өзгерістер ендіріп жатыр. Бүгінгі таңда тілді қажеттілік ретінде қарастыру, тану белгісі тұрғысынан көптеген пәндік өзгешеліктер пайда болуда. Тілді дұрыс пайдалану, соның ішінде кәсіби мақсатта жұмсау мәселелері алда тұр. Қазіргі мектепте беріліп жатқан кез келген филологиялық білімдердің дәл осы тілді пайдалануда, қажеттілікті өтеу тұрғысында қаншалықты қанағаттандыра алады? Қарапайым ғана мысал, орта білім бағдарламасында бар сөйлем мүшелерін синтаксистік талдау бағыты қаншалықты дұрыс, ол не үшін керек? Міне, осындай мәселелер төңірегінде туындаған мәселелер, өз кезегінде, жаңа филологиялық элективті пәндердің қалыптасуына әкеліп жатыр.
    Сонымен қатар, Қазақстанда тілдік саясаттың басты рөлге айналуымен жалпы тіл білімінің ғылымдары социолингвистика, психолингвистика, антропоөзектік ғылымдарының дамуымен когнитивті лингвистика, лингвомәдениеттану, этнолингвистика, тіл философиясы, қолданбалы лингвистиканың маңыздылығының артуымен компьютерлік лингвистика, корпусты лингвистика, криминалды лингвистика салалары қалана бастады. Жалпы тіл білімі теориялары қарастыратын мәдениетаралық коммуникация мәселелері әлемдегі ең өзекті мәселеге айналған. Бұл тұрғыда Қазақстандағы тіл білімі салалары мәдениетаралық қатысымдағы қазақ тілі мәселелерін қарастырады. Тілді жүйелі-құрылымдық зерттеуден алып шығып тілді халықтың рухани-мәдени коды, адамның санасы тұрғысынан қарастыратын антропоөзектік бағыттар тіл біліміне жаңаша көзқарастар алып келді. Тілді функционалды, прагаматикалық, коммуникативтік жағынан сипаттау прагмалингвистика теориялар қалыптасып жатыр. Қазіргі тіл білімінде тіл мен ақиқаттың арақатынасы, тіл мен ойлау арақатынасының терең заңдылықтарын ашатын когнитивті лингвистиканың қарқын алып келе жатқанын байқауға болады. Қоғам мен мемлекеттік органдарының сұранысына ие сот-сараптамалық линвгистикасы – юриспруденция мен лингвистиканың арасында қалыптасқан салааралық ғылыми пән. Мұндай қолданбалы пәндер – студенттердің ғана емес, кез келген қоғам мүшелерінің қызығушылығын тудыратын құбылыстар. Қоғам мүшелеріне де, барлық студент қауымға маңызды лингвистикалық экология мен әлеуметтік лингвистика саласы мемлекеттік тілдің маңыздылығымен шұғылданып отыр бүгінгі таңда.
    Қазақстандағы үштілді мемлекеттік саясат тікелей білім саласына қатысты болғаннан кейін де филология пәндері жаңа жүйеге көше түскен. Филология мамандықтарының қай мамандығында болмасын ағылшын тілді арнайы топтарды (спецгруппа) бөлу және көршілік пәндерді ағылшын тілінде оқыту системалары енгізіліп басталды. Сонымен қатар, магистратура мамандықтарына түсу үшін ағылшын тілінен IELTS сертификатын талап ету шаралары – тілдік саясатты қанағаттандырудың айқын белгілері.
    Филологиялық білім берудің айырылмас бөлімі – бұл педагогика. Шет тілдерін, мемлекеттік тілді екінші шет тілі ретінде оқыту, шет тілдерін кәсіби мақсатта оқыту, оқытуда психологиялық аспектіні, әлеуметтік-мәдени ерекшеліктерді ескеру, орта білім беру жүйесіндегі филологиялық білім беру бағдары (кәсіби-бағдарлы қазақ тілі), методикалық ерекшеліктері тәрізді сан қырлы мәселелермен айналысатын бұл сала күрделі теориялық аймақ болып табылады. Жеке маманның кәсіби бейімделу сапасын қалыптастыру болашақ мамандардың сапалы даярлаудың шарты болмақ. Кәсіби құзіреттілікті қалыптастыру – білім алушының шығармашылық қабілетін дамыта отырып, интеллектуалды белсенділіктің жоғары деңгейіне шығу, алған білімін қолдана алу қуатының қалыптасуы. Мәселен, 5В020500-Филология: қазақ филологиясы мамандығы бойынша оқу жоспары негізінде «Қазақ тілінің функционалды аспектісі және өзекті мәселелері» атты білім беру бағыты енгізілген: бұл бойынша лингвистикалық білім берудің басты мақсаты – коммуникативті тұлғаны қалыптастыру. Тілдік құзіреттілік ретінде білім алып жатқан тілдің жүйесін деңгейлер бойынша меңгеру танылады: фонетика, лексика, морфология, сөзжасам, синтаксис, текст стилистикасының негізі.
Сонымен қатар, полимәдениетті білім беру мен мәдениетаралық қатынастар шеңберіндегі тілдердің өзара байланысын, лингвомәдени жағынан қарастыру, ұлттық эквиваленттердің арақатынасын көрсету, менталды айырмашылықтарын ажырату, шет тілін үйретуді кадрларды дайындауды бөлінбес бөлігіне айналдыру, өзге де мамандықтарды лингвистикалық даярлау мәселелері филологиялық пәндерді қалыптастыра алды.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика