THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазақ әдеби тілінің 15
томдық түсіндірме сөздігінде үлкен кемшіліктердің бірі – баспадан кеткен
типографиялық қателерді де жеке атау сөз ретінде сөздікке ала бергендігі.
Мысалы: Аңғар зат. жерг . Қамба (Аңғар –
амбар деген сөз ғой – Қ.Б.). Бағышта ет. сөйл. Бағытта (?). Берген мысалы: Жұмабек
машинаны газба басып, биікке шығар жолға бағыштады
(Б.Тәжібаев, Қараторғай). Қай қазақ машинаны шығар жолға бағыштады деп атайды? Егеулі
сын. сөйл. Егулі. Бұл кезде егеулі
биік ағашы бар совхоз орталығы да көрінген еді (А.Шамкенов). Торлау зат.
өс.сөйл. Мал жейтін жайылымдық шөп (Бұл торлау
емес, тарлау деп аталатын шөп қой –
Б.Қ.).
ҚӘТС-ке тебен деген екі омоним алынған. Олардың біріншісі туралы әңгіме
жоқ. Ал екіншісі – тебен (өсіп шығу)
сөзі де, осы түбірден жасалған тебенде (1.
Көктеп шығу, 2. Өсу, шығу) сөзі де әдеби тілде тебін, тебінде түрінде
қолданылады. Сондықтан алдыңғы екеуінің (тебен,
тебенде) сөздікке алынуға құқығы жоқ еді. Өкінішке орай сөздікшілер оларды
сөздікке жеке-жеке алып, әрқайсысына жеке-жеке анықтама берген. Нәтижесінде
вариант сөздерге (тебен/тебін,
тебенде/тебінде т.б.) берілген анықтамалар егіз қозыдай бір - біріне ұқсас
болып шыққан.
ҚӘТС-те тебіз (мүмкін тебін шығар? – Қ.Б.), деген екі омоним алынған. Бірі
– «шөбі қалың ойпаң жер, екіншісі –
«бұзық, қияңқы, тентек». Екеуі де «Аймақтық сөздіктен» көшірілген. Келесі
беттердің бірінде мағыналары дәл жоғарғылардай тебір деген тағы екі омоним
берілген. Яғни тілімізде екі тебіз, екі тебір бар болып шықты. Бірақ
мағыналары бірдей. Бір-бірінен ешқандай айырмашылықтары жоқ. Осылай болуы
мүмкін бе? Біздің ойымызша, мүмкін емес. Бұлардың – (тебіз бен тебірдің) біреуі қағазға қате түсірілген тәрізді. Бұл аз
болса, сөздікке «даңғаза, тентек»
деген анықтамасы бар теліз деген тағы
бір атау сөз алыныпты. Мұның да мағынасы жоғарғылармен бірдей. Бұлар сияқты
типографиялық қателердің бәрін сөздікке осылай ала берсек, «әдеби тіліміз
байиды» деген жаңсақ пікірден аулақ болғанымыз абзал болар еді.
Қазақ
тілінде көбе, көбен, көбеген, кепе деген сөздер бар. Бәрі бір сөздің фонетикалық,
лексикалық варианттары. Мағыналары – «ерте
туған, жетілген қозы». Кепе қозы әдетте семіз болады. Дәл осылар сияқты көбдік, көпей, көпеш, көрпелдес, көрпеш
деген сөздер де кездеседі. Бұлар да бір сөздің фонетикалық, лексикалық
варианттары. Мағыналары – «кеш (кенже)
туған, әлі жетіліп үлгермеген қозы». Мұндай қозылар әдетте арық болады. Осы
тұрғыдан алғанда он бес томдықтағы көбен,
көбенде сөздері дұрыс алынбаған. Олар – Н әрпімен емес, Ң
әрпімен көбең, көбеңде болып айтылып, жазылатын сөздер. Біздің оймызша, Н әрпі қолданудан немесе баспадан
кеткен қателер болу керек.
Сөздікке кежәуміт деген сөз алынған. Ешқандай анықтама жоқ. Есесіне
М.Жұмабаевтан алынған 11 жолдан тұратын ұзыннан-ұзақ бір ғана мысал бар. Кежәуміттің не екенін білейін деп,
ерінбей М.Жұмабаевтың шығармаларын (1995) ақтарып, әрең дегенде мәтінді іздеп
тапсам, әңгіме кежәуміт туралы емес,
түрікменнің атақты асыл тұқымды текежаумыт
жылқысы туралы екен.
Желғабаз//желқабаз,
желғабыз//желқабыз
сөздерін түзуші адам бұларды жеке-жеке сөздер ретінде қарастырыпты. Шындығында
бұлар бір-ақ сөз. Тілімізде «желғабаз//желқабаз»
деген сөз жоқ. Ол – үшінші буынына қателесіп, «а» жазылып кеткен желқабыз сөзі. Оған осы сөздерге мысал
ретінде Б.Аманшиннен алынған бір ғана сөйлемде желғабыз сөзінің бірде желғабыз, бірде желқабаз болып, екі түрлі жазылуы дәлел бола алады. Оның үстіне бұл
сөздерге анықтама қате берілген. Желғабазға
– «ақкөңіл, ашық» деп, желғабызға – «жүйрік» деп анықтама беріліпті. Желғабыз//желқабыз сөзі – «елпілдеп-желпілдеп қалған; елірме, желікпе; лепірме, көпірме» деген
мағынада қолданылады (Мысалдарын қараңыз). Желғабыз
сөз дегенді тұрақты тіркес ретінде алып, оған Т.Жароков пен Б.Аманшиннен
екі мысал келтірілген. Дәл осы екі мысал ешбір өзгеріссіз желқабаз сөзіне де берілген. 15 томдыққа теңіз табандылығы деген сөз тіркесі алынған. Тіркеске берілген
түсініксіз анықтамаға, келтірген мысалдың
мазмұнына қарасақ, бұл
табандылық емес, табанбалық сөзі сияқты.
Дәл осы тәрізді «тіс» сөзіне тісі бақаланды деген
тіркес алынып, оған «бір нәрсені өзі
жеместен (?) арнап, сақтап қойды» деген анықтама беріліпті. Мысал ретінде
Ж.Аймауытовтан алынған «Әжесі байғұс тісі
бақаланып, қысып-қымтырып жүріп қойдың бір жамбасын сақтаған екен» деген
сөйлемді келтірген. Ж.Аймауытов қазақ тілін бір кісідей-ақ білетін адам. Ол
кісінің бұлайша қолдануы мүмкін емес. Біздің ойымызша, «тісі бақаланды» деген тілімізде бар тістібақа+ланды сөзінің типографиядан кеткен қате болуы керек
немесе сөздікшінің өзінің ұқыпсыздығынан кеткен олқылық болуы мүмкін.
«Мата» мағынасындағы «бөз» сөзі «бәз» болып, кәдімгі «кірпіш»
сөзі «керпіш» болып жазылып кеткен.
ҚӘТС-те бұлар да атау сөз ретінде алынған.
ҚӘТС-те есекқұрт деп алып, оған анықтама беріледі де, 4 мысал келтіріледі.
Содан кейін есекқұрттар деп көпше
формасын тағы алып, оған да анықтама, мысал беріледі.
Бір ғана құстың атын (балшықшы) алып, жекеше тұлғада алып,
бір атау сөз, көпше тұлғада (балықшылар)
алып, екінші атау сөз еткен. Мағыналары бірдей. Есесіне екеуіне үш-үштен 6
мысал алынған.
Биология ғылымында жануарлар мен
өсімдіктердің тегін, тұқымдастарын білдіретін омыртқасыздар, сүтқоректілер деген сияқты көптік тұлғада
қолданылатын біраз сөздер бар. Бұлай болуы заңды. Өйткені олар – ғылыми терміндер.
Соған көзсіз еліктеп, ҚӘТС-ті жасаушылар біраз сөздерді көптік тұлғада алыпты.
Мыс.: абазиндер, ағындылар, алеуттер,
ансарлар, каротиндер, көмірсулар, малагасийлер, малайлар, мансилер,
минералдағыштар, комилер, коряктар, пуштундар, табғаштар, тақтатастар,
түрікмендер, эскимостар, шафиғишілер (?) т.б. Бұлар - терміндер емес.
Сондықтан олардың көптік тұлғада алынуы қате болған.
Қазақ тілінде кейбір күрделі сөздер тек
тәуелдік жалғауы арқылы ғана қолданылатындығы белгілі. Мыс.: Дегерес қойы, Еділбай қойы, жар қарлығашы,
жібек құрты, картоп қоңызы, т.б. Өйткені олар тілімізде солай қалыптасқан.
Он бес томдықты жасаушылар бұл жағдайды ескермей, ондай сөздердің біразын
сөздікке ы/і тәуелдік жалғауынсыз
алыпты. Мыс.: Жібек көбелек, қаракөл қой,
қанқыз, қиқоңыз, самырсынқұс, т.б. «Баланың жолдасы түсті» дегендегі жолдасы сөзі жолдас деп алынған. Бұлай ету, әрине, қате.
15 томдықтың 1-томның 11-бетінде «астаналық, алматылық тәрізді сөздер
сөздікке алынбайды» деп жазылып қойылғанына қарамастан египеттік, мексикалық деген сөздер сөздікке атау сөз ретінде
алыныпты.
ҚӘТС-те, сөз жоқ, қазақ тілінің сөз
байлығы молынан қамтылған. Кей жерде тіпті оларды шамадан тыс асырып жіберген
десек те болады. Енді жерде сол «байлықтарға» аздап тоқталалық.
Қазақ әдеби тілінің 15 томдық түсіндірме
сөздігіне енген, бірақ оған алынуға қақылары жоқ, әдеби тілдің құрамына кіре
алмайтын сөздер мен сөз тіркестері көптеп ұшырасады. Бұл жерде біз олардың
бәрін түгел тізіп бере алмаймыз. Себебі олардың саны тым көп.
Дегенмен
оқырмандардың көзін жеткізу үшін олардың біразын көрсетпесек тағы да болмайды.
Мысалы: алым – ғалым, әжү – салмағы ауыр
шоқпар, әсіл – әдіс, тәсіл; бағыт – уақыт, бадам – аулақ, алыс, бағар –
тоқылған қап, бажына – топшылау, байымдау, түю, байнақ – байтақ, баран –жария,
баранда – жақындаңқырау, маңайлау, барилалия –күмілжіп, міңгірлеп сөйлеу, барыз
– желкен, баһа - баға, белдемде2 – селдір тоқымаға тігілген кесте, есек-песек –
әйтеуір мініс көлігі, кер – биік төбе, көк5 – қиқар, қыңыр, күйрек – қытырлақ,
құрғақ, қағын – қаған, қадариқол – әдейі, арнайы, қазине – құдірет, қаймалыс –
әр нәрсені ермек қылу, қараз – кәріз, қолқарасық – арқардың асығы, қорық –мақтаның
арықшасы, сайы, мәсулият – міндет, парыз, мәһір – қалыңмал, мойын – шіркеулік дулығаның барабаны (?), насрат -
жеңіс, нувориш – қуыс кеуде бай, нұғара – азап, қиындық, обит – қалқиту,
тұрғызу, паймана – өмір, тіршілік, пәйвандәкіл – будандастырылған өрік, сағдар
– кәшек, салым – әдет, салт-дәстүр, самала – полкке парапар жасақ, саят – жаман
қылық, сым – темір тескенде астына қойылатын төс, тағажуы – таңғажайып,
керемет, тоғым – тоғын, тоз – қаймақ пен сүт арасындағы жұқа маңызы, торлаусыз
– еркін, бұғалық көрмеген, тұлып – пейіл, ниет, түбіт – қалдық май, тіске –
жіңішке, үйез – сиыр иірілген жердің тезегі, үлек – төбе, биіктік, үрім – ағаштың ұшындағы соңғы бүршігі, үш –
кимешектің сыртынан тартатын ақ шүберек, шақыра - күрке, қос, шаһияр – шадияр,
шегедек – жұқа мұз қабаты, шелек – күпшек, ши – жыртылмай қалған жер, шиен –
ін, үңгір, шоқпақтай – тоқпақтай, шошақ – басшы, шулаңдас – шуласу, шүйгір –
шүйгін, шық – былшық, шылқи – шылғи, шылпара – быт-шыт, шыныкебектен – ақталу,
шырла – пышырлау, т.б.
Кейдейсоқ
сөздерді келтіріп отыр деп ойлап қалмаңыздар. Мұндай сөздер 15 томдықта көп.
Сол сөздіктің 332-333 беттеріне ғана қараңызшы. Онда паштас, пашын, пашыр, пашырлат, пашырлату, пәвандәкіл, пәйт, пәйтте,
пәйттеу, пәкі, пәкізе, пәкізеле, пәкізелеу, пәкізелік дегендер тәрізді 10-
15 сөз тұр.
«Біртілді сөздік жасаудың ғылыми-теориялық негіздері»
(Б.
Қалиұлы, Б. Қапалбек
Алматы, 2023 жыл) кітабынан алынған.
ПІКІР АЛМАСУ
08/01/2025 17:32
Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Ана тілім – ардағым» атты мерекелік іс-шара өтті
|
ТЕКСТ