THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
ТҮРКІ ЛИНГВОМӘДЕНИ БІРЛІКТЕРІ
Авторы: Қаламқас Қалыбаева, ф.ғ. докторы, профессор
23/11/2023 12:24 0 823 0
Монография-оқулықта түркі лингвомәдени бірліктеріндегі аялық білімнің ұлттық сипаты оғыз және қыпшақ
тобы тілдері материалдары негізінде қарастырылады. Яғни ұлттық кодты құрайтын
түркі лингвомәдени бірліктерінің уәжделу үдерісі ұлттық таным тұрғысынан салыстырыла
зерттеледі. Еңбек тіл білімінің түркітану, лексикология, фразеология,
этимология лингвомəдениеттаным, когнитивтік лингвистика салаларымен айналысып
жүрген мамандарға, филолог студенттерге, магистранттар мен доктаранттарға, тіл
тарихы қызықтыратын көпшілікке арналған.
Монография- оқулық үш бөлімнен тұрады. Алғашқы
тарауда қыпшақ (қазақ, қарақалпақ,
ноғай, татар, башқұрт, қарашай-балқар, құмық) және оғыз (түрік,әзірбайжан,
түркімен) тобы тілдеріндегі фразеология теориясының қалыптасуы мен даму деңгейі
сөз болады. Зерттеу нәтижесінде анықталғандай қыпшақ тобындағы тілдердегі
фразеология теориясының бағамдалуы бір деңгейде болғанымен оғыз тобы арнайы
қарастыруды қажет етеді. Оғыз тобы тілдерінің фразеологизмдері бойынша жазылған
кітаптардың, мақалалардың көптігіне қарамастан, фразеологизмдердің әлі де
зерттелмеген тұстары бар екені анықталды. Тіл үнемі өзгерістегі құбылыс
болғандықтан, кейбір фразеологизм мен мақалдардағы атаулар да қолданыстан
шығады, сәйкесінше ондай тұрақты тіркестер де уақыт өте келе ұмытылады. Ал
тілге жаңадан еніп жатқан тіркестер үнемі бақылауда бола бермейді. Сондықтан үш
тілде де фразеологиялық тіркестердің құрамын толықтыру жұмыстары жүріп жатыр.
Салыстырмалы түрде әзірбайжан тіл білімінде фразеологияның жеке сала ретінде
әбден орныққанын байқалады. Бұған жоғарыда аталған зерттеулердің көптігі ғана
емес, жан-жақтылығы да дәлел бола алады. Көрсетілген жеті түрлі бағыттағы
зерттеу жұмыстары бір-бірін толықтырып отырады. Ал түрік тіл біліміндегі
фразеологияның әлі де кемшін тұстары жетіп артылады. Мәселен, фразеологизмдерді
мақал-мәтелдерден ажыратпау, олардың құрылымына мән бермеу, синтаксистік
критерилерді ескермеу және т.б. Түрік тілінде жазылған еңбектердің көбі бір
бағытты қамтиды. Бұл фразеологиядағы мәселелердің шешілмеуіне, даулы
сұрақтардың тууына түркі болып отыр. Себебі фразеологизмдерге қойылатын
таплаптардың ескерілмейтін тұстары мысалдарда кездесті. Ал фразеологиялық
корпус мүлдем қалыптаспаған. Түрікмен тіл біліміндегі фразеологияның зерттелуі
жоғарыдағы екі тілмен салыстырғанда кешеуілдеген қалыпта. Өйткені нақты
фразеология жайлы зерттеу жұмыстары аз. Сөздіктер салыстырмалы түрде көп, бірақ
фразеологизмдердің құрылымы, ерекшеліктері, белгілері жайлы деректер жиі
ұшыраспайды. Сондай-ақ, жеке шығармалар тіліндегі фразеологизмдерді
талдаулармен ғана шектеледі. Мәселен: «Оғызнама» тіліндегі түрікмен
фразеологизмдері» және т.б. Бұл түрікмен фразеологиясының ерекшеліктері,
зерттелу кезеңдері, т.б. туралы деректер алуға жеткіліксіз. Сондықтан оғыз тобы
тілдерінің фразеологиясы әлі де зерттеуді қажет етеді.
Ал екінші және
үшінші тарауларында осы тілдер тобындағы фразеологизмдердің тарихи уәжделуі
арнайы сөз бола отырып, олардың түркілік ортақтығы мен уақыт көшіне байланысты
дифференциациаланған ұлттық сипаты бағамдалады. Мысалы екінші тарауда қыпшақ тобына енетін
қазақ, қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қарашай-балқар, құмық тілдеріндегі
халық басынан кешкен тарихи уәждерді сақтап қалған лингвомәдени бірліктер
талдауға алынады. Қазіргі кезде
фразеологизмдердің теориялық мәселелері біршама шешімін тапқан кезеңде енді
оларды халықтың тарихымен, танымымен астастыра зерттеуге деген қызығушылық
артып отыр. Осымен байланысты қазіргі тіл білімінде өз алдына ономастикалық
фразеология саласы қалыптасуда. Бұл сала әзірше кең зерттеле қоймаған жас
саланың бірі болып табылады. Дегенмен орыс және тағы басқа шетелдік ғалымдар
бұл мәселеге бұрыннан-ақ назар аударып келгенін байқауымызға болады. Әсіресе
бұл салада туыс емес тілдердің фразеологизмдерін салыстыра зерттеуге біршама
жақсы көңіл бөлінгені қуантады. Айталық, неміс және украин тілдерінің
ономастикалық фразеологизмдерін Н.Л.Кудина
салыстыра зерттесе, ағылшын және орыс тіліндегі осы мәселені
В.А.Мендельсон, француз және орыс тілдеріндегі ономастикалық фразеологизмдерді
Н.В.Абрамова секілді ғалымдар жан-жақты қарастырған. Түркітану саласында да
онамастикалық фразеологизмдер негізінен туыс емес тілдерді салыстыру бағытында
зерттелген. Мысалы, Э.М. Саитова башқұрт тілін орыс және неміс тілдерімен
салыстыра зерттесе (2007), Г.Р.Ганиева ағылшын, орыс және татар тіліндегі жалқы
есімдердің фразеологизмдер құрамында қолданылу сырын зерттейді (2012). Сол
секілді Г.Ф.Саттарова, З.М.Раемгужина башқұрт фразеологизмдерін әлемнің тілдік
бейнесі тұрғысынан салыстыра қарастырған. Ал қазақ тіл білімінде Ф.М.Әшімханова
«Қазақ тіліндегі антропонимдердің лингвомәдени жүйесі» (2007) деген тақырыпта
зерттеу жүргізген. Бұл еңбекте жекелеген фразеологизмдердің түркілік сыры да
қоса қамтылған.
Өкінішке орай түркі онамастикалық
фразеологизмдерін туыстас тілдердің материалы негізінде салыстыра зерттеулер
жоқтың қасы. Бұл бағытта түркі тілдерінің фразеологизмдерін салыстыра
қарастырып жүрген Қ.С.Қалыбаеваның зерттеулерінде мәліметтер кездеседі (2009).
Сол сияқты З.А.Биктагирова, Г.С.Хазиевалардың татар және түрік тілдеріндегі
онамастикалық фразеологизмдерді салыстыра саралаған мақалалары болғанымен,
көтеріліп отырған тақырып аясында арнайы зерттеулер өте аз. Соған қарамастан
түркі халықтары фразеологизмдерінің құрамындағы онамастикалық атаулардың туыстас
тілдердің материалында арнайы қарастырылуы халқымыздың тарихы үшін де, келешек
ұрпақтың танымы үшін де зор нәтиже берері сөзсіз. Осы мақсатта
монография-оқулықта жалқы атауларды (кісі есімдері, жер-су, халық, ру атаулары)
сақтап қалған лингвомәдени бірліктер, халық танымындағы ұлттық кодтарды
(салт-дәстүр, мәдениет) сақтап қалған лингвомәдени бірліктер тереңнен талдауға алынды.
Мысалы қыпшақ тобына енетін халықтардың
орналасу территориясындағы алшақтықтарға және қазіргі байланысу, араласу мүмкіндігінің
шектеулігіне қарамастан аталған тілдердегі о бастағы таным мен тарих ортақтықтығын танытатын тілдік
белгілер, фразеологизмдер Асан қайғы, Мамай, Майқы би, Шыңғыс хан
секілді тарихи тұлға есімдері
сақталған. Әсіресе Алтын Орда кезеңіндегі
Мамай есімі тілдік санада жақсы көрініс тапқан. Дегенмен танымдық
айырмашылықтар да осы тілдік бірліктерден аңғарылады. Мысалы, Ресей құрамында өмір сүретін татар, башқұрт,
ноғай халықтарының бәрінде тарихи
есімнің «қанішер, озбыр» коннатациясымен
бірге ноғай, татар халқында Мамай (дынъ) йыры
керісінше керемет бір «жақсы заман» мағынасын сақтап қалғандығы
таңғалдырады. Ал қазақ тілінде Мамайға байланысты оның озбырлық бейнесінен
гөрі, оның тарихтағы алып тұлғасына өткеннің көзімен өкіне қарау мағынасы басымдау
көзге ұрады. Мысалы, «Өлдің Мамай, қор болдың» «кеше ғана абыройлы едің,
заманың өтті, қор болдың» деген мағынада қолданылады.
Сол сияқты әр түркі халқының тарихына әсер еткен жеке тұлғалары да
тілдік санада орын алған. Айталық ноғай
тілінде Турагелди, татар-башқұрт және
түрік тілдеріндегі Уәли мен Әли есімдері тілдік санада қалғанымен, тарихи
деректерде сақталмаған. Ал қарашай-балқар тілдеріндегі Гырау, татар тіліндегі Столыпин секілді
есімдер халық тарихынан туындаған фразеологизмдерді қалыптастырған.
Халықтың өмір сүру ортасы, мекендеген территориядағы табиғи
айырмашылықтар да тілдегі фразеологизмдердің әркелкі түрлерін қалыптастырған.
Бұл жағынан түркі тілдерінде Мекке, Медине атаулары ортақ ұғымдарды танытса,
қазақ тілінде Сырдария «сырдың суы сирағынан келмейді» деген оралымдағы
«қорықпайтын, тәуекелшілдік» ұғымындағы мағына ортақтығын әзірбайжандар «Araz
aşığından, Kür topuğundan» (Араз, Күр –Әзірбайжан территориясындағы һзен көл
атаулары) деп келтіреді. Сонымен
бірге әр халықтың тілінде қалыптасқан белгілі бір өсекші, суайт адамның
жинақтық образы болады. Мысалы, башқұрт тілінде өсекшіл, әңгімеқұмар әйелдер
образы Ҡорманбикә, Иләмән есімдерінде
топтастырылған. Мысалы: Әҙергә бәҙер
Гөлбәҙер, Ҡоро калмаҫ Ҡорманбикә секілді; Илле иле менән булғанда, Иләмән үҙе
менән була. Құмық тілінде бұл образ
Ханике есіміне жинақталған. Бұл тілде
Хабарчы Ханике фразеологизмінде өсекші, аузында сөз тұрмайтын әйелдің
бейнесін көреміз. Қарашай-балқар
тіліндегі телли Жанибек атауы да осы халық санасындағы пәтуасыз, ісінде нәтиже
жоқ адамның келбетін танытады. Телли Жанибек чегемге баргьанча «түкке қажеті
жоқ іспен айналысу». Сол сияқты халық санасында кейбір оқиғалардың өзі ұмытылса
да, сол оқиғадағы кісі есімі фразеологизмдерінде сақталып қалады. Соның бірі Ханиша есімі. Мүмкін халық
тарихында Ханиша деген әйел суға батып қайтыс болған шығар. Алайда ол оқиға
ұмытылған. Оқиға ұмытылса да суға кеткен Ханиша есімі тілде сақталған. Былтыр ёлген Ханишайны быйыл сууда
излегенча. Озгъан джангурну джамчы алыб сюрме дегенча айтылгъан сёзле. Сол
сияқты өз үлесін басқаға бере салатын
Данакьай есімі де Данакъай джау ашамайды
фразеологизмінде жеңіл юмормен есте қалған. Сол сияқты Казбекни тирменича къурулуб фразеологизмі де
өз бойындағы нәтижесіз іс деген мағынасын ғана сақтап қалып, оқиғасы
ұмытылған. Ноғайларда Ахмет-каяда бал
бар, оннан бизге не пайда... Әрине, Ахмет балшы тарихта болған болуы мүмкін,
бүгінде халық санасынан ұмытылған. Оралымның беретін мағынасы – айдаладағы қол
жетпейтін балдан бізге не пайда деген мағынада. Яғни фразеологизмдер
құрамындағы жалқы есімдердің бірқатары тарихта аты қалған Мамай, Шыңғысхан,
Асан қайғы тұлғалары боласа ендігі бірі аты қалғанмен, уәжі сақталмаған әр
ұлттың танымында қалған Уәли, Судыр Ахмет, Ханиша, Ахмет атаулары
фразеологизмдердің құрамында тұрақталған.
Жалпы түріктердің санасына сіңіскен өз ұлтына
деген мақтаныш сезімі де осы лингвомәдени тілдік бірліктерде кеңінен орын
алған. Мысалы қазақ тілінде «қазақылық»,
«қазақшылдыққа салыну» десе ноғайлар «ноғайшылау», ноғай мәнез» десе, қарашай
балқарлар мен құмықтарда «Өздендік», «таулықтар», түріктерде оғызшылдық
(гуззшылдық) –менталитетін айқындап тұр.
Әрине, әр ұлттың өз халқына деген мақтанышы болары сөзсіз. Осындай
ұлттық мақтаныш сезімі әр халықтың тілдік бірліктерінен айқын танылады. Соның
ішінде әсіресе кавказдық өр рухпен сусындаған қарашай-балқар халқында осындай
тілдік бірліктердің молдығы бұл халықтың өзіндік өрлігіне құрылған танымын
ерекше айқындайтынын байқадық. Үлкен империяның тірегі болған, жер-жаһанды
жаулаған жұрт Осман түріктері атауы да мақал-мәтелдерде үлкен мақтаныш сезімін
қалыптастырған. Мысалы түрік тілінде Osman türkü arabayla tavşan avlar – «осман
түркі арбамен қоян аулар»; Osman türk
nün ayagı üzengide olsun – «осман түркінің аяғы үзеңгіде болсын» секілді мақалдар осман түріктерінің ерлік жолын,
даңқты тарихынан, саяси әлеуетінен хабар
береді.
Яғни түркі фразеологизмдеріндегі антропонимдік фразеологиялық
бірліктердің қайнар көзі нақты адамдар
мен тарихи тұлғалар, фольклор кейіпкерлері мен әдеби шығармалардың
кейіпкерлері, ежелгі құдайлар мен
әулиелер, ұлт атаулары болып келеді екен. Туыстас түркі жұртының діңгегі бір
болғанымен тарихи тағдырлары түрліше қалыптасқаны бүгінгі лингвомәдени
ізденістерден анықталып отыр. Соған қатысты бұл монография-оқулықта түркі
тілдерінің екі үлкен қыпшақ және оғыз бұтағы жан-жақты зерттеуге алынды. Атаулы зерттеу бұл бағыттағы жоба жұмыстарының
тек бастауы ғана. Түркі жұртының алтын қазынасы аталып жүрген фразеологизмдер
мен мақал-мәтелдердің құрамында сақталған түрлі тарихи ақпараттар көзін
іздестіру алдағы ғылыми ізденістерімізде
жалғасын табары сөзсіз.
ПІКІР АЛМАСУ
08/01/2025 17:32
Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Ана тілім – ардағым» атты мерекелік іс-шара өтті
|
ТЕКСТ