КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Монография 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру аясында жазылды. Зерттеуді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландырды (АР09260070 гранты). Зерттеу жұмыстары «Мемлекеттік тілді дамыту институты» аясында жүргізілді. Алғашқы зерттеулер ғылыми мақала түрінде жарияланып келді де, жұмыстың қорытынды нәтижесі  монография болып басылып шықты.

Көне түркі ескерткіштерінің табылуы мен зерттелуі, ондағы мәтіндер, жазуда қолданылған руникалық әліпбидің этногенезі, мәтіндердің жанры туралы жазылған еңбектер аз емес және олар туралы бірінші тарауда айтылады. Алайда, эпиграф ретінде алынып отырған Л.Н.Гумилевтің пікірінше: «Көне түріктердің адамзат тарихындағы маңызы орасан зор, бірақ  бұл халықтың тарихы әлі күнге дейін жазылмаған. Ол жол-жөнекей, үстірт баяндалып келген, бұл бастаутану, ономастикалық, этнонимдік, топонимикалық сипаттағы қиындықтарды айналып өтуге жағдай жасады». Біз түркітану ғылымындағы осы олқылықты толтыру мақсатын қойып, көне түркі ескерткіштеріндегі ономастикалық кеңістіктікті тұтас қамтып, зерттеу нысаны еттік.

Түркітануда қалыптасқан дәстүр бойынша, бүгінгі күнге дейін ашылып, зерттелген ескерткіштерді Енисей, Талас, Орхон топтарына бөліп қарастырдық. Алдымен көне мәтіндерде кездесетін жалқы есімдер теріліп, антропоним, топоним, этноним, архонтоним (лауазым аттары), иппоним (жылқы есімі), теоним (діни атаулар) түрлеріне топтастырылды.

Монографияның бірінші тарауы Көне түркі ескерткіштерінің табылуы, зерттелуі және аудару мәселелеріне арналды. Көне түркі руникалық алфавитінің генезисі туралы көптеген ғалымдардың көзқарасы келтірілді және монография авторлары О.О.Сүлейменов ұсынған «Ассириялық кезең» болжамын қолдайтындықтарын білдірді. Түркілердің жазу мәдениеті сақ дәуірінен бері келе жатқанын Есік қорғанынан табылған тостағандағы жазу мен Павлодар маңынан табылған сүйек тұмардағы жазулар дәлелдейді.

Көне мәтіндердің жанры туралы әртүрлі тұжырымдардың ішінен монография авторлары түркі халқына тән шешен тілмен жазылған «тарихи шежіре» жанрына жатады деген пікірді қолдайды. Көркем әдебиет стилі көрініс бергенімен, көркем әдебиетке жатпайды.

Көне түркі тас ескерткіштеріндегі мәтіндер аудармасында біркелкілік жоқ екені белгілі. Ол ала-құлалық дауысты дыбыстардың жазуда түсіріліп отыратынан туындайтыны да жасырын емес. Мәтін аудармаларындағы сәйкессіздік, өз кезегінде, ономастикалық бірліктерді де қамтып, атаудың бірнеше нұсқасы пайда болады. Бұл көпнұсқалылық жалқы есімнің этимологиясын талдауда өзіндік қиындықтар тудырды. М., 1. Антропоним: (Я) Сильный тутук Кюль. (2) Күч Күл тутук сізіме адырылдым. (Малов,1951,46).

1.1 Антропоним: Өкү Чекүл Тұтұк. (Оркун,1994,573).

1.2 Антропоним: Күл Чекүң Тұтұқ. (Базылхан,2005,180).

Мұндай нұсқалардың ең дұрысын таңдап алу үшін, мәтіндегі атауды өз бетімізше оқып, қалған аудармалармен салыстырып отырдық.

Екінші тараудан бастап, Көне түркі ескеркіштеріндегі – Енисей, Талас, Орхон – жалқы есімдер түгелге жуық қамтылып, тілдік тұрғыдан талданды. Атап айтқанда, антропонимдер, топонимдер, этнонимдер, архонтоним (лауазым аттары), иппонимдер, теонимдер жеке-жеке жинақталып, этимологиялық талдаулар жасалды. Мұнда, тек лауазым аттарын антропонимнен бөліп қарау мүмкін болмады, сондықтан бірге талданып отырды. Жинақтау барысында ең қомақты үлес антропонимдерге тиесілі екені байқалды, өйткені эпитафиялық мәтіндер болған соң, кісі есімдерінің мол болатыны өзінен өзі түсінікті.

Талдау барысында түркілердің лақап атты адамның ерекше бір белгісіне қарай және  адамның өзі жеткен жетістіктеріне қарай беріп отыратындығы анықталды. Екінші жағынан, ондай атақ, дәрежеге ұмтылу түркілердің дамып, өсуінің негізгі қозғаушы күші болғанға ұқсайды. Түркі қоғамында адамның әр қасиеті, еңбегі, ерлігі қалыс қалмай бағаланып, тиісінше лақап есімдер беріліп отырғанын байқаймыз. Сондықтан түркі антропожүйесінде лауазым аты кісі есімі орнына қолданыла беретіні  заңды құбылыс болып табылады.

Уақыт өте келе адамның шын аты емес, оның лауазымы, лақап аты таңбалық міндет атқара бастайтындықтан, мәтінде аталатын адамның нақты, шын есімі эллипсиске ұшырап, қысқарып кеткен деуге болады. Мәселен, «Кемчик-джиргак» ескерткішінде көне түркілердің лақап ат беру үрдісі анық көрініс береді. Ескерткіш арналған адамның алғашында  «ер атының» жоқ болғаны, алайда шетте жүріп, жеті іргелі іс істеген соң, Йола ер атын иемденгені айтылады (2,3-жолдар). Ендеше біз «лақап ат» деп атап отырған есімдердің бәрі көне түріктердің ерлігіне сай алған «ер аты» болып шығады. «Күлтегін» ескерткішіндегі 31-жолда жазылған «Ұмай текті шешем қатын құтына Күлтегін ер ат болды» деген сөйлемнің мәні енді дау туғызбаса керек.

Бұл тұрғыдан алғанда, түркілердің лақап ат беру үрдісі АҚШ «үндістерінің» лақап ат беру үрдісімен бірдей болып келеді. Мәселен, Америкадағы Лакота тайпасының көсемі бала кезде баяу сөйлегендіктен, Асықпайтын деген есімге ие болады. Он екі жасында алғашқы жауын өлтірген соң, оған Отырған Бұқа лақап есімі беріледі. Ол осы «ер атымен» тарихта қалады. Сондай-ақ, «үндістерде» Ұзын Шаш, Қара Аю, Сары Қол, Үлкен Жылан, Қара Буйвол, Құтырған Ат т.б. лақап есімдер осындай жолмен беріліп отырған.

Көне түркілердің тек жағымды мәндегі лақап есімдер емес жағымсыз лақап есімдерді де қолданғанын көреміз. Мәселен, Удун антропониміне профессор А.Аманжолов «скверный» деген анықтама беріп кетеді (Аманжолов,2003,87). «Көне түркі сөздігінде» ұдұн «дөрекі, әдепсіз, зұлым» сөзі бар (ДТС,1969,606) және ол лақап есім жасауға негіз болған.

Көне түркі есімдерінде бірнеше әскери шеннің қабаттасып келуі жиі кездеседі және ол титулдар адам дәрежесінің өсу жолын көрсетіп тұрады. Мәселен, Құтлұқ Тархан Сеңүн есімінен, біз, Құтлұқ атты адамның алдымен тархан дәрежесін алғанын, кейін қолбасшылыққа дейін (сеңүн) өскенін көре аламыз.

Көне түркі ескерткіштерінде бар топонимнің барлығы дерлік көне түркі тілінен жасалғандары анықталды. Ол, өз кезегінде, Көне түркі ескерткіштері жазылған уақытта (V-VІІІ ғасырлар) бұл өлкеге санскрит, қытай, араб, моңғол т.б. кірме топонимдердің араласпағанын және осы ұлан-байтақ жердің автохонды тұрғындары түркілер болғандығын дәлелдейді.

Топонимдер эпитафиялық мәтін кейіпкерінің жүрген жолы, жаулаған жері, мекендеген өлкесі, жерленген орыны ретінде ғана тасқа қашалып жазылып, бізге жетіп отыр. Ол атаулардың кейбірі күні бүгінге дейін сақталған, кейбірі, уақыт өту барысында, жоғалған немесе өзгеріп кеткен.

Монографияда Енисей, Орхон, Талас топтарындағы ескерткіштерде кездесетін этнонимдерге этимологиялық талдау жасалды. Біз бір этнонимнің этимологиясы туралы бұрын айтылған пікірлерді барынша толық келтіріп, салыстыра қарап, содан кейін ғана өз анықтамамызды ұсынып отырдық. Өзімізге дейінгі жазылған тұжырымдарды теріске шығармай-ақ, жаңа көзқарас білдіру немесе сол айтылған тұжырымдардың бірін мойындап, қолдау ғылыми этиканы сақтағаны болып табылады.

Түркілердің көптеген лауазым, шен терминдерін қытай, санскрит (парсы, соғды) тілдерінен алып отырғаны да дәлелденген (Махпиров, 1997,135). Татпар  қаған есімі санскрит тілінен шықса, Мұқан қаған есімі араб тілінен парсы арқылы келген муһһан «құл, дәйеші» сөзінен жасалады (Жанұзақ,2007,413). Бұл кірме есімдер көне түркілердің соғды-иран елдерімен тығыз байланыста болғанын білдіреді. Кейбір лауазым аттарын көрші табғаштардан (қытайлардан) қабылдаған: сеңүн/сағұн, қаған, тұдұн, кунчуй т.б.

Көне мәтіндердегі иппоним (жылқының лақап аты) қазіргі тіліміздегі иппонимдерден тіпті де алшақ кетіп жатқан жоқ. Мәселен, Тадықын чордың боз аты атауындағы Тадықын – антропоним болса, чор/чұр – лауазым аты. Ендеше, Күлтегін батыр «Тадықын чор деген адамның боз атын» мініп жауға шапқан. Аттың атын иесінің есімімен атау қазірге дейін бар дәстүр: Алпамыстың Байшұбары, Ақанның құласы, Сайлаубай мінген қарагер т.б. Бұл Көне түркілер мен қазақ халқының арасында терең тарихи дәстүр жалғастығы бар екенін көрсетеді.

Қорыта келгенде, Көне түркі ескерткіштеріндегі ономастикалық кеңістік барынша толық қамтылып, зерттелді деп ойлаймыз. Кез келген этимологиялық талдау болжамнан тұрады деген қағидаға сай, авторлардың ұсынған тұжырымдарын да жүз пайыз ақиқат деп қабылдауға болмайды, алайда сол ұсынылған болжамдардың бірінде атаудың шын мағынасы жатуы да мүмкін.

Талданған ономастикалық бірліктердің мағынасы туралы бұрын-соңды айтылмаған тың тұжырымдардың кездесуі ғылыми еңбектің жаңашылдығын көрсетеді. Оның үстіне, көне түркі ескерткіштеріндегі ономастикалық кеңістіктің жүйелі түрде зерттелмеуі және бұрынғы зерттеушілердің арасында ономаст-ғалымдардың аз болуы бұл зерттеудің өзектілігін анықтайды.

Монографияның бірінші, теориялық бөлімін филология ғылымдарының кандидаты К.Күркебаев, жинақтауын филология ғылымдарының кандидаты Б.Қапалбеков, талдау бөлімдерін филология ғылымдарының кандидаты Б.Бияров жазды.

Монография көне түркі ескерткіштеріндегі ономастикалық кеңістікті анықтауды және анықталған әр жалқы есімнің этимологиясын ашуды мақсат еткен. Ғылыми еңбекті көне түркі тас мәтіндерінде кездесетін ономастикалық бірліктердің этимологиялық сөздігі десе де болады. Енисей, Талас, Орхон ескерткіштеріндегі жалқы есімдер түгелдей қамтылды дей алмаймыз, сондықтан қалып кеткен ономастикалық бірліктерді қосып отыру; толық емес немесе қате тұжырымдалған этимологиялық анықтамалар болса, толықтырып отыру; оқырмандардың пікірлерін ескеріп отыру жұмыстары жалғаса береді. Әр жалқы есімге берілген анықтама туралы айтар ой, ұсыныс, ескертулеріңіз болса, авторлар қуана қабылдайды және мына электронды почтаға жолдауларыңызды өтініп сұрайды: berdibek_biyar@mail.ru

Кітап тіл білімінің түркітану, ономасиология салаларымен айналысып жүрген филолог студенттер, магистранттар мен доктаранттарға, тіліміздің тарихы мен еліміздің өткені қызықтыратын көпшілік қауымға арналған.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



ТЕКСТ

Яндекс.Метрика