THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Өзіміз бір кісідей-ақ қатысқан он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме
сөздігінде» ешқандай кемшілік жоқ
деп айта алмаймыз. Онда үлкенді- кішілі толып жатқан кемшіліктер бар. Он бес
томдық сол он томдықтағы кемшіліктерді түзеп, оған кірмей қалған сөздер мен сөз
тіркестерін тауып, толықтыруға тиіс болатын. Рас, 15 томдық 10 томдыққа кірмей
қалған сөздер мен сөз тіркестерінің біразын (бәрін емес) толықтырыпты. Мұны
жоққа шығара алмаймыз. Бірақ сол толықтыру жүйелі түрде, кең көлемде, толық
күйінде жүзеге аспаған. Есесіне негізгі күшті 10 томдықтың көлемін үлкейтіп,
оны 15 томға жеткізуге ғана жұмсаған сияқты. Оған дәлел болатын мәнбілер
(фактілер) жетерлік.
Біртілді сөздікті жасаушылардың басты міндеттерінің
бірі – атау сөздерді сөздікке әліпби ретімен тізіп беріп, оларға анықтама бере
салу ғана емес, оларға тілдік талдау жасап, қайсысы қай заттың, қай ұғымның аты
екендігін нақтылау болуға тиісті. Біздің ТС жасаушылар сөзді саралаудың,
даралаудың орнына оны сөздікке тіркеп қана қоя салады. Осы пікірдің растығына
бір мысал келтірейін. Тұрмыста көп қолданылатын, көпшілікке жақсы таныс, бір
нәрсені қысып ұстауға арналған, 5-6 түрлі темір құрал бар. Олардың екеуінің
сабы ұзын, үшеуінің сабы қысқа, біреуі – кеспелтектеу. Бәрі де темірден
жасалған. Бұлардың атаулары ҚӘТС-те де, аймақтық сөздікте де, орысша-қазақша
немесе қазақша-орысша сөздіктерде де, тіпті «Шаңырақ» деп аталатын
энциклопедияда да араласып, айқасып, шатасып, «былығып» жүр.
Алдымен «кеспелтектеуіне»
тоқталалық. Оны орысша «тиски»
деп атайды. Өңдеуге яғни кесуге, егеуге арналған темірді қысып қоятын бұрандалы
құрал. ҚӘТС-те бұл құрал іскенже,
шаттауық, қысқыш, қысқаш, атауыз деген бес сөзбен аталыныпты (Бұдан былайғы
жерлерде сөз болған атау сөздер мен мысалдардың бәрі – «жаңадан жасалған, ең
соңғы және толық сөздік» деп есептелініп жүрген 15 томдық ҚӘТС-тен алынады -
Б.Қ.).
Сабы ұзын екі құралдың біреуін әйелдер пайдаланады. Онымен оттан шоқ
алып, самаурынға салады. Орысша аты – щипцы. Ол ҚӘТС-те қысқаш, шымшуыр,
шаттауық деген үш сөзбен белгілепті.
Сабы ұзын екінші құралды ұсталар пайдаланады. Онымен
отта жатып қызған ыстық темірді қысып алып, оны төске қойып, балғамен соғып,
керекті формаға келтіргенше ұстап тұрады. Орыстар мұны да щипцы деп атайды. ҚӘТС- те бұл құрал шымшуыр, қысқаш, шаттауық деген үш атаумен беріліпті.
Енді сабы қысқа үш құралға келелік. Оның біріншісімен
шеге суырады. Орысша – клещи. Бұл
құрал ҚӘТС-те атауыз, кемпірауыз,
тістеуік, іскенже деген төрт сөзбен аталыпты. Екіншісі – зымтемірді қиып
түсуге арналған, жүзі (тісі) өткір құрал. Орысшасы – кусачки, острозубцы. Бұл тістеуік
деген бір ғана сөзбен алынған. Үшіншісі – темірді қысып ұстауға арналған, басы,
таңдайы жалпақ құрал. Орысшасы – плоскогубцы.
Мұның қазақша аты сөздікте көрсетілмеген. Ауызекі тілде оны балықауыз деп атайды. Егер өзімізді шын
мәнінде сөздікшіміз дейтін болсақ, жоғарғылардай бәрін араластырып,
былықтырмай, алты құралды алты сөзбен, атап айтқанда іскенже (тиски), қысқаш (шоқ салады; щипцы), шымшуыр (қызған темірді
ұстайды; шипцы), атауыз/кемпірауыз (шеге суырады; клещи), тістеуік (зымтемірді
тістеп, кесіп түсетін құрал; кусачки), балықауыз немесе шаттауық (темірді қысып
ұстап тұруға арналған, басы жалпақ, таңдайы тегіс құрал; плоскогубцы) деген
жеке-жеке атаулармен берсек (атасақ), ең дұрысы осы болған болар еді. Сонда
қысқыш сөзі – медициналық «зажим»
дегенге, кір қыстырғыш сөзі «прищепка»
дегенге өзінен-өзі балама болып шыға келеді. Сөздіктерге осылай деп сараланып
берілгеннен кейін, оларды қолданушылар да солай даралап атаған болар еді.
Ғалымдардың «сөздік – сөздік қана емес, ол, сонымен
бірге, оқу құралы» деп жүргендерінің мәні осында жатыр.
ҚӘТС-тің 7-ші томында италақаз < л а т . tadorna> сөзі алынып, анықтама берілген, 4
мысал келтірілген. 12- ші томда осы сөздің лексикалық варианты – сарыалақаз < tadorna tadorna (?) сөзі
тағы алынып, ол үш мағынаға бөлінген. Мұның алдыңғы екі мағынасы – бір ғана
мағына, тек ол мағына басқа-басқа сөздермен жазылған. Осы сөздерге байланысты
бірнеше сұрақтар туындайды. Олар: Бір ғана құстың екі түрлі атауына неге үш
түрлі анықтама берілген? Сол үш түрлі анықтамаға неге 10 мысал алынған. Егер
жеке-жеке ұғымдар, жеке-жеке мағыналар болса бір жөн. Көрсетілген екі атау
сөздің латынша атаулары неге екі түрлі және олар қазақ тілі сөздігіне не үшін
қажет болды? 15 томдық сөздік ғылыми терминдердің сөздігі емес, әдеби тілдің
сөздігі емес пе?! Бұл сұрақтардың жауабы біреу ғана. Ол – он томдықта жоқ
сөздер мен сөз тіркестерін іздеп тауып, оларға анықтама беріп әуре болып жатпай-ақ,
ҚӘТС-тің көлемін қайтсек 15 томға жеткіземіз? деген мүдде; сол мүддеге жету
жолындағы ойлап тапқан амал, айла, қулық, тәсіл.
ТС-ті міндеті – тілдегі сөздерді тіркеу, есепке алу ғана емес, оларды
жүйелеу, реттеу, мағыналары мен қолданыстарына қарай саралау, даралау болуға
тиісті. Біздің сөздікшілеріміз сөздерді тек тіркеуді (сөздікке алуды) ғана білетін
тәрізді. Мысал келтірелік.Тілімізде құтан
деген сөз бар. Оның орысша аты – цапли
(лат. ardeiidae). Бұл құстың ақ
құтан, көк құтан деген түрлері болады. Қазақ тілінің орфографиялық
сөздігінде бұл соңғы сөздер біріктіріліп жазылғандықтан екеуі де жеке-жеке
құстың аты ретінде бөлек-бөлек алынып, әрқайсысына жеке-жеке анықтама
беріліпті. Сонда құтан сөзінің өзін
қосқанда «цапли» деген құс қазақша үш
құсқа айналған.
Дәл осы сияқты тілімізде дегелек, ләйлек деген екі атау бар. Бұлар – орысша аисты (лат. ciconiidae) деп аталатын бір
ғана құстың екі түрлі атауы. Аталған құстың да ақ дегелек (ләйлек), қара дегелек (ләйлек) деген екі түрі
кездеседі. Біздің орфографиялық сөздікте бұл сөздер де біріктіріліп
жазылғандықтан 15 томдық түсіндірме сөздікке дегелек, ләйлек, қарадегелек, ақләйлек, қараләйлек деген бес атау
сөз алынып, әрқайсысына жеке-жеке анықтама берілген, мысалдар келтірілген. Ақдегелек сөзі 15 томдыққа енбей
қалыпты. Ал ләйлек сөзі құтанға, қараләйлек сөзі қарабайға сілтенген.
Биологиялық сөздіктерге қарасақ, қарабай
(лат. рregalis) деген мүлде басқа құс. Нәтижесінде біздің сөздікшілер үшін «аисты» деген құс пен «цапли» деген екі түрлі құс бір-ақ құс
болып шыққан.
Бірден айталық, ҚӘТС-ке алынған бірлі-жарым атау
сөздердің қандай ұстаныммен таңдалғандығын, олардың неге осылайша алынғандығын
біле алмай, бас қатыратын жағдайлар сөздікте жиі ұшырасады. Мәселен, күжқара сөзіне «толық денелі, енгезердей» деген анықтама беріпті. Бұл сөз «жуан
айтылушы еді ғой» деп ойлап, құж
сөзіне қарасақ, онда құж қара деп,
бөлек жазылып, «үлкен қара бұжыр (кісі)»
деген анықтама беріпті. Дұрысы осы. Сондықтан қүжқараны сөздікке алмаса да
болатын еді.
Қазақ
халқының ең басты ұлттық тағамы – ет сөзі
бесбармаққа сілтеніліпті. Қазақша ет деген тіркес
алынып, ол да бесбармаққа
сілтеніпті. Ал бесбармақ сөзіне «етке қамыр салып
жасалатын қазақтың ұлттық ыстық (ең болмаса араларына үтір де қойылмаған) тағамын өзге ұлт өкілдерінің атауы»,
- деген анықтама берілген.
Өзге ұлт өкілдері біздің ұлттық
тағамымызға неге ат қойып беруге тиісті? Ондай құқықты оларға кім берді?
Өзіміз не бітіріп отырмыз?
Қазақ баяғыдан-ақ ет асты, ет жедік демеуші ме еді.
«Біртілді сөздік жасаудың ғылыми-теориялық негіздері»
(Б. Қалиұлы,
Б. Қапалбек
Алматы, 2023 жыл)
кітабынан алынған
ПІКІР АЛМАСУ
08/01/2025 17:32
Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Ана тілім – ардағым» атты мерекелік іс-шара өтті
|
ТЕКСТ