КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Орыс тілді сыныптарда тіл дамыту – қазіргі мектептегі оқу-тәрбие ісіндегі басты мәселе. Тіл мен сөйлеу үрдісін дифференциалды қарастыра оқыту қажет, өйткені оқушының дұрыс сөйлей білуіне көңіл бөлініп отыр. Сондықтан мұғалімнің қазақ тілі сабақтарында тіл дамыту, байланыстырып сөйлеуге айрықша көңіл бөліп, тілдік материалдарды дұрыс таңдай білу (сөздің, сөйлемнің үлгілерін беру), оны дұрыс бере білу, тілдің теориясы мен сөйлеу практикасының бір-бірімен қарым-қатынасы түрлі жаттығу жұмыстары арқылы іске асырылады. Демек, қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйрету, оқыту барысында мұғалім оқушының ойын логикалық жағынан дұрыс, анық, қазақтың әдеби тілінің мөлшері лайықты, дұрыс айта білуге үйретумен бірге, екінші жағынан ойын орфографиялық және пунктуациялық жағынан дұрыс жаза білуге жаттықтырады.
Оқушының жазбаша және ауызша ойын дұрыс бере, айта білуіне үлгі беретін–мұғалім. Сондықтан мұғалім тілдің тарихын, грамматикасын, стилистикасын, орфографиясын, лексикасын, пунктуациясын жақсы біліп меңгеруі қажет. 
Әр мұғалім қазақ тілі сабақтарында тіл дамыту жұмыстарын шығармашылық мәнде жүргізіп, дұрыс ұйымдастыра білсе, ол оқушының күнделікті өмірдегі құбылысты жан-жақты түсіне білуіне, үйренуіне, білген нәрселерін ауызекі сөздерінде қолдана білуіне жағдай жасайды.
Жалпы білім беретін мектеп бағдарламасында тіл дамыту жұмыстарына арнайы орын беріледі. Бағдарламада балалардың жас ерекшелігіне байланысты тәрбиелік мәні бар жаттығу материалдары әр сынып оқушыларының жас ерекшелігіне қарай балалардың жалпы сөйлеу мәдениетін дамытып, олардың ой-өрісін жетілдіру мақсаты көзделінген. Сондай-ақ бағдарламада тіл дамыту жұмысын ауызша-жазбаша жаттығулар, шығарма, диктант сияқты жұмыс түрлері арқылы іске асыру міндеттелінген.
Қазақ тілін оқытумен байланысты тіл дамыту жұмысын ұйымдастырудың негізгі мақсаты – оқушының ауызша және жазбаша ойын граматикалық және статистикалық жағынан дұрыс бере білуге үйрету.
Орыс тілді сыныптардағы тіл дамыту жұмысы негізінен мынадай төрт бағытта жүргізіледі. Бірі – мәдени, әдеби сөйлеу білудің мөлшеріне үйрету, яғни орфографиялық дағдыны меңгерте отырып оқушыға мәнерлеп оқу дағдыларын қалыптастыру. Екіншіден, лексикалық жұмыстар жүргізу арқылы оқушының сөздік қорын байыту. Демек, тілдің лексика және фразеология бөлімдерінен кеңірек білім беру көзделді. Үшіншіден, жаңа сөздер үйрету, сөздерді үйрете отырып жаңа сөздер жасайтын формаларды меңгерту арқылы сөз бен сөздердің байланысын, сөйлем құрап үйрету, сөйлемнің құрылысын білдіру арқылы синтаксистік лексикадан мәлімет беру. Төртіншіден, оқушының ойын жазбаша дұрыс, сауатты жаза әрі сөйлей білуге үйрету мақсат етіледі [3.48]
Міне, тіл дамыту жұмысының негізгі мазмұны осындай төрт мәселе айналасында қарастырылып іске асырылды.
Мұғалім жаттығу жұмыстарын грамматика-стилистикалық бағытта ұйымдастырады. Дайын мәтін ала отырып, оған грамматика-стилистикалық талдау жасауына болады. Оқушылардың назарын сөйлем құрылысына аударып, қалай жасалғанын, қандай стильдік қателер барын немесе қандай ерекшелікпен (сөзді қолданудағы) көрінетіндігін байқатады.
Оқушылырға мынадай жұмыстар орындату тиімді: сөз тіркестері арқылы сөйлем құрату, жай сөйлемді жалпылама сөйлемге айналдыру, аяқталмаған сөйлемді аяқтау, диалогті сөйлем құрату, әңгімені аяқтау, белгілі таныс тақырыптар бойынша бір-бірінің жұмысын қарап түзеу т.б. Осындай жүйелі жүргізілген жұмыстар арқылы оқушы дұрыс сөйлем құрастыруға бейімделеді.
Оқушы сөз тіркесі мен сөйлемнің түрі және мазмұны арасындағы байланысты меңгеруге тиісті.
Сөз тіркесі сөйлемге қажетті құрылыс материалы ретінде қаралса, сөйлем синтаксистің негізгі бірлігі ретінде қаралатындығын ұқтыру қажет. Мысалы, сөз тіркесінде “қоңыр” деген сын есімнің мағынасындағы өзгерісті, оның тура және ауыспалы мағынада тұрғандығын талдау жасау арқылы түсіндіріп отыру пайдалы: қоңыр күз, қоңыр мата, қоңыр бояу, қоңыр дауыс. Оқушыға “қоңыр бояу, қоңыр мата” деген сөздің тура мағынада айтылып тұрғандығын, ал “қоңыр дауыс, қоңыр күз” деген сөз тіркестерінің ауыспалы мағынада қолданылып тұрғандығын салыстыру арқылы түсінік беріледі. Оқушы тілдің осындай нәзік құбылыстарын байқау арқылы ана тілінің қыр-сырын біле түсуге құмартады.
Мұғалім алдымен сөз тіркесі және сөйлемнің өзара құрылымдық айырмашылығының неде екендігіне оқушы көзін жеткізу қажет. Демек, сөз тіркесі категориясының лексикамен, морфологиямен тығыз байланысты екендігін, сондай-ақ сөз тіркесі лексика мен морфологияны синтаксиспен тығыз байланыстыратын синтаксистік категория екендігіне баса назар аударылады. Мұның лексикамен тығыз байланыстылығы құрамына енген сөздердің толық лексикалық мағынаға ие болуы және бір-бірімен байланыста айтылатындай тіркесімдік қабілеті болуы шарт екендігінен көрінсе, морфологиямен байланыстылығы, сөз бен сөз белгілері бір қосымша арқылы, яғни сөз тұлғасы арқылы байланысатынынан, екінші жағынан, белгілі-бір сөз табы, негізінен сөз тіркесі жасалатындығынан байқалады. Ал байланысқа түскен сөздердің грамматикалық қарым-қатынасы лексика-грамматикалық деп те, синтаксистік қарым-қатынас деп те аталады.
Тіл дамыту жұмысында күнделікті жаздырудың да үлкен мәні бар. Оқушының өз басынан кешкен оқиғаларын, өмірдегі қандай қызықты жағдайлар болғандығын, қуанышын, ренішін, қандай кітап оқығандығын, көрген кинофильмдерін, табиғат құбылысы, ауа райы жайында байқағандарын күнделікке жаздырып отырудың үлкен тәрбиелік мәні бар. Күнделік жазу оқушының сауатты жазуына, ойын жүйелі құрастыруына дағды береді. Оқушының каллиграфиялық жөнделуіне де біраз септігі тиеді. Бұл жұмыс түрі практикада көп қолданыла бермейді. Сондықтан бастауыш сыныптарда ауа райын бақылаудан бастап, жоғарғы сыныптарда бірте-бірте ол жұмыс түрін күрделендіре жүргізу қажет.
Тіл дамыту жұмысында рецензия жаздырудың да үлкен маңызы бар. Алайда бұл жұмыс түрі де жүйелі жүргізілмейді. Оқушы кітапты өз бетінше оқиды да, сол оқыған кітаптарына сын көзбен қарап, оны қалай түсінетіні жөнінде, кітаптың авторына дегенкөзқарасы, сүйіспеншілігі, қызығушылығы деген мәселелерге көңіл бөлінбей келеді. Сондықтан оқыған кітаптарына рецензия жаздырып отыруды дағдыға айналдырған жөн.

Пайдаланылған әдебиет

1. А.Кузембаева. Оқу орыс тілінде жүргізілетін мектептердегі 5-сынып оқушыларының қазақша дамыту әдістемесі. Алматы, 1994, 172-б.
2. Г.Қалиева Орыс топтарындағы шәкірттердің сөйлеу тілін дамыту әдістемесі. Алматы, 2003, 128-б.
3. Б.Құлмамбетова, Ж.Елемесова, З.Қалауова. Қазақ тілі сабақтарында тіл дамыту.-Алматы, 1992, 35-б.
4. А.Лекерова. Орыс тілді оқушылардың қазақша сөйлеу тілін дамыту. Алматы, 1993, 182-б.
5. Е.Мәсәлінов. Қазақ тілі қалыс қалмасын // Қазақ тарихы, №1, 2004. 148-154-б.

«Білім беруде инновациялық технологияларды қолдану» атты 
халықаралық ғылыми-практикалық конференция 
16-30-қыркүйек 2012 жыл
Семей қаласы

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 208199 0


02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 194778 0


26/06/2017 12:02

Жалындаған жастық шақ
0 140340 0












ТЕКСТ

Яндекс.Метрика