THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Кез келген елдің мемлекеттік тілінің болуы сол тілді үйренушілерге арналған көмекші құралдардың қажеттігін арттырады. Осы тұрғыдан алғанда, әсіресе, сөздіктердің алатын орны ерекше. Осыған байланысты лексикография саласының көтеретін жүгі де ауыр екендігін байқауымызға болады. Бұл саланың пайда болып, даму барысын саралайтын болсақ, үлкен бір сатылай өсу, сөздіктердің мамандар тарапынан өзгерістер мен жаңалықтарға ұшырап отырғандығын байқауымызға болады. Сөздік жасау жұмысының барысында көмекші әдістемелік құралдардың болғаны әбден дұрыс. Осыған дейін мұндай еңбектердің көп болмағандығын ескеретін болсақ, ғалым Байынқол Қалиұлы мен Бижомарт Қапалбектің 2023 жылы жарыққа шыққан «Біртілді сөздік жасаудың ғылыми-теориялық негіздері» атты монографиясының орны бөлек.
Бұл монография жалпы түсіндірме сөздіктің жасалуы жолдары жайлы мәлімет береді. Түсіндірме сөздіктің міндеті – қолданыста бар тілдік бірліктердің түгел жиынтығын, олардың реттеліп, жүйеленіп, әрқайсысының сараланып сөздікке енуі.Ғылыми еңбек үлкен екі тараудан тұрады: алғашқы тарау - «Біртілді сөздіктің нысаны – сөз бен мағына» болса, екіншісі - «Біртілді сөздік жасаудың қыры мен сыры» деп аталады.
Алғашқы тарауда сөз бен мағына, олардың құрылымдары
мен анықтамалары және түрлері жайында сөз болса, екінші тарауда біртілді сөздік
жасаудың теориясы мен тәжірибесі, атау сөздердің түрлері мен нұсқалары,
омонимдер, сондай-ақ күрделі сөздер мен фразеологиялық тұрақты тіркестердің
сөздікке алынуы талданады.
Еңбекте сөздік,
оның ішінде біртілді сөздік жасаудың ғылыми негіздері мен практикасы беріледі,
сонымен қатар, олардың қалыптасу жолына да терең талдау жасалады. Ғалымдардың
ерекше назарға алған мәселелері: сөз, сөз тіркестері, сөз мағыналары және
оларға анықтама беру мәселелері мен стильдік салалары. Демек, бұл еңбек –
біртілді сөздік жасаудың нұсқаулығы.
Сөздік
жасаудағы халықтың білімі мен білік шежіресін терең талдап берген ғалымдар, тіл
мамандарының 60 жылдық сөздік жасаудағы жетістіктері мен кемшіліктеріне сауатты
түрде талдау жасап, дәлелді пікірлер береді.
1956-1961 жылдары жалпы редакциясын басқарған профессор
І.Кеңесбаетың «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінен» бастап, Қазақстан Ұлттық
Ғылым академиясының лексикографтарының 1974-1986 жылдар арасында жарыққа шығарған он томы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі,
профессор Ш.Ш.Сарыбаевтың редакторлығымен 2005 жылы «Қазақ тілінің аймақтық
сөздігі», 2008 жылы Т.Жанұзақұлының басқаруымен жарыққа шыққан «Қазақ тілінің
түсіндірме сөздігінің» өзіндік ерекшеліктеріне талдау жасай келе, акцентті 2011
жылы жарыққа шыққан 15 томдық «Қазақ
әдеби тілінің сөздігіне» қояды.
Авторлар
«сөйлеу тілінің ең күшті құралы» ретінде қазақ тілінің түсіндірме сөздіктеріне
талдау жүргізе отырып, қазақ тіл біліміндегі олқылықтардың орнын толтыруға
бағыт-бағдар береді. Үлкен екі тараудан тұратын монографияның осы мәселерді
беруі өте жүйелі. ТС пайда болуы мен жасалу тарихына шолу жасай келіп, сөздік
жасаудағы маман-ғалымдардың жіберетін негізгі қателіктеріне тоқталып отырады.
Бірнешеуін атап кетсек болады. Мәселен: біріншіден, көптеген сөздер мен тұрақты
тіркестерді көп жағдайда іздеп таба алмайсыз. Жоғарыда аталған сөздігінде
Б.Қалиұлы ондағы жоқ сөздер мен тұрақты тіркестерді жинап, олардың мағыналарын
ашуға талпыныс жасады. Екіншіден, сөздік жасаған мамандардың шалалығы болар,
кейбір сипаттамалы анықтамалардың жетпей жатқан белгілері (семалары) табылып
жатады. Үшіншіден, сілтенген әдеби сөз міндетті түрде сөздікке енуі керек және
ол сөзге анықтама толық берілуі шарт дейді. Тағы осындай көптеген кемшін тұстарды ғалымдар нақты дәлелдермен
келтіреді.
Монографияның екінші тарауында ғалымдар бір ғана
мақсат көздейді. 2011 жылы жарыққа
шыққан 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» талдай келе, негізгі
жетістіктері мен кемшіліктерін көрсетіп береді. Ең бастысы, келешекте жасалатын
сөздіктердің олқы тұстарын болдыртпау мақсатында сөздіктің олқы тұстарына
ерекше назар аударады.
Ғалымдардың атап берген сыни мәселелерінің қатарын
тізіп өтсек:
Бұл сөздіктің негізі -
1966-1988 жылдары жасалып, 1974-1986 жылдары «Қазақ тілінің түсіндірме
сөздігі» болып табылады. Осы 15 томдыққа
негіз болған, алғашқы 10 томдыққа еңбегі сіңген 24 автордың аты 2011 жылғы
еңбекте мүлдем аталмайды деп көрсетеді.
Ғылыми еңбектерде ТС атаулыға байланысты сөздік
түрлері бұрыннан бар. Ал, 15 томдық солардың қайсысына жататыны белгісіз
күйінде қалды дейді.
Әдеби тілден тыс элементтер, яғни әдеби тіл нормасына
қайшы келетін жатжұрттық сөздер, арнаулы мамандар ғана түсінетін ғылыми
терминдер, жергілікті сөздер, ауызекі сөйлеу тілі, т,б. кездесіп отыруы дұрыс
емес деп көрсетеді. Атау сөздердің жетістіктері мен кемшіліктеріне талдау жасайды. Сөздік
ішіндегі сөздердің жүйелену, саралану, даралану деңгейіне сын айтады. 15 томдықты жасаушылардың көбінесе орфографиялық сөздікке
сүйенбегендігін тілге тиек етеді. Анықтамалардағы кемшіліктерге тоқталып өтеді.
Сөз мағынасы мен оның реңктеріне байланысты
олқылықтарға талдау жасап, авторлар өзіндік дәлелдерімен тағы бір сын айтады.
Қорыта айтқанда, кез келген сөздіктің жасалуы кешенді
түрде атқарылатын үлкен ғылыми мәселе екендігі белгілі. Қандай болғанда да
ұжымдық сананы көрсететін сөздік жасау, әсіресе, ҚӘТС жасау оңай дүние емес.
Қазақ қоғамының мәдени, ғылыми, тілдік өмірінде ерекше орын алатын мұндай
құндылықтардың кемшін тұстарының аз болғаны - құптайтын жағдай. Алайда, бұл сөздіктің
басылып шығуының өзі елеулі оқиға деп қабылдауымызға болатын шығар.
Түйіндей келгенде, авторлар түсіндірме сөздіктердің
жасау тәжірибелері әлі күнге дейін жалғасын тауып отырса да, ғылыми тұрғыда
қорытындыланбағанын айтады, оның себебін алғашқы ТС-терде кеткен кемшіліктердің
осы уақытқа дейін қайталанып келе жатқандығы деп түсіндіреді. Дегенмен, сөздік
құрастырушылардың тілдік нормаларды белгілеудегі жауапкершілігі зор екендігін
түйсініп, тілдік жүйені түсіну және оған сәйкес сөздерді дұрыс кодификациялау
қажет екенін ұғынуы қажет сияқты.
Монография авторларының талдауларынан соң, кемшіліктер
мен олқылықтардың орнын толтыру жолында ҚӘТС дайындаған ғалымдар мен мамандар
серпіліс жасап, жаңа ізденістермен толықтыру жұмыстарын да жүргізетін болар.
Дегенмен, жас ғалым - докторант ретінде, әрі сөздік жасау жұмысының қыр-сырын толық
білмегендіктен қандай да бір өзіндік сын айтуым оғаш қылық деп білемін. Тек,
қазақ филологиясы, төл лингвистикамыз, оның ішінде бүгін сөз болған қазақ лексикография
мәселесінің өркендеп, үлкен жетістіктердің шыңына шығуына тілектес жандармыз.
Ал ұсынылып отырған еңбектің оқытушыларға, оқушылар
мен студенттерге, магистрлер мен докторанттарға, мұғалімдер мен ғылыми
қызметкерлерге өте қажет дүние болатындығы сөзсіз.
ПІКІР АЛМАСУ
08/01/2025 17:32
Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Ана тілім – ардағым» атты мерекелік іс-шара өтті
|
ТЕКСТ