THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазақ тілін оқыту үрдісінде сөйлеу жаттығуларын қолдану арқылы оқушылардың сөйлеу тілін дамыту
Авторы: MTDI
02/06/2017 11:21 0 65926 0
Сабақ – оқу ісін ұйымдастырудың негізгі түрі. Қазақ тілі екінші тіл ретінде оқылатын болғандықтан, сабақ қазақша қарым-қатынас жасауға бағытталуы тиіс. Сабақтың барлық кезеңдерінде өтілетін материал сөйлеуге үйретуге, сөйлеу дағдысын қалыптастыруға бағытталады. Оқушыларды қазақша сөйлеуге үйрету тілдік білім берумен бірге жүзеге асады. Сондықтан да сабақ барысында оқушыға тілдік білім беріледі. Бірақ тілдік білім оны тәжірибеде қолдануға бейімделеді. Тілдік білім оқушының сөйлеу қолданысынан орын алу керек. Сабақта берілетін тілдік білім бірден сол сабақта оқушының қарым-қатынаста қолдану тәжірибесінен өтеді. Содан бастап оны қолдану дағдысын дамыту, қалыптастыру жұмыстары жүргізіледі.
Сабақтағы негізгі тұлғалар – мұғалім мен оқушы. Сабақтың нәтижелі болуы осы екі тұлғаның яғни мұғалім мен оқушының іс-әрекетін, ықыласы мен жігеріне, белсенділігіне, санасына т.б. қасиеттеріне байланысты. Мұғалімнің білімі, тәжірибесі сабақты ұйымдастыру шеберлігі, сабақ материалын сұрыптап ала білуі, оны оқушыға түсіндіре, жеткізе білуі сабақтың сапасына, нәтижесіне әсер ететіні сөзсіз. Тіпті мұғалімнің оқушымен қарым-қатынасы, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнеріне дейін сабаққа, оқушыға әсер етеді. Сондықтан сабақты тиімді ұйымдастыру үшін оған қойылатын талаптарды бұлжытпай орындау шарт.
Орыс тілді аудиториясында қазақ тілін оқытудағы басты талап – қазақша сөйлей білуге, жаза білуге үйрету. Міне, сондықтан да коммуникативтік қарым-қатынас бірінші орында тұрады да, грамматика екінші орында тұрады. Осыған орай қазақ тілін игертуде бағытталған тіл дамыту жұмыстары болсын, жаттығулар болсын қазақша сөйлей білуге, өз ойын айта білуге бағытталуы қажет.
Филолгия ғылымының докторы, профессор Нұржамал Оралбаеваның «Оқушы тілін дамыту ауызша және жазбаша жүргізіледі. Тілді оқытуда бұл екі бағыт қатар байланыста іске асырылады. Қазақ тілін оқытудың алғашқы кезеңінде ауызша тіл дамыту басымдырақ болады. Сөйлеу тілі кейінірек жазба тілді дамытуға негіз болады» деген пікіріне сүйенсек бөгде ұлт мектептеріндегі қазақ тілі сабағының негізгі арқауы тіл дамыту жұмысы болуға тиіс. Тіл дамытуда
1) сөздік қорын байыту,
2) байланыстырып сөйлеуді дамыту,
3) грамматикалық тұлғада жүйелі сөйлеу,
4) сөйлеу мәдениетін қалыптастыру міндеттерін жүзеге асыру бағытында үнемі жұмыс жүргізу керек.
Тіл дамыту – оқушыны тілдік тұлғаларды дұрыс қолданып, ойын басқа адамға толық жеткізуге дағдыландыру, басқа адамдардың сөзін жақсы түсінуге үйрету. Басқаша айтқанда тіл дамыту – қазақ тілін оқушының қарым-қатынас құралына айналдыру. Бұл жалпы тіл үйрету мақсатымен толық сай келеді. Орыс тілінде оқытылатын мектептерде оқушының қазақ тілін дамыту ұғымына қазақ тілінің лексикалық, грамматикалық тұлғаларын меңгерту, оларды сөйлемде қолдану дағдыларын қалыптастыру, яғни қазақ тілінде сөйлеуге үйрету жатады. Қазақ тілінің орфографиялық нормасын оқушыда қалыптастыру, қазақша сауатты жазу дағдысын меңгерту де осы ұғымға кіреді; сөздерді бір-бірімен дұрыс байланыстырып, сөз тіркесін жасау арқылы оларды сөйлемде дұрыс орналастырып, сөйлем құрау, сөйлем арқылы ойын басқаға жеткізу, басқаның сөзін түсіну де тіл дамыту ұғымына жатады. Сөйтіп тіл дамыту – мағынасы, көлемі кең ұғым. Адамның сөйлеуінде қолданылатын тілдік нұсқалар – дыбыс, сөз, сөз тіркесі, сөйлем, сөйлемдердің тіркесі. Бұлар тілді оқытудағы негізгі мәселелер. Тіл дамытуда тіл дыбыстарын дұрыс айтуға жаттықтыру, қазақ сөздерінің айтылу нормасын қалыптастыру, қазақ тілінің орфоэпиясын меңгерту жұмыстары жүргізіледі.
Сөз, сөз тіркесі, сөйлем – байланысты сөйлеудің құралдары. Қазақша сөйлеу үшін оқушының жеткілікті қоры болу керек, оқушы сөздерді байланыстырып, сөз тіркестерін жасаудың, сөз тіркесінен сөйлем құрастырудың заңдылықтарын білу қажет. Сонда ғана байланысты ойда басқаға білдіруге, басқаның сөйлеуін түсінуге болады. Байланысты сөйлеудің құралдарының тілде қолданылу заңдылықтарын оқушыға ереже түрінде емес, тәжірибе жүзінде, яғни сөйлеуде қолдануда жаттықтыру, оларды дұрыс қолдану дағдысын оқушыда қалыптастыру тіл дамытудағы негізгі мақсат болып табылады. Сондықтан тіл дамыту осы тілдік нұсқаларды таныстырумен, білдірумен бірге олардың әрқайсысының тілде қалай, қандай жағдайда қолданылатыны үйретіледі. Оқушы ойын қазақша еркін жеткізу үшін тілдік нұсқалардың қолданылуын білуі тиіс. Сөйтіп тіл дамыту сөйлеуге жеткілікті сөздік қорды және ол сөздерді сөйлемде бір-бірімен байланыстыратын тілдік нұсқалардың қолданылу заңдылықтарын меңгерту болып шығады. Оқушының сөздік қорын үнемі байытып отыру – тіл дамытудағы негізгі мәселе. Сөздік қоры бай адамның ойын анық жеткізу мүмкіндігі де мол болады.
Лексикалық материалды таңдау, сұрыптауда сөздің төмендегідей қасиеттеріне ерекше көңіл бөлу қажет:
1. Сөздердің қолдану жиілігі
2. Сөздердің жеңіл-қиындығы
3. Сөздердің синонимдік қасиеті
4. Сөздің тақырыптық қажетіне сәйкестігі
5. Екі тілге ортақ сөздерді санатқа кіргізбеу
6. Сөздің тілдік ерекшелігін қамтуы
7. Сөздің оқушының психологиялық ерекшелігіне сәйкестігі
8. Сөздің оқулықта қайталану жиілігі.
Сөздік жұмысы әр сабақ үстінде, жыл бойында, бүкіл оқу кезеңінде белгілі жоспармен, жүйемен жүргізілуі тиіс. Оқушы сабақ сайын жаңа сөз үйреніп отырады. Оқушыға үйретілетін жаңа сөз мәтінде, сұхбат жаттығуларда қолданысымен байланыста беріледі. Әр сабақта үйретілетін жаңа сөзді оқушының күнделікті өмірде, қарым-қатынаста қолданылатын белсенді сөздігіне айналдыру оқушының сөздік қорын байытудағы негізгі мақсат болып саналады. Осы мақсатқа жету үшін төменде көрсетілген жұмыстарды атқарудамын.
1. Жаңа сөз мағынасын оқушыға анық түсіндіру
2. Дұрыс айтылымды қалыптастыру (жеке, бірге қайталау)
3. Сөз тіркесін құрастыру
Оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып (жай сөйлем, монолог, диолог, күрделі сөйлем, әңгіме құрастыру) жұмыс түрлерін орындатамын. Бастауыш сыныптарда жаңа сөздер кездесетін шағын өлең шумақтарын, жұмбақ, жаңылтпаштар жаттатқызу да оқушының сөздік қорын байыту үшін тиімді шараның бірі. Орта буын оқушылары жаңа сөздерді қолдана отырып диалог немесе монолог құрастыруға болады. Жоғары буын оқушыларына да осы сияқты монолог, диалог, әңгіме құрастыру тапсырмаларын орындату арқылы сөздік қорларын байытып, жаңа сөздерді қарым-қатынаста пайдалану дағдысын қалыптастыруға болады.
Аталған жұмыс түрлері сөздердің ұмытылмауына үлкен ықпал жасайды және сөздерінің қолданысын үйренуді бекітеді.
Оқушы қазақ тілінен меңгерген бай сөздік қорын қарым-қатынаста қолдана алмаса, тіл білген болып саналмайды. Сондықтан оқушының сөздік қорын байыту сөздердің сөйлеуде қолданысына жаттықтырумен бірге байланыста жүргізіледі.
Екінші тілді үйрету ісінде оқушы тілін дамыту жұмыстарын ұйымдастырғанда жаттығулардың атқаратын қызметі де зор. Жаттығулар тілдік материалдардың негізінде оқушының жас ерекшелігіне, білім деңгейіне сай беріледі. Жаттығулардың өзі екіге бөлінеді: тілдік және сөйлеу. Сөйлеу жаттығулары қарым-қатынас жасауға бағытталады. Оған сұраққа дұрыс жауап беру, өзі сұрақ қоя білу, тілдік жаттығуларда меңгерген сөйлем үлгілерін сөйлеуде еркін қолдану, орысшадан қазақшаға аударып, тақырып бойынша шығарма жазу, жоспарланбаған, дайындалмаған тақырыптарда сөйлеу т.б. жатады. Сөйлесу жаттығуларын орындау барысында қазақша сөйлеуге оқушылар әбден жаттығады, сөйлеу автоматты түрде көшеді. Сөйлеудің жеке адамға қатысты түрін, екі көп адамның сөйлеуін ауызша, жазбаша сөйлеуді оқушы сөйлеу жаттығулары арқылы меңгереді. Жаттығу жұмысы – сөйлей білуге машықтандыратын ұтымды жолдардың бірі. Жаттығулар – тіл дамыту жаттығулары ыңғайында болуы керек. Жаттығулардың тиімділігі тіл үйренушілердің сөйлей білу дағдыларын қалыптастыруға пәрменді ықпал береді. Қазақ тілін оқытуға байланысты тіл дамыту жұмысын ұйымдастырудың негізгі мақсаты – оқушылар белгілі дәрежеде қазақша сөйлеп, өз ойын басқа біреуге жеткізе алатындай, сондай-ақ өзгенің сөзін ұға, түсіне алатындай дәрежеге жету. Сөйлеу жаттығуларына сурет арқылы оқушыны сөйлеуге үйрету, оқыған кітабының мазмұнын әңгімелету, мақал-мәтелдерді сөйлеуде қолдануға жаттықтыру, тақпақ, өлең, қазақша ән айтуға үйрету де жатады. Бұлардың бәрі – оқушы тілін дамытудың құралы. Оқушы тілін дамыту жұмысында суреттерді қолдану пайдалы. Мазмұнды сурет арқылы, сұрақ-жауап тәсілі арқылы әр оқушыға әңгімелету арқылы оның мазмұнын толық ашуға болады. Оқушылар бірін-бірі толықтырады. Соңғы оқушыға қорытынды ретінде толық әңгімелетуге болады. Мазмұнды суретпен сұрақ-жауап, ауызша толық сипаттама, жазбаша мазмұндама, шығарма сияқты түрлі жұмыс түрлерін жүргізуге болады. Бұл жұмыстың қайсысы болсын оқушыны қазақша сөйлеуге жаттықтырады, қазақша сөйлеу дағыдысын қалыптастырады, тілін дамытады. Оқушы тілін дамытуда тақпақ жаттау, өлең, ән айту да пайдалы болып саналады. Тақырыпқа сәйкес, тілі жеңіл, тәрбиелік мәні күшті өлең жолдарын сыныпта да, үйде де жаттауға беруге болады. Өз тәжірибемде, әсіресе бастауыш, орта буын оқушыларына өлеңді мәнерлеп оқу, жатқа айту сияқты тапсырмаларды жиі қолданамын. Мысалы, 2-3-сыныптарда жыл мезгілдеріне, мерекелерге байланысты өлең, тақпақтарды жиі беремін, 5-сыныпта күрделірек өлең жолдарын немесе ән шумақтарын айтқызуға тапсырамын. Әр өлеңді, әнді жаттап, оны дұрыс айту арқылы да оқушы тілі жаттығады. Бірақ өлеңнің, әннің әр сөзінің мағынасын оқушылар толық түсінуі керек. Сондықтан аудармасын оқушыларға орысша айтып түсіндіру шарт. Сонда ғана бұл іс оң нәтиже бермек. Алдымен мұғалім өлеңді, әнді өзі мәнерлеп оқып үлгісін береді, содан кейін оқушылар жеке, бірге қайталайды. Сыныпта тіл ұстарту жұмыстарын толық жүргізіп барып үйге жаттауға беріледі. Есте сақтау қабілеті жоғары балалар кейде сабақ барысында жаттап, айтып береді.
Оқу орыс тілінде жүретін мектепте қазақ тілі сабағында ойынды тиімді қолдану оқушылардың сол тілде сөйлеуге жаттығуына мол мүмкіндік береді. Мұғалім қарапайым тілдік конструкцияның жаңа түрлерін күнделікті сабақта ойын жаттығулары түрінде біртіндеп қолдана отырып, оқушылардың сөйлеу дағдыларын толықтырып отырады. Оқыту мақсатына қарай тілдік ойындар лексика-фонетикалық, грамматикалық болып бөлінеді. Лексика-фонетикалық жаттығулардың негізгі мақсаты – оқушының сөзді дұрыс айтуын, дұрыс сөйлеуін қадағалау, интонацияны дұрыс қалыптастыру. Оқушыларға лексика-фонетикалық материалды меңгерту үшін қолданылатын ойындар сабақтың әсерлілігін, тартымдылығын арттырып, оқушылардың танымдық белсенділігін, ынтасын күшейтеді. Ойынның негізгі мақсаты – баланы қызықтыра отырып, жаңа материалды берік меңгерту, ойын жүйелі түрде айта білуге үйрету, тілін дамыту. Бірақ ойын түрлерін таңдап алуда оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеріп, сынып оқушыларының білім деңгейін ойға алған жөн. Жаңа сөздерді бекітуге байланысты мына ойын түрлерін өткіземін: «Паровоз», «Полиглот», «1 адым, 1 сөз» т.б.
Орта, жоғары буын оқушыларымен күрделірек ойын түрлерін ұйымдастырамын. Мысалы: «Кім тез?», «Топтай біл», «Лото» ойындары. Әр ойынның түпкі мақсаты – оқушылардың сөздерді меңгеру, ойлау, сөйлеу, байқампаздық қабілеттерін арттыру. Аталған жұмыс түрлерінен басқа да тіл дамыту жұмыстарын сабақ жүргізу барысында тиімді қолдануға тырысамын. Олар шығармашылық жұмыс, рөлдерге бөліп оқу, ауызша бейнелеу, бөлімдерге бөліп мазмұндау т.б.
Бұл арада шығармашылық жұмыстың орны ерекше. Әр буын оқушыларына берілетін шығармашылық тапсырманы мұқият ойластырып, әр баланың білім деңгейін ескеріп беруге тырысамын. Шығармашылықпен жұмыс істеу – оқушыны өзіндік жұмыс істеуге баулиды, ойлау қабілетін дамытады. Бұл жұмыс түрінің тіл дамытуда үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Бастауыш сыныптарда шығармашылық жұмыстың мынадай түрлерін орындатамын: сөзжұмбақ құрастыру, оны шешу, өзі салған сурет бойынша әңгіме құру т.б.
Орта буын оқушыларына, әсіресе тақырып бойынша салынған суретке байланысты әңгіме құру (отбасы, жыл мезгілдері, мамандықтар), мерекелерге арналған концерт-сабақ ұйымдастыру, тест құрастыру, реферат қорғау, альбом, буклет жасап, оны қорғау.
Жоғары буын оқушылары мынадай шығармашылық жұмыс түрлерін жиі орындайды газеттер сайысына газет шығарады, оны қорғау, салт-дәстүрге байланысты топқа бөлініп көрініс көрсету, әр түрлі тақырыптардағы жоба жұмыстарын қорғау т.б.
Сонымен ауызекі сөйлеу тіл дамытуда сөйлеу жаттығуларының алатын орны орасан зор. Ал бұл жаттығуларды сабақтың кезеңдерінде тиімді қолдану арқылы оң нәтижеге жетуге болатыны сөзсіз. Бұл мұғалімнің шеберлігіне, әр сабаққа шығармашылықпен қарап, мұқият дайындалуына байланысты. Әр баланың жанын ұғып, түсіністікпен қарап, гуманистік ұстанымды алға қойып, үнемі ізденісте болсақ қана нәтижелі көрсеткіштерге жетуге болады.
Педагогтардың тамыз кеңесі, гуманитарлық пәндер секциясы
2010 жыл, Өскемен қаласы
ПІКІР АЛМАСУ
01/06/2017 16:43
Орыс тілді мектептерде тіл дамыту жұмыстарының әдістемелік ерекшеліктері
|
ТЕКСТ