THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Ахмет Байтұрсынұлы һәм “қазақ” газеті
Авторы: Аманқос Мектептегі филология ғылымдарының кандидаты, доцент
06/06/2017 14:45 0 43933 0
Ұлтық ой-сананың өркендеуі мен дамуына өлшеусіз еңбек сіңіріп, соны серпіліс туғызған дара да, дана тұлғаның бірегейі – Ахмет Байтұрсынұлы. Ол туралы сөз бола қалса, “Қазақ” газетіне соқпай өту әсте мүмкін емес. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлының бар саналы ғұмырының елеулі кезені осы мерзімді баспасөзбен тонның ішкі бауындай сабақтас. Сондай-ақ, “Қазақ” газеті – ХХ ғасыр басындағы сахара елінің күллі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани тыныс-тіршілігін, салт-санасын, әдет-ғұрпын, тіл байлығын қаз-қалпында айнаға түскендей бейнелеп берген энциклопедиялық басылым. Әрине, газеттің мұндай діттеген деңгейге жетіп, биіктен көрінуі – оның бас сарашысы мен идеялық-саяси дем берушісіне, рухани жебеушісі мен қаржылай демеушісіне өзара байлаулы екені аян. Бұл ретте қадау-қадау нақ осындай іргелі де күрделі әрі жауапкершілігі зор міндетті тағдыр-талайлары қоғамдық-саяси өмірдің қиыр-шиыр соқтықпалы, соқпақсыз жолында тоғысқан Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхан сынды күрескер үш алып кемеңгер ынтымағы жарасып бірге атқарды.
Зады, Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлының сан салалы ғылыми-шығармашылық, ағартушылық-ұстаздық қырларын байыптаған сайын ұлттық баспасөзімізге қосқан айрықша үлесіне тарихи әділ бағасын берудің лайықты[лығы] өзінен-өзі соғұрлым айқындала түседі. Бұл тұрғыдан Аханның әмбебептығы қайран қалдырады. Ғалым еңбегін әлі де жан-жақты зерделеп, жүйелі зерттеуді қажет етеді. Сонда ғана оның өзіне тән адамгершілік, кісілік мінез-құлқы, ақыл-парасат әлемі, оқыған-тоқыған білім өресі, қаламгерлік машығы мен шеберлік ерекшелігінің басқа да сыр-сипаттары ашыларына шығар күндей куә болармыз анық. Ақылман жан не жайында жазса да аз сөзге саз мағына үстеп, оған ұлттық идеологияны сыйғызып, астары қат-қабат терең пәлсапалық тұжырыммен түйіндейді. “Қазақ” газетінің тұңғыш санында Ахаң мерзімді баспасөздің басты-басты төрт түрлі функциясын атап, оған қысқа да нұсқа назар аудартып өтеді: “әуелі, газета – халықтың көзі, құлағы һәм тілі…”, – дейді Бұл мерзімді баспасөздің қоғамдық ақпараттық жан-жақты қызметіне берілген ғылыми анықтаманың классикалық үлгісі деуге болады. Жыл он екі ай бойы табиғат-ананың қас-қабағына қарап, үнемі аттың жалы, түйенің қомында көшіп-қонған, ата кәсібі төрт түлік мал шаруашылығымен айналысқан туған халқының талғам-түсінігі мен таным-көзқарасына орай газет хақындағы ұғымды шым-шымдап сана-сезіміне терең сіңіруді ол перзенттік парызы санады. Шындығында, бұл жаратылыстың қарапайым мысалмен кез-келгеннің қабылдау түйсігіне образдылығымен әсерлі жеткізілген. Екі аяқты, жұмыр басты пендеге маңдайға біткен қос жанар мен қүлақтың, ауыздағы тілдің анатомиялық-биологиялық қажеттілігі қандай болса, қоғам өміріндегі саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани ортадағы атқаратын қызметі де сондай айрықша маңызды. Яғни мерзімді баспасөз құралының барша қадыр-қасиетін қалың бұқараға, дүйім жұртқа салыстырмалы түрде адамнын өз бойының дене мүшелерімен шендестіріп түсіндіру тәжірибесі ғылымда Ахаңа дейін кездеспеген жаңалық.
“Екінші, газета – жұртқа қызымет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газета арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады”.
Иә, өзі өмір сүрген уақыт аралығында бұл мақсат үдесінен де “Қазақ” газеті абыроймен шықты. Алаштың сол дәуірдегі оқыған, тоқыған, аузы дуалы зиялылары осы баспасөздің айналасына кеп топтасты. Олар отарланған елінің, мешеу қалған халқының басындағы ең өзекті де түйінді мәселелерге үндерін қосып, ақыл-кенестерін берді, темірқазық бағыт-бағдар сілтеп, саяси дербестігі мен азаттығы жолындағы күрес майданына шығуға белсенді іс-әрекеттерімен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді; мұның бәрінде де ұлтын шексіз сүйген маңдай алдында Әлекен, Ақаң, Жақаңдар қасқайып тұрған еді.
“Үшінші, газета – халыққа білім таратушы…”.
Алдымен, ХХ ғасырдын ілкі он жылдығында қазақ қоғамында қалыптасқан саяси-әлеуметік жағдай қандай еді? Осы тарихи өтпелі кезендегі күрмеуі қиын болған жайтқа аз-кем көктей шолып өткен жөн. Бұл Ресей империясының қазақ даласындағы үстемдігі әбден шегіне жетіп, айтқанын істетіп, дегеніне көндірген шағына тұспа-тұс келді. Түз еліндегі әкімшілік басқару жүйесі түгелімен орыс патшалығы ынғайына көшіп заңына бағындырылды. Қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағынан жан-жақты тәркіге түскен сахара халқының ең соңғы қамалы рухани-этникалық белгілері жойылуға шақ тұрды. Осы бір қоғам өміріндегі төніп келатқан дүлей апатқа қарсы төтеп беріп, елдік қасиетін сақтап қалу үшін ұлт зиялыларының арасынан қармана ізденіп исі қазақтың сана-сезімін оятып, дерттің дауасына ұмтылдыруға Әлекең, Ахаң, Жақаңдар жан-тәнін салды. Сайын даланы көшіп-қонып, шашырай қоныстанған елдін жүрек түкпіріне нұр сәулесін түсіріп, рухани дайындығын шыңдап, сөйтіп, ынтымақ, бірлігін жарастыра отырып, саяси белсенділігін арттыру оларға оңайға соққан жоқ. Алайда мұның басты тетігі – ана тілінде оқу-ағарту жұмысын жандандырып, жедел қарқынмен жетілдіру, баспа өнімдерін жолға қоюға көңіл аударып, мерзімді төл баспасөзін шығауға мұрындық болу еді. Ал, мұндай игі шараларға қадам басуға шет аймақтағы бұратана санаған елдің көңіл-күй ауанын қадағалап, сырттай бақылап, үнемі назарында ұстаған патшалықтың тиісті орындары әрине, бюрократиялық тосқауылдар жасап, ресми рұқсат беруге барынша тырысты. Дегенмен, 1905-1907 жылдардағы жаппай саяси сипат алып, империяның зәре-құтын қашырған орыс шаруалар қозғалысының шарпуы отаршылдықтың қамытындағы халықтарға да жетіп, қорқау үкіметтің шегініс жасап, лажсыз демократиялық бостандықтарға мүмкіндік беруіне мәжбүр етті. Осыған орай 1907 жылы демократиялық қазақ мерзімді баспасөзінің тұңғыш қарлығашы – “Серке” газеті Петербор қаласында қанат қақты. Өкініштісі, ел-жұрттың сонша зарықтырған газеттің ғұмыры ұзақ болмай, екінші саны шығар-шықпастан отаршыл цензураның нысанасына ілігіп, еріксіз жабылды. Оқырман қауымның қолына тиіп, тарамай, баспахананың бояуы кеуіп, үлгірмей жатып тұтқындалған – “Серкеден” соң тауы шағылған ұлт зиялыларының қоғамдық ой-сананы шектеуге әрекеттенген патша жандармедиясынан тауаны қайтып, сағы сына қоймады. Жатса-тұрса халқының болашақ тағдыры толғандырған алаш азаматтары әр дайым ілгері ұмтылды. Қазақ қазақ болғалы тұңғыш рет шын мәнінде ұлтына қызмет еткен “Айқап” сынды журналдың, “Қазақстан” атты газеттің баспа жүзін көруі нақ осы кез. Халықтың рухани ағарып, оң-солын тануына, өнер-білімге ден қойып, ғылымға құштарлық сезімі оянуына шам-шырақ болған бұл мерзімді басылымдардың ұлан-ғайыр қосқан үлесін ешбір пенде жоққа шығара алмайды. Әсіресе, белгілі ақын, кәсіби журналист Мұхамеджан Сералиннің редакторлығымен Тройскіде шығып тұрған “Айқап” журналының (1911-1915) жылдары атқарған тарихи миссиясы өте зор. Журнал бетінде қазақ оқығандары жан ауыртқан заманалық мәселелерді көтеріп, өз ой-пікірлерін ортаға салып, соған жауап іздеді. Себебі ғасырлар бойы көшпелі өмір сүрген қыр еліне қауіп төнді. Олардын бар байлығы, бар тыныс-тіршілігінің көзі –алдындағы төрт аяқты малымен өлшенді. Малсыз қазақ біткеннің күні қараң. Өйткені мал қазақтың ішетін тамағы, киетін киімі, тұратын баспанасы, тіпті, қысы-жазы жағатын отыны мен шырағы да соған байланысты болды. Ежелгі қоршаған ортамен кіндігі бір, қойындасып өскен көшпенділердің жаратылыс болмыс-бітімі, дүние таным стихиясы “Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы” деген философиялық оймен түйінделуі де сонан. Мүбәда, қазақ жазатайым алдындағы төрт түлік малдан айрылар болса, онда оның көшпелі өмір салтының түп-тамрына балта шабылғаны. Ұлы көшпенділердің соңғы тұяғы сахара халқының дәл осы қан тамырындай ең буынды, осал жерін империялық пиғылдағы саясаткерлер өз пайдасына шешуге үміттенді. Сөйтіп, Ресейдің қара топырақты аудандарындағы агралық қайшылықтан туындаған шаруалар толқуының шоғырланған ықпалды күшін ыдыратып, бетін басқаға бұрып жіберуге патша әкімшілігі құлықты болды. Және шаруалардың жерге деген мұқтаждығын қанағаттандыруды желеу етіп, қазақтың нулы-сулы шұрайлы өлкесіне жаппай қоныс аударуына мемлекеттік деңгейде жол ашып беруі арқылы отарлау үдерісін тереңдете түсуді көздеді. Қазақтың атадан балаға мирас болып келген қасиеті сіңген жерінен ығыстырылып, қашаннан еркіндік аңсаған, әділет сүйгіш ер мінезін күшпен мұқалтқан озбырлық саясатқа намыс оты қозып, ашу-ызасы әбден қазандай қайнады. Жатжұрттықтарға жіберген есесімен бірге қалың бұхараның әлеуметтік-экономикалық тынысы тарылып, жұтаған үстіне жұтатып отырған отарлық езгінің қанауынан құтылу ұйықтаса түсінен, оянса өңінен кетпей санасында тұрып алды. Тұйықтан шығар амал айла іздеп, ақыл-кеңестерін ортаға салған білімпаздардың мақалалары “Айқап” журналының үнемі бетінен түспеді. Бұл туралы зиялылардың пікірлері бір арнаға тоғыспай екіге айрылып, айтыс-тартыс туғызды. Көш бастайды деген көсемдерінің қайсының соңынан ерерін білмей қара халық дағдарып, дал болды. Осы ретте Мұхамеджан Сералыұлы, Бақытжан Қаратаев, Жаһаншаһ Сейдалыұлы сынды қазақ оқығандары отырықшылыққа көшіп, орыс шаруаларына белгіленген үлес мөлшерімен он бес десятинадан жер алып қалуына шақырды. Ал, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлылар бұған керісінше, көшпелі тұрмыстан айрылмай, көшпелі шаруашылыққа белгіленген норма бойынша жер алу тиімді екеніне барынша үгіт жүргізді. Бұлардың екеуінің де негізге алып, жүгінген өз дәлелдерімен қисынды уәждері бар. Алайда, соңғы пікірді шыр-пыр болып, жанын салып қуаттаушылардың туған халқын отаршылдардың зымияндықпен құрған қақпанынан дін аман сақтап, қиянатшыл саясаттың құйтырқы ұңғыл-шұңғыл ішкі астарын тереңірек түйсінген көрегендігіне көңіл көзіміз енді жетіп отыр.
Ия, халық даналығы “екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды” деп тегін айтпаса керек. Үлкен-кіші, күллі ел-жұртты толғандырған толғақты мәселелердің қай-қайсысында да әлгі айтқан көзқарас қайшылықтары айтыс-тартыс, дау-дамай туғызып, айқаптықтарға ұдайы қарама-қарсы келіп отырған. Әлекең, Ахан, Жақандар өздерінің ұстанған идеялық арман-аңсарларын насихаттап, дүйім халайықты дүниедегі жаңалық, өзгерістермен жедел құлағдар етуді мақсат тұтып 1913 жылы Орынборда “Қазақ” газетін бастыруға қол жеткізді. Мұның бәрін моншақ тізгендей термелеуіміздің себебі – халықтың арасына өнер-білім тарату, рухын ұштау, санасын тәрбиелеуге демократиялық баспасөздің қаншалықты ықпалы болса, қоғамдық ой-пікірді қалыптастыруға соншалықты пәрменді құрал екендігін еске салып өту. Демек, империяның қанатының астындағы кіріптар елдің мұндай мүмкіндікке ие болуын шектеп, шама шарқынша ой-санасын шырмауықтай шырмап ұстауға тырысуы заңды құбылыс. Ал, бұл дегеніңіз ұлттық сананы ортайтпай, толқын-толқын боп, лег-легімен үнемі еселеп құйып отыратын сарқылмайтын бұлақ көзі – буын-буын ұрпақтың қажетін өтеп, игілігіне қызмет ететін бұқаралық демократиялық баспасөз органының деңгейіне әлбетте, табанды күрес арқылы сатылап барып жететініне айғақ.
Сондай-ақ, “Қазақ” газеті шын мәнісінде туған халқының оқу-өнерге сусап, шөлдеп қалған мейірін қандырып, білім дариясына армансыз шомылып, еркін жүзуіне бар пейілін салды. Редакторы Ахаңның өзі бас боп, газет бетінде исі қазаққа арнап білім жарысын ұйымдастырып, ата салт-дәстүрдің жоралғысымен бәйгі жариялап, пікірін оздырған шын жүйрікке де, ақ-адал көңілімен қосылған талапкерге де сәт сапар тілеп, оң батасын берді. Ал, мұндай “жұрт ісіне жаны ашып, жұрт намысына қаны қызатын” Еуропа байларындай өнер-ғылымға қаржы бөліп, демеуші болатын қазақ байларының да шығып, өз үлестерін қосарына ұлығ ұстаз имандай сеніп, зор үміт атқаратын еді. Ахаңның ғибратты, өнегелі насихатынан үлгі алған сахараның түкпір-түкпірінен жан дүниесі жомарт, қалтасы қалың, ұлт мүддесіне қолы береген, кең қолтық, кісілікті, кенен жандар табылды. Әсіресе, Жетісу өлкесіндегі атышулы Маман бай әулетінің ұлт әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесі, “Ғалия”, “Расуля” сияқты медреселермен Ресейдің ірі-ірі қалаларында білім нәрімен сусындаған қазақ шәкірттерінің рухани ағаруына барын сарп етіп, “Айқап” журналымен “Қазақ” газетінің үзбей басылып тұруына ақшалай көмегін аямаған, тұңғыш ана тілінде жарық көрген роман жарысына мұрындық боп, “Қарағашта” мектеп ашып, ұстаздыққа Кайр университетінің заң факультетін бітірген Ғабдол-Ғазиз Мұсағалиұлын шақырып, Біләл Сүлейменұлы, Ілияс Жансүгірұлы сынды білімпаздарды тәрбиелеп өсіргенін тарих жады ұмыта қойған жоқ.
“Қазақ” газеті шәкірттерге білім беру, оқыту мәселелеріне де зор көңіл бөлді. Қалалық, ауылдық жерлердегі мемлекет “қамқорлығымен” бұратаналар үшін тегін оқытатын орыс-қазақ мектептерін ашудағы миссионерлік саясатты әшкереледі. Бұл мектептерді бітіріп шыққан қарагөздердің шала-шарпы орысша сауаттанып, кирилл әріптерін ежіктеп әзер жазатын деңгейден аспай, керісінше, мұсылманша хат танудан мүлдем мақұрым қалатұғын қоғамдық-саяси, әлеуметтік рухани тамырының тереңде екеніне оқырман қауымның назарын аударады, ұлт қауіпсіздігі үшін дабыл қағады. Мұның түпкі себебі ұлт болашағының ірге тасы бұл қасиетті іске қазақ біткеннің басы бірікпеуінен болып отырған «Газет» талай мәрте қатты сынға алды. Оқимын деген жастарға әрбір ата-ана өз жан қалтасынан ақшасын шығарса, «Көп көтерген жүк жеңіл» таза қазақша сапалы білім беруге, ұлт жанды, отаншылдық сезімі асқақ шәкірт тәрбиелеуге толық болатынын газет бетіне жан-жақты талдап, әдемі түсіндірді. Бұл орайда тағы Ахмет Байтұрсынұлына жүгінсек, оның мына көшелі сөздері бүгінгі күні де әмсе есте ұстайтын, мәнін еш жоғалтпаған даналық қағида деуге болады.
«…Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын! Балам деп бағып, оқытып, адам қылғаннан кейін, жұртым деп танымаса, сонда өкпелеу жөн ғой. Аталық міндетін атқарып отырған жұрт жоқ, жұртқа борыштымын деп жүрген қазақ баласы жоқ. Баққан – қазына, қазынаға борыштымыз деп жүр. Жастарды оқыту расходынан қашып, қазынаға борышты қылып қойса, жастарда не жазық бар? Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең құл болмақшы…».
Ұлы ойшыл, «рухани көсем» М.Әуезов тұлғаның біз үзік келтірген жоғарыдағы пікір толғанысының сымдай тартылған ой желісі кезінде заман жүгін арқалап, қазақы қаны бар жанның санасына күйдіріп басқан оттай әсер еткені ақиқат. Оқу оқыту, білім берудің мемлекеттік деңгейдегі отарлау жүйесі тұтынған мақсат-мұратының қоғамдық-саяси, әлеуметтік –рухани сыр сипаттарын Ахаң ел-жұртының көзіне шұқып, жанына батырып, айтудай-ақ айтқан. Халқының пікірін тәрбиелеген ұлы ұстаздың бойына біткен күллі қадір- қасиетін аңғартар осы ұлағаттың өзі бір елдің жәдігер мұрағатына татырлық.
«Қазақ» газеті Ресейдің орталық қалаларында, шетелдерде жоғары дәрежелі білім ордаларында оқып жүрген студент жастар туралы, олардың көңіл-күйлері, хал-ахуалдары хақында дайын мәліметтер беріп отыруды әдетке айналдырды. Бұл да ұлт болашағына сенім артқан талапкер ізбасарларды қанағаттандыру, өзгелерге үлгі тұтудан туған дәстүрдің озығы. Елдің рухани жан-дүниесімен тәннің салауаттылығына ат салысқан зиялылардың сан қилы ұсыныс, тілектері көптің талқысына түсіп, көкейіне тоқуына газет алтын көпір болды.Соның бір мысалы кедей-кебшік, жарлы-жақыбай, жетім-жесір, тұрмысы төмен отбасыларының оқуға күйі жоқ балалрымен оқуда жүрген жәрдемге мұқтаждарына, денсаулығын түзеуге зәрулік қолын байлаған кәріптерге қайырымдылық көмек көрсететеін ұлттық қор ашуды күн тәртібіне қояды. Бұған дейін мұндай ізгілікті шаруамен тікелей «Қазақ» газеті айналысып, елден жылу жинағандай жоқ жітік жандарға қарасып, қол ұшын беріп келгені аян. Келе-келе басқарма жанынан арнайы есеп-шот ашқаны да белгілі. Бұл ретте газеттің қазіргі өркениетті елдердегі сала-сала бойынша министрліктердің, мүдделі мекемелердің міндеттеріне кіретін қызметтің атқаруына тура келгенін көреміз. Енді бұл жауапкершілікті ресми заңды тұлға ретінде тіркеуге үміттенген, «игілік қауымына» жүктеуді ұйғарды. Осындай жалпы халықтық қайырлы іске шамасы келгенінше шапағатын тигізіп, түрлі шаралар қолданып, жер-жерде әдебиет кештерін өткізіп, концерттер мен сахналық қойылымдар ұйымдастырып, онан түскен қаржыны жоғарыдағы мақсаттарға жұмсауға аударып отырған алаш перзенттерінің есімдерін баспасөз бетінен жиі оқуға болады. Бір ғажабы, бұл үрдістің имандылыққа, жан тазалығына бет бұрған бүгінгі кемелденген қоғамымыздағы етек алған рухани- әлеуметтік құбылыстармен үндесіп, ұқсас болып келуі таңдандырады.
Қысқасы, «Білім» деген ұғымның тілімізде мағынасы өте кең. «Қазақ» газеті халық арасына білім таратуды осы кең мағынасында жеткізіп, сана-зердесіне сіңіруге өлшеусіз қызмет етті. Әрине, оның бәрін мақала көлемінде сыйғызып, жіктеп, сала-сала бойынша таратып, баяндап шығудың өзі оңай емес. Сонда да Ахаң, Жақан, Әлекеңдер басшылық еткен «Қазақ» газеті – отарлық езгімен қанаудан титықтанған халқының басына қара бұлт үйірілген қйын кезеңінде күннің нұрлы шапағындай жылуы мен жарығын шашып, қоғамдық өмірдің сан-сапат қыр-сырынан толық мағлұмат беріп, білім өрісін жайған ұлттық баспасөз.
«Төртінші газета – халықтың даушысы. «Жұртым» деп халық арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газета арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады».
«Қазақ» газеті тура осы бағытта «аталы жұртының, ауданды ұлтының» ар-намысын қызғыштай қорыған бірден-бір медеу тұтар қорғаны, мұңын шағып, шерін тарқатар жан ашыр досы, жігер отын шар болаттай жанып-жанып, қайрап-қайрап алатын бойға күш-қуат дарытар рухани серігі болды. Қазақты елді ішінен іріткен, рулық бақастық пен жікшілдіктен өресі аспаған «жер дауы, жесір дауы» деген бұрыннан бар әлеуметтік кеселді, енді отаршылдық саясат қасақана асқындырып, көшпелілердің бұ жалғанда тіршілік етуіне екі талай күн туған ұлттық зор кесапатқа айналдырды. Ата кәсібі малға байлаулы қазақтың жылдың төрт мезгіліне көктемде – көктеуі, жазда – жайлауы, күзде – күзеуі, қыста-қыстауы қаншалықты қажеттіліктен туған болса, көшіп-қонып, Табиғат–Анамен үндесіп, кіндіктес ғұмыр кешуі соншалықты қажеттіліктен туды. Осынау ғасырлар бойы қалыптасқан көшпенділердің өмір сүру салтын, тіршілік ету үрдісін бұзу арқылы империялық пиғыл ең бастысы, олардың этикалық бітімін, рухани болмысын өзгертуге әрекеттенді. Бұл идеяны іс-жүзіне асыру мақсатын көздеген патша үкіметі Дала өлкесінде Қоныстандыру басқармасын құрып, қазақты ашса – алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы кеп, жерін жөн-жосықсыз кесіп-пішіп, «артық» деп санаған небір нулы-сулы шырайлы бөліктерін келімсектерге қалауынша үлестіріп, ту-талақайға түсірді. Бұл басқыншылық қылмыстарының ізін жасырып, думада заң жүзінде бекіттіріп, құқықтық жағынан өз пайдасына шешіп қоюды патшалық саясаткерлер әрине, ұмытқан жоқ. Шет аймақтағы бұратана саналған халықтың аграрлық мәселесі төңірегінде наразылық туғызған отаршылдық саясаттың әділетсіздіктерін «Қазақ» газеті үнемі әшкерлеп, қылмысын бетіне басып, арашасы болып отырды. Бұл ретте түз еліне қатысты шығып жатқан заң жобаларын газет бетінде халықтың талқыға салып, оның оң-терісін, пайда залалын қалың бұхараға жеткізе түсіндіріп, қоғамдық пікір қалыптастыруға да «қазақ» газеті ерекше бейіл танытып, үлкен үлес қосты. Жалпы, «Қазақ» газеті ұлт мүддесіне байланысты қай мәселе болмасын батыл көтеріп, ой-пікірлерін өткір айтуға машықтанады. Әсіресе, ана тілінде білім беру мен оқыту әдістемелік бағдарламасы, әліпби мен емлеге көзқарас хақындағы ұсыныстары һәм ұстанған үрдісі күні бүгін де өзінің мән-маңызын жойған жоқ деуге болады.
Газет патша әкімшілігінің қатаң бақылауына ілігіп, әскерей цензура сүзгісінен өтіп отырды. Алайда соған қарамастан ебін тауып империялық саясаттың түпкі көздеген мақсаты қазақтың жерін талап, елін тонап, сана-зердесін бұғауда ұстап, бірте-бірте ұлттық ерекшелігін жою пиғыл-әрекетін айыптаған жарияланымдардың газет бетіне шығып кетуіне байланысты редактор Ахмет Байтұрсынұлы талай мәрте абақтыға қамалып, басқарма ұжымына ауыр тиетін мөлшерде айыппұл төлеуіне тура келді.
Әйгілі 1916 жылғы дүбірлі дүрбелен тұсында да «қазақ» газеті мен оның шығарушылары һәм демберушілері Ахмет, Міржақып, Әлихандар соңынан ерген күллі халықты орасан зор қантөгіс қырғыннан аман сақтап қалды. Бұл жолы да бұлардын сыртынан шағым айтып, жала жабушылар табылды. Зады, аққа құдай жақ Ахмет, Міржақып, Әлихандарды қалың бұхараны пмтшаның25-маусым жарлығына қарсы үгіттеп, желіктірушілер санатында жазаға тарттырмақшы болған қаскүнемдердің жұмысқы ойларынан да, тіпті, күдікті, сенімсіз жандар ретінде үйлері мен «Қазақ» басқармасын полиция жандармериясына тінткізу зұлымдық әрекеттерінен де еш нәтеже шығара алмады. Алайда «қазақ» газеті һәм оның шығарушыларының пешенесіне не түрлі әкімшілікқыспақты, қуғын-сүргінді көру жазса да-алған бетінен қайтпады, «алаш» ұранын жалау ғып, азаттық жолында ұлт сезімін оятудан тынған жоқ. Ұлы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің «… «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарихи ұмытпайтын істер болатын.
Оны жұрттың бәрі де біледі. Бұның шындығына ешкімде дауласпайды»,-деп ағынан жарылып бағалауында каншалықты мағына жатқанын зерделеу онша қиын емес. Патшалық идеолгия халқымыздың өз атын бұрмалап, дербес этностығына күмән туғызып, рухын жасытып, ғылыми әлемді шатастырған шақта Ахмет Байтұрсынұлының «қазақ» деген газет бастыруы-көңіл түпкіріндегі намыстың оқыстан бұрқ етее қалған жанартаудай тегеуріні күшті саяси-мәдени жаңалық, теңдесі жоқ ерлікпен пара-пар қайсарлық еді. «Қазақ» газеті атына заты сай тұңғыш рет ана тілінің табиғатына лайық төл емлесімен жарық көрді. «қазақтың» алушысы мен жазылушысы сандық, сапалық өсу деңгейінен де бұрын*-сонды баспасөз тәжірибесінде болмаған нәтиже көрсеткішіне жеткенін аңғару қиынға соқпайды. Халықтың өз атымен дүниеге таралған сәттен газеттің ұстанған басты бағыт-бағдары, сара жолы-ұлтшылдық ұранын көтеріп, ұлт мүддесін көздеді. Қазақ қазақ болғалы тұңғыш саяси «Алаш» партиясының, «Алашорда» Үкіметінің құрылуына мұрындық болып, әрі дербес мемлекеттің бұйрық-жарылтары мен қаулы-қарарларын сахара елінің о шеті мен бұ шетіне жеткізіп, түсіндіру насихаттау жұмыстары осы газеттің еншісіне тиді.
«Қазақ» газеті ұлт-ақыл-ойының қайнар көзі бола білді. Қазақ» газеті-өзінен кейінгі ұлт баспасөзіне үлгі-өнеге бола білген басылым.
М. Әуезов пен Ж. Аймауытұлының «Абай» журналының 1918 жылғы №5-санында «екеу» деп қол қойған «Абайдан соңғы ақындар» атты мақаласында: «…оянған ойдың бетін түзеп, жолға салып, ілгерлеуіне қамшы болған «Қазақ» газеті. Бұл газет – халықтың саяси көз ашылуына, «жұрттық» деген ойдың кіруіне қандай себеп болса, әдебиеттін гүлденіп, өркендеуіне де сондай себеп болды», – деуінде шынайы әділ бағасын бергенін байқаймыз.
Қысқасы, «Қазақ» газеті ғасыр басындағы қоғамдық өмірдің барлық саласында өз із-бедерін қалдырған, ана тілінің қолданыс мәдениетін жоғары сатыға көтерген, әдеби тілдің жөндігіп, өріс аясының дамуына үлес қосқан-мерзімді баспасөз. Бұл ретте газеттің бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оны әлі де байыптап зерттей түсу алдағы уақыттың үлесі.
qazaq.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ