КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жәңгір (Жиһангер). Хан Әбілқайырдың шөбересі, Нұралының немересі, Бөкейдің төл перзенті. Жәңгір қазақ тарихындағы соңғы хан. Бұл Ресей императорының екі басты самұрық бейнелі мөрімен расталған ақиқат. Хан сауатты, орыс, татар, араб, парсы тілдерін жете меңгерген аса дарын иесі, шынайы реформатор, болашақты болжай білген айрықша дара тұлға. Генерал-майор шеніне дейін көтерілген тұңғыш қазақ ханы.Елбасы Н.Назарбаев «Хандардың ішіндегі ең прогрессивтік хан – Жәңгір хан» дейді.
Бабамыз Қазан университеті жанындағы ғылыми-тарихи қоғамның құрметті мүшесі болып, халықтың әдеби шығармаларымен шұғылданып, өзі де көптеген эпикалық туындылар жазды.Бұл қазыналардың бәрі қазірде Батыс Қазақстан облысы Орда ауданындағы ежелгі хан шатырында тұрған үй-мұражайда сақтаулы.
Ал тарихи деректер Жәңгiр ханның жары Фатима ханымның еуропаша білім алып, тәрбиеленіп, орыс, француз және неміс тілдерін еркін меңгергендігін баяндайды.Қазақ ұлтының ерекшелігін зерттеген орыс ғалымдары жазбаларында қазақ әйелінің ойлау қабілеті, зейін-зерде ерекшелігі, дүниетанымы, парасат-пайым деңгейін зерделеп, еңбекқорлығы мен төзімділігін, махаббатқа беріктігін таңдана жазады. Қазақ тарихын, этнографиясын зерттеген орыс ғалымдары Михаил Артамоновтың «Скиф қорғандарындағы қазыналар», Алексей Левшиннің «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ далаларының сипаттамасы» шығармаларында «Қазақ әйелі, жар – жауға жұмсайтын қарумен тең әрі ерлерінің кеңесшісі болған» деп тұжырымдайды. Ғалымдардың Ұлы аналарымыздың бірегейі Фатимаға берген сипаттамасы айрықша. Ғұламалар назар аудартқан даланың ұлы анасы Фатима бейнесі неге айрықша?
...1824 жыл. Орынбор сапарында Жәңгір ханның көңілі бір көргеннен шаһардың бас муфтиі Хұсейннің айдай ару бойжеткен қызы – Фатима сұлуға ауады. Қыздың мөлдіреп, мейірім шашып тұратын нұрлы көзі дала қыраны жас жігіттің назарын өзіне еріксіз аударады. Белін қынап киген ақ жібек кеудешелі, кең етек көйлектегі үкідей үлбіреген аппақ періштені көргенде ханның аузына сөз түспей, қадалған көзін қайтып айыра алмай, абыржып қалды. Қапелімде қыз да үн қата алмай, жымиып жүре берген. Жәңгір хан көп ұзамай Фатимаға құда түсіп, 1824 жылдың күзінде үйленеді.Фатима анамыз би мен музыкаға жақын болатын. 1826 жылы хан Жәңгір жұбайы Фатима ханшамен орыс патшасы Николай I-нің таққа отыру рәсіміне шақырылады. Мәскеу қаласында өткен салтанатта Фатиманың білімділігі мен мәдениеттілігіне орыс зиялылары таңдай қағысады. Фатиманы биге шақырған Николай патшаның өзі де, оның билеген биі мен орысша таза сөйлегеніне тәнті болады.Жай барып қоймай, Петр сарайында өткен салтанатта Фатима императордың ілтипатына бөленеді. Биік мәртебелі патша ағзам Николай I ханымды биге шақырып, екеуінің билегенін көріп тұрған орыстың ақсүйек қыздарының өзегін өрт шалып, іші күйгенін сол тұстағы баспасөз жер-көкке сыйғызбай жазады. «Той-думанның бір сәтінде Еуропадан келген әулеттік атағы бар кербездер мен орыс элитасының қыпша белдерін би залының шетіне ығыстырып, Николай мен Фатима вальспен қалықтады» деп сипаттайды жазушы Тілекқабыл Боранғалиұлы өзінің «Жәңгір хан» тарихи романында. Құйқылжыған әуеннің бәсең тұсында император ханшаға тіл қатты:
 – Ханша сүйіктіміз, сізге жапан түзден гөрі Петербург пен Мәскеуде тұру жарасатындай...
 – Патшамыз, мұнда бәрі жақсы, бәрі тамаша. Бірақ сахарада тұру үшін жаратылғандарға одан артық жұмақ мекен жоқ.
 Фатима Николайдың ендігі ілікпе сөзіне мұрша берместен жеңіл жұлқығандай би ырғағына үйірді.Императормен тым шүйіркелеспей, ұлттық әдеппен жүзін бұрып әкетті. Анамыз тауып айтып, тұспалдап, жұмбақтап сөйлеу арқылы ауыздыға жол бермейтін шешен де ақылды жан болған. Николай қыр ханшасының көркі мен сыпайылығына риза болып, би аяқталғанда сауықшылар дуылдай қол соққан. Патша Фатиманы білегінен жеңіл демеген күйі төрде отырған императрицаларға – анасы Мария Федоровна мен әйелі Александраға қарай жетеледі. Бимен емес, өзіне осынша назардан басы айналғандай, еңселі зал көз алдында бір сәт теңселе қалды. Бойын тез жиып, алтын оқалылар арасынан Жәңгірді іздеді... Қарсы жақта әлдекімнің сөзіне құлақ тігіп тұрған ерінің сабырлы жүзін көрді.
Шынында да, Фатима анамыз ерекше жаратылған жан еді. Сол заманда орыстың «Сын отечества» журналы Фатиманың Жәңгір ханды өркениетке ұмсындырған ағартушылық қабілетін, өмір салтының түбегейлі өзгеруіне ерекше үлес қосқанын айта келіп: «Ол – оқыған, өте білімді әйел, кісіге деген ілтипаты ерекше, жұртпен ортақ тіл табысып, қалтықсыз қарым-қатынас жасаудың жолдарын тамаша меңгерген, орысша, французша және немісше еркін сөйлеп, жаза біледі", – деп қайталап жазды. Патшалық ресейдің «Сын отечества» журналы, әсіресе, оның білімі мен тәрбиесіне, инабатты мінез-қылығына, патша ағзамның ілтипатына ілініп, көп қошемет көргеніне айрықша тоқталып, тамсана суреттейді. Патша сарайының Фатимаға деген ынтызары үкімет шенеуніктерінің Жәңгірге де ықыласын еселеді. Сырт көз әйеліне жасалған құрмет ерінің беделінің арқасында деп түсінілді. Фатима күйеуімен барған сапарында танысқан орыс құрбыларымен байланысын үзбеді. Император кеңсесінің бөлімше бастығы, статс-хатшы В.Корнеевтің әйелі Елена арасындағы сыйластығы мен сырластығы хат арқылы жарасып, Петербургте оқып жүрген ұлы Сақыпкерей Корнеевтер отбасымен араласып, жас жігітке өзге елдің салт-дәстүрі мен мәдениетін тануға жол ашты.
Жәңгірмен бірге 1826 жылы Петербург, Мәскеу, Қазан қалаларына барған сапарынан кейін бір-біріне тете дүниеге келген ұл-қызын тербетіп отырып қалған Фатима енді қайтып ордадан алыс шыққан емес. Алайда, оның есімін Ресей жұртшылығы ұмытпады. Оған дәлел, қызмет бабымен келіп, саяхаттап жүрген орыс және шетел лауазымдыларының орда туралы жазғандарында Фатиманың асыл затына тоқталмайтыны кемде-кем. Ордаға жолы түскендердің көбі хан әйелдерінен тек Фатиманы білді. Жүздесе алғандар ханшаның келбеті мен мінез-құлқын, киген киімдеріне дейін әспеттеп жазды. Осы пікірлерді «Қазақ ханымдары» тарихи эссе шығармасының авторы, жазушы Сарбас Ақтаев та айғақтай түседі. Сөзіміздің дәлелі, қазан төңкерісіне дейін Фатима ханымның портреті Кремльдің Георгиевский залында ілулі тұрған. Онда мына сөздер жазылған. Фатима (1809/11 ж. ш., Орынбор – 2.10.1845, Бөкей Ордасы) – Бөкей Ордасының ханы Жәңгірдің әйелі.
Өз заманында мұсылманша және еуропаша терең білім алып, тәрбиеленген зиялы, ақылды әйел болғанын айттық. Хан мен қараны алаламай сыйлай білген, көрікті жүзінен аналық мейірімі әрдайым нұр шашатын жан болған. Фатима ханымЖәңгір ханның кеңесшісі, әрі оның барлық бастамаларында қолдаушысы болды. Халық арасында Фатиманы еркелетіп, «Фатима тоташ» деп те атады. Оқу-білім тарату, отырықшы өмірге көшуді жақтады. Хан ордасының салынуына ықпал етті. Жәңгір хан ашқан мектепте сабақ та берді.Ханым Жәңгірдің сенімді серігі, көреген отбасының ғана емес, күллі ел анасы әрі қамқоршысы еді. 1845 жылдың тамызында Жәңгір хан 44 жасында белгісіз жағдайда қайтыс болды. Ерінің қазасын көтере алмаған адал жар, шынайы махаббат иесі Фатима ханым 36-ға қараған шағында сол жылдың қазан айында өмірден озды.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика