КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Биылғы жаз ортасында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұлтымыздың біртуар перзенті Шәмші Қалдаяқовтың әндері шырқалған «Әнім сен едің» концерті өткен еді. Оған белгілі әншілермен қатар композитордың ұлы Мұхтар да қатысып, әкесінің шығармашылығы туралы көңіліне түйгендерін ақтарып салды. Алайда, кейбір ойлары қисынсыздығымен бізді таңғалдырды. Шәмші өз әндеріне биік талғаммен қарап, сөз бен саз үйлесімділігін назарында ұстады. Сол мақсатпен ән мәтіндерін кімге болса соған жаздырмай, мықты ақындармен жұмыс істеді. Және қай әнге қай ақын сөз жазу керектігін қапысыз танып отырды. Сөйтіп, халқы, үлкен-кішісіне қарамай сүйіп тыңдайтын өміршең туындыларды дүниеге әкелді.

Шәмші «пиарды» ойлады ма?

    Ал, оның баласы Мұхтар мүлде жаңа көзқарас ұсынады. «Әкем ақындарды шығармашылығына тартқанда тудырған музыкасын насихаттасын деген мақсатты көздеді. Себебі, музыканттардың арасында да бәсеке бар. Мәселен, музыкант партияда болмаса, жарты күн партиялық жиналыстарда отырмаса, оның адымы ашылмай қалатын. Әкем радиода музыкалық редактор болып жұмыс істеді. Сондықтан, оны халыққа, негізінен, радио танытты. Пысықтар немесе телеарнада тамыр-таныстары бар адамдар ғана оған шығуға мүмкіндік алатын. Мен әкеме: «Әке, телеарна көбелектер мен неше түрлі қоңыздарға дейін түсіре бастады. Сені құрығанда суретке түсірмейді ме?» деп айтатынмын. Ал, әкем ақындарға сүйеніп, олар мені жүрген жерлерінде насихаттайды деп сенді». Бұл – Мұхтар Қалдаяқовтың өз сөзі. Осыған қарап, «Шәмші пиарды ойлады ма?» деген сұрақ туындайды.
Біздіңше, керісінше – ақындар Шәмшіні емес, Шәмшінің әндері оларға мәтін жазған ақындарды насихаттады, әлі де насихаттап келе жатыр. Мысалы, осы күндері Шәмшінің «Шынарым», «Кел Бурабайға» әндеріне сөз жазған Еркеш Ибраһим мен Шәмшімен бірлестікте «Дүнген қыз», «Теріскей», «Сағынышым менің», «Отырардағы той», т.б. осындай тамаша туындыларды туындатқан Сабырхан Асановтың есімдері ұмытыла бастады. Олар, сөзсіз – күшті ақындар. Алайда, кейінгі ұрпақ бұлардың есімдерін біле бермейді. Аға буын да Шәмшінің әндері айтылғанда ғана еске алатын шығар. Қай әніне қай ақын сөз жазғанын білетіндер, әрине. Бірақ, қазір композиторды біліп, мәтін жазған ақынды білмейтін жағдайға жеттік. Әсіресе, жастар жағынан бұл олқылық сезіліп тұрады. Бүгінгі жастар кешегі ақындарға емес, қазіргі ақындарға табынады. Оларға «Теріскей, айналайын келбетіңнен, Сен бізге ақ бесіксің тербетілген» деп жазған Сабырхан Асановтан гөрі «Кермиық, кербез дала тербетілген, Айналайын келбетіңнен» деген сөздерді әнге арқау қылған Қалқаман Сарин жақын.

Қайда барсаң – Қалқаман

        Көршілес Ресей жұртында әнге мәтін жазатын ақындардың «поэт-песенник» деген анықтамасы бар. Біз «айтыс ақыны», «жазба ақын» деп бөліп жатамыз. Әнге осылардың екеуі де мәтін жаза береді. Қалқаманның ақындығы да әуел баста «МузАрт» сынды әйгілі топ шырқайтын әндерге сөз жазумен танылды. Кейіннен жазба ақын екенін көрсетіп, бірнеше кітапты, өлеңдеріне жазылған әндер мен жырларын топтастырып, аудиожинақты шығарды. Астанада шығармашылық кешін де өткізіп тастады. Ақын Жарасқан Әбдірашұлының ағасы Ғафу Қайырбеков туралы мынадай әзіл шығарғаны бар:
Теледидарды ашып қалсаң – Ғафекең,
Радионы басып қалсаң – Ғафекең!
Журналдарды парақтасаң – Ғафекең,
Газеттерді қарап қалсаң – Ғафекең!
Дунай бойлап араласаң – Ғафекең,
Думан-тойға бара қалсаң – Ғафекең!
 «Мына біреу оңашалау кафе екен»
деп кіріп ем…
Мұнда да отыр Ғафекең!..
Қалқаман Саринге де қатысты қазір осыны айтуға болады…

Жақсы әннің күші

    Қазір мақталып та, сыналып та жүрген әнші Қайрат Нұртас орындайтын «Ауырмайды жүрек» әнінің мәтінін үлкенді-кішілі айтыстарға қатысқан Олжас Отар деген замандасымыз жазыпты. Алайда, шыны керек, халық оның атын айтыстардан емес, әлгі ән шыққаннан кейін ғана біле бастады. Соның өзіне бұқаралық ақпарат құралдарына шыққан сұхбаттары сеп болды. Бұл жағдай жақсы әнге сөз жазған ақынның аты әдебиеттен бұрын ән өнері арқылы таныла алатынын дәлелдей түседі.
    Шәмші Қалдаяқовпен шығармашылық бірлестікте болған бір ақынға ерекше тоқталғанды жөн көрдік. Ол – «Қайықта», «Қайдасың» атты әні мәтіндерінің авторы Нұрсұлтан Әлімқұлов. Бұл ақын Шәмшімен ғана емес, Әбілахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов сынды ұлтымыздың көрнекті композиторылармен бірігіп ән жазған. Оған академик-жазушы Зейнолла Қабдолов «ән сөзінің классигі» деген баға берген. «Поэт-песенник» деген анықтама осы кісіге келетін сияқты. Себебі, ақынның жыр жинақтарын іздеп табу қиын осы күндері. Ал, әнге жазған мәтіндері ел аузында. «Уикипедия» мен Жазушылар одағының сайтында Нұрсұлтан Әлімқұлов туралы мардымсыз ақпарат берілген. Сондағы жазылғанға сенсек, оның кітаптарының шықпағанына да тура отыз жылдың жүзі болыпты. Мәселен, 1982 жылы «Баспалдақтар» кітабы шықса, 1984 жылы «Таң самалы» атты ән өлеңдері жарық көрген. Осыдан кейін бірде-бір жинағы оқырман қолына тимеген.

«Ақын болу міндет емес…»

    Иә, ХХ ғасыр ақындары өздерін өлермендікпен насихаттамаған сияқты. Бұған керісінше, ХХІ ғасыр – нағыз жарнаманың заманы болып отыр. Бүгінгі өнерпаздардың алдына қойған мақсаты да – қай жерден болсын көрініп қалу. Әсіресе, қаптап ашылған әлеуметтік желілер бұған үлкен мүмкіндік берді. Ешкімге жалынбай-ақ, «Фейсбук», «Вконтакте», «Мой мир» сынды желілерге тіркел де, өзіңді жарнамалай бер.
    Дауыс жинау деген үрдіс те пайда болды. Бұл, негізінен, белгілі бір нөмірге «sms» жіберу немесе ғаламтор арқылы іске асуда. Жақында өзімізге «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің «Ең үздік әдеби туынды» номинациясына қатысып жатқан бір ақын бауырымыз шықты. «Әдебиет» порталында байқауға қатысушы ақындарға дауыс беру науқаны жүргізілуде. «Кім мықты?» екенін жинаған дауыс саны арқылы анықтайды екен. Содан ақын ініміз: «Маған дауыс беріңізші» деп өтінді. Байқауда жеңу- жеңбеу таланттың өлшемі болмайтынын, әр өнерпаз өнердегі өзін емес, өзіндегі өнерді бағалау керектігін, әрі – беріден соң «ақын болу міндет емес, азамат болу міндетің» деген Некрасовтың өлең сөздерін де еске алып, шын дарынға мұндайдың жараспайтынын түсіндірдік. Ініміз түсінгендей болды…

Аты бар «көкектер»

    Ғаламтордан телеарналарға келейік. Ондағы неше түрлі ток-шоулардың жүргізушілері өздерінің атын шақыратын көкектерге айналып барады. Мәселен, «Хабар» арнасындағы «Бенефис шоу» бағдарламасында әнші, продюсер Қыдырәлі Болманов «Қы-дыр-әлі» деп әндетіп шығып жүр. «Ба-ян Е-сен-та-ева», «Тұрсынбек, Тұрсынбек, Қабатов Тұрсынбек» дегендері де есімізде.

Рас, осыған ұқсас үрдіс ұлтымызда баяғыдан бар:
Баласы Қошқарбайдың Шашубаймын,
Болсам да малға кедей, тілге баймын…

Немесе: Атандым Ғазиз ақын бала жастан,
Ақын жоқ Қараөткелде менен асқан…
Тәңірі берген Молдабай,
Малға жарлы болса да,
Айтар сөзге, тілге бай…

Одан әрі жыраулық заманға ойыссақ:
Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ақала ордам қонған жұрт,
Атамыз біздің бұ Сүйініш
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған
Келін болып түскен жұрт,
Қарғадай мынау Қазтуған
Батыр туған жұрт…

Халық ауыз әдебиетінің үлгісі керек болса:
Мен Алдармын, Алдармын,
Сақалым болса талдармын…

    Осы мысалдардан көрініп тұрғандай, өнерлі бабаларымыз өздерін құр таныстырмайды, тұрмыстары, бойындағы өнерлері жайында да айта кетеді. Өлеңдерінің мән-мазмұны да сонысымен ашылып тұр. Ал, қазіргі Қыдырәлі, Баян, Тұрсынбек сынды өнерпаздар өз аттарын шақырғаннан басқа не ұтып отыр?..
    Сөзімізді түйіндей айтарымыз: «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» деген сөзді шығарған халық шын өнерпазды өзі танып алады. Дарынсыз болсаң да, өзін анда-мында жарнамалап, бүгін танымалдыққа жетерсің. Ал, жазған шығармаң, айтқан әнің түкке тұрғысыз болса, көзің кеткен соң-ақ ұмытыларсың…

astana-akshamy.kz

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика