THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Тұрсын ЖҰРТБАЙ: «Қазіргі біздің білім жүйесі тек эксперимент алаңы»
Авторы: namys.kz
04/05/2017 15:15 0 37673 0
Біз білім жүйесін толықтай құлдыратып алдық. Қазіргі күйіміз
1966 жылғы жаппай орта мектепті бітіру туралы қаулының деңгейінен де төмен
жағдайда деп ойлаймын. Дүниежүзіндегі білімнің ең озық түрі – германдық
үлгідегі жүйе. Ол кәдімгі бастауыш мектеп, орта мектеп, толық орта мектеп
жүйесі. Қалған білімнің барлығы да осы іргетастың үстіне қаланады. Одан кейін
барып, гимназиялық, колледждік, бакалавр, магистрлік, аспиранттық дәрежеге
көтеріле беруге болады. Ал білім жүйесі жөнінде 2006 жылға дейін өзгерістер
жасау туралы ұмтылыстар болды, басталды, сол күйінше қалып қойды. Біз қазір не
германдық, не бұрынғы кеңестік, не америкалық үлгіде емеспіз. Не өз бетімізше
жол тапқан жоқпыз. Үш жүйенің қойыртпағы болып тұрмыз. Сыртымыз
еуропа-америкалық жүйе сияқты. Қазіргі орта мектепті бітірген бала көбейту
кестесін жатқа білмейді. Өйткені, 2-3-ші сыныптарда талап ретіндегі жүзеге
асырылмайды.
Көбейту кестесін
білмеген бала қай тілде болсын, тіпті ана тілін керемет меңгерсе де, сауатсыз
күйінде қалады. Техника үнемі адамның қол астында тұрмайды. Ал адамның ойлау
жүйесі сәт сайын шешім қабылдауды қажет етеді. Ең бірінші бастауыш білімді бала
ана тілінде алу керек. Себебі, бұл бала санасының қалыптасу кезеңі.
Нейро-лингвистика деген ғылым бар. Сол ғылым бойынша ғалымдардың ашқан жаңалығы
адам таңғаларлықтай. Адам миының ойлау жүйесі – 1 мен 3 жас аралығында
қалыптасады екен. Адам миының сол жақ ми бөлігі дыбысқа, ойлауға, сөйлеу
процесіне жауап береді. Және бүгін туған нәрестенің жұлын жүйкесінде, ми
қабында оның әкесі немесе атасындағы емес, тура жетінші атасындағы тектік негіз
бар, сол қалпында балаға дариды.
Ол баланың дыбысты
қабылдауына, сөйлемді жеткізуіне, бастауыш пен баяндауышты байланыстыруына,
ойлануына қаншама күш кетеді. Бірақ бала мұны тез үйреніп кетеді. Себебі жетінші
атасы осы тілде ойланды, сөйледі. Орыс тілінде тілі шыққан баланың өжеттеу және
көп нәрсеге консервативті түрде қарайтынын мойындаймыз. 1 мен 5 жас арасында
баланың миы дамып, өзінің бұрынғы генетикалық тегіне деген қарсылық пайда болады
екен. Генетикалық тегін жойып шықса, ол қазақ болып қалмайды. Орыс тілінде тілі
шыққандардың өз тіліне деген жеккөрінісі оның жай көзқарасында ғана емес, ең
бірінші жүйке жұлын жүйесінде жатыр. Осы мәселе жөнінде қаншама халықаралық конференция
өтіп, үлкен жаңалық ретінде тіркелген. Әлемде неге генетика ғылымы
70-80-жылдары күрт ілгері дамыды да, Кеңес үкіметінде кенжелеп қалды? Өйткені,
олар бодан елдің санасын тұншықтырғысы келді.
Қазіргі қазақ
тілі, математика секілді пәндердің оқулықтарындағы кейбір терминдерді бала
тұрмақ, отыз кітап шығарған ғылым докторы, профессор мына мен түсінбеймін.
Қолдан жасалған тіл, қолдан жасалған буын. Әліппедегі өлеңдердің өзін үлкен адамдар
жаттай алмайды. Ондағы ырғақтарды әлі былқылдап тұрған сана қабылдайтын сөздер
емес. Психолингвистиканың заңдылығына бағынбай, оқу жүйесін алға сүйрей алмаймыз.
Ең бастысы, үшінші сыныпта көбейту кестесін меңгермеген бала, оны өмір бақи
меңгермей кетеді.
Неге сыныптарға
бөліп оқытады? Өйткені, адамның миы, ойлау жүйесі қат-қабатымен бірте-бірте
қалыптасады. Шатырды саламыз да, іргетасын тоғызыншы-оныншы қабатқа келгенде
тұрғыза бастаймыз. Біздің білім жүйесі тура осылай. 12-жылдыққа көшкелі
жатырмыз. Осының жүйесі қандай? 12-жылдықты бітірген бала маман болып шығу
керек. Содан кейін үш жыл оқып бакалавриатты алуға болады. Қазіргі біздің бұзылған
оқу жүйесінде магистранттың білім деңгейі бұрынғы бакалаврға жетпейді. «Абай жолын»
оқымаған, Бейімбет Майлинді білмейтіндердің әдебиеттанумен айналасып жүргендері
бар. Өзі оқыған шығарманы талдамақ түгілі, мазмұндап бере алмайтын пейдж
докторлары жеткілікті. Себебі, олар әу баста тест жүйесімен білім алған. Ал
тест жүйесінде оқудың қажеті жоқ. Ол оқыған мектепте Абайдың философиясына
бойлаған жоқ, тек тест жаттауға дайындады. Кейбір жоғары оқу орындары
мектептердегі пәндерді қайта оқытатын курстар ашуда. Бұл студенттің оқып,
оқығанын сөйлеп жеткізе алуы үшін амалсыздан барып отырған шара. Менің ойымша,
бұрын білім саласында сауатсыздықты жою қозғалысы бар болса, қазір сауатсыздандыру
қозғалысы жүріп жатқандай көрінеді.
Қазіргі біздің білім жүйесі тек эксперимент алаңы. Орта білімді адамның дәрежесі мынадай, жоғары білімдісі мынадай болады деген талап жоқ. Мысалы, мен әдебиеттен сабақ беремін. III-IV курстарда «XIX ғасыр әдебиеті» деген бірнеше семестрлік бағдарламалар бар. Лекцияны қанша созсақ та бұл аралықтағы әдебиет мұнша көп оқытуға жетпейді. Оның есесіне, 40-60-жылдардағы қазақ әдебиетіне 1 семестр уақыт белгілеген. 2 айдың ішінде өзгесін былай қойғанда «Абай жолын» оқып бітірудің өзі мүмкін емес. «Абай жолын» талдап оқымаған адам, қалайша филология ғылымының маманы болады?
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ