КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН, тарих ғылымының кандидаты:

        – Әлімғазы аға, сіз түркітану мен қазақ тарихы жөнінде елеулі зерттеулер жасап жүрген ғалымсыз. Қазір ұлттық тарихты тың көзқараспен ғылыми негізге сүйене отырып қайта сүзгіден өткізіп, жаңаша сипатта жазып шығатын уақыттың жеткендігі баса айтылуда. Шынында да, Қазақтың төл тарихы Ресейдің отаршылдық саясатының тұрғысынан жазылған деген пікірлер бар. Осы ретте қазақ тарихын ұлттық мүддеге сай, ұлттық тұрғыдан түбірімен қайта жазып шығу керек пе?

        – Қанша өкпе-ренішіміз болса да, бұл бастаманың өте орынды көтерілгенін мойындауға тиіспіз. Ұлттық төл тарихымызды қайта жазу туралы 20 жылдан бері айтып келеміз. Осы уақытқа дейін оқулықтарымызды дұрыстайық, ақтаңдақтарымызды ақтайық, орыстардың, қытайлардың т.б. отаршыл елдердің бізге таңған жалған тарихынан құтылайық деп мәселе көтердік. Бірақ осыны тыңдайтын құлақ болған жоқ еді. Міне енді, Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин ұлт тарихын қайта зерделеп, жазып шығу жайында бастама көтерді. Осы ретте қазір біреулер тарихты түбірімен қайта жазу керек десе, екіншілері, төл тарихымызды толықтырып, өңдеп, бұрынғы бар деректердің ішінен өзімізге керектіні алып, жаңғыртып, өз мүддемізге сай толықтырайық дегенді алға тартады. Ал үшіншілері, «біздің тарих бұрыннан жазылып қойылған, орыстың бәлен академик, профессорларынан асып қандай тарих жазбақсыңдар?» деп, құлдық психологиядан арыла алмай жүрген тарихшыларымыз әлі бар. Бұл ретте мен тарихшы әрі қазақтың бір азаматы ретінде айтарым, шындық осы үш пікірдің ортасында тұр деп есептеймін. Бірақ бұл үшін біз бір нәрсенің басын ашып алуымыз керек. Тәуелсіздік алғанымызға 22 жыл уақыт өтті. Оны жылда мемлекеттік деңгейде атап өтіп, мәре-сәре болып жүрміз. Екі сөзіміздің бірінде Тәуелсіздік алғаннан бергі жетістіктерімізді асыра айтып келеміз. Негізі, Тәуелсіздік дегеніміз, отарлықтан құтылу дегенді білдірмей ме? Бірақ қазір қарап тұрсаңыз, Тәуелсіздікті қазақ емес, Қазақстан халқы алыпты. Біз қазақ халқы, қазақ ұлты деп айтуға неге жасқана береміз? Тәуелсіздікті қазақ халқы алды десек, басқа ұлттың барлығы бізге өре түрегеліп, «біз қайда қалдық?» деп, көшеге шығатын секілді үрейдің ішінде өмір сүріп келеміз. Бұл – кешегі отарлаушы империяның біздің үрейімізді әбден алып қойғандығының белгісі. Бұл ретте Тәуелсіз елдің төл тарихын қайта жазу үшін «біз Тәуелсіздікті кімнен алдық?» деген сұрақтың басын ашып алуымыз керек. Шынында, біз Тәуелсіздікті кімнен алдық? 80-ші жылдарға дейін Патшалық Ресейдің отаршылдығында болдық деп айтуға аузымыз бармады. Өйткені 1982 жылы бүкіл Қазақстан, бүкіл Одақты шулатып, орысқа қосылғандығымыздың 250 жылдығын тойладық. Сонда «ұлы орыс халқына өз еркімізбен қосылдық» деп жар салдық. Бұл туралы барлық газет-журналдар мақтанышпен жазды. «Өз еркіңмен қосылу» деген не сөз? Қазақтың ұғымында «өз еркіңмен қосылу» деген неке қияр үстінде айтылатын сөз емес пе? «Сен өз еркіңмен, өз қалауыңмен пәленшеге жұбай болуға көндің бе, ризасың ба?» деген сөз осындай жағдайда ғана айтылатын. Біз осылай тәрбиеленген халықтың ұрпағы едік. Бірақ бір ұлттың екінші бір мемлекетке барып, соның алдына тізе бүгіп, «мен саған бағындым, өз еркіммен сені сүйдім-күйдім» деп айтуға намыстанбадық. Негізі Тәуелсіздік дегенді айту үшін кімнен тәуелділіктен құтылғанымызды айтуымыз тиіс емес пе? Біз Тәуелсіздікті Ресей-Кеңес отарлаушы империясынан алдық. Біз біріншіден, орысқа өз еркімізбен қосылып, жұбайы болғанымыз жоқ. Екінші Кеңестік империяны да біз өзімізге шақырып, «социалистік революцияны бізге де жүргізіп бер» деп айтқан емеспіз. Ленинді де, Сталинді де, Голощекинді де ешқандай қазақ шақырған жоқ. Бұл бізге сырттан таңылды. Орталық Азияда Мұстафа Шоқай бастаған, оған қоса Алаш арыстары қостаған зиялы қауым біртұтас Түркістан идеясын көтерді. Осы жолда күресіп, барын салды. Бірақ біз сыртқы күштердің салдарынан екінші империяның отарына айналдық. Сондықтан қандай жағдай болмасын, мейлі, басқалардың жүрегі жарылып кетсе де біз отарлаушы империяның маңдайына қара таңбасын басып тұрып, «Осылар 250 жылдан бері қазақ ұлтының төбесінде ойнады, кейін тағы 70 жыл басынды. Енді міне, біз осыдан құтылдық» деп әр қазақ айтуы тиіс. 

        – Сіз ашаршылық тарихы туралы көп жерде айтып жүрсіз. Менің сұрағым келгені, Ресей қазақ халқын әдейі қыру үшін осыны ұйымдастырды деген әңгімелер бар. Осы қаншалықты рас?

        – Иә, шынында да, бұл Ресей-Кеңес империясының басындағы мемлекеттік саясатты жүргізген шовинистердің, ұлы державашыл идеологтардың әрекетінен деп есептеймін. Бірінші байларды тонады, сосын қарапайым адамдардың талғажауын тартып алды. Осыдан кейін халық қырылмағанда қайтеді? Әйтпесе 1917 жылы Алаш алыптарының бірі А.Байтұрсыновтың: «Иншалла, 6 миллион қазақпыз» деп сүйіншілегенін «Айқаптан» өзім оқыдым. Сол алты миллион қазаққа 70-жылдары, араға 50 жыл салып әрең жеттік. Ал негізі жарты ғасырда біз кем дегенде 12-15 миллионға жетуіміз тиіс еді. Не болдық? Қазақ халқы бір емес, екі-үш геноцидке ұшырады. Үш рет қолдан жасалған ұлттық апатқа ұшырадық. 1916 жылы болған ұлт-азаттық көтерілісінің дәл егін орағы кезінде болуы халықты ашаршылыққа ұрындырды. 1916-21 жылдары миллионнан аса халқымыздан айырылдық. Бүкіл дәстүрімізден, бұрынғы отбасылық, рулық, тайпалық, ағайындық қарым-қатынасымыздан ажырадық. «Байтал түгіл, бас қайғы» болып, тоз-тозымыз шықты. Екіншісі, 1931-32 жылғы ашаршылық. Бұл уақытта халқымыздың тең жартысынан, тіпті одан да көп қырғынға ұшырады. Бір бөлігі аман қалу үшін еріксіз шетел асты. Осының салдарынан қазақ халқының өсімі күрт төмендеп кетті. Біздегі мықты, текті, бай-бағландардың балалары 100 пайыз орыс болды. Сонда Міржақып Дулатовтың: «орысша тәрбиеленген, орысша оқыған баладан қазаққа қызмет ететін тұлға шығады дегенге мен сенбеймін» деген сөзі бар. Міне, оның осы сөзі-ақ оның ұлылығын, данышпандығын 70 жылдан кейін дәлелдеп берді. Басқа тілде, басқа дінде оқыған баладан өз ұлтына қызмет ететін шын патриот ешқашан шықпайды. Ал үшінші геноцид – 1937 жылғы қырғын қазақты түгел бастан, мидан, ақылдан айырды. Сүт бетінен қазақ халқының қаймақтары сылынып алынып, арыстарымыз нақақтан нақақ итжеккенге айдалды, абақтыға жабылды, атылды. Кілең көк су, іріген сүт қалды. Бассыз, иесіз қалған қазақ халқын 50 жыл жалаң аяқ тексіз батыраштар мен надан шолақбелсенділер басқарды. Оларға мен қазақпын деп айту өліммен бірдей болды. Бәрі «мен Кеңес азаматымын, коммуниспін, партия үшін қызмет етемін» деп ант берді. Және оны ауызша ғана айтып қойған жоқ, ісімен де дәлелдеді. Одан кейін 1941-45 жылдары Екінші дүниежүзілік соғыста 600 мыңнан аса боздақтарымыздан айырылдық. Ұрпақ әкелетін, еңбек ететін, ұлтқа қызмет ететін 18 бен 40 жастың аралығындағы нағыз энергиялық күші тасыған азаматтарымызды немістің қаруының оғы мен танкісінің астына жығып бердік. Мен бір нәрсеге таңғалам, идеология деген адамдарды қалай өзгертеді? 1916 жылы орыстың әскеріне бала бермейміз деп қырылдық. Арада 25 жыл өткеннен кейін «Отанды қорға!» деп өзіміз жібердік. Бұл не парадокс?! Әйтпесе қазақ – сол қазақ, сол халық. Бірақ 25 жылдан кейін орыстың орманына барып өлуге құлшындық. Идеология және арнайы насихаттың қаншалықты қауіпті екендігін осыдан-ақ аңғаруға болады. 25 жылдың ішінде ұлтымыз басқа халыққа айналып шыға келді.

        – Отаршылдықта болған елдің Тәуелсіздік алған соң отарсыздану үрдісінен өтуі шарт. Осы ретте біз ең бірінші нені қолға алуымыз керек?

        – Шыны керек, біздің Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл болса да, әлі қазақ патриотизмін, жалпы қазақшылдықты, ұлтшылдықты қалыптастыра алғанымыз жоқ. Ресей-Кеңес империясы тұсындағы сұмдық апаттық науқандардың атын атап, түсін түстеп, қанша адамнан айырылдық, тарихымыздан, дәстүрімізден, тілімізден, елдігімізден қалай айырылдық – осының бәріне шынайы бағасын беруіміз керек. Басқаның жүрегі жарылып кетсе де біз шындықты айтуымыз керек. Сонымен қатар елімізде отарсыздандыру саясатын жүргізуіміз қажет. Отарсыздандыру саясаты жүргізілмейтін болса, не анда, не мұнда жоқ күй кешіп жүре береміз. Қазір былай қарасаң, Тәуелсіз секілдіміз, бірақ әлі де орыстың боданынан құтылмаған елде жүргендей сезінеміз кейде. Бұл – біздің тарихи жадымыздың өшкендігінің белгісі. Сондықтан қалай десек те, жоғарыда атап өткен тарихи оқиғалардың барлығына шынайы баға бермей, тарихты қайта жазам деу – бекершілік!
        Қазақ ұлт ретiнде қалыптасқалы алты ғасыр уақыт болды. Соның нәтижесiнде отаршыл күштердiң табанды езгiсiнен аман қалды. Ұлт ретiнде жойып жiберуге қандай амал-айла жасаса да, қазақ бүгiнге жеттi. Тәуелсiздiктiң көк байрағын желбiреттi. Ендi осы байрақтың мәңгi желбiреуiне жұмыс iстеуiмiз керек. Ол үшiн әлсiреп кеткен ұлттық санамызды оятуымыз қажет. Өсiп келе жатқан өрiмдей жастарымыздың санасына өзiн-өзi кемсiтетiн идеяларды танбаған жөн.
        Орыс империясы құлағаннан кейін оның боданында болған көптеген елдер: Балтық жағалауының елдерi, Украина, Молдова, Кавказ, тіпті кейiн қырғыздар да өз елдерінде отарсыздандыру саясатын жүргiзді. 

        – Тарихты жазуда діннің ықпалы назардан тыс қалып қойып отырған жоқ па? 

        – Егер біз тарихты қайта жазамыз десек, қазақ тарихының дәуірлеу кезеңінің басын ашып алуымыз керек. Әлемдік дәуірлеу бар, аймақтық дәуірлеу бар, тіпті өркениеттер, мәдениеттер дәуірлеуі бар. Сонымен қатар кешегі біздің 70 жыл бойы құлағымызға құйған таптық күресті негіз еткен дәуірлеу бар. Міне, біз осының қайсысын қолдануымыз керек? Біз Дарвиннің белгілеп берген, әлгі маймылдан пайда қылып ап, оны екі аяқты адамға жеткізіп, оған ақыл беріп, қауымдықтан құлдық қоғамға, одан феодализмге, одан социализмге әкеліп тіреп, «міне, жағымды болашағың!» дейтін күлкілі жағдайдан әлі арылғанымыз жоқ. Кезінде социализмді кемелдендіріп тастадық. Қайда ол қазір, енді қайда барамыз? Шынында да, қазір біз қандай қоғамда өмір сүріп отырмыз? 
    Қалайық-қаламайық күндердің-күнінде біз өркениеттер тарихы бойынша дәуірлеуге көшетін боламыз. Егер ислам біздің ата-бабадан ұстанып келе жатқан асыл дініміз екендігін ескерсек, онда Еуропаның бізге таңған дәуірлеуінен құтылуымыз керек. Орысқа бодан болғанға дейін біз өзіміздің өмір сүру формамызбен тіршілік қылып келген халықпыз. Оның алдында ешкімнің ықпалында болған жоқпыз. Біз әскери-феодалдық мемлекет құрған қоғамда өмір сүрдік. Отбасынан бастап хандық қағанға дейінгі басқыш әскери тәртіппен басқарылған. Отағасы бала-шағасына ие, ауыл ақсақалы – ауылға әрі сол ауыл әскер жасағының қолбасшысы, одан кейін ру, тайпаның басшыларының бәрі әскери адамдар болған. Қағаннан бұйрық түседі,ол отбасына дейін жетіп, мүлтіксіз орындалады. Біздің мемлекеттік құрылымымыз өте қарапайым, басқаруға өте икемді болды. «Жау келді, аттан!» дегенде еркеккіндіктінің бәрі атқа қонатын. 
        Негізі ислам тарихшылары мен түркия тарихшылары тұтас адамзат тарихын Исламиятқа дейінгі және Исламияттан кейінгі дәуір деп бөліп қарастырады. Егер шындықтың бетіне түзу қарасақ, біздің исламиятқа дейінгі өмір сүру салтымыз, тіршілігіміз басқа болатын. Тәңіршілдікпен рулық-тайпалық қарым-қатынастар негізінде өмір сүрдік. Ислам дінін қабылдағаннан кейін бүкіл тіршілігіміз, ұғым-түсінігіміз бүтіндей басқаша болып кетті. Қалай болғанда да біз ислам дінін қабылдау арқылы үлкен өркениетке қол жеткіздік. Ол кезде ислам өркениетінен артық өркениет жоқ болатын. Еуропа азып-тозып, католик пен христиан діндері қырқысып, олар өз ішінде қара түнекте өмір сүрген болатын. Арабтың әскерінен мықты әскер, ислам дінінен күшті идеология жоқ болатын. Түріктер Исламды 751 жылдан былай қарай негізінен бейбіт жолмен қабылдап, ислам мәдениетімен ертерек танысып, оны игеруге барынша құлшынды. Соның нәтижесінде түрік дүниесі Ислам әлемімен рухани тұтастыққа қол жеткізді. Адамзат мәдениетіне Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Ахмет Иүгінеки, Ибн Сина қатарлы ұлы тұлғалардың данышпандық ілімдерін бере алды. Мұндай нәтижеге еуропалықтар 15-16 ғасырда араб-түрік ғылымын игеру арқылы әрең жетті. Сондықтан біз тарихты жазарда ислам дінінен қашып, оны елеусіз қылып көрсетуге болмайтынын түсінуге тиіспіз. Ол шын тарих болмайды. Өйткені біздің өмір-тіршілігіміз, салт-дәстүріміздің барлығы ислам дінімен сабақтасып кеткен. Ахмет Яссауи, басқа да данышпандарымыз ислам дінін одан әрі терең ұғынып, жұртқа жария етіп, Жаратқанның жолымен жүруге тікелей әсер етті. Осындай өркениеттің ошағында өмір сүрдік. Мұны айтуға тиіспіз. Сондықтан біз исламиаттан кейін, мұсылман дінінің арқасында өркениетке үлкен үлес қосқанымызды мақтанышпен жеткізуіміз керек. 

        – Бір кезеңге байланысты әр тарихшы әртүрлі деректерді келтіріп жатады. Тіпті өзінің жазғанын дұрыс, қалғаныныкін бұрыс санайтындары да бар. Осы ретте ұлттық тарихты жазуда ғалымдарымыздың көзқарасын бір арнаға тоғыстыру мүмкін бе? 

        – Неге мүмкін емес, егер нақты әрекет етсек, бәрі де мүмкін. Болмайтын нәрсе жоқ. Қазір төл тарихты жазуға байланысты Үкімет тарапынан үйлестіру комитеті құрылды деп естідім. Бірақ оған жоғары оқу орындарының, ғылыми зерттеу институттарының басшылары қатысуда. Бұлар Мемлекеттік хатшы шақырғанда ғана жиналады да, кейін үйді-үйлеріне тарқасып кетеді. Біз бұлай шынайы төл тарихты жаза алмаймыз. Менің ұсынысым, гуманитарлық саланың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Тарихты жазу тарих ғылымының докторы немесе кандидаттары үшін айтылып отырған жоқ. Тұтас алғанда бұған қоғамдық ғылымдардың барлығының қатысы бар. Сондықтан әр салада жүрген ғалымдардың басын қосуымыз тиіс. Сонымен қатар олар екі-үш күн емес, апталап, айлап, түскен ұсыныстарды сарапқа салуы керек. Бұрынғыдай секциялық жиналыс жасап, жарты күн, ары кетсе бір күн айғайласып, артынан дайын тұрған протоколды оқып, жиналыс бітті дейтін болсақ, бұдан ештеме шықпайды. Әр мәселе туындаған даталарға байланысты секциялар секілді топтарға бөліп, ғалымдарды әбден айтыстырып, нақты бір тоқтамға келу керек. Бұл ретте ғалымдар тер төгіп, қызыл кеңірдек болып айтысып, бір пәтуаға келуі тиіс. Жалпы тарихты ала-құлалықтан арылту үшін әрбір зерттеуді ғылыми сараптамадан өткізіп тұратын білікті де тәжірибелі тарихшы ғалымдар тобынан құрылған арнайы бір орталық құрып немесе комиссия жасақтау қажет. Тіпті тарихты жаңаша түгендейтін «Мәдени мұра» сияқты арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдауымыз тиіс.

Сөз сарасы

        – Біз 300 жылдық орыс отаршылдығының зардаптары туралы неге батыл сөз айта алмадық, біз неге 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы тарихи шындықты әлі толық айта алмай жүрміз? 1920-21 және 1930-32 жылғы қолдан жасалған қазақ халқына қарсы Кеңестік геноцидті айыптауға бара алмадық? 1937-1938 жылғы репрессияның шын мақсаты мен зардаптарын неге ашып айта алмай, міңгірлей береміз? Екінші дүниежүзілік соғыс туралы айтылар тарихи шындық, нақты анықтама қашан айтылады? 1949-1952 жылғы қазақ халқына қарсы жасалған қаралау мен жазалауға берілер баға толық неге берілмеді? 1954 жылдан басталған «Тың, тыңайған жерлерді игеру» деген желеумен Қазақ мемлекетінің аумақтық тұтастығы мен ұлттық бірлігіне қарсы жасалған ұлы орыстық шовинизм мен ассимиляциялық озбырлық неге әшкереленбейді? 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы барлық шындық айтылып бітті ме? Осының бәріне шынайы баға бермей, тарихты қайта жазамыз деу бос әурешілік болып қалмақ.

Алашқа айтар датым...

        Қазақ тарихын жазарда біз келісіп алатын, онсыз болмайтын бірқатар мәселелер бар. Ол бірінші – дәуірлеу мәселесі. Қазақтың дәуірлеу мәселесінде қазақ тарихшыларының көзқарасын бір арнаға тоғыстыруымыз керек. Екінші – қазақ мемлекеті қазақ ұлтының атымен қашан аталды, қай датаға тоқтаған дұрыс, осыны нақтылап алуымыз тиіс. Үшінші – Патшалық Ресей мен Кеңестік Ресейдің отаршылдығы кезінде қазақ ұлтына жасаған ұлттық қасіреттерін ғылыми тұрғыда нақты дәлелдермен ашық жазуымыз тиіс. Төртінші, геноцидті, небір зобалаңдарды, қайғы-қасіретті бастан кешкізген империяның қазіргі басшыларына мойындатуымыз керек және кешірім сұратқанымыз жөн. Олар бүкіл әлем алдында айыбын мойындап, өтемақы төлеуі тиіс. Біз осының барлығын талап етуіміз керек. Сонда ғана шынайы тарих жазылатын болады. Сонымен қатар отарсыздандыру саясатын ашық жүргізуіміз қажет.

Алаш айнасы

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



ТЕКСТ

Яндекс.Метрика