КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

15 томдық Қазақ әдебиетінің түсіндірме сөздігінде, сөз жоқ, дұрыс берілген анықтамалар жетерлік. Сонымен бірге онда қате немесе жетімсіз анықтамалар да аз кездеспейді. Біз негізінен анықтамалардағы кемшіліктерге көбірек тоқталмақшымыз. Ондағы мақсат – он бес томдықтың бағасын түсіру емес, 10 томдықты 15 томдыққа жеткізгеніміз сияқты күндердің күнінде 15 томдықты 20 томдыққа жеткізуіміз мүмкін ғой.

Сонда төменде көрсетілетін олқы тұстар жаңа сөздікте түзеліп кетсін дегендік. Мысалдарға жүгінелік:

Ақкөз1 сөзіне «дәлдір, надан, есер» деген анықтама берілген. Ақкөз – біріккен сөз емес, ол – тұрақты сөз тіркесі. Оның мағынасы – «Бұзық, есерсоқ, тентек, ұр да жық» де-генге келеді.

Аққұла1 сөзіне «бекерге, босқа, зая» деген анықтама беріп, М.Әуезовтың «Талғар (өзені) аққұла болып ағады» деген сөйлемін мысалға келтіріпті. М.Әуезов Талғар «бекер, босқа, зая болып ағып жатыр» деп тұрған жоқ, жазушы «астан-кестен болып, ақ көбіктеніп ағып жатыр» деген ойды айтып отыр.

15 томдықта көп жағдайда сөз мағыналары дұрыс сараланбаған. Мысалы:

Атбегі сөзіне «бәйге атын баптайтын адам; ат сыншысы», - деген анықтама берілген. Неге «ат сыншысы»? Ат сыншысы атты бәйгіге дайындамайды ғой.

Атпаз – 1. Ат жаратушы, бабына келтіруші; сайыпкер (?). 2. с ө й л . Ат сыншысы, атбегі. Бұл екі мағынаның екеуі де дәл емес. Атпаз сөзінің мағынасы – «атты жақсы көретін, атжанды, атқұмар адам».

Атсыншы атбегі (?), аттың күйін жақсы білетін адам. Біздің ойымызша, ат сыншысын – атбегі деп атау білместік.

 Атсыратар сөзіне «тоғызқұмалақ ойынының бір атауы» делінген. Анықтама қате. Атсыратар – тоғыз құмалақ ойынындағы төртінші отаудың аты.

15 томдықта Әни – «үлкен шеше», Әти «қайын ата» деп анықтама беріпті: Әдетте татарлармен көрші отырған кейбір отбасылар әни деп – шешесін, әти деп – әкесін айтады. Оған дәлел: Біз әкемізді «әти», шешемізді «әни» деуші едік (А.Сатаев, Бәрі де көңілімде., 102).

Бадьян сөзіне с ө й л . Андызағаш делініпті. Андызағаш деген ағаш жоқ. Андыз дегеніміз – ағаш емес, шөп. Дәлірек айтқанда – қурай атауы (девясил). Бадьян – анис ағашының (даршынның) қосымша (орысша) атауы.

Қазақ бажыр деп – беті шұбар, өзі сары, бұжыр-бұжыр адамды айтады. 15 томдықта бажыр сөзіне «бажырақ, «бажырайған» (көз) деген анықтама берген.

Байсажелкелік, шөгежек. Мыс.: ...байсасы таудай. Желкелік сөзінің мағынасы түсінікті: желке сөзіне қатысты. Бірақ ол сөз мәтіндегі «байсасы» сөзінің мағынасына сай келіп тұрған жоқ. Ал шөгежек сөзін халық қолданбайды. Ол сөздіктерде де жоқ. Сөздікшінің мұндай сөзді қайдан тауып алғаны белгісіз.

Бақалақ2 сөзіне «Қолдиірменнің астыңғы тасының діңгегі» деген анықтама берілген. Берген мысалы: Бақалаққа дән салып отыр... Сонда дәнді діңгекке салғаны ма?

15 томдыққа балакес, балакіс деген екі сөз алынған. Алдыңғысы соңғысына сілтеніпті де, оған «кістің төлі» деген анықтама берілген. Бірақ екі сөзге де берілген мысал біреу ғана: Қаракісті қатты деп, Балакіске бөлеттім (Ер-сайын). Ақкіс, қаракіс дегендер 15 томдықта бар: Ақкіс – түсі ақ, қаракіс – түсі қара кіс (Бұлар бөлек жазылатын сөздер). Кіс сөзіне қарасақ, оған «бұлғын» деп анықтама беріпті. Әрине, кіс – бұлғын емес. Сондықтан қазақша-орысша сөздікке қарадық. Онда кіс – горностай, бұлғын – соболь деп аударылыпты. Ендеше, балакіс дегеніміз қандай жәндік болды?

Бала кіс – жүні үлпілдеген, майда, жұмсақ, жас кіс. Жасы толған, үлкен кістің терісі (жүні) қаттылау келеді деп, сәбиін жас кістің үлпілдеген жұмсақ терісіне бөлеген. «Ер-сайыннан» алынған мәтін осы мағынаны айғақтап тұр.

Сөздікте балақсыз сөзіне екі мағына берілген. Бірінші мағынасы – «балағы жоқ». Бұған берген мысалы – «балақсыз шалбар». Өзі шалбар болса, онда неге балақ болмайды? Екінші мағынасы – «шолақ дамбал». «Шолақ» болса, ол дамбал емес. Өйткені дамбалдың балағы ұзын болады. Ал бұл сөзге келтірген мысалда «балақсыз» деп – орысша «плавка» дегенді айтып отыр.

Балауыз1 сөзіне 1. Ара құрсағының ішкі жағында орналасқан без, - деп анықтама берілген де, оған «Балауыз – араның құрсағының ішкі жағында орналасқан балауыз безінен бөлінетін зат» (Х.Қыдырбаев) деген мысал келтірілген. Оқып және ойланып көріңізші: анықтамада балауыз – «без», ал мысалда ол – «балауыз безінен бөлінетін зат». Қайсысы дұрыс?

Балахана сөзі үш мағынаға бөлініпті: 1) балкон, 2) ба- лалар бөлмесі, 3) қом. Бұлар – сөз мағыналары емес, омоним сөздер. Оның үстіне 2-ші анықтамадан басқалары (1 және 3-ші мағыналар) мүлде қате. Бұларға берілген анықтамалар мысалдарына сай келмейді. 1-ші мағынаға Д.Досжанов пен С.Мұқановтан алынған екі мысал беріліпті. Екеуі түрлі ұғымды стпаттап тұр. Д.Досжановтағы балахана – «балаған» сөзімен мәндес, С.Мұқановтағы балахана – орыс тіліндегі «мансарда» (шатырдың астына салынған бөлме) сөзімен мағыналас келеді (мысалдарды оқып көріңіз). Ал 3-ші мағына мысалға мүлде қайшы. Қом дегеніміз – жүк арту үшін түйенің өркештерінің арасына салынатын жабдық немесе қалың киіз.

Ендеше, балахана деген – түйенің қомы емес. Балахана – қомның немесе жазының үстіне орнатылған, көшкенде ішіне жас балаларды отырғызу үшін арнайы жасалған, жан-жағы қоршалған, үсті жабық кішірек үйшік. Осы үшінші мағынаға берілген екі мысал біз айтқан мағынаға сәйкес келеді.

Түсіндірме сөздік атаулының қажеттілігі – оның түсіндірмесінде (анықтамасында). Түсіндірмесі түсінікті, анық, айқын болса, ондай сөздік қажет. Түсіндірмесі түсініксіз болса, ондай сөздіктің құны көк тиын.

15 томдықтан алынған мына бір анықтамаға қарап көріңіз: Бастырма4 з а т . г е о л . Жыртылу жігінің көлбеу бағытқа сәйкес келуімен (еңістеу бұрышы 450-тан аз) сипатталатын, аспалы беткейі жатаған беткейді көлбей көмкерген жыртылып-айырылу құрылымы. Берілген мысалы: Бастырма таужыныс бірлестіктерінің (?) өте қарқынды сығымдалуынан қалыптасады (Қаз. тілі термиен. Геология).

Сіз бір нәрсе түсіндіңіз бе? Біз түк те түсінген жоқпыз.

Бауырдақ сөзіне – «ершікке, ер-тұрман әбзелдеріне, қамшы, т.б. тағылатын айыл, жалпақ қайыс» деген анықтама берілген. Осы анықтамада кемінде 3-4 қате бар. Ер-тұрман әбзелдері дегеніміз не? 1) Ер-тұрман әбзелдеріне (бұл сөз сөздікте жоқ) ер, тоқым, үзеңгі, тартпа, құйысқан, т.б. жабдықтар жатады. Бұларға айыл тағылмайды. 2) «Қамшы тағылатын айыл» дегенді қалай ұғуға болады? Қамшыны айылға тағуға бола ма? Тағуға болмаса, қамшы сөзіне тым құрығанда -ға жалғауын жалғау керек еді. 3) Ершікке айыл (тартпа) тағыла ма? Тағылмайды. Оны арбаның немесе шананың қос тәртесіне (жетегіне) керіп байлайды. Олай болса, бауырдақ дегеніміз бір нәрсенің (ершіктің, қамшының, жүзіктің т.б.) астыңғы, ішкі жағы, бауыры. Бауырдақ сөзіне мысал ретінде берілген мәтінде ершіктің екі қапталына бекітілген жалпақтау киіз немесе тері туралы әңгіме болып отыр.

Бәрпі 2 деген сөзге з а т. деген белгі қойып, анықтаманы «биік таулы жерде мекендейтін» деп аяқтапты. Шамасы «құс» деген сөз қалып қойған болу керек. Соның салдарынан анықтама түсініксіз болып шыққан.

Бекзада сөзі 15 томдықта үш мағынаға бөлінген: 1. т а р . Орта Азияның кейбір елдерінде және түркі тілдері мен түркі әлеуметтік ұйымдарының ықпалына түскен мұсылман Шығысында арнайы термин мағынасында (?) ірі тайпа, ру басының немесе феодалдық әміршінің баласы. 2. а уыс. Шыққан тегі, жаратылысы (?) артық саналушылар, ақсүйек тұқымы. 3. а у ы с . Текті, таңдаулы (?); ауқатты адам. Бұл үш мағынаға 8 мысал берілген. Шұбалаңқылығына қарамастан бірінші мағынаны дұрыс делік. Бірақ «тайпа, ру басының немесе феодалдық әміршінің баласы» дегендерге дейінгі 5 жылдың не қажеті бар еді? Екінші мағына да дәл осындай. Оның үстіне олар мағынасы жағынан да, грамматикалық байланысы жағынан да ақсап тұр.

Жарайды-ақ, «ақсүйек тұқымы» дегенді де   дұрыс деп білелік. Бірақ оның бірінші мағынадан қандай айырмашылығы бар. Ал үшінші мағына тіптен қате. «Таңдаулы адам», «ауқатты адам» болса болды, ол бекзада бола ала ма? Бұлардан гөрі екінші және үшінші мағыналардың орнына «текті, парасатты адам» деген бір ғана мағынаны берген жөн болатын еді.

«Бекзада» сөзінен кейін тұрған бекзат сөзі де екі мағынаға, бір реңкке бөлініпті: 1. т а р . Бек әулетінің тұқымы, бекзада. //Текті, қасиетті, асыл. 2. а у ы с . Текті, тұлғасы биік адам. Бұларға 7 мысал берілген.

«Текті, қасиетті, асыл» деген не ол? Адамға қатысты ма, мінезге қатысты ма? «Тұлғасы биік адам» қандай адам? Тұлғасы биіктің бәрі бекзат бола ала ма?

Қысқасы, көп нәрсе түсініксіз. Айталық, бекзада мен бекзаттың айырмашылығы бар ма, жоқ па? Жоқ болса, бірін-біріне сілтей салынбай олар неге үш-үш мағыналарға жіктеліп берілген?

Аталған екі түбір сөзден кейін осылардан туындаған бекзадалық, бекзаттық деген туынды сөздер алынып, соңғысы (бекзаттық сөзі) тағы да үш мағынаға сараланған.:

1. Ақсүйектік, ауқатты (?), текті әлеуметтік топқа тән тектілік қасиет. 2. псих. Адам бойындағы туған тегі, алған тәрбиесі мен көрген өнегесі негізінде сіңісті болған қасиет. 3. а у ы с. Ықыластық, жақсы, таза көңілділік.

Бірінші мағына да – «қасиет», екінші мағына да – «қасиет». Бір-бірінен ешқандай айырмашылықтары жоқ, ол қандай қасиеттер? Ал үшінші мағына – мағына емес. Айдалаға лағып кеткен әйтеуір бір домбай. Бұл соңғы үш мағынаға 5 мысал берілген. Сонда көрсетілген үш сөзге берілген мысалдардың жалпы саны – 20.

 

«Біртілді сөздік жасаудың  ғылыми-теориялық негіздері»

(Б. Қалиұлы, Б. Қапалбек

Алматы, 2023 жыл) кітабынан алынған.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз















07/11/2024 12:26

Хабарландыру!
0 2793 1

05/11/2024 10:55

Хабарландыру!
0 2881 0




05/06/2024 11:25

Хабарландыру!
0 4144 0


15/07/2024 16:45

Хабарландыру!
0 3884 1

14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 3672 0











ТЕКСТ

Яндекс.Метрика