КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Нұргелді Уәли: «Сөздік тілдің бүгінгі тынысын тап басатындай, тілдің ішкі құрылымындағы өзгерістер мен қоғамдағы әртүрлі жаңалықтарды көрсететіндей болуы шарт екені де ескерілді», – деп, сөздікте құзырхат, ашықхат, айдарбелгі, затбелгі, ғаламтор, флеш-жад, айқұлақ, төлие, хатқалта, ықпалшара, экоорталық, әуесерік, көзқаман, дәрумен, т.с.с. сөздер қамтылғанын айтады. Иә, сөздік құрастырушылар шығармашылық та қызмет атқарып, бірқатар жаңа атаулар жасағаны немесе қолданылып жүрген атауларды сөздікке енгізгені байқалады: антиғаламдастыру;  антиғаламдастырушы;  әсіреаянпаздық, әсіреаянпаздығы;  әсіребейімділік (терм.), әсіребейімділігі;  әсіредемократ;  әсірежағымпаздық, әсірежағымпаздығы;  әсіреинтернационалист, әсіреинтернационалиске, әсіреинтернационалисі, әсіреинтернационалистер;  әсірематериалистік;  әсіремәдениетті;  әсіремемлекетшіл;  әсіремемлекетшілдік, әсіремемлекетшілдігі;  әсіремұсылман;  әсіреорталықтандырылу;  әсірепатриот;  әсірепатриоттық, әсірепатриоттығы;  әсіресақтық, әсіресақтығы;  әсіресауатты;  әсіреұлтсыз;  әсіреұлтшыл;  әсіреұлтшылдық, әсіреұлтшылдығы;  бейқадір;  бейқайрат;  бейқарар;  бейқарекет;  бейқисап;  бейқуат;  бейқұлық, бейқұлыққа түспеу;  бейқұт;  бейлаж;  беймағына;  беймазалы (беймаза деген қолданыс тілімізде бұрыннан бар, бұл сөздің одан айырмашылығы қандай?);  бейнәруызды;  бейпайда;  бейпарасат;  бейпартиялық;  бейпарық;  бейресім;  бейнетелефон, бейнетелефонға;  бейнетехника;  бейнешығыршық, бейнешығыршығы;  бейнешіл;  бейнешілдік, бейнешілдігі;  бейнешілік (өнер.), бейнешілігі;  бейперзент;  бейрат: бейрат болу;  бейруда (кен);  бейрудалық (кен);  бейрудалы;  бейсаясат;  бейсаясаттық;  бейсаясатшылдық, бейсаясатшылдығы;  бейтаупық;  бейтәртіп;  бейтұрпатты, бейтұрпатты зат;  бейтұрпаттық;  бейуаз, бейуаз адам;  бейуайымдық, бейуайымдығы;  бейхал (халсыз, жайсыз);  бейшең (жерг., бейпіл);  бейынтымақ;  бейхош;  қайратсерік, қайратсерігі;  қайратсерік болу;  қожбетон;  қождама (металл);  қоймаңдайтас (геогр.);  қойнауқат (геол.);  қолағалық, қолағалық ету;  қосарбет, қосарбетті қарау;  қумаметр, қумаметрге, қумаметрі, т.с.с. Алайда ол сөздердің қандай мәнде қолданылатынын көпшілік түсіне бермейді. Тіл білімі саласында жүрсек те, өзіміз де түсіне алмай отырмыз. Мысалы, айдарбелгі, затбелгі сөздерінің қандай мәнде жұмсалатынын жақша ішінде беріп отырса, ол атаулар тілімізде қолданысқа еніп, орнымен жұмсалар еді. Тілімізде перзентсіз, тәртіпсіз, ынтымақсыз сөздері біршама қалыптасып, тұрақтанған. Сол себепті бейперзент,  бейтәртіп, бейынтымақ сөздері қандай мақсатта берілген? Ол сөздер қандай мәнде жұмсалған? Сөздіктегі бейперзент;   бейрат: бейрат болу;  бейруда (кен);  бейрудалық (кен);  бейрудалы;  бейсаясат;  бейсаясаттық;  бейсаясатшылдық, бейсаясатшылдығы;  бейтаупық;  бейтұрпатты, бейтұрпатты зат;  бейтұрпаттық;  бейуаз, бейуаз адам;  бейуайымдық, бейуайымдығы, т.с.с. сөздер көпшілікке түсініксіз. Сөздіктегі бейберекетсіз, бейберекетсіздік, бейберекетсіздігі сөздері тілдегі жүйеге қайшы. Себебі бей- префиксі болымсыздық мән үстейді, -сіз жұрнағы да болымсыз мәнді. Бейберекет дегенде берекет сөзі терістеліп тұрса, -сіз жұрнағы жалғану арқылы бейберекет сөзі тағы терістеліп тұр. Екі жақты терістеуді алып тастағанда берекет сөзі шығады. Ендеше, жан-жағына қосымша жалғамай-ақ, бейберекет, берекетсіз, берекетсіздік, берекетсіздігі нұсқаларын ғана беру керек. 

Сөзтізбедегі сөздердің мағынасын сөздікті тұтынушылар түсінбек түгілі, құрастырушылардың өздері де шатастырған. Кіріспе сөзінде редактор – Н.Уәли: «Бұрын сөздіктерге енбеген, бірақ әдеби тілдің сөздік қорында бар қылауыш (кисть), тісқылсап (тіс шеткесі), алпауыт (олигарх), еңбекшерік, пайшерік, жолдасу, дәргаһ, баялд, дәсер табақ, ақжағалақ, ауыр дәулет, ашалаң, буылдық т.б. тәрізді сөздер енгізілді», – деп, қылауыш атауын кисть сөзінің атаса, сөздікте ол щетка сөзінің баламасы ретінде түсіндірілген: қылауыш (щетка), қылауышы (402-б.).

Сөздік құрастырушылар балажан, ұлтжанды, қатынжанды, итжанды сөздерінің үлгісімен отанжанды, отанжандылық, адамжанды, байжанды (қарап.), балажанды, балажандық, балажандылық, дүниежанды, дүниежандылық, елжанды, елжандылық, ержанды, ержандылау, еркекжанды, еркекжандылық, қызылжанды, малжанды, малжандылық, түрікжанды, т.т. сөздерді жасап, сөздікке кіргізген. Алайда бұл сөздер көпшілік қолданысқа ие болмағандықтан, сөздікке кіргізуге келмейді.

Тіліміздегі жүйені, норманы түсінбеудің салдарынан туындаған қате өте көп. Тіпті сөздіктегі ереже де ескерілмеген. Атап айтқанда:

·   сан есімдер бас әріппен жазылған: Аспандағы Төрт атты; Ғайып ерен Қырық шілтен;

·     күрделі сын есімдер бірге жазылған: Керқұла атты Кендебай, Қаздауысты Қазыбек, Қарғабойлы Қазтуған;


           ·       кісі есімдері қос сөз түрінде жазылған: Самыр-Қазан, Сейфүл-Мәлік, Һарон-Рашид, Шайық Абыл-Құдыс; т.т.

Орфографиялық сөздікте атаулар бір де бір қатесіз берілуі керек болғанмен, құрастырушылар бірқатар атауларда әріп қателерін де жіберіп алған. Мысалы: Көлтаусар, Абралы тауы, т.т. атаулардағы ы әрпі түсіп қалса, К. Бәйсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры атауындағы К. Бәйсейітова фамилиясында а әрпінің орнына ә әрпі жазылып кеткен. Сөздік құрастырушылар сөзтізбеге мысалдар жиыстырған кезде сол кезге дейін шыққан сөздіктердегі түрлі функционалды стильдердегі қолданыстарға сын көзімен қарап, дұрыс нұсқаны тұрақтандырып, қалыптандыруға тырысуы керек еді. Орфографиялық сөздік дұрыс жазу қағидаларын көрсететіндіктен, оған сөйлеу тіліндегі қолданыстардың бәрін кіргізе беруге болмайды. Орфографиялық сөздік көпшілікке дұрыс, сауатты жазуды үйрететін, тілдегі нормаларды танытатын сөздік болуы керек. Алайда сөздік ол талапқа сай келмейді. Себебі мұнда қате жазылған сөз өте көп: асталысса (дұрысы: ат салысса), ішеқуыстылар (дұрысы: ішекқуыстылар);  уранинтке (дұрысы: уранинитке);   көшарығы (дұрысы: көншарығы);  үшендік (триадный), үшендігі (дұрысы: үшемдік, үшемдігі);  құлдыққұрушылық (дұрысы: құлдықұрушылық);   тарғылдандыру (дұрысы: тарғылдану, себебі сөзтізбедегі қатарында тарғылданбау, тарғылданған сөздері бар);   палеотитті (дұрысы: палеолтитті);  мотоатақыш (дұрысы: мотоатқыш);  митоциклі (дұрысы: мотоциклі);   паравоз (дұрысы: паровоз);   паравозша (дұрысы: паровозша);  радиоло (дұрысы: радиола);  шөңгебас (дұрысы: шөңгебас,  себебі сөзтізбедегі қатарында шөңкебасқа, шөңкебасы сөздері бар);  шуындық (өс.), шуандығы (дұрысы: шуындығы);   ықпынға (дұрысы: ықпанға);  құрлым (дұрысы: құрылым);   солсоқ адам (дұрысы: селсоқ адам);  аруағына сиыну (дұрысы: аруағына сыйыну);   ахлақсыздық, ақылақсыздығы (дұрысы: ахлақсыздық, ахлақсыздығы);   аюан, аюанға (дұрысы: айуан, айуанға);   айа райы жағу (дұрысы: ауа райы жағу);   биімсу, биімі, биімсиді (дұрысы: биімсу, биімсі, биімсійді);   боқы: боқсысын шығарды (дұрысы: боқы: боқысын шығарды);   белсенісу (дұрысы: белсенсу);   ақпейілділік, ақпайілділігі (дұрысы: ақпейілділік, ақпейілділігі);  мэр, мэрға, мэры  (дұрысы: мэр, мэрге, мэрі);   құрылыс банкісі (дұрысы: құрылыс банкі);    рызық, рызығы (дұрысы: ырзық, ырзығы);   рыздық (дұрысы: ырыздық);  таллий, талийге, талийі (дұрысы: таллий, таллийге, таллийі);   минитрэкі (дұрысы: минитрэгі);  тамамтату (дұрысы: тамамдату);  кірпікшешен (дұрысы: кірпішешен);   кэш (экон.), кэшқа, кэшы (дұрысы: кэш (экон.),кэшке, кэші);   ию, и, иеді, иді, иіп, иген, иейін, июі (дұрысы: ійю, ій, ійеді, ійді, ійіп, ійген, ійейін, ійюі);  и, и болу иін қандыру (дұрысы: ій, ій болу ійін қандыру);   и, теріні иге салу;  илі, илі тері (дұрысы:);   ій, теріні ійге салу;  ійлі, ійлі тері);   әлімтжеттігі (дұрысы: әлімжеттігі);   бірайдам: бірайдым жер (дұрысы: бірайдам: бірайдам жер);   аборт (мед.) аборотқа, аборты (дұрысы: аборт (мед.) абортқа, аборты);   аглютинация (дұрысы: агглютинация);   адамсүйгіш, адасүйгіш қасиет (дұрысы: адамсүйгіш, адамсүйгіш қасиет);   ай-күні: ай күні жақындау (дұрысы: ай-күні: ай-күні жақындау);   ашықтану (дұрысы: айшықтану);   ашықтасу, айшықтасса (дұрысы: айшықтасу, айшықтасса);   ақыраю, ақырай, ақырайады, ақыраюы (дұрысы: ақыраю, ақырай, ақыраяды, ақыраюы);  аржию (сөйл.), аржи, аржиады, аржиюы (дұрысы: аржи, аржияды, аржиюы);  т.с.с.

Академик Р.Сыздықтың кітабында арық-тұрық түрінде берілген сөз 2013 жылғы сөздікте арық-тұрақ, арық-тұрағы; арық-тұрақтай түрінде берілген. Дұрысында, қос сөздердің сыңарлары көбінесе біркелкі болып келетінін ескерсек, «Қазақ тілінің анықтағышындағы» нұсқа дұрыс. Әдеби тілде де, сөйлеу тілінде де арық-тұрық түрінде қолданылады. Сөздікте орыс тілінің ықпалымен басы артық қосымшамен жазылған сөздер мен тіркес те көп. Мысалы:  активті, активті кедергі; активті көмір; активті қатар; активті қуат; активті турбина;  ағаш шеберлік жұмыстар; акробатикалық; дипломдық, дипломдық жұмыс; драмалық театр; кірістік мәлімет; т.т. Сөздік құрастырушылар тілдегі жүйеге тән элементтер мен тілдегі жүйеден тысқары дүниені ажырата білулері керек.

Құрастырушылар қазақ тіліндегі қалыптасқан атауларға да мән бере қоймаған сыңайлы. Қазақ тілінің жүйесіне сәйкес тілімізде су қоймасы, ет қоймасы, т.т. түрінде қалыптасқан тіркесті орыс тілінің үлгісіне сәйкес Бадам-Сайрам су сақтау қоймасы түрінде берген. Сонымен қатар Қапшағай су қоймасы деген атау да берілген. Сонда біркелкі атаулар неге әртүрлі берілуі керек екені түсініксіз. Осы модельге тән  мұзқойма, суқойма, жерқойма, т.т. атаулар бірге жазылса, кітап қоймасы, қалдық қоймасы, т.т. бөлек берілген. Дұрыс жазылуын білмек болған оқушы осылардың қайсысын басшылыққа алуы керек? Мектеп оқулықтарында, астрономияға қатысты еңбектерде Жетіқарақшы жұлдыздарының ожау (шөміш) тәрізді болып келетіні жайында сөз болады. Ал құрастырушылар оны Жетіқарақшының бақырашы деп атаған. Әрине, мұндай қолданыстар, ала-құлалықтар сөздікті пайдаланушылар үшін жайсыздық тудыратыны, қоғамда хаос тудырып, әркімнің түрліше жазуына себеп болатыны түсінікті.

Академик Рабиға Сыздық орфография немесе емле, дұрыс жазу қағидаларын белгілейтінін ескерте келіп: «Дұрыс жазу нормаларының көздейтін негізгі мақсаты – айтылмақ ойды жазба түрде дәл, айқын жеткізіп беру. Әдетте жазу жалпыға ортақ болғандықтан, оның ережелері де көпшілікке бірдей болып, қалың жұртшылықтың пайдалануына арналады. Сондықтан емле ережелері әрі ортақ, әрі тұрақты болуға тиіс», – деген еді. Орфографиялық сөздікті құрастыруда ғалымның осы тұжырымы басшылыққа алынуы керек!

 

«Қазақ тілі жүйесінің орфографиялық сөздіктердегі көрінісі»

(Жұбай О., Салқынбай А., Қапалбек Б.

Алматы, 2023) кітабынан алынған.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика