THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
ҚАЗАҚ ТІЛІ ЖҮЙЕСІНІҢ ОРФОГРАФИЯЛЫҚ СӨЗДІКТЕРДЕГІ КӨРІНІСІ
Авторы: Орынай ЖҰБАЙ, ф.ғ.докторы
04/12/2023 16:21 0 634 0
Тіл – жүйе. Бұл туралы Фердинанд де
Соссюрдің де, Ақымет Байтұрсынұлының еңбектерінде де сөз болды. Байтұрсынұлының
«Тіл – құралдың» бөлімдерін «Дыбыс жүйесі мен түрлері», «Сөз жүйесі мен
түрлері», «Сөйлем жүйесі мен түрлері» деп атауы бекер емес. Ғалым көрнек
өнерінің өзге түрлерінің бәрінен жоғары қоя отырып, сөз өнерін үй салу өнеріне
ұқсатады: «Сөзден әдемелеп әнгіме шығару өнері үй салу өнеріне ұқсас. Үй салуға
мәселен, түрлі зат керек. Ол керек зат – топырақ болса, оны біріктіріп ійлейді, ійлеген балшықтан керпіш құяды. Керпішті
қалап, неше түрлі үй қылып шығарады. Үйдің жақсы-жаман болып шығуы балшығынан
да, керпішінен де болады, бірақ көбінесе – керпіштерінің қалауынан болады.
Керпіш қандай жерде қалай қаланып, қандай үй болып шығуы жасаған жобаға қарай
болады, неғұрлым жоба жасайтын сәулет өнер пазы қиялға бай болса, соғұрлым
салған үй сәулетті, әдеме болып шықпақ. Сөзден құрастырып, пікірлі әңгіме шығару үшін
жұмсалатын зат – сөздер. Топырақтан ійленіп керпіш жасалған сияқты дыбыстан
құралып, сөз жасалған. Керпіштен қалап түрлі үй жасау сияқты сөзден бірігіп,
түрлі әнгімелер айтылады. Үйдің түрлі болып шығуы, – балшығынан, керпішінен,
әсіресе қалауынан болатыны сияқты, әңгіменің түрлі болып шығатыны тілдің дыбысынан, сөзінен, әсіресе сөздің тізілуінен.
Балшық жаман болса, керпіші жақсы болмайды, керпіші жақсы болмаса, үй жақсы
болып шықпайды. Бұл ырас. Бірақ керпіш жақсы болса да, қалауы жаман болса, онан
жақсы үй шықпайды. Сол сияқты тілдің дыбысы жаман болса, дыбыстың қосылуы жақсы
болмаса, сөз құлаққа жағымды болып шықпайтыны ырас, бірақ тізуі жаман болса,
дыбысы жақсы сөздерден де жақсы әнгіме шықпайды».
Сөзді жазғанда тілдегі жүйені ескеруіміз
керек. Қазақ тілінің жүйесі орыс тілінің жүйесіне ұқсамайтындықтан (қазақ тілі
– жалғамалы тіл, орыс тілі – қопармалы тіл), қазақ сөздерін жазғанда орыс
тіліндегі жүйені, заңдылықты басшылыққа алу дұрыс болмайды. Өзге тілдегі норма,
заңдылықтарды қазақ тіліне тели беруге болмайды.
Ақымет Байтұрсынұлы бастаған қазақ
білімпаздары қазақ тілінің жүйесін жан-жақты зерттеп, қазақ орфографиясына
негіз болатын ұстанымды (принцип) нақтылап берді, жазу ережесін дайындап, қазақ
тіліндегі норманы қалыптандыруға тырысты. Алайда алаш арыстарының
репрессиялануына байланысты 1930 жылдардан бастап, еңбектеріне тыйым салынып,
қазақ тіл білімінде еуропоцентризм орын алды. Осы уақытқа дейін орфографияда
орыс тіліндегі ұстанымдар басшылыққа алынып, фонематикалық ұстаным негізге
алынып келеді. Сол себепті шет тілдік сөздер орыс тілінің заңдылығына сәйкес,
орыс тілінде нормаланған қалпында таңбаланып келеді. Тіпті жекелеген
дыбыстарымыз да орыс тілінің заңдылықтарына сәйкес жазылып келеді.
Келер жылы 100 жыл толғалы отырған Қазақ
білімпаздарының тұңғыш сійезінде Ақымет Байтұрсынұлы, Елдес Омаров сынды
ғалымдар қазақша дыбыстарды дыбыс жүйесінше жіктегенде «у» мен «й» дауысты
дыбыстарға жатпай, дауыссыз «р» мен «л»-ға қосылып кететінін, қазақша «тау»,
«мүйіз» сықылды сөздер бірсыпыра түрік халықтарында «тағ», «мүгіз» түрінде
айтылатынын негізге ала отырып, «у» мен «й» дауыссыз екенін дәлелдегенмен,
сійезге қатысушылар арасында бірауыздылық болмағандықтан, бес кісіден
(Байтұрсынұлы Ақымет, Шонанұлы Телжан, Омарұлы Елдес, Мырзаұлы Мұхтар, Досмұхаметұлы
Халел) құралған комиссия жасақталып, бұл мәселе арнайы талқыланды.
А.Байтұрсынұлы аяғы «ұу», «ыу», «ый» болып тынатын сөздерге түрлі қосымшалар
жалғап, оны дауысты дыбыстардың жұрнақ-жалғауымен салыстырғанда да, қай жағынан
тексергенде де «у» мен «й» дыбыстарын дауысты деуге болмайтынын, екеуінің де
дауыссыз екенін дәлелдеді. Ғалым «Еңбекші қазақ» газетінің 1929 жылғы 27
наурызында жарияланған «Емле туралы» атты мақаласында да й, у дауыссыздарын
дыбыс жүйесінше жазу керектігін ескерткен еді.
Қазақ тілінің шынайы болмысын дөп басып
тани білген, таныта білген алаш зиялылары репрессияланған соң й, у дыбыстары
бірде дауысты, бірде дауыссыз ретінде танылып келді. Әлі де сол танымнан ажырай
алмай келеміз. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Атамұра» баспасына
берген ресми жауабында «керуен» сөзінде
екі буын бар екенін көрсетуі бұл мәселені тіпті де ушықтырып жіберді.
Орыс тілінен енген дыбыстар әліпбиімізден
әлі шығарылмағанның кесірінен әлі де 42 әріптен арыла алмай келеміз. 2005-2013
жылдары орфографиялық сөздіктердің қайта-қайта шығарылуы, 2013 жылы шыққан сөздікте көп қатенің
жіберілуінің салдарынан қазіргі кезде қоғамда хаос орын алып отыр.
«Орфографиялық сөздікте» қате көп болғандықтан, көпшілік жазу барысында ол
сөздікті басшылыққа алғысы келмейді. Сөздікте «ұрлықшы, «бүгінгі күні»,
«бизнес-сынып» т.с.с. қателер көп болғандықтан, жазармандардың позициясын,
қарсылығын да түсінуге болады. Алайда мектеп бітірушілердің немесе Қазтеске
сынақ тапсырушылардың жұмысын тексеруде 2013 жылғы сөздік басшылыққа алынады. Сондықтан
2013 жылғы «Орфографиялық сөздіктің» қазақ тілінің жүйесіне қаншалық сәйкес
келетінін, қай кезде жүйе бұзылып тұрғанын нақтылау мақсатында осы кітап
көпшіліктің назарына ұсынылып отыр.
Әрине, «Орфографиялық сөздіктегі» барлық
сөз қате, бір де бір сөз дұрыс жазылмаған» деген ойдан аулақпыз. Алайда ол
сөздікте осы уақытқа дейін басшылыққа алынып келген, тілімізде біршама орнығып
қалған біраз қағидаттар өзгерген. Бұл әсіресе сөздердің бәрге, бөлек жазылуына
қатысты. 2013 жылғы сөздіктің соңындағы ережеде: «§27. Еш, әр, кей, бір, қай,
әлде сөздерімен біріккен есімдік, үстеу сөздер түбір тұлғалары өзгертілмей,
бірге жазылады. Мысалы: әркім, әрбір, әрдайым, әрқашан, ешкім, ешбір, ешқандай,
ештеңе, кейбір, қайбір, қайсыбір, бірдеңе, бірнеше, бірталай, біраз, бірсыпыра,
біржолата, бірыңғай, біркелкі, бірқыдыру, әлдеқалай, әлдеқайда, әлдеқандай,
әлдеқашан, әртүрлі», – делінген. Алайда 2013 жылға дейін бөлек жазылып келген (біралуан:
біралуан болу; біралқым: біралқым жіп; бірасар (қару); бірасым: бірасым ет; біраттам:
біраттам жер; біратым: біратым насыбай; бірауыз: бірауыз сөз; біркиер: біркиер
киім; біркөш: біркөш жер; біркүндік, біркүндік жол; бірқабатты, бірқабатты үй; бірқыдыру,
бірқыдыру жер; бірқыдыру сөз; бірмойын: бірмойын жер; бірсарын, бірсарынмен
орындау; бірсарынды, бірсарынды дауыс; бірсөзді, бірсөзді жігіт; біртұтам: біртұтам
қи; біршөкім: біршөкім мақта, т.с.с.) сөздердің бірге жазылуы көпшілік
тарапынан қабылдана қоймай, түсініспеушілік тудыруда. Ережедегі қағидалардың
сөзтізбедегі бірліктердің таңбалануымен сәйкес келмеуі де жазуды қиындатқан. Сөздіктің
кіріспесінде редактор бір сөзімен келетін сөздердің бірге жазылатынын
ескерткенімен, ереже беруде ол жағы назардан тыс қалған. Жазарман норманы
түсінгенмен, сөздіктегі берілуімен сәйкес келмегендіктен, әр сөзді қарап
отыруға мәжбүр. Себебі бір модельге жататын сөздер біресе бірге, біресе бөлек,
біресе қос сөз түрінде таңбаланған. Кітапта қазақ тілінің жүйесін нақтылауда
А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанов сынды ғалымдармен қатар
А.Ысқақов, Ы.Маманов, С.Исаев, Ә.Жүнісбек сынды ғалымдардың теориялық еңбектері
негізге алынды. Қазақ тілі жүйесінің 2013 жылы жарық көрген «Орфографиялық
сөздігіндегі» көрінісі сипатталып, А.Байтұрсынұлы, Р.Сыздық сынды ғалымдардың
ұстанымдарымен сабақтастықта сөз етіледі. Сондай-ақ соңғы шыққан сөздік Рабиға
Сыздықтың 2000 жылы шыққан «Қазақ тілінің анықтағышы» атты еңбегімен, 1988,
2005, 2007 жылдарда жарық көрген орфографиялық сөздіктермен салыстырыла
талданды. Еңбек тілдік қолданыстардың тұрақтануы, қалыптануы, өзгеруі, т.с.с.
туралы мол ақпарат береді. Кітап емле, норма, орфография, фонетика,
терминология, қазақ әдеби тілінің тарихы, қазақ тіл білімінің тарихы, т.с.с.
мәселелермен айналысып жүрген зерттеушілерге, филолог мамандарға, ЖОО
студенттеріне, магистранттар мен докторанттарға, жалпы көпшілікке арналған.
ПІКІР АЛМАСУ
08/01/2025 17:32
Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Ана тілім – ардағым» атты мерекелік іс-шара өтті
|
ТЕКСТ