THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазіргі заманымызға шүкіршілік етіп тәуба дейміз. Халқымыздың жағдайы жылдан-жылға жақсара түсуде. Соның бір көрінісі ретінде той көбеюде. Үйлену тойы, мерейтой, сүндет той, шілдехана, бесік той және т.б. дегендей. Әрине олар бұрын да болған. Қазақ қай заманда да тойсыз отырмаған халық. Қиын кездерде де алаш жұрты той жасаған. Бірақ баяғының шіріген байлары болмаса, қарапайым ел қазіргідей үйлену тойларына жүзден аса адам шақырмаған. Ал бүгінде екі жақсылықтың бірі солай өтеді. 250-300 орындық мейрамханаларда бос орын болмай жатады. Аудан орталығында ірі-ірі тойханалар бар. Бірнеше апта бұрын жазылмасаңыз, оларда жақсылығыңызды өткізуден қағыласыз. Мұны халықтың жағдайы жақсарғаны деп бір жағынан қуанасың. Себебі жалдау ақысы арзан емес, төмені 100 мың теңге төңірегінде. Соған қарамастан адамдар бұрынғыдай палатка іздемей, тойхананы таңдайды. Бірақ сол жақсылықтарымыз көбіне өз дәрежесінде өте бермейтіні көңілді қынжылтады.
Біріншіден, ол шақыру билетінде көрсетілген уақытында басталмайды. Мысалы сағат 5 деп көрсетілсе, міндетті түрде 8-9-ға дейін күтесіз. Адамдар да бұған үйреніп кеткен. “Е, 5-те дегенімен, 9-сыз басталмайды, белгілі жайт ғой” деп асықпайды. Сіз бесте барып отырдыңыз делік, бұл уақытта жаңа құдалар той болатын үйдің табалдырығынан аттайды. Мұнда олар танысып, ақ ауыз тиіп шығады. Күйеу мен қалыңдық мәдениет үйінің алдында суретке түсіп, тағы басқа жерлерде серуендеп жүреді. Неге ендеше билетте басталатын уақытын дәл айтпайды? Сонда көрсетілген уақытта баратын үлкендеріміз сарыла күтіп жүйкелерін жұқартпас еді. Адамдар тойға шақырушының көңілін қимай, қуанышына ортақтасу үшін барады. Әйтпесе, әркімнің түрлі шаруасы бар дегендей. Жексенбіде той болса, дүйсенбіде жұмыс. Оған дайындалуы тиіс.
Екіншіден, тойға адам демалып, көңіл көтеріп қайту үшін барғанымен, одан керісінше шаршап-шалдығып, кеткенше асығады. Бұған себеп ұзын-сонар көп сөйлеу. Алдыңғысының айтқанын келесісі қайталап, тойдың біраз уақытын жояды. Тойдың кейде ортасынан ауа, кейде тіпті оған жетпей тілек айтушылардың сөзіне көпшілік назар аудара бермейді. Өйткені жаттанды сөзден жалыққан қауым өзара қауқылдасып кетеді. Біз сонда да қоймаймыз, қанымызға біткен көпсөзділіктен тыйылмаймыз. “Жақсы сөз – жарым ырыс” деген халық даналығында қаншама философиялық терең мағына жатыр десеңізші. Түс көрсек те жақсылыққа жоритын ырымшыл жұртпыз. Ру араздығына әкелген даудың да бір сөзбен төрелігін айтатын сөз қадірін бағалаған шешен ұлтпыз. “Батаменен жер көгереді” дегендей, тойда ақ тілектер ағылып, ақ бата берілуі заңды. Дегенмен бүгінгі той-томалақтарда жиналған қонақтар бір сағаттай тұрып алып, біреудің өмірбаянын баяндап беріп уақыт алуының,тіпті, “Маған сөз бермеді”, “Мен неге анадан кейін сөйлеймін” деп, ұрысып жатудың қажеті қанша? Жиналыста отырсыз ба? Бұл мәдениеттіліктің аздығы. Тілекті ізгі ниетпен қысқа да нұсқа айту керек. Ең бастысы, той иелеріңе бақыт тілеп, қуаныштарыңа ортақтасу емес пе? Яғни үлкендердің батасын, ақ тілегін алу дер едік. Сосын бұрындары “Тілек бұрышы” деген бір үстелде тұратын альбомға жазып та қалдыратын. Осыны неге жандандырмасқа? Қонақтар уақыт тауып өз тілектерін сөзбен өрнектеп қалдырар еді. Кім не айтқанын содан білеміз ғой. Бұл жалғыз біздің ауданда ғана емес екен. Мақала жазу барысында ғаламтор беттерін ақтарып: “Мынандай облыста той осылай өтеді екен” деп үлгі ретінде келтіргіміз келген, бірақ іздегенімізді таппадық. Қазақстан бойынша көп жерлерде той осылай өтеді. Бірақ еске сақтайтындай мысалдар келтіре кетелік. Мәселен еліміздің бір облысында ауылдағы той әп-әдемі басталып, бір кезде жиналысқа айналып жүре берген. Мұндағы дәстүр бойынша тойға шақырылған бір жүз елуге жақын адамның әрқайсысы сөйлеуі тиіс. Әйтпесе, реніш туады. Асаба қолындағы тізімнен шыға алмайды. Тыңдап жатқан адам некен-саяқ болса да, тілек айтушылар топ-тобымен ортаға шығуын доғармаған. Осында үй иелерінің толық денелі, түрі сұсты, адамның бет-жүзіне қарамай айтарын айтып салатын, кейде дөрекілік танытатын, сондықтан маңайындағылар одан сескеніп тұратын бір ағайыны да қатысып отырады. Мылжың сөз жүйкесіне тиді ме, әлде “ақаң” бойын биледі ме, бір кезде сол ағайын ортада тұрған асабаның қолынан микрофонын жұлып алып:– Әй, ағайындар, құдалар, всё надоело. Ортаға шығып алып, малталарыңды неге езе бересіңдер? Айтатындарың – бір сөз. Сонда біз тойға мылжың тыңдауға келдік пе, әлде, жас жұбайлардың қуанышын бөлісуге келдік пе? Айтыңдаршы, менікі қате ме? (Ешкімде үн жоқ). Ендеше, былай істейміз. Әр сорттағы ағайын-туыстардан, жора-жолдастардан бір адам шығып, солардың атынан ортақ тілегін жеткізсін. Оның өзі екі-үш минуттан артық сөйлемейтін болсын, қалған уақытымызда көңіл көтерейік, ән айтайық, би билейік, әңгіме-дүкен құрайық, – дейді. Сөзін сілтідей тыңдап отырған тойшылар оған дүркірете қол соғып, содан кейін қуаныш дастарханы басқа арнаға бұрылып, көпсөзділік тыйылып, есесіне ойынға, көңіл көтеруге, ән-биге уақыт көп қалған.
Тағы бір мақалада Астана қаласындағы үйлену тойында, Елорданың қақ төрінде орналасқан үлкен бір мейрамханаға үш жүзден астам адам жиналғаны баяндалады. Арасында небір ығай мен сығай, есімі көпшілікке таныс азаматтар жүрген. Ғалымы да, депутаты да бар дегендей, осал ешкім жоқ. Бәрі де сөйлеп, тілегін айтып, көрініп қалғанды ұнататындар. Баласын үйлендіріп жатқан отағасы думан басталғаннан кейін микрофонды алып, тойшыларға қарап: – Құрметті құдаларым, меймандарым! Бүгін бәрің – менің қуанышымның куәгерлерісіздер. Алтын уақыттарыңды бөліп, жалғыз ұлымның тойына келгендеріңіз үшін көп рахмет. Мен үшін әрқайсысыңыздың орындарыңыз бөлек. Қазір сонау Атыраудан келген құдаларым лебіздерін білдіреді. Бүгінгі тойда жиырмадан астам үстелге өзімнің ақ дәмімді тартып отырмын. Бәріңіздің де маған деген көңілдеріңіз пәк. Сіздерді жалықтырып жібермес үшін, қарсылық болмаса, әр үстелдің атынан бір-екі өкіл ғана ортаға шығып, жас жұбайларға ақ тілегін айтса, жөн болар еді, – депті. Той осы сценарий бойынша жалғасын тауып, ешкім жалықпаған. Көпсөзділіктен әбден мезі болатын тойшылар мәдени демалып, бір-бірімен шүйіркелескен. Бұрынғы тойларда отырып-тұрудан жалығатын жас жұбайлар да бұған дән риза. Нәтижесінде тойшылар әншілер мен бишілердің өнерін тамашалап, араларынан тілек білдіру құрметіне ие болған сөзге шебер тұлғалардың бір-бірін қайталамаған ұлағатты сөздерін ұйып тыңдаған. Бұл тойда нағыз шешендік үстемдік құрған…
Бірде Қадыр Мырза-Әлі бір топ ақын-жазушылармен бірге Абай еліне барып, халықпен кездесулер өткізгенде белгілі қаламгерлер көп сөйлеуімен жиналған қауымды жалықтырған. Осыны байқаған Қадыр аға: – Қай халық екені дәл қазір есімде жоқ. Әйтеуір, бір көне халықтың көне дәстүрі бар екен. Сол дәстүр бойынша тойда тілек айтуға ниет білдірген қонақ бір аяғын көтеріп тұрып сөйлеуге тиіс көрінеді. Сөз алған шешен аяғы талғанша ойын айтып бітіруге міндетті екен. Әйтпесе, ұятқа қалады, – дейді сөз кезегі өзіне тигенде. Осыдан кейін жұртты көпсөзділігімен ығыр қылған шешендер айылын жиған көрінеді. Айтатыны жоқ, керемет дәстүр емес пе, ағайын? “Сіздер сол тілектің ішіндесіздер ғой?” деген асабаны тыңдамастан сөйлеп жататын адамдарға ой салар деп айтып жатырғанымыз. Олар сөзін тыңдамай өзара дабырласқан жастарды, сөз сөйлеу кезегі келуін күтіп, үстел басында жөнді отырмай, сағатына қарап тыпыршып кіріп-шығып жүргендерді байқамайтындай. Тілегін айтқаннан соң рюмкесін қағыстырғаннан кейін мойнынан үлкен міндет түскендей орнынан тұрып үйлеріне кетіп жатырғандарды көрмейтіндей. Себебі той жиналыс емес, бос сөз басқаларды шаршатады…
Асабалар қызметі де көптің көңілінен шыға бермейді. Кейде тіпті тойларымыздың сиқы кетiп, терiс тәрбие, сорақылық, көргенсiздiк, жабайылық hәм анайылық етек алып бара жатырғаны асабаның қарым-қабілетінің нашарлығынан шығар деп те ойлаймыз. Бұлай деуiмiзге не себеп? Әрине кез келген тойдың иелерi өздерi өткiзiп жатқан шараның қонақтар үшiн қызықты әрi есте қаларлықтай болуын, көңiлдi өрбуiн қалайды. Дәл осындай тұрғыда өтуi тек асабаға ғана байланысты деп, тiзгiндi толығымен соған ұстатып қоямыз. Өкiнiшке қарай, осы күннiң кейбір шала сауатты асабалары тойдың тәрбиелiк жағына еш бас қатырып жүрген жоқ, тiптi ойламайды да. Басқаруға олар 50 мыңнан кем ақша сұрамайды. Алайда соған сай дайындалмайды. Барлығында бір сценарий. Мәселен қазiр бәзбір тойға бара қалсаң, асабаның аузынан қазақтың тәлiм-тәрбиеге бастайтын философиялық даналық сөздерiн, мақал-мәтелдерiн, яғни қазыналы нақылдарын емес, керiсiнше, адамды құрдымға қарай жетелейтiндей сөздерді де естисiң. Мәселен: – Бір бала әжесінен: “Шал жақсы ма? Шай жақсы ма? – деп сұрапты. Сонда кемпір: – Қайсысы болса да терлесем болғаны – депті. Осының қажеті не? Той болған жерде қызық iздеген бала-шаға топырлап жүретiнi белгiлi. Бұған қоса кейбір асабаларымыз әр тiлек сайын жиылған жұртқа “ащы суды” iшкiзу үшiн әбден әлек-шәлегi шығып, мақал-мәтелден садаға кеткiр небiр сөздердi тасқындатады. Ұлтымыздың ертеңi саналатын жеткiншектер қандай тәрбие, нендей өнеге алады екен деген ойда қаласың. Кейбір той иелерi болса, келген қонақтар “сайтанның суын” көптеп iшсе, отырыс та көңiлдi болады деп есептейдi. “Алып қой” деп зорлайды. Ол адамның саулығы оған тарта ма, жоқ па бәрібір. “Біреудің ауырғаны біреуге батпайды” деп дана халқымыз текке айтпағанына осындайда көзің жетеді. Ұйымдастырушы-қожайындардан пәрмен түскеннен кейiн, тойды қызықты әрi көңiлдi, есте қаларлықтай етiп өткiзу жауапкершiлiгi жүктелген соң, асаба өзiнiң басты мiндетi – қонақтарға “ащы суды молынан iшкiзу” деп санайды. Осы мiндеттi ойдағыдай орындау жолында қолдан келгеннiң бәрiн жасап бағады. Бұл ретте ол “жүз грамның” жақсылығын асырып, жамандығын жасыра отырып жарнамалайды. Татып алмайтынның өзін “тентіретіп” жіберетін “керемет даналықтардың” тиегiн ағытады-ай келiп. Сонда не дейдi? Бұл туралы бір басылымда айтылғанды сөзбе-сөз келтірсек: “Әрбiр тiлектен соң, қайсыбір асабаның аузынан мына тектес сөздер ағыла жөнеледi: “Iшпегеннiң iшi кепсiн”, “Жұтып жүрген – жұтамас”, “Жаманнан жүз грамм арақ қалады”, “Торы ала шыны коньяк, iшпесең оны тағы ұят”,“Жүз грамм арақ қалғанша, жаман қарын жарылсын”…
Ол – ол ма, осылардың әрқайсысын айтар алдында “Қазақ атамыз былай деген екен….” дегендi де қосақтап жiбередi. Осыдан соң тойда топырлап жүрген жас балалар “арақ-шарап ата-бабаларымыздан қалған ас екен ғой” деп ойламағанда қайтедi. Қазiр көптеген жас балалар жоғарыда айтылғандарды жатқа соғады. Бұған таң қалуға болмайды, әрине, оның бәрi – тойдан алған, тойда жүрiп терген “тәлiм”. Өкiнiштiсi сол, осыған мән берiп қарайтын ешкiм жоқ, болса да, “әу” демейді”. Иә, бұл рас. Асабалардың үлкендеу біреу сөйлей қалса: “Отырмаңыз әже, өз тостыңызды алдырып қойыңыз. Құдалардан бастаңыз” дейтініне куәміз. Содан соң кейбір кейуаналар: “Араққа зорлық жоқ. Әркім жағдайына қарайды ғой” демей, үстел жағалап кетеді. “Давай іш, құда. Сексенге келген мен де ішіп тұрмын міне. Үлкен кісіні сыйлау керек” деп алдына барып тұрып алады. Құданың қолындағы рюмкедегі су емес пе деп иіскеп те қояды (өзіндегісі су). Бұл енді үлкендерімізге жараспайтын қылық. Достық емес, қастық. Соғыстырған соң жүре берсе де болады ғой. Қазақ қашан арақпен сыйласыпты. Салтымызда жоқ нәрсе. Асабаның да міндеті адамдарға арақ ішкізу емес, тойды көңілді өткізу.
Қала берді, қазіргі тойларда өткiзiлетiн ойындар кейде көңілден шықпай жатады. Ақ жаулықты әже, ақ сақалды ата отыр-ау, жас балалар бар-ау демейдi, кейбірі жабайы ойындар. “Айғырсың ғой” айқай салып шап. Самаркиннің бұқасысың ба? Сен ендеше Крестінің есегі бол” дегендей. Әбден ығыр болған “орындықты айнала билеу”, “әртүрлі ұлттардың билерін билеу”, т.б. ойындар әрдайым қызық бола бермейді. Айтты-айтпады, ойынның жөнi осы екен деп, той үстiнде ерсі ойындарды ұйымдастыратын халге жеткен жайымыз бар. Өкінішке орай, тойларымызда асабаның айтатын әзіл-қалжыңдары да көпке белгілі, құлаққа жауыр болған қалжыңдар болып келеді. Тіпті араларында көп сөйлейтіндері де кездеседі. Бос, мылжың сөз. Асабалар кәсіби шеберлігіне өз еңбегімен, ізденуімен жетеді. Неге олар ізденбейді? Сценарийлеріне халқымыздың ұлы шайырларының, Қаз дауысты Қазбек, Төле, Әйтеке, Мөңке билердің, Сырымның, Абайдың, Міржақыптың, басқа да тұлғалардың жастарға бағыт берер даналық сөздерін неге кіргізбейді? “Той дегенде қу бас та домалаған” десек те, қазiргi қазақ тойының сиқы осы. Асаба біткеннің бәрі өз жұмысын білмейді деуден аулақпыз. Қандай тойды да ұршықша үйіріп ел көңілінен шығып жүргендері жоқ емес. Әңгіме солардың азшылығында.“Тойбастар” той-мерекелерді ұйымдастыру тобының жетекшісі, танымал асаба Ерлан Дәкенов бір тілшіге берген сұхбатында: “Асабалар той басқарғанда тойшылардың ыңғайына қарап алуы керек қой. Мысалы, жамбылдықтар тiлек айтып болған соң, тепсiнiп билегендi жақсы көредi. Орталық Қазақстан халқы көсiлiп сөйлегендi ұнатады. Батыстықтар болса, мақтап-мақтап сөз берiп, артынан жақсы бiр ән арнап жiберсең, қалтасын қағып, өз атынан асабаға ақша лақтырып жатады” депті. Қалай десек те, тойдың көпсөзділіктен, орынсыз қалжыңдардан арылғанын қалаймыз.
Сөз соңында айтарымыз: отбасындағы қуанышына той жасап, ағайын-туыс, көршілерімен бөлісуге дайын тұратын дархан мінезді кеңпейіл халықпыз. “Қырықтың бірі қыдыр” деп көлденең көк аттының батасын алуға тырысамыз. Тойымыздың соңын аузы дуалы үлкендердің жастарға бата беруімен аяқтасақ артықтық етпес еді.
Серпер
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ