КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


немесе роман-герман тілдерінен енген сөздерді қалай қабылдаймыз?

Әлемдегі мемлекеттердің 70 пайызы латын қаріпті жазуды қолданады. Латын қарпіне көшуде, егер пайдалана білсек, бізге сүйенуге болатын алдымызда осындай үлкен көштердің тәжірибесі жатыр. Бізге айрықша бірдеңе ойлап табудың қажеті де жоқ, тек сол үлкен көштің соңынан өз «қажетімізді» түгелдеп, ере білсек болғаны.

Батыс Еуропаға қараңыз, роман-герман тілдерінің әліпбиге қатысты ауызбірлігі өте мықты (түркілердің «мәселесін» қозғамай-ақ қояйық). Ағылшынның 26 әрпін алдымен тізіп шығады. Сол ағылшынның 26 әрпі латын қаріпті жазулардың негізгі «ISO basic Latin alphabet» деп аталатын ISO (International Standard Organization) стандартын құрайды. Содан соң ғана әліпбиге өз «ерекшеліктерін» диакритикалық (үстеме) таңбаларымен қосып қояды. Барлығының әліпбиі ABC-ден басталады. «ABC» дегеннің өзі әліпби деген мағынаны білдіреді.

Біз латыннегізді әліпбимен емле-ережелерімізді жасау барысында әліпбиімізде с әрпі жоқ екеніне қарамастан, Coca-Cola, Canon, Microsoft дегендей логоларды сол қалпында қабылдау жөнінде шешім қабылдадық. Басқа тілдерден сол қалпында сөздерді көшіріп алу деген нәрсенің өзі көптеген тіл жанашырларының ашуын тудыратын жағы да жоқ емес. Солай бола тұрғанмен, бүкіл ғаламда бір ғана тұрпатта жазылатын бренд сөздерді латын қарпімен біз басқаша жаза алмайтын тәріздіміз. Сол сияқты BBC, CNN, CCTV деген спутникті телеарналар атауының жазылуына қараңыз, осындағы С әріптерін BBS, SNN, SSTV деп S-пен ауыстырып шығу мүмкін бе? UNESCO, NATO деген кеңінен танымал халықаралық атаулардың жазылуын да сол қалпында сақтамау танымдылық тұрғысынан қиындық туғызады, яғни бұл атаулар басқаша жазылған жағдайда танылмай кетеді. Себебі мұндай қысқарған атаулардың бас әріптері түпнұсқа тілінде аса маңызды мағыналы сөздерді беріп тұратыны бесенеден белгілі. Сондықтан мұндай атауларды біз тек қана түпнұсқасынан көшіріп жазу арқылы қолданамыз. Атауларды тілден тілге көшірудің мұндай амалын тіл білімінде плантация (қондыру – Н.Р.) тәсілі деп атайды.

Қондыру тәсілі қажеттілік жағдайында қолданылады. Бұл тәсіл көбінесе кирилл жазуындағы тілдерде латын қаріпті тілдердің ономастикалық атауларын жазуға қолданылады. Ал латын жазуындағы тілдер өзара бір-бірінен алса да, кирилл жазуынан атауларды сол қалпында  көшіріп алмайды. Олар кирилл қарпінде жазылған атауларды транслитерация тәсілімен алады (Бұлар өз алдына бөлек тақырыптар).

Жаңа әліпбимен емле-ережелерді жасау барысында орфографиялық жұмыс тобында кей ғалымдарымыз CD деген қысқарған сөзді SD деп жазайық деп көрсетті (әрине, басқа амал болмағандықтан). Бұл қысқарған сөз оним емес, термин. Терминдерді аудару тәсілдерінің ішінде плантация, яғни қондыру тәсілі қарастырылмаған, донор тілдегі нұсқасында алу деген бар, бірақ ол өз қарпіңде аз-кем тілге бейімделіп жазылуы мүмкін.

Қалай болғанда да, «CD деген қысқарған сөзді SD деп жазуға болады ма?» деген сұраққа жауап іздеп көрелік. («Болмайды, әрине» деп сіз жауап беріп үлгерген боларсыз) Ағылшын тілінде, CD және SD – өз алдына дербес мағыналары бар қысқарған сөздер, көз алдымызға қойып салыстырып көрейік:

CD – ағыл.т. Сertificate of Deposit

CD – ағыл.т. Compact Disc

CD-RW – (ағыл.т. Compact Disc-ReWritable) қайта жазуға болатын компакт диск

CD-ROM – (ағыл.т. Compact Disc Read-Only Memory) тек оқуға арналған компакт диск

CD – (ағыл.т. Cross Dresser – a member of one sex who likes to dress as the other sex) ер адамша киінетін әйел кісі, әйел адамша киінетін ер кісі.

SD – ағыл.т.  Secure Digital Memory Card (SD)

SD – ағыл.т. South Dakota, АҚШ-тың бір штаты

SD – тіл білімінде Stylistic Device, метафора, метономия, т.б. стилистикалық тәсіл дегенді білдіреді.

Көріп отырғанымыздай, CD мен SD тілде жиі ұшырасатын өз алдына бөлек-бөлек ұғымдар, басым көпшілігі IT терминдері болғандықтан, халықаралық қолданыста олардың өзгеріссіз ағылшын тіліндегі нұсқасында жүретіні сөзсіз. Толық тізім беру міндетіміз болмаған соң, тек мысалдар қарастырдық, бірқатарын Google-ден алдық. Олардың көпшілігі жиі қолданыста болғандықтан, түсіндірмені де қажет етпейді. Енді осы CD-дің барлығын әріп тапшылығына орай, С әрпі жоқ болғаны үшін SD қылып жазып шығуға болады ма? Әрине, болмайды.

BBC, CNN, CCTV  телеарналарын BBS, SNN, SSTV деп жазғанда да олар мүлдем басқа ақпарат көздері болып кетеді екен, қараңыз:

BBS ( ағыл.т. Bulletin Board System – ­­a computer software, https://en.wikipedia.org/wiki/Bulletin_board_system).

SSTV (ағыл.т. Slow-scan television https://www.sigidwiki.com/wiki/Slow-Scan_Television_(SSTV)

https://en.wikipedia.org/wiki/SNN ғаламтор көзінен SNN-нің басқа тақырыптарын қозғамай, тек қана ақпарат көздеріне қатысты мағлұматына қарайық:

Simulated Neural Networkor Static Neural Network, another term for an Artificial Neural Network

Spiking neural network, a type of Artificial Neural Network

SNN: Suncoast News Network, a 24/7 local news operation running in Sarasota, Florida

SNN: Showbiz News Ngayon, a Philippine news show for the showbiz

Shobiz Newsy News, a podcast

Sun News Network, a Canadian 24h news network

Sarimanok News Network, a Philippine 24/7 News Channel since 1996, Now ABS-CBN News Channel

Мысалдардан бір ғана нәрсеге көз жеткіземіз, халықаралық қолданыстағы С-ның барлығын S арқылы таңбалау мүлдем ақылға сыймайды және тек қана түсінбеуге, шатасуға бастайды.

Енді «Неге осы тәрізді терминдерді де қондыру тәсілімен, яғни дәлме-дәл түпнұсқа тіліндегі нұсқасында ала бермеске?» деген сұрақ туындайды. Ала беруге болады. Бірақ бұл тәсіл жазу жүйесіне нұқсан келтіреді және тілдің дамуына кері әсерін тигізеді. Себебі, бұл тәсіл тілдің әліпбиі құрамында жоқ таңбаларды жазу жүйесіне араластырады. Ағылшын тілінің бүгінгі күнгі тәжірибесіне қарасақ, басқа латын қарпіндегі тілдерден осы қондыру тәсілімен және өзге қаріптегі жазу жүйелерінен транслитерациялау тәсілі арқылы қабылдаған атаулары мәтінді тіл өкілінің өзіне де оқылмайтын жағдайға жеткізген. Толып кеткен «бөгде» таңбалардың онсыз да кісі миына сыймайтын оқу ережелеріне қосылу нәтижесі қуантарлық жағдаят болмай тұр. Ағылшын ғалымдары орын алған оқу-жазудағы осындай ауыртпалықтың бірден-бір себебін әліпбидегі әріп санының тапшылығынан деп біледі.

Осындай үлкен тәжірибелерден тағылым ала білсек, олардың көзге ұрып, жанға батып тұрған қателерін көре тұра қайталамаған болар едік. Сондықтан, біздің жағдайымызда, тығырықтан шығудың амалы – латын қаріпті әліпбилердің алғы шебінде өте белсенді қолданыста жүрген, болмыс-бітімі өзімізге бұрыннан да жат емес, с әрпін әліпбиге енгізудің жолдарын қарастыру. Біздің ойымызша, оның екі жолы бар. Біріншісі, ц-ны енгізу арқылы с таңбасын қосу. Әліпбиде бұрынғы кирилдегі ч тұрған жағдайда ц-дан шошынуға ешбір негіз жоқ. Бұл жерде бір түсінбестік бар. Екеуінің статусы тең бола тұра, бірін алып, бірін салып қойғанбыз. Бірін алып, бірін салып қою керек болған жағдайда да ч емес, ц қалу керек болатын. Себебі, біз ч-ны күнделікті қолданбаймыз. Ал ц-ны күнделікті қолданамыз. Цех, цемент, цирк, циркульды айтпағанның өзінде, қазақтың төл дыбыстарынан басқаның барлығын алып тастайық деп жүрген тіл жанашырларының өзі консепция, конституция, энциклопедия, ассоциация, ассимилияция, т.б. толып жатқан терминдерде күнделікті жиі қолданып жатамыз. Ал медицина саласына келгенде ц әрпінсіз мүлдем қозғала алмай қаламыз. Әсіресе дәрі-дәрмектердің атына келгенде бір әріптің орнына екінші бір әріпті қолданып кете берейік деу оңай шаруа болмайды. Баяғы бір үтірдің адам өмірін сақтап қалғаны жөніндегі аңызды еске салады («Казнить, нельзя помиловать» деген хабардың елші үтірін ауыстырып, «Казнить нельзя, помиловать» етіп жеткізген).

Әліпбиге  с  әрпін енгізудің екінші жолы – ч-ны таңбалап тұрған сh диграфын тек бір таңбамен с таңбасымен қалдыру (Жалпы қосар таңба атаулыны жазу жүйесіне мүлдем енгізуге болмайды. Әліпбидегі қостаңбалар сыңар таңбалармен ауыстырылуы тиіс. Ағылшын тілі тәрізді табиғатынан сөздері қысқа келетін флективті тілдердің тәжірибесін қазақ тілі тәрізді грамматикалық түрленімдері сөз ішіне кіріп тұратын табиғатынан сөздері шұбалаңқы келетін аглютинативті тілдерге пайдалануға болмайды деп, латын қарпіне көшу мәселесі басталғалы бері айтып келеміз). Егер ч-ны бір таңбамен қалдырсақ, Сочи-ді Socɪ деп жазатын боламыз, сонда с әрпі енеді.

Егер осы екі жолдың бірін таңдау құқығы беріліп жатса, ағылшын тілінің маманы ретінде ц-ны енгізу арқылы берілген бірінші жолға тоқтаған болар едім, себебі әлемді билеп отырған ағылшын тілі қандай да қиыншылық көріп отырған болса, тек қана сол әріп санының тапшылығынан жәй қиыншылық емес, «a national tragedy» деп аталатын ауыртпалық көріп отырғанын білеміз.

Өзіміздің көзіміз үйренген, қолымызға жеңіл келетін, латын қаріпті жазулардың барлығында дерлік кездесетін өте белсенді қолданыстағы с таңбасын әліпбиге қосудың осындай айрықша маңызы бар. Оқушыларымыз бен студенттерімізге тест жұмыстарын дайындағанда да, жауаптардың халықаралық стандарттарға сәйкес жарасымды, үйреншікті a…b…c… тәртібімен тұрғаны жөн емес пе?

Нұрсәуле Мақсұтқызы Рсалиева, филология ғылымдарының кандидаты, СДУ ассистант профессоры, Ұлттық комиссия жанынан құрылған Орфографиялық топтың мүшесі


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 422 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 757 0









ТЕКСТ

Яндекс.Метрика