THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазақстан палеотопонимикасы - халық тілі мен мәдениетінің көне жәдігері
Авторы: MTDI
16/05/2017 11:25 0 44456 0
Қазақ жеріндегі палеотопонимдер арнайы зерттелмегенімен шағын да болса ғылыми мақалалар болмаса, кейбір еңбектерде қысқаша айтылған пікірлер баршылық.
Ұлан-байтақ жеріміздегі ондай топонимдер ашық аспан астындағы жер бетінде сақталып, біздің дәуірге жеткен көне жәдігер іспеттес. Бұл палеотопонимдер – көне топонимдер халықтың бай тілімен, оның қат-қабат тарихымен тығыз байланысты.
Археолог ғалымдардың қазба жұмыстары арқылы табылған түрлі заттарды, сондай-ақ, маңызы үлкен ескерткіштерді біздің дәуірімізден бұрынғы ІV-III-II ғасырларға теліп жататыны көпке мәлім.
Әсіресе. әлемге әйгілі "Алтын адам" мен Ожаудағы көне жазу да біздің дәуірімізден бұрынғы V-ІV ғасырларға тән деген пікір қалыптасып отыр. Алайда жеріміздегі ежелгі замандарға тән, біздің дәуірімізден 5000-4000 жыл бұрын пайда болған көне топонимдер барын жұрттын бәрі біле бермейді. Ол палеотопонимдер еліміздің батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі, оңтүстік шығыс өңірлерінде кеңінен тараған. Олар қазіргі өмірімізде, қоғамдық қарым-қатынаста кеңінен қолданысқа түсіп жиі жұмсалуда. Тілдік, лексикалық табиғаттарына қарай орал-алтай гезеніне және көне түркі (қазақ) тіліне тән келеді. Ал шығу, пайда болу, таралу шегіне зер салар болсақ, ежелгі заман және ерте орта ғасыр, орта ғасырларға бой ұрады.
Сондай көне палеотопонимдердің бірі - Каспий теңізі. Тілдік тұрғыдан бұл тарихи атау кас және пий деген екі сөзден жасалған. Каспий теңізі туралы біздің дәуірімізге дейін IV ғасырда тарих атасы Геродот еңбегінде: "Каспийское море – это море совершенно особого рода. Длина его – пятнадцать дней плавания на гребном судне, а ширина в самом широком месте – восемь дней. На западе оно граничит с Кавказским хребтом – самой обширной и высокой из всех горных цепей. Само называние Каспийское море связывается по именем сакского племени Каспиисв, жившего на южном побережье Каспийского моря" деп жазды [1]. СВ. Юшконын айтуынша: "Біздің заманымыздан бұрынғы VІІ-ІV ғасырларда Каспий теңізінің жағалаулары мен Манғыстау төңірегінде кас тайпасы өмір сүрген. Бұл тайпа әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүрі, жалпы мәдениеті тұрғысынан сақ пен скифтердің үлкен бір тармағы болуы керек" [2]. Басқа да тарихи ( жазба ескерткіштерде біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ ғасырда, біздің заманымыздың І және VI ғасырларында Гиркан теңізі, VІІІ-Х ғасырларда оғыздар үстемдігі кезінде Хазар теңізі аталған. Алайда көптеген тарихи-географиялық еңбектерде Каспий аты сақталған. Тарихи еңбектер мен тарихшылардың барлығы Каспий теңізі атауының бірінші құрамындағы кас сөзін көне тайпа аты деп есептейді. Атаудың екінші сыңарындағы пий сөзі орал-алтай тіл бірлестігіне тән, орочин тілінде bija – "өзен, бұлақ, көл", эвенк тілінде bija – "өзен", самоднй тілінде ба – "су", "өзен", негил – тілінде де bija – "өзен", "бастау" екенін көреміз [3]. Қазіргі қазақ тіліндегі , Буйен (Ақсу ауд. Алматы обл.) өзенінің синкретикалық түбірі буй )
Біздің дәуірімізге дейінгі ежелгі заманға тән топонимнің бірі – Жайық өзені. Ол туралы біздің дәуірімізге дейінгі грек ғалымдары еңбектерінде деректі мағлұмат берілген. II ғасырдағы грек ғалымы Клавдий Птолемейдің "География" еңбегінде Дайке деп аталса, оны ортағасырлық саяхатшы, араб ғалымы Ахмед ибн Фадлан жазбаларында Джайх түрінде атаған. Академик В.В.Бартольд: "Птолемей заманында Волга өзенінің аты фин тілінде Ра-Урал, ал түркі тілдерінде Даикс атымен белгілі болған", – деп жазды [4]. Көрнекті түркітанушы Н.А.Баскаков Жайық топонимінің алғашқы Даих нұсқасы алтай тілінің Куман диалектісінде: "Дайык" – "өзен тасқыны" мәнін білдіреді деді [5]. Атаудың мағынасы жайлы Н.К.Дмитриевтің: "Бұл атау Византия авторы Менандр Протектордың (VI г.) еңбегінде < йаз < заз деген сөзден жасалған" деген пікір айтты [6].
Жоғарыда көрсетілген нақты деректерге қарағанда өзен атының көне дай тайпа атымен, ежелгі заманнан орта ғасырға дейін Дайк, Дайкс, Dйаіх тұлғаларында аталып келуі ешбір күмән тудырмас шындық екенін көреміз.
Сол Dаіг атауының қазіргі кездегі Жайық нұсқасында қалыптасып, тілімізге етене сіңіп кетуінің де тарихи-лингвистикалық себебі бары аян.
Атаудағы дауыссыз д дыбысының, дауыссыз ж дыбысына алмасуы тілдегі заңды құбылыс болса, атау соңындағы ық (қ) қосымшасын орал-алтай тіліндегі көптік жалғаудың көне көрсеткіші деп білеміз. Олай болса, Дайх (йаіх) өзені "дайлар озені" мәніндегі ежелгі заманға тән атау деп қараудың яғни көне тайпа атынан, сақ замандарында қойылған атау екенін көреміз. Тарихшы ғалымдардың қазақ халқының құрамындағы ертеден бар адай тайпасының сол ежелгі заманғы дайлардын жалғасы екенін айтуы да тегін емес сияқты.
Оңтүстік Қазақстандағы Арыс өзені мен Алматы облысындағы Асы өзені туралы тарихи деректер мен жүйелі ізденістерге ден қояр болсақ, екеуі де біздің дәуірімізден бұрын өмір сүрген сақтардың белді де белгілі тайпаларының аттары екенін еріксіз мойындаймыз. Арыс атауының ар компоненті үнді-еуропа тілдерінде ар – "өзен" мағынасын білдірсе, екінші кұрамдағы ыс тұлғасын да "езен, су" мәніндегі сөз ретінде танығандар да бар. Әлбетте, бұл болжамды анықтау, нақтылай түсу болашақ мамандар үлесіне тимек. Алайда тарихшы ғалым Әділхан Байбатшаның жазғанына иланар болсақ: "Арыс тайпасы б.д.д. V-ІV ғасырлар шамасында. Қазақ даласының қастерлі ұлдарының бірі үйсін, бытыраңқы сақ тайпаларын біріктіріп Ұлы одақтың (жүздін) құрамына кірді. Ал солтүстікте Арысқұм, Арыс көлі арқылы Ұлытау, Көкшетау өңіріне дейінгі аралықтағы аймақты мекендеген сақ тайпасы құрған. Қазіргі Арыс көлі. Арыс өзені, құмы осы тайпа мекендеп, атын қалдырған жер-сулар. Геродот Сырдарияны Аракс өзені деп, осы аймақты мекендеген Арыс тайпасына байланысты атаған" [8].
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы жайлау, өзен аттары ретінде аталатын Асы жайлы да Ә.Байбатша, Ю.Зуев пікіріне сүйене отырып, оның: "Ассактар, яғни асы тайпасы б.д.д. V-IV ғғ. құрылған ұлы жүз одағының бірі болып, үйсін мемлекетінің құрамына кірген" деген сөзіне жүгініп, Жамбыл облысындағы Аса (өзен, ауыл аттарын да) атауын біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген сақтардың үлкен тайпасының аты деп жазды.
Асылардың ежелгі заманда Сарыарқаны да мекендегенін академик Ә.Марғұлан айтса, Жетісу өлкесінде Асы езенінің бойынан осы тайпаның ерте кездерден бергі қоныстарын археолог Т.Сенигова тапты. Демек. бұл пікірлерге қарағанда асылар Қазақ даласын мекендеген сақ тайпаларының үлкені. Жеріміздегі Асы, Арыс атымен байланысты жер-су аттарының сол тайпа аттарынан қойылғанын жоғарыда аталған нақты деректер анықтай түспек.
Ежелгі заманға тән топонимдерді қарастыра келе байқағанымыз – олардың құрамында араб тіліне тән атаулармен қатар иран тіліне тән топонимдердің барын кездестіреміз. Ол атаулардың Оңтүстік өңірі мен Жетісу аймағында басымдығы жете айтылып жүргенімен, Орталық және Солтүстік Қазақстанда сирек ұшырауы сөзге тиек болып келді. Алайда араб тілінен, әсіресе, иран тілінен енген жер-су аттарының басымдығы анықталып отыр. Мәселен, Қарағанды облысындағы Дам-блан атауының дан сыңары иран тіліндегі тан – "сай", "шатқал" сөзінің дыбыстық тұрғыдан өзгерген түрі болса, екінші сыңарындағы блан прав тіліндегі баланды – "жота, төбе, шоқы" мәніндегі сөз екен. Оны иран тілінің бір тармағы тәжік тіліндегі Сангибаланд – "тау қыраты, жотасы" деген атау анықтай түсетіндей. Дансары – Қарағанды облысының, Ұлытау ауданындағы "көл", "сай " аттары. Иран тіліндегі дан < танг – "шат", "шатқал", "арна", диалект данги – "тау асуы, бел, белес", "тау аңғары", екінші құрамдағы сары сөзі бұл жерден түр, түстен гөрі "үлкен, кең" деген мағынаны білдіріп тұр. Демек, атаудың мағынасы – "үлкен, кең шатқал" дегенге саяды.
Дастар – тау, биіктігі – 938,8 м. Ақтоғай ауданы, Қарағанды облысында. Атаудың бірінші сыңарындағы иран тіліндегі дас сөзі, ол армян, әзербайжан, қазақ, түрікмен тілерінде даш, таш. тас, дешті тұлғаларында келіп, "тастақ, тастақ жер" деген мағынаны білдіреді. Ал атаудың екінші құрамындағы тар – түркі тілдеріндегі көптік жалғау көрсеткіші. Қар – дөң, Жезқазған өңірі, Қарағанды облысында. Бұл сөздің негізгі төркіні иран тілінен екені, оның фин-угор, араб, түркі, монғол тілдерінде кездесетіні Э.Мурзаев еңбегінде жете көрсетілген. Үнді-еуропа тілінде гар – "тау", ягнав тілінде гар – "тау", "асу", сомалий тілінде "жартас", "құз", фин тілінде кар – "жартас", "құз", қырғыз тілінде "тау", "жота", монғол тілінде хара – "жал", "биіктік". Демек, қар атауының иран тілі "тау", "төбе" деген мағынадағы сөз екенін көреміз. Сеңгірқия – Ақмола облысы, Сілеті ауданындағы көл аты. Атаудың бірінші сыңарындағы Сеңгір сөзі (ир. зан "зор" + гар "тау", яғни "биік тау", "күз". "жартас"), тіліміздегі сеңгір сөзі сол заңғар сөзінін дыбыстық тұрғыдан өзгерген түрі. "Зәулім, асқақ, биік тау шыңдары" мәнінде қалыптасқан. Тілімізде Көне Сеңгір, заңғар биік т.б. тұрақты тіркестер құрамында да жиі қолданылады.
Бұл көрсетілген атаулардың Орталық Қазақстанда сақталуы еріксіз ойға қалдырады. Бұдан ерте замандарда, біріншіден, бұл өңірге сақтардың өмір сүруі нәтижесінде қойылған атаулардың ұмыт болмай. замандар өтсе де сақталып қалуын байқасақ, екіншіден, сол ерте замандардың өзінде-ақ кейбір сақ тайпаларының қазақтың ескі тайпалары құрамына еніп, сіңісіп кеткенін аңғартады.
Бұл жайт тек Орталық Қазақстанда ғана емес. Батыс Қазақстан, Атырау, Манғыстау, Актөбе, Қызылорда өңірлерінде, Онтүстікте, Жетісу мен оңтүстік шығыс аймақта, сондай-ақ Шығыс Қазақстанда дерлік кездеседі. Оларды тізімдей берсек, саны біршама болары сөзсіз. Айталык, Арал, Бетпақдала, Талас, Талғар, Торғай, Баладересін, Ақсеңгір, Ақсан, Дамсы, Деркөл, Хантәңірі, Алтай, Орал т.т.
Қазақ жеріндегі көне топонимдердің (палеотопонимдердің) бір парасын орал-алтай тіл бірлестігі кезеңіне тікелей байланысты екенін байқаймыз. Оған Ақажық, Айтағы, Аягөз, Баксұқ, Баладересін, Бақсұқ, Басқамыр, Бастуайт, Белеуті, Бұлдырты, Дардамты, Дегелең, Доғалаң, Дегерес, Дүбін, Дыңшоқы, Елшенбүйрек, Зеренді, Кетмен, Күрті, Күрметі, Күршім, Қазығұрт, Қарамыс, Қарашелек, Қарғалы, Қарқара, Қарқаралы, Қарнақ, Қатонқарағай, Қастек, Қусақ, Маңғыстау, Өлеңті, Сілеті, Шідерті, Сағыз, Сарлық, Түрген, Топар, Шалкөде, Шелек, Шыбышы, Шыңқар сияқты атауларды туыстас түркі және туыстас емес тілдермен салыстыра зерттегенде ғана нақты нәтижеге ие боламыз.
Тіліміздегі біріккен тұлғалы сан алуан көне топонимлер құрамында халықтық географиялық терминдер көптеп кездеседі. Ол географиялық терминдер физика-географиялық атауларды, жалпы гидро-географиялық әрі орфографиялық нысандарға қас атауларды тұтас қамтиды.
Географиялық атаулар жасауға белсене қатысатын гидро-географиялық терминдердің өзара бес түрлі жік құрайтынын көреміз.
"Су" мәніндегі көне гидрогеографиялық терминдер. Тіліміздегі Өсек (Алматы облысы, Панфилов ауданындағы өзен) және өзен терминдерінің "су" сөзімен түбірлес екенін көреміз. Мәселен, моңғ. ус (ан), ескі моңғ. усун, бур. уһан, қалм. усн, ескі қалм. усун "су, өзен". Усун тұлғасы "Ибн-Мухан" және "Мухаддимат ал араб" сөздіктерінде көрсетілген. Көне түркілік Орхон-Енисей жазбаларында суб тұлғасында қолданылғанын С.Е.Малов еңбегінен анық көреміз.
Ал, усун "су" терминін "Араб-филолог монғол тілі туралы" еңбегінде П.М.Мелиоранский атап өтсе, монғол тіліндегі ус атауын түркі тіліндегі угуз "су" сөзінен өзгерген деген пікірді В.Н.Насилов айтқан еді. Бұл дәлелдерге қарағанда түркі, монғол тілдеріндегі су, ус (ан), усун ауларының орал-алтай тіл бірлестігі дәуіріне тән, фонетикалық тұрғыдан өзгеріп, түрліше айтылған "су" тұлғасындағы атау сөз деп қараймыз.
Қазіргі қолданыстағы "су", "өзен" тектес халықтық географиялық терминдер орнына орал-алтай тіл бірлестігі дәуірінде мына төмендегі халықтық географиялық атау сөздер қолданылған.
1. Ас, -аш, -ес, -ыс, -іс. Осылардың қосылуы арқылы жасалған топонимдер: Бақанас, Балқаш, Дегерес, Ертіс, Қорғас, Талас, Текес, Қойуыс, т.т.
2. Ел, -іл, -ыл, -л тұлғалы топонимдер: Елек, Киыл, Ойыл, Тобыл, Еміл, Есіл, Қағыл, Іле, т.т.
3. -ған, -ген, -гем, -жем, -кем, -жам тұлғалы топонимдер: Жем, Жеме-ней, Жымпиты, Кеген, Сарқан, Кенгір, Түрген, Обаған, Шамалған, т.т.
4. -соқ, -сүк, -ғыз, -ог (-гіз), -өлең, -елең, -жыл, -жел, -шел, -ба, бө, бү тұлғаларының қосылуы арқылы жасалған топонимдер: Бақсүк, Қызылсоқ, Қаскаөгіз, Сағыз, Ырғыз, Өленті, Қаскелең, Бөген, Бүйен, Желтораңғы, Желағаш, Қарашелек, Шелек.
Қазіргі тіліміздегі географиялық терминінің даму, өзгеру жайына кез салсақ, ол әуел баста ас> ес> ус> са> сай> суб> су болып өзгеріп, даму сатысынан өткенін байқаймыз. Шығыстағы Енесей өзен аты бұрын Кем аталыпты да біздің дәуіріміздің V ғасырынан Енесей аталыпты. Осы атаудың екінші сыңарындағы сей қазірде қолданыстағы сай географиялық терминінің жіңішке айтылу тұлғасы екені айқын-ақ. Оның сей аталуы үндестік заңына сай ене сөзінің қосылуымен байланысты Енесей тұлғасында айтылған. Ал сай ерте заманда "су" мәніндегі сөз болған. Тілмізде күні бүгінге дейін "сай-сайға құяды, бай-байға құяды" деген мәтелде "су" мәнінде айтылады. Ол кейіннен ғана сай "арна" мағынасына ие болған.
Сол сияқты көне түркі тілінде өгіз сөзі "өзен" мәнінде айтылған. Тіліміздегі Екіегіз, Қойөгіз деген өзен аттары сонын куәсі. Осы өгіз сөзі өзгере келе өзен болып қалыптасқан деген пікірді орынды деп санау керек. Бұл сияқты көне өзен, су, тау аттары қазақ халқын құраған көне тайпалар мен тайпалық одақтар тіліне тән деп батыл айта аламыз. Сол сияқты тау, қырғ. тоо, өзб. тағ, шоқы. жота, жон, шың сияқты географиялық терминдер де көне замандарға тән. Олардың түп төркіні то> шо >шы> жо имитатив түбіріне тән.
Сөз болып отырған палеогидронимиялық атау сөздер (апеллятивтер) орал-алтай дәуіріндегі тайпалар тіліне тән сияқты. Олар Батыс Сібірден бастап Қазақстан Республикасының Шығыс пен Батыс, Оңтүстік пен Орталық Қазақстан және Жетісу мен Алатау аумағында кеңінен тараған.
Бұл мәселеге назар аударған ғалымдардың кейбірі оны угро-фин, кет тілдеріне телісе, басқалары орал-алтай (түркі, монғол) тілдеріне қатысты екенін көрсетпеді. Ол көне гидрогеографиялық термнндердің қазақ жерінде бұл күнде көненің көзіндей сақталып, тіліміз бен мәдениетіміздің көне жәдігеріндей берік орын алып, аудандық, облыстық. республикалық, тіптен дүниежүзілік географиялық карталар мен атластарда қамтылып, халықаралық қарым-қатынасқа түсіп отырғаны баршаға мәлім.
Күрделі топонимдер құрамында келіп, белгілі бір нысан аты болып есептелетін "су", "өзен" мағынасындағы сол көне географиялық терминдердің берісі V-VІ ғасырлардан белгілі болса. көпшілігі ерте, тіптен ежелгі замандарға тән екендігін, сондай-ақ, орал-алтай дәуіріне қатысты терминдер екенін байқаймыз.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕРТІЗІМІ:
1. Геродот. История в девяти книгах. Л.д. 1972, с.168, 333, 336, 75. 76, 196.
2. Юшко С.В. Родословия древнейших албанцев Исторические записки.1973. №1, с. 28.
3. Мурзаев Э.М. Словарь народных географических терминов. М., 1984.
4. Бартолъд В.В. История культурной жизни Туркестана. Л., 1924, с.9.
5. Баскаков Н.А. Северные диалекты алтайского (ойротского) языка. Диалект черновых татар (туба-кижи) Грамматический очерк. М., 1972, с. 209.
6. Дмитриев Н.К. Исследования по сравнительной грамматике тюркских языков. Фонетика, морфология (под ред. Н.К.Дмитриева), ч. 1-2, М., 1955, с 118.
7. Левшин А. Описание киргиз-кайсацких орд и степей, ч. I. ч. II. 1832. с. 261.
8. Әділхан Байбатша. Қазақ даласының ежелгі тарихы. Алматы, 1998, б. 63, 64, 65.
ПІКІР АЛМАСУ
01/06/2017 16:43
Орыс тілді мектептерде тіл дамыту жұмыстарының әдістемелік ерекшеліктері
|
ТЕКСТ