THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Ілияс Жансүгіров - қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі
Авторы: Айғали Әсия
05/05/2017 14:26 0 75742 3
Халқымыздың
ежелден құт-береке дарыған, ақындар мен батырлардың мекені Жетісудың перзенті –
Ілиястың жан дүниесі жас кезінен ән мен жырды, күй мен әуенді ұялатты. Жастайынан
ауыл өміріне араласты, өлеңді табан асты шығарып, суырып салмалық өнерімен
қатарының алды болды.
Ілияс Жансүгіров
нағыз жан-жақты дарын иесі. Ол – қаламынан түрлі жанрда тамаша туындылар
шыққан, қазақ әдебиет өнерінде өшпес із қалдырған үлкен қаламгер. Өз халқының
әдебиетінің іргесін қалап қана қоймай, оның өміршеңдігін нақты өлмес
туындыларымен байытқан талантты суреткер. Қазақ жеріндегі аласапыран төңкеріске
дейін, негізінде, ауыз әдебиеті ғана дамыған қазақ даласында поэзияның,
прозаның, драматургияның, аударма, балалар әдебиеті мен журналистиканың тамаша
үлгілерінің дүниеге келуіне өзіндік үлес қосқан жаңашыл қаламгер болғандығын
әдебиет тарихы жоққа шығармайды.
Орыс және әлем
әдебиеті классиктерінің шығармаларын Абайдан кейін сәтті аударған Ілияс
болатын. Олардың Ілиясқа әсері мол болған. Қара өлеңнің қазіргідей үлгісін
тұңғыш Абай қалыпқа келтірді десек, оны мейлінше дамытып, қанат бітірген Ілияс
еді. Поэзияда өздері өмір сүрген заманның шындығын ашып, реалистік бояуын
қалыңдата айтып, әр тақырыпты ақтарыла жырлау Абайдан кейін Ілияста анық
байқалады.
Ол – Абай жолын
жалғастырған, поэзияда Абай деңгейіне дейін көтеріле алған дарынды ақын.
Құлагер ақынның
сұлулық мұраттарының орнығуына, көркемдік талғамының қалыптасуына, өлең
мәдениетін игеруіне Абай поэзиясының ықпал жасауы – оның әдеби тағдырындағы
бақыттылық, ауыз толтыра айтатындай эстетикалық құбылыс, дәстүр жалғастығын
көрсететін жайт.
Ілияс –
поэзияның сан қырын меңгеріп, алуан түрлі тақырыптарға қалам тартқан жан-жақты
ақын. Соның бір саласы – балаларға арналған өлеңдері.
Ол өлеңдері –
балаларға арналғанымен кеңістігі кең, үлкен, қызықты да қызғылықты, тамаша,
әсем әлем. Осы әсем әлемнің әдебін айшықтап, кеңістігін кеңейте түсуге қазақ
поэзиясының «Құлагері» - Ілияс Жансүгіровтың қосқан үлесі салмақты.
Қазақ балалар
әдебиетінің ірге тасын қалауға негіз болған – батырлар жыры, ертегілер,
мысалдар, шешендік сөздер, өтіріктер, жұмбақтар, тұрмыс-салт жырлары, айтыс,
ауыз әдебиетінің басқа да нұсқалары бар еді. Мысалы, қазақ баласы түгел білетін
– «айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отау», «аласа ғана бойы бар, айналдырып
киген тоны бар», «белі бүкір, алысқа түкір» деген сияқты жүзге тарта
жұмбақтарды алғаш жазып алған, редакциялаған, жеке кітап ретінде басып шығарған
Ілияс екенін қазіргі таңда көбі біле бермейді. Атақты қырық өтірікті қағазға
түсіріп, «Өтірік» деген атпен 1927 жылы басып шығарған да осы Ілияс. Автор
өтіріктер туралы өзінің ойын: «Бұл жинақтың түпкі ойы, түпкі орны мен өтірігі –
үлкендерден гөрі балалардікі, балалар әдебиетіне жатады», - деп түйіндейді.
1929 жыл Ілияс
Жансүгіровтың балаларға арнап өндіре еңбек еткен кезеңі. Айналасы екі, үш
жылдың ішінде «Балаларға тарту», «Балаларға базарлық», «Малта», «Шәукеннің
шәркейі», «Жұмбақ», «Одақ» деген бірнеше суретті кітапшаларын көпшілікке
ұсынды.
Балаларға
арналған шығармаларының ішінде тағы да бір көңіл аударатын ақын мұрасы – 1930
жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан жұмбақтар жинағы. «Үй саймандары»,
«Жаратылыс құбылыстары», «Құрал-сайман» деген бөлімдерден тұрады.
Қазақ
поэзиясында жылдың төрт мезгілін суреттеуде Абай, Ыбырайлардан кейін Ілияс
ерекше орын алады. Мысалы, Абай өлеңдерінде жылдың әр мезгілін халықтың
тұрмыс-тіршілігімен байланыстыра суреттеуі ересектердің ұғымына лайықты болса,
Ілияс өлеңдерінде өмірді нақты бала көңілімен танытуда.
Ұлттық
құндылықтарды негіз етіп, балалардың дүниетанымының еселенуіне жырмен әсер
ететін Ілиястың ерекше әдісін «Домбыра» өлеңінен көруге болады. «Нағыз қазақ
қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра». Домбыра – шежіре. Тау суындай сылдыратып
тәтті-тәтті күй төгетін, бота күйді боздатып, көктегі бұлтты
ыдыратар, таудағы тұманды түретін, он саусақты құлындай құлдыратып,
ойнақтата көргенін күй қылатын, «екі желі, үш қазық, тоғыз ноқта ол - домбыра»
(І.Жансүгіров).
Ілиястың
балаларға арналған өлеңдері өткен өмірдегі шынайы қазақи өмірдің көріністерінен
құралған. Ұлт мүддесіне қатысты ойлары баланы жақсы әлемге, оқу-білімге
бастайтын игі мақсаттар баланың білімге ұмтылуына мұрындық болатын ұлттық таным
екені сөзсіз. «Жазғытұры», «Күз», «Қыс», «Оқимын», «Бөбек бөлеу», «Тас
шешей», «Сабын», «Ұршық», «Саптыаяқ», «Күн боламыз», «Элеватор»,
«Комбайн», «Қазақ үйдің тұрмысы» т.б. өлеңдері бүгінгі тәуелсіз еліміздің
балалар әдебиетіндегі үлкен табысы.
Қазақ балалар
лирикасы – қазақ әдебиетіндегі кейіндеу пайда болған саласы болғанымен,
руханиятымыздың көркемдік кеңістігін байытумен қатар, тәрбиелік-тағылымдық
жағынан да толықтырып отырған әдебиет әлемінің үлкен бір қанаты. Соның ішінде,
әсіресе, Ілиястың балаларға арналған өлеңдері халықтық педагогикамен ұштасып, баланың
дүниетанымына әсер ете алуымен маңызды.
Ілияс балаларды
ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеуге күш салады және соған лайықты шынайы
көркем туындылар жазады. Сәбилердің, жас жеткіншектердің рухани деңгейін
көтеретін, қиялын шарықтататын жігерлі де жасампаз шығармаларды дүниеге әкелді.
Ілияс Жансүгіров қазақ балалар әдебиетінің ауыз әдебиетінен кейінгі негізін салушылардың бірі деп толықтай айта аламыз.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ