THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
ЕМЛЕДЕ БІРІЗДІЛІКТІ САҚТАУ – САУАТТЫ ЖАЗУҒА ТЕЗ ТӨСЕЛДІРУДІҢ КЕПІЛІ
Авторы: МТДИ ақпарат
12/02/2024 14:39 0 506 1
Дамыған
елдерде орфографиялық сөздіктер жиі жаңалана бермейді. Олар сөздіктегі нұсқаның
тұрақтануын көздеп, нормаға айналуын мақсат етеді. Тілдегі жүйеге негізделген
қандай да өзгеріс халық тарапынан да мақұлданып, сол норма қалыптанып
(кодификацияланып) кететіні, сауатты жазудың алғышарты болатыны белгілі.
Қазақстандағы ахуалға келер болсақ, соңғы жылдары орфографиялық сөздік жиі
шыққанымен, тілдегі жүйе бұзылып, осы уақытқа дейін біршама қалыптанған
нормалар қайта-қайта өзгертілуде.
Орфографиялық
сөздік дұрыс жазу нормаларын, қиындық тудырып жүрген сөздердің дұрыс жазылуын
көрсетумен қатар тіліміздің байлығын, көркемдігін де танытуы керек. 2005-2013
жылдары жарық көрген сөздіктерімізде берілген сөзтізбеде сөйлеу тіліне тән,
жергілікті ерекшеліктер көп берілген. Әдетте орфографиялық сөздікті қандай да
бір сөздің жазылуы күмән тудырған тұста пайдаланамыз. Сол себепті сөздікте жазу
барысында қиындық келтіретін, қазіргі кезде жиі қате жазылып, талас тудырып
жүрген сөздер мен сөз тіркестері (концепт
– концептіні – концептті – концепті – концептісі, ғылымының кандидаты –
ғылымдарының кандидаты, педагог – педагогке – педагогқа, т.с.с.) берілуі
керек болғанымен, мұнда көпшілік дұрыс жазып жүрген, қиындық тудырмайтын, кез
келген мектеп оқушысы қатесіз жаза алатын сөздер көп берілген. Сондай-ақ жазу барысында көп қолданыла бермейтін
сөздер мен тіркестер де көп
берілген. Көбі – жағымсыз мәндегі эмоционалды,
экспрессивті сөздер. Мысалға:
аязшал; байжанды(қарап.);
байсыздық, байсыздығы; байсымақ, байсымағы; байсыну,
байсынбау, байсынған; байсырау; басұрман;
боқтау; боқты; боқтық; быжғылдау (сөйл.);
күйеулі; қиқ-қиқ; қиқаң-сиқаң; қиқаң-шиқаң;
қирата-мирата; ырбаң; тырбаңдау; шыжбықтау; т.с.с.
Сөздікте орыс тілінен калька аударманың нәтижесінде пайда
болған текущий сөзінің баламасы қазақ тіліне ағымдағы түрінде берілген. Алайда тіл мамандары қанша байбалам
салып, мұндай баламалар тілдік санаға жат екенін айтқанмен, сөздік
құрастырушылар бұған да мән бермеген сыңайлы. Сол себепті ағымдағы, ағымдағы
есепшот; ағымдағы жөндеу; ағымдағы жыл;
ағымдағы кезең; ағымдағы
міндеттер; ағымдағы нұсқау; ағымдағы шығын (экон.); ағымдағы іс
деп берілген. Тілімізде биыл, осы жыл,
т.с.с. бірнеше балама болғанмен, сөздікте орыс тілінен калька түрінде
аударылған ағымдағы жыл; үстіміздегі жыл, т.с.с. қате аудармалар
берілген. Сол сияқты бизнес-класс
сөзінің баламасы ретінде берілген бизнес-сынып, бизнес-сыныбы сөзі
де қате баламалар қатарына жатады. Сынып
сөзі қазақ тілінде мектепке қатысты қолданылатыны белгілі. Алайда ол сөз
әрдайым класс сөзінің баламасы бола
бермейді.
Сөздіктің кіріспе сөзінде жауапты редактор – профессор
Н.Уәли «сөздікте бұрын қолданылып келген кірме сөздердің казақша баламалары белтемір
(турник), қолтабақ (поднос), сүтсірне (сыр), әуесерік (стюардесса),
ғарышайлақ (космодром), т.б. берілгенін айта келіп, әдеби норма ретінде
қазақша баламасы пайдаланылатын болғандықтан, олардың шеттілдік нұсқасы алынып
тасталғанын ескертеді. Алайда сөздікте қазіргі кезде қазақша баламасы әбден
тұрақтанып қалған сөздердің орыс тіліндегі нұсқалары берілген: абитуриент, аборт (мед.), архипелаг, агглютинативтік, антикоррозиялық
(тех.), артерия (мед.), жираф, континент, континентаралық, антитеза, артерия (мед.), аорта (биол.), архей
эрасы, аппендицит, аргумент, артерия (мед.), артист, обсерватория, планета, т.с.с. Қазіргі кезде тілімізде абитуриент
сөзінің баламасы ретінде талапкер, аборт
– түсік, архипелаг – топарал, жираф – керік, континент – құрылық, антитеза – шендестіру, аорта – қолқа, артерия
– күретамыр, аппендицит – соқырішек, эра – дәуір, аргумент – дәйек,
обсерватория – расытхана, планета – ғаламшар, артист – әртіс, т.с.с.
қалыптасқан.
Орфографиялық сөздікте сөйлеу тіліне тән, жергілікті
өңірде ғана айтылатын сөзқолданыс көп: азтола (жерг.), айтыну (жерг.), алабарыс (жерг.), албарынды (жерг.), албаты (жерг.), аңқа-саңқа (жерг.), аржа (жерг.), аржайы (жерг.), арқайын (жерг.), атқуымдау (жерг.), атықтыру (жерг.), алдыңгүні, алқана-салқана (сөйл.),
әлтаман, әммә (әмбе), әңгүр (жерг., жүзім), әркен (жерг.), белкүллі (сөйл.), алмаласу, алмалату (жерг.),
андағы-мұндағы (сөйл.), аңырайып-саңырайып (сөйл.), байшылық (сөйл.), қойымшылық (жерг., қорым), құсыттық (жерг.), лақаш (жерг.), лақы-мұқы (жерг.), лапарсия (жерг.), т.с.с. Профессор Нұргелді Уәли: «Бұл сөздікте әдеби тілдегі сөзді
барынша қамту мақсаты көзделген жоқ, сондықтан сөздікте көнерген сөздер, сирек
ұшырасатын атаулар, тарөрісті терминдер мен кейбір кәсіби сөздер, жергілікті
сөздер т.б. сөздердің саны шектеліп берілді. Ал мұның есесіне орфографиясы
қиын, емле қателері жиі ұшырайтын жазу тәжірибесіндегі «кауіпті аймақтарға»
көбірек көңіл бөлінді», – деп жазады. Жоғарыда келтірілген сөздер – ғалымның бұл
ұстанымы сөздікте сақталмағанының анық көрінісі.
Сөздікте тіліміздің жүйесіне сәйкес келмейтін, қате, жасанды
қолданыс өте көп берілген. Мысалы, ағашым (қаратпа), апашым (қаратпа), анаш (экспр.), әжеке
(экспр.), бөбектай (экспр.), әпкеш
(экспр.), бөпеш (экспр.), т.с.с.
Қазақта ағатай, апатай, ағай, апай, анашым, әжетайым, бөпешім, т.с.с.
жақсы көру, еркелету мәнді сөзқолданыстар болғанмен, анасын анаш деп
атамайды, ағасын ағашым, әжесін әжеке, сәбиін бөпеш демейді.
Сол сияқты ұрлықшы; ұрлықшылық,
ұрлықшылығы сөзінің берілуі дұрыс емес. Себебі бұл сөздердің дұрыс нұсқасы
– ұры; ұрлық, ұрлығы. Сөзтізбеде азғана,
азғана ғана; аттылы; тілділі; тілділік, тілділігі, т.с.с. плеонастық
қолданыстардың берілуі де – құптарлық жайт емес. Орыс тіліндегі цветная капуста тіркесінің баламасы түсті қырыққабат түрінде берілген. Дұрысында,
бұл атау қырыққабаттың түсіне емес, гүлге ұқсастығына байланысты қойылған.
Қазақ
тілінде тек категориясы болмағандықтан, өзге тілдерден енген тек мәнді сөздерді
қазақ тілінің орфографиялық сөздігіне енгізудің қажеті шамалы. Алайда сөздікте
мұндай сөздер баршылық: герцог (тар.),
герцогке, герцогі; герцогиня; графиня (тар.); актриса, т.б. Орыс тілінде певец – певица, актер – актриса, артист –
артистка, т.с.с. түрде сараланғанмен, қазақ тілінде әнші, әртіс сөздері бәріне ортақ. Сондықтан өзге тілге тән, қазақ
тіліне жат ерекшеліктер сөздікте берілмегені жөн. Орфографиялық сөздікте
берілгендіктен, көпшілік «Осы дұрыс екен! деп қабылдауы мүмкін. «Күнделікті
жазу тәжірибесінде» осы сөздік басшылыққа алынатындықтан, онда нормадан тысқары
сөзқолданыстар берілмеуі керек.
Сөздік құрастырушылардың қазақ тілінің заңдылығын, өзіндік ерекшелігін
жетік түсінбегені байқалады. Ол сөзтізбедегі сөздердің берілуінен де, арнайы
белгілерден де аңғарылады. Мәселен, ғой
етістігі шылау ретінде белгіленген: ғой (шыл.), айта ғой. Дұрысында, бұл – шылау
емес, көмекші етістік. Қой
етістігінің құрамындағы қ дыбысы
дауысты дыбыстан кейін ұяңданып, ғ
түрінде естілгенмен, жазылуда қой
нұсқасы сақталуы керек. Мұндай ерекшелік кет,
қал, көр, т.с.с. қатаң дауыссыздардан басталған көмекші етістіктерге де тән: айтып көр – айта көр, қарап көр – қарай
көр, барып қалды – бара қалды, т.с.с. Яғни қатаң дауыссыздар алдыңғы сөздің
соңындағы дауысты не үнді дауыссыздардың ықпалымен ұяңданғанмен, жазуда ол
ескерілмеуге тиіс. Сонымен қатар қазақ грамматикасында қалыптасқан жіктік жалғау деген атаудың орнына
сөздік құрастырушылар жақтық жалғау
тіркесті қолданады, жалқы есім
дегеннің орнына жалқы атау деген
тіркесті берген, тұйық етістік, қимыл
атауы терминдерінің орнына тұйық рай
деген атауды қолданады. 1963 жылы қорғалған Қ.Неталиеваның диссертациялық
жұмысынан кейін бұрын «тұйық рай» деп аталып келген катеогория қимыл атауы, тұйық етістік деп аталып
келеді.
Жазарман қажет сөзін әліпбилік ретімен іздейді. Сондықтан орфографиялық
сөздікте әліпбилік рет қатаң сақталғаны жөн. Алайда құрастырушылар оған да көп
мән бере қоймаған сыңайлы:
айшықталу
ашықтану, айшықтанбау,
айшықтанған
ашықтасу, айшықтасса
айшықтату
әскери, әскери атақ
әскери ант
бәледей
бөртісу
бөріауыз (кәс.), бөріауызы
бөртік, бөртік тары ботқа
болмас
былғату
былғасу
Соған байланысты бір сөздің бірнеше рет кездесетін
тұстары да орын алған. Мысалы:
адасу, адасса
адасқақ, адасқақ болу
адасқыш
адастыру
адастырушы
адасу, адасса
адасушылық, адасушылығы
сабаяқ (энтог.), сабаяғы
сабағат, сабағат салу
сабашы
сабаяқ, сабаяғы
Сөздікте бірнеше нұсқада жазылған сөз өте көп:
артист, артиске, артисі (71-б.) |
әртіс, халық әртісі әртістік, әртістігі (102-б.) |
атбекет
(адвокат) (79-б.) |
әтбекет
(адвокат) (104-б.) |
бірдеме
(186-б.)
|
бірдеңе
(186-б.)
|
жадыгөй жадыгөйлену,
жадыгөйленбеу, жадыгөйленген жадыгөйлік, жадыгөйлігі жадыгөйсу,
жадыгөйсі, жадыгөйсиді (242-б.) |
жәдігөй жәдігөйлену, жәдігөйленбеу, жәдігөйленген жәдігөйлік, жәдігөйлігі (262-б.) |
жәбір-жапа жәбірлену,
жәбірленбеу, жәбірленген жәбірленуші жәбірлету жәбірлеу жәбірлеуші жәбірлеушілік,
жәбірлеушілігі жәбірлі жәбірлік,
жәбірлігі
(262-б.) |
азап-зәбір
(24-б.) зәбір зәбір-жапа зәбірлену,
зәбірленбеу, зәбірленген зәбірленуші зәбірлеу
(287-б.)
|
жартымды жартымсыз
(257-б.)
|
жарыту жарытымды жарытымсыз
(258-б.) |
жегжат жегжат-жұрағат жегжат-жұрат
(сөйл.) жегжаттас жегжаттық,
жегжаттығы жегжатшылау (263-б.) |
құда-жекжат
(387-б.)
|
зеку,
зекі, зекиді
(287-б.) |
жеку,
жекі, жекиді
(264-б.) |
пара-пар (475-б.) |
парапар ж. барабар (475-б.) |
бірсәрі (188-б.) |
сәрі: бір сәрі (504-б.) |
соды,
ас содысы (511-б.) |
ас соды (74-б.) |
қас,
қас батыр қас дұшпан қас жақсы қас сұлу (366-б.) |
хас,
хас батыр хас сұлу (623-б.)
|
қатыгез қатыгездену,
қатыгезденбеу, қатыгезденген қатыгездеу қатыгездік, қатыгездігі (368-б.) |
қатігез қатігездену,
қатігезденбеу, қатігезденген қатігездік
(369-б.)
|
қатім
(діни), қатім қылу (369-б.) |
хатым (діни), хатым қылу (623-б.) |
құрсант
(кіт), құрсант болу (396-б.) |
хұрсант
(көне) (624-б.) |
құтпа
(діни) (398-б.) |
хұтба
(діни) (624-б.) |
алаауыз
(45-б.) алаауыздық
(терм.), алаауыздығы (45-б.) |
алауыз болу (45-б.) алтыбақан,
алтыбақан алауыз (53-б.) |
малдас, малдас құру (418-б.) |
молдас, молдас құру (432-б.) |
шөңгебас
(өс.), шөңкебасқа, шөңкебасы (650-б.) |
шөңкебас
(өс.) (650-б.)
|
дегізу, дегізші (210-б.) |
дегіссе (210-б.) |
электрмагнит
(673-б.) |
электромагнит өрісі (673-б.) |
электрфорез
(673-б.) |
электрофорезге (673-б.) |
шағынаудан, шағынауданға (627-б.) |
ықшамаудан, ықшамауданға (662-б.) |
ерке-шора (235-б.) |
еркек-шора еркек-шоралау (235-б.) |
мүскін,
мүскін адам
(441-б.) |
міскін,
міскінге (444-б.) |
Сөздік құрастырушылар жарыса
қолданылып жүрген нұсқалардың ішінен қате түрін тұрақтандырып, қалыптандырғысы
(кодификациялағысы) келетін сияқты.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін нақты мысалдар келтірейік. Сөздікте кірпікшешен, кірпішешен түрінде жарыса
қолданылып жүрген сөздердің кірпікшешен (зоол.), кірпікшешенге нұсқасы берілген де кірпішешен
түрі мүлде берілмеген. Алайда кірпіше;
кірпі, кірпі қабақ; кірпі шаш; кірпішөп (өс.); кірпібалық, кірпібалығы; кірпібас, кірпібас тұқымдасы; кірпідей, кірпідей жиырылу; кірпілену, кірпіленбеу, кірпіленген; т.с.с. сөзқолданыстардан
жарыса қолданылып жүрген сөздердің дұрысы кірпішешен
екенін аңғаруға болады. Сөздік құрастырушылардың бұған не себепті мән
бермегендері түсініксіз. Сол сияқты алай-дүлей,
алай-түлей сөздерінің дұрыс нұсқасы
түрінде алай-түлей нұсқасын ғана
береді: алай-түлей, алай-түлей болу,
алай-түлей боран; алай-түлейлену, алай-түлейленбеу,
алай-түлейленген. Яғни
сөздікшілер сол нұсқаны тұрақтандыруға тырысқан. Алайда көпшілік қолданыста,
тіпті сөздіктің өзінде де қос сөздің сыңары түлей
емес, дүлей түрінде болуын
айғақтайтын дәйек көп. Оны дүлей сөзінің
тіркесімділігі, қолданысы, сөзжасамдық ұясынан да көруге болады: дүлей, дүлей боран; дүлей күш; дүлейдей; дүлейлену, дүлейленбеу,
дүлейленген; дүлейлік, дүлейлігі.
Ал түлей нұсқасын мұнымен салыстыруға
келмейді. Сол сияқты сөздікте айырылу; айырылыс, айырылысы; айырылыс
қазан (этн.); айырылысу, айырылысса; айырым, айырымы, айырым белгі (лингв.); айырысу, айырысса, есеп айырысу; т.с.с. сөздердің бәрі й мен р-дың арасында ы әрпі
бар екені анық көрсетілсе, айрық, айрығы, айрық жол; жолайрық, жолайрығы сияқты сөздер
сөзтізбеде ы әрпінсіз таңбаланған.
Сөздікті пайдаланушы әр сөзді сөздіктен қарап отырмауы керек. Сөздер қазақ
тілінің жүйесіне, заңдылығына сәйкес бірізділікпен берілуге тиіс. Тілдегі
жүйені түсінген жазарман сөздікке қарамастан-ақ нақты жүйе бойынша жазып
дағдылануы тиіс. Алайда 2013 жылғы сөздіктен ондай нәтижеге қол жеткізу мүмкін
емес. Тілдің жүйесін түсінетін адамдардың өздері де сөздікте қалай берілгеніне
әрдайым үңіліп отыруға мәжбүр.
1983 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған
«Орфографиялық сөздіктегі олқылықтар» атты мақаласында Ы.Маманов: «Тағы бір
көніл аударатын нәрсе: сөздікте дыбысталуы біртектес түбір сөздерге тәуелдік
жалғауы жалғанғанда, солардың бір тобының құрамындағы қысаң ы, і әріптері түсіріліп жазылған, ал
енді бір тобы түбірін сақтап жазылған. Солардың біразын окып көрейік: ауыл – аулы, дауыл – даулы, ауыз – аузы,
қауыз – қауызы, мұрын – мұрны, жұрын – жұрыны, мойын – мойны, ойын-ойыны,
т.б. Бұл сөздерге тәуелдік жалғауынан баска қосымшалар жалғанғанда, түбірдің
дыбыстық құрамы өзгермей жазылады. Әрине, әркімнің айтуына карай бұл сөздер
әртүрлі фонетикалық стильде дыбысталуы мүмкін. Бұл – орфоэпияның мәселесі.
Мысалы, біреу аулы десе, екінші біреу
ауылы деп айтуы занды. «Ауылым
Алатаудың бөктерінде» деген сөйлемде байқасаңыз ауылым анық естіліп тұр. Сонымен бірге орфографияның жалпыға
түсінікті және тұрақты болуы үшін бірізділік принципті сақтау қажет. Олай
болса, жоғарыда көрсетілгендей біртектес сөздердің құрамындағы кысаң ы, і әріптері барлық жағдайда сақталып
жазылғаны жөн», – дейді. Ғалым тәуелдік жалғауы жалғанғанда түбірдің
құрамындағы қысаң ы, і әріптері
түсіріліп жазылатын сөздер де бар екенін ескертіп, бөрік – бөркі, көрік – көркі (адамның), мүлік – мүлкі, халық – халқы,
әріп – әрпі сияқты сөздерді атай келіп, ондай сөздердің көп еместігін, олар
кейінді ықпал заңына бағынбайтынын ескертеді.
Ы.Мамановтың 40 жыл бұрын айтқан ескертуі әлі де шешімін
таба алмай келе жатқанын байқаймыз. «Сөздіктің кейбір ерекшеліктері» деген
тақырыппен берілген кіріспе сөзінде Н.Уәли: «Соңғы буында кысаң дауыстылары бар
сөздердің қосымшалармен түрленгенде түсіріліп жазылатыны көрсетілді», – дей
келіп, нарық – нарқы, бөрік – бөркі,
парық – парқы, түрік – түркі, ауыз – аузы, мойын – мойны, мұрын – мұрны,
сөздерді мысал ретінде атайды. Алайда құрастырушылар редактордың сөзіне ден
қоймаған секілді. Сол себепті жоғарыда аталған нарық, нарығы; еуронарық, еуронарығы; түрік, түрігі сөздерін
түрінде, қысаң дауыстылары түсірілмеген күйі берсе, аулы – ауылы; аузы – ауызы сөздерін жарыспалы қолданыстар ретінде
көрсетеді: ауыл, аулы ж. ауылы; ауыз,
аузы ж. ауызы. Ал мойын сөзінің
тәуелдік жалғауы жалғанған түрін мүлде көрсетпейді: мойын, мойын бұру мойын омыртқа;
тоңмойын, тоңмойынға. Соңғы буынында кысаң дауыстылары бар сөздердің
қосымшалармен түрленгендегі нұсқасын беруде
бірізділік сақталмаған. Көбінесе барыс септігі жалғанғандағы тұрпаты
көрсетілгенмен, кысаң дауысты жалғанғандағы нұсқасы берілмеген. Ал әдеби тілде қырық – қырқы түрінде қолданылып жүрген
сөздің дұрыс нұсқасын қырық, қырығы; қырық
бір, қырық екі түрінде көрсетеді.
Сөздікті құрастырушылар Ы.Маманов келтірген кейінді ықпал
заңына бағынбайтын сөздердің қатарын толықтырған. Алайда онда да бірізділік
сақтала бермеген:
соңғы буында кысаң дауысты
түсірілген: |
соңғы буында кысаң дауысты
түсірілмеген: |
парық, парқы кұлақ-мұрын, құлақ-мұрынға, құлақ-мұрны мұрын, мұрны кәсіпорын, кәсіпорны қарын, қарынға, қарны ж. қарыны орын, орынға, орны айрық, айрығы, айрық жол жолайрық, жолайрығы сұрық, сұрқы тұрық, тұрқы шырық, шырқы ырық, ырқы ажар-көрік, ажар-көркі бөрік, бөркі ерік, еркі ауыз, аузы ж. ауызы кәсіпорын, кәсіпорны қайын, қайынға, қайны қарын, қарынға, қарны ж. қарыны қойын, қойынға, қойны ж. қойыны кұлақ-мұрын, құлақ-мұрынға, құлақ-мұрны мұрын, мұрны орын, орынға, орны төсек-орын, төсек-орынға, төсекорны ішек-қарын, ішек-қарны шарық, шарқы шарқы жоқ шама-шарық, шама-шарқы
|
арын, арынға, арыны жауырын,жауырынға, жауырыны нарын, нарынға, нарыны сауырын, сауырынға, сауырыны шырын, шырынға, шырыны жалын, жалынға, жалыны жұлын, жұлынға, жұлыны құлын, құлынға, құлыны арық, арығы борық, борығы бұғау-құрық, бұғау-құрығы жаңғырық, жаңғырығы жарық, жарығы жорық, жорығы жұдырық, жұдырығы жүген-құрық, жүген-құрығы көншарық, көшарығы қақырық, қақырығы қамырық, қамырығы қанат-құйрық, қанат-құйрығы қауылдырық, қамыстың қауылдырығы қауым, қауымы қорық, қорығы құлақарық, құлақарығы құмайрық, құмайрығы құрық, құрығы машырық, машырығы мойынарық, мойынарығы мойынтұрық, мойынтұрығы мырық, мырығы ойық-жырық, ойық-жырығы омырық, омырығы осқырық, осқырығы сағалдырық, сағалдырығы самұрық, самұрығы саңғырық, саңғырығы сапалдырық, сапалдырығы сарық, сарығын басу суайрық, суайрығы сырық, сырығы табалдырық, табалдырығы томырық, томырығы топырық, топырығы тұмылдырық, тұмылдырығы тығырық, тығырығы тымырық, тымырығы тышқанқорық, тышқанқорығы уылдырық, уылдырығы ұрық, ұрығы шым-шытырық, шым-шытырығы шыңғырық, шыңғырығы ызғырық, ызғырығы ысқырық, ысқырығы ақылсерік, ақылсерігі алма-өрік, алма-өрігі аспансерік, аспансерігі берік, берігі бортсерік, бортсерігі бөлтірік, бөлтірігі бүрік, бүрігі демсерік, демсерігі есірік, есірігі жолсерік, жолсерігі жөткірік, жөткірігі жүйрік, жүйрігі зекірік, зекірігі итжерік, итжерігі кекірік, кекірігі кеңсірік, кеңсірігі көзілдірік, көзілдірігі қайратсерік, қайратсерігі қараөрік, қараөрігі мәкүрік, мәкүрігі мойынсерік, мойынсерік болу өкірік, өкірігі өмілдірік, өмілдірігі өрік, өрігі өсек-өтірік, өсек-өтірігі өтірік, өтірігі сәурік, сәурігі серік, серігі сүйрік, сүйрігі сіңбірік, сіңбірігі тегелдірік, тегелдірігі төбелдірік, төбелдірігі түкірік, түкірігі түшкірік, түшкірігі үлдірік, үлдірігі үскірік, үскірігі үстірік, үстірігі шерік, шерігі шіңгірік, шіңгірігі шірік, шірігі ірік-шірік, ірік-шірігі автопойыз, автопойызы айыз, айызы алпауыз, алпауызы арыз, арызы балауыз, балауызы балуыз, балуызы жалмауыз, жалмауызы жауыз, жауызы желқобыз, желқобызы қарыз, қарызы қауыз, қауызы парыз, парызы пойыз, пойызға, пойызы тайыз, тайызы уыз, уызы хауыз, хауызы ағайын, ағайынға, ағайыны арын, арынға, арыны буын, буынға, буыны дайын, дайынға, дайыны жайын, жайыны жалын, жалынға, жалыны жамағайын, жамағайынға, жамағайыны жауын, жауынға, жауыны жауырын, жауырынға, жауырыны жексұрын, жексұрынға, жексұрыны жиын, жиынға, жиыны жұлын, жұлынға, жұлыны жын, жынға, жыны қауын, қауынға, қауыны қиын, қиынға, қиыны қожайын, қожайынға, қожайыны қолтырауын, қолтырауынға, қолтырауыны құйын, құйынға, құйыны құлын, құлынға, құлыны нарын, нарынға, нарыны ойын, ойынға, ойыны салбурын, салбурынға, салбурыны сауын, сауынға, сауыны сауырын, сауырынға, сауырыны тағайын, тағайыны тиын, тиьшға, тиыны тозғын, тозғынға, тозғыны шойын, шойынға, шойыны шырын, шырынға, шырыны шарық, шарығы шарыққа шығу шарық, шарығы шарығы ұстау шарық, шарығы шарық кию шарық,
шарығы шарық жіп |
Ы.Маманов: «Емледе бірізділікті сақтау – сауатты жазуға
тез төселдірудің кепілі», – дейді. Алайда сөзтізбеде берілген сөздерде
бірізділік сақталмаған. Есім сөздерде тәуелдік жалғауы негізінен зат есімдердің
реестрінде берілгенмен, зат есімдер немесе затсымақтанған сөздер тәуелдік
жалғауынсыз берілген, тәуелдік жалғаулы сөздің жеке берілген тұстары, барыс
септігі мен табыс септігі жалғанған позициясы, зат есіммен бірге сын есім
ретіндегі қызметі қатар берілген кездері көп кездеседі: бейіт, бейіт; бар-жоқ; бар-жоғы, бар-жоғы осы-ақ; бекініс; бөтелке; егеу; жая; зыңыл; керней;
кітапхана; қаңқыл; серт; тұз; тыл; тыным; мауқы, мауқын басу; ақ халаты; фьючерс (экон.), фьючерстік келісімшарт; ақмұрт (тағам), ақмұртқа,
ақмұртты; алақұрт (ою-өрнек), алақұртқа, алақұртты; алақұрт (ою-өрнек), алақұртқа, алақұртты; сондай-ақ зат есімді
қатыстық сын есім арқылы (былқылдақтық, былқылдақты); сын
есімді зат есім арқылы (серіппелі, серіппелігі; әйелшіл, әйелшілігі) сипатталған.
Неге олай еткендерін сөздік құрастырушылар айтпып бермесе, өзіміз түсіне алмадық.
Не себепті олай берілгені редактор
тарапынан берілген кіріспе сөзде де көрсетілмеген.
«Қазақ тілі
жүйесінің орфографиялық сөздіктердегі көрінісі»
(Жұбай О.,
Салқынбай А., Қапалбек Б.
Алматы, 2023)
кітабынан алынған.
ПІКІР АЛМАСУ
08/01/2025 17:32
Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Ана тілім – ардағым» атты мерекелік іс-шара өтті
|
ТЕКСТ