THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазақ тілінің орфографиялық сөздігін құрастыру мен
ғылыми-теориялық негізін қалыптастыру жайы 1930 жылдардан бастап айтыла
бастады. Тіл білімін зерттеушілер баспасөз беттерінде шағын көлемдегі
мақалаларын жариялап, ұлт сауатын оятудағы ұлы істің бастауын ашып берді.
Сөздік
құрастыру кейінгі дәуірде қолға алынған іс емес, адамзат жазу-сызуды
үйренгеннен бастап жалғасып келеді. Ерте заманда ел мен елдің, ру мен
тайпалардың қарым-қатынасы үшін түсіндірме дүние қажет болды. Сондықтан да жеке
сөзді, оның мағынасы мен қолданылуын қарастыратын сөздіктер ерте кезде-ақ
жарыққа шыққан. Оған көне үндінің «Нирукта», орта ғасырдағы арабтың «Китаб
Ул-Айни», парсының «Фархангтер», түркі елдерінің «Диуани лұғат ат-түрк»
еңбектерін мысал ретінде айтуға болады.
Қазақ тілінің алғашқы орфографиялық сөздігі 1941 жылы
кирилл қарпіне көшуіне байланысты бекітілген емле ережелеріне негізделіп
жасалды. 1948 жылы М. Балақаев мектеп оқушыларына арналған «Емле сөздігін»
құрастырды. 1960 жылы
Р.Сыздықованың құрастыруымен баспа қызметкерлері мен мектеп мұғалімдеріне
арналған қазақ тілінің емле ережелері – тұңғыш орфографиялық анықтағыш жарық
көрді. 1974 жылы
ол толықтырылып, қайта шығарылды. Бұлардың екеуі де Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы 1957 жылы
5 маусымда бекіткен “Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерін” басшылыққа
алды.
Еліміз тәуелсіздік алып, жаңа ғасырға аяқ басқан шақта
орфографиялық сөздігіміз де толыға түсті. Толығып қана қоймай, қайта-қайта жаңарды.
Қазіргі таңда қазақ қоғамы 2013 жылы жарыққа шыққан орфографиялық сөздіктің 6-басылымын
негізге алып жүр. Дегенмен бұл сөздіктің өзінде қателер мен қисынға сай
келмейтін олқылықтар бары айтылады. Бұл жайында тіл жанашырлары мен зерттеуші
ғалымдар жиі жазып та жүр. Сондай сүбелі еңбектің бірі – «Қазақ тілі жүйесінің
орфографиялық сөздіктердегі көрінісі» атты кітап. 2023 жылы
жарыққа шыққан зерттеу еңбекті филолог ғалымдар О. Жұбай, А. Салқынбай мен Б. Қапалбек
жазып шыққан. Кітапта қазақ тілі жүйесінің 2013 жылы шыққан «Орфографиялық
сөздігіндегі» (6-басылым) көрінісі сипатталып, А. Байтұрсынұлы, Р. Сыздық сынды
ғалымдардың ұстанымдарымен сабақтастықта сөз етіледі. Сондай-ақ соңғы шыққан
сөздік Рабиға Сыздықтың 2000 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің анықтағышы» атты
еңбегімен, 1988, 2005, 2007 жылдарда шыққан орфографиялық сөздіктермен
салыстырыла талданады. Қазақ тілінің жүйесін нақтылауда А. Байтұрсынұлы, Е.
Омаров, Қ. Кемеңгерұлы, Т. Шонанов сынды ғалымдармен қатар А. Ысқақов, Ы.
Маманов, С. Исаев, Ә. Жүнісбек сынды ғалымдардың теориялық еңбектері негізге
алынған.
Дамыған елдерде орфографиялық сөздіктер жиі жаңартыла
бермейді. Олар сөздіктегі нұсқаның тұрақтануын көздеп, нормаға айналуын мақсат
етеді. Тілдегі жүйеге негізделген қандай да бір өзгеріс халық санасына сіңіп,
норма қалыптасары анық. Норманың қалыптасуы – сауатты жазудың алғышарты.
Біздегі ахуалға келсек, кейінгі жылдары орфографиялық сөздік жиі шыққанымен,
тілдегі жүйе бұзылып, осы уақытқа дейін біршама қалыптанған нормалар қайта
өзгеруде. Бұл айтылған пікір «Қазақ тілі жүйесінің орфографиялық сөздіктердегі
көрінісі» кітабын жазған ғалымдардың көзқарасы.
Бүгінде орфографиялық нормаларды сынға алып жүрген тілші
ғалымдар ғана емес, әлеуметтік желі қолданушылары да баршылық. Жуырда ғана Жәнібек Әлікен есімді
қолданушы facebook парақшасында филологтарға назын айтты.
- Қазақ тілінің обалы филологтарға деп алдында айтып
жүрдім. Отыз жылдың ішінде қатқан терминология тізіп, миға қонымды аудармалар
жасаудың орнына рахметті раҚметке ауыстырып, қыркүйекті қырГүйекке айналдырмақ
боп миымызды одан әрі атала қылды. Жасушаны торшаға, ақуызды нәруызға
айналдырып шатастырғаны өз алдына бұлар халықаралық терминдерді қазақшаға
айналдырып халықты қазақшадан безерге айналдырды, - деп жазды.
Ғылым үздіксіз дамып жетіліп отыратын жүйе. Тіл білімі де
уақыт өте келе жаңа қырынан зерттеліп, жаңа саласы қалыптасуда. Десе де
халықтың сауаты мен мектептегі жас буынның білім нәрімен сусындауына
орфографиялық сөздіктің маңызы зор. Оның қайта-қайта жаңаруы қоғамдағы сауатты
шатастырады. Қазіргі таңда көпшілік 2013 жылы шыққан «Орфографиялық сөздіктің» 6-басылымын
назарға алып келеді. Жоғарыда желі қолданушысы айта кеткен «раҚмет», «қырГүйек»
сөздері де осы сөздіктен алынған. Ал
бүгінгі мақалаға арқау болып отырған «Қазақ тілі жүйесінің орфографиялық
сөздіктердегі көрінісі» атты еңбек осы «Орфографиялық сөздіктегі» олқылықтар
жайлы жазылған зерттеу жұмыс.
- Соңғы нормативтік құжат болғандықтан, көпшілік осы
сөздіктегі нұсқаны жазуға мәжбүр. Оқушылардың жазба жұмыстары, оқулықтар, т.б.
осы сөздіктегі нұсқаға қаншалық сәйкес келетініне қарай бағаланады. Бұл еңбекте
қолданып жүрген орфографиялық сөздігіміз сол қажеттілікті қаншалық өтеп
жатқанын, соңғы жылдары шыққан сөздіктерде тілдегі жүйе қаншалық сақталғанын
зерделеу мақсатымен 2013 жылы жарық көрген орфографиялық сөздіктің
6-басылымындағы сөздердің берілуін талдамақпыз, - дейді еңбекті
құрастырушылар.
«Қазақ тілі жүйесінің орфографиялық сөздіктердегі
көрінісі» кітабы – 2013 жылы жарық көрген «Орфографиялық сөздіктегі» кемшін
тұстар мен ғылыми ой-тұжырымға қарама-қайшы тұстарды талдайды. Калька
аудармалар, қазақша баламасы тұрақталып қалған орыс тіліндегі сөздер,
жергілікті сөздер, жасанды қолданыс, әліпбилік реттің сақталмауы, тыныс белгісі,
әріптік қателер, фонетикалық және морфологиялық ұстанымдар, т.б. мәселелер
кеңінен қарастырылып талданған.
- Орфографиялық сөздіктер дұрыс жазу қағидаларын
көрсететіндіктен, оған сөйлеу тіліндегі қолданыстардың бәрін кіргізе беруге
болмайды. Көпшілікке дұрыс, сауатты жазуды үйрететін, тілдегі нормаларды
танытатын сөздік болуы керек. Алайда сөздік бұл талапқа сай келмейді. Себебі
мұнда қате жазылған сөз өте көп, - деп мысалдар келтіре кетеді.
Орфографиялық сөздік дұрыс жазу нормаларын, қиындық
тудырып жүрген сөздердің оң жазылуын көрсетумен қатар тіліміздің байлығын,
көркемдігін де танытуы керек. Әдетте бұл сөздікті қандай да бір сөздің жазылуы
күмән тудырған жағдайда пайдаланамыз. Пайдалану демекші, бүгінде ақпараттық
технологиялар дамып, интернет қолжетімді болған заманда орфографиялық сөздікті
де онлайн пайдалануға болады. Бұл да қоғамның сауатты
болуы үшін жасалған сауапты бір іс.
ПІКІР АЛМАСУ
08/01/2025 17:32
Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Ана тілім – ардағым» атты мерекелік іс-шара өтті
|
ТЕКСТ