КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ



Еліміз тәуелсіздік алардың қарсаңында, 1989 жылы қабылданған Тіл туралы заңда: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп тұңғыш рет атап көрсетіліп, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Қазақстан Республикасы Конституциясының ­7-бабында да: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» екендігі баян етіліп, заңды түрде күшіне енді. Сөйтіп, қазақ тілі дамуының жаңа кезеңі басталған болатын.

Ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Сол уақыттан бері қазақ тілінің тынысы ашылып, қоғам өмірінің бірқатар салаларында қолданыс аясы кеңейе түскені рас. Ең бастысы – ана тіліміздің тағдырына алаңдайтын халқымыздың үміті оянып, тіліміздің болашағына сеніммен қарайтын болды. Ендігі жерде қазақ тілінің заңдық мәртебесін алға ұстап, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы қызметіне қоятын талабы күшейе түсті. Мемлекеттік және өзін-өзі басқару орындарындағы тілге қатысты психологиялық ахуал күрт жақсарып кетпегенмен, аз да болса оң өзгерістер болды.

Қазақ тілінде жүздеген мектептер ашылып, қандастарымыздың ана тілінде көптеп білім алуларына мүмкіндік туды. Жоғары оқу орындарында да қазақ тіліндегі топтар көбейді, қазақ тілін оқыту сапасы жақсара түсті. Ана тілінде білім алушылар саны артты. Білім беру мен ғылым, мәдениет, бұқаралық ақпарат, т.б. салаларда ілгерілеушілік бар. Қазақ тілін үйрету әдістемесін жетілдіру мен ұлттық терминологияны қалыптастыру бағытында да көптеген жұмыстар жүргізілді. Енді қазір латын жазуына негізделген төл әліпбиге көшу жұмыстарын бастап жатырмыз. Латын жазуы­на негізделген жаңа «Қазақ емлесінің негізгі ережелерінің» жобасы ғалымдардың ­сараптауына ұсынылды.

Алайда тіл мәселесінің көтеріл­геніне отыз жылдай уақыт өтсе де, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне сай тиісті деңгейге көтеріле алмауы неліктен? Қазақ халқы мемлекет құраушы әрі республикадағы саны жағынан басым ұлт болса да, қазақ тілінің екінші қатардағы тіл болып қалуының себебі неде?

Қазіргі таңдағы ұлт мүддесі мен намысын жоғары қоятын, ұрпағының болашағына алаңдайтын қазақ ұлты өкілдерінің көкейінде жүрген сауал осы. Олай болуы заңды да. Кешегі кеңестік кезеңде көп теперіш көріп, қолданыс аясы шектеліп, жетімнің күйін кешкен ана тіліміздің ел тәуелсіздігі кезеңінде де төрге шыға алмай отырғаны – толыққанды тәуелсіздігімізге жараспайтын құбылыс екені ақиқат. Ұлт тәуелсіздігінің негізгі белгілерінің бірі – оның тілінің үстемдігі. «Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?!» деп ұлы М.Әуезов айтқандай, тілдің болашағы – ұлттың болашағы! Тіл болмаса – ұлттың да болмайтыны шындық. Демек, мемлекеттік тіл мәселесі – ұлттық қауіпсіздіктің де мәселесі екені айқын.

«Ана тілі» газетінің үстіміздегі жылғы 15 маусымдағы санында белгілі ғалымдар, ұлт пен тіл жанашырлары Амангелді Айталы мен Әбдіжәлел Бәкірдің «Мемлекеттік тіл заңмен қорғалуы керек» атты мақаласында айтылған ойлар мен ұсыныстар елдің көкейінде жүрген, ана тіліміздің тағдырына алаңдаушы мыңдаған отандастарымыздың тарапынан қызу қолдау тауып отыр. Мақалада қазақ тілінің проблемаларына терең талдау жасалып, өзекті мәселе ретінде мемлекеттік тілдің арнайы заңмен қорғалу қажеттілігі өткір қойылған.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазақ­стан­ның болашағы – қазақ тілінде, өз тілімізбен өмір сүрейік! Бұдан артық қалай айтуға болады. Қажет десеңіздер, одан да оңайлатып айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген ұсынысы кезінде қазақ­стан­дықтардың тарапынан қызу қолдау тапқандай көрінгенмен, іс жүзінде толық жүзеге аспай отырғаны өкінішті-ақ!

Қазақ тілінің бүгінгі жағдайы мен оның мәртебесін биіктетіп, қолданыс аясын кеңейту, отандастарымыздың мемлекеттік тілге деген ықыласын оятып, намысын қайрау ба­ғытында көп айтылып та, жазылып та ке­леді. Біздіңше, мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеймей отыруының бірнеше себебі бар. Солардың негізгілеріне тоқталып өтелік.

Ең басты себеп, қазақ ұлты өкілдерінің ана тіліне деген немқұрайдылығы – ұлттық намыстың жоқтығынан. Ұлтын сүйетін әрбір адам, мейлі ол мемлекеттік тіл болмағанның өзінде, өз ана тілін көкке көтеріп, ерекше қадірлеп, сол тілде сөйлеуді парыз санамақ. Өз ұлтының қадір-қасиетін ана тілі арқылы ұлықтап, ата-бабасының асыл аманатындай ардақтамақ. Ал ұлан-байтақ аумақты алып жатқан Қазақстан Республикасы деп аталатын тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі болып саналатын ана тілімізде сөйлемей, өзге тілге басымдық беруіміз – елдігімізге сын, аманатқа қиянат.

Екінші себеп – кеңестік идеология санасына әбден сіңіп, социалистік интернационализммен уланған, тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асса да, әлі күнге дейін құлдық психологиядан арыла алмай жүрген орыс тілді қазақтардың кертартпалығы деп есептейміз. Ұлтсыздық санадан арылмайынша – толыққанды тәуелсіздік жоқ. Ұлтшылдық сезім, ұлттық рух, мемлекетшілдік мүдде болмаған жерде – ана тіліміздің де көсегесі көгермейді. Алаштың ардақтысы Ж.Аймауытовтың осыдан бір ғасыр бұрын (1918 жылы) «Ұлтты сүю» атты мақаласындағы қазақ оқығандарына қарата айтқан: «Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды» деген сөзі қазір де өзектілігін жойған жоқ.

Үшінші себеп – мемлекеттік тілге деген қажеттіліктің, сұраныстың жоқтығы. Тіл – қарым-қатынас жасаудың, ойды білдірудің, қоғамдық-тарихи тәжірибені жеткізу мен меңгерудің, жоспарлау мен қолдаудың құралы болғандықтан, адам тіршілігі мен қоғамдық өмірде оған деген қажеттілік болуы керек. Қажеттілік бар жерде ғана оған деген сұраныс болады, талпыныс артады. Осы кезге дейін қоғамда қазақ тіліне деген қажеттіліктің болмауынан, барлық салада негізгі қоғамдық қатынастардағы функцияларды орыс тілі атқарып отырғандықтан, мемлекеттік тіл екінші орынға ығыстырылып, жаппай қолданыстан шеттетіліп келеді.

Тәуелсіздігіміздің жиырма жеті жылында ана тіліміз орыс тілінің шылауынан шыға алмай, екінші қатарда қалып отырғанда, енді бастауыш сыныптан бастап жаппай ағылшын тілін үйретуді міндеттеу – жығылғанның үстіне жұдырық болғалы тұр. Ал жоғары сыныптарда ғылыми пәндерді ағылшын тілінде оқыту – қазақ тілінің ғылымнан ығыстырылуына бас­тайтын жол. Мынаны түсінуіміз керек: көп тіл білу, соның ішінде әлемдік қауымдастықтағы ең ықпалды тіл – ағылшын тілін үйрену аса қажет. Оған ешкімнің де күмәні болмаса керек. Ықылас болса, қай тілді де үйренуге болады, оған қазір мүмкіндіктер жеткілікті. Себебі оларға деген қажеттілік бар. Әлі қазақ тілінде оқып-жаза білмейтін, ойын дұрыс жеткізе алмайтын балаға орыс және ағылшын тілдерін қатар үйрету – қазақтың тіліне, ұлттық мүддеге жасалған қиянат болып көрінетінін жасыра алмаймыз. Ал «үштұғырлы тіл» деген тілдік сая­сат онсыз да қолданыс аясы тарылып тұрған қазақ тілін енді үшінші орынға ығыстыра ма деген қауіп қоғамда сейілмей отыр.

Көптеген отандастарымыз мемлекеттік тілге немкетті қарап, өздерінің тіл үйренуге ықылассыздығы мен салғырттықтарын түрлі себептер айтып, ақталмақ болады. Мұның бәрі негізгі себеп емес, басты себеп – мемлекеттік тілге деген сұраныстың, қажеттіліктің болмауында жатыр. Тілге деген сұраныс болған жерде тілдің дамуына, кең қанат жаюына және үйрету әдістемесінің жетілуіне өзінен-өзі жағдай жасалып, бір-бірімен сабақтас бірнеше мәселе өздігінен шешіле бермек. Бұл туралы тіл жанашыры, көрнекті лингвист ғалым Ш.Құрманбайұлы былай деген болатын: «Жаппай қолданылу барысында тіл екшеліп, қырналып, әдеби нормалары қалыпқа түседі және сол қоғамның сұранысына сәйкес өркендеп те отырады. Екіншіден, қандай да бір тілді білу қоғамдағы қажеттілікке айналған кезде адамдар оны үйренуге барынша мүдделі болады. …Үшіншіден, сол тілге деген қажеттілік қоғам мүшелері тарапынан тіл үйрету әдістемесінің жетілуін талап етуді күшейтеді. Озық әдістеме мен жақсы әдіскер мамандарға сұраныс артады. Оқулықтар мен әдіскер мамандар арасында шынайы бәсекелестік туындайды. Яғни, тілге деген сұраныс оқыту әдістемесінің жетілуіне түрткі болады әрі қоғам мүшелерінің тіл үйренуге ынта-ықыласын да арттырады». Білікті маманның бұлтартпас дәйегі осындай!

Қазір де, әсіресе қалалық қазақ ұлты өкілдері арасында орыс тілінде сөйлесетіндерінің саны басым болып отыр. Мемлекеттік басқару орындарында қарым-қатынас негізінен орыс тілінде жасалады. Мемлекеттік қыз­метшілер мен ­лауазымды бас­шылардың дені қазақша сөйлемейді. Қа­зақша оқыған немесе қазақ мектептерінде оқып жүрген ұл-қыздарымыздың өзі орысша сөйлеуге бейім. Парламент қабылдаған заңдар мен мемлекеттік ресми құжаттар көп жағдайда өзге мемлекеттің тілі – орыс тілінде дайындалып, содан кейін қазақ тіліне аударылатыны жасырын емес.

Біздің елде ғана мемлекеттік тілді білмеу айып емес, қайта артықшылық саналатындай. Басқа елдерде сол елдің мемлекеттік тілін білмесе, қара жұмысқа да орналаса алмайтын болса, біздің елде қазақ тілін білмейтіндер ең жоғары лауазымдарға тағайындалып, басшылық орындарда еш кедергісіз қызмет істей береді. Олар жиналыстарды орыс тілінде жүргізіп, халықпен өзге елдің тілінде сөйлеуді қалыпты жағдай деп есептейді, мемлекеттік тіл болып табылатын ата-бабасының тілін мансұқтап отырғанына арланбайды. Мемлекеттік идеологияның ең ықпалды саласы болып саналатын ақпараттық кеңістікте де орыс тілінің басымдығы жоғары: қазіргі деректер бойынша еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының 65-70 пайызы орыс тілді екен.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында республикамыздағы сандық үлесі жоғары орыстар мен басқа да ұлт өкілдерінің талап-тілегі ескеріліп және ұлтаралық жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында орыс тіліне қатынас тілі деген мәртебе беріліп, мемлекеттік тілмен қатар қолданылуының Конституцияда бекітілуін түсінуге болады. Көпұлтты республикамыздағы барлық ұлттардың теңдігі мен еркін дамуы жолындағы жүргізілген көптеген шаралар өз жемісін беріп келеді.

Одан бергі кезеңде жағ­дай мүлде өзгерді, қазақ ұлты рес­пуб­ликадағы саны басым ұлтқа айналды. Тек қа­зақтар ғана емес, басқа ұлттардың да қазақ тілін меңгеруге деген ынтасы артуда. Қазір Қазақстандағы қазақ ұлтының үлес салмағы 70%-дан асып отыр. Еліміздегі мектеп оқушыларының 70%-дан астамы қазақ тілінде білім алуда. Жылдан-жылға қазақ мектебінің бірінші сыныбына баратын балалардың саны көбеюде. Сондықтан ендігі жерде қазақ тіліне мемлекеттік тіл ретінде айқын басымдық берудің, мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және ісқағаздарын жүргізу тілі ретіндегі айрықша мәртебесін Конституцияда бекітіп, арнайы заң қабылдаудың уақыты жетті деп білеміз.

Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің 2006 жылы 11 мамырда «Ана тілі» газетіне берген «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты сұхбатында қазақ тілінің тағдыры мен бүгінгі ахуалына тоқталып, Тілдер туралы заңды қайта қарап, қажет болса замана талабына сай өзгерістер енгізу керектігі туралы айтқан болатын. Одан бері де он екі жыл өтіпті. Сондықтан жоғарыда аталған ғалымдарымыз бен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жариялаған Үндеуі көпшіліктің көңілінен шығуда.

Зиялылықтың басты белгілерінің бірі – ана тілінде сөйлеу. «Ұлттық рухтың негiзi – ұлттық тiл» деген ұлтымыздың ұлы күрескері М.Шоқай ұлттық зиялылар туралы мақаласында: «Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады» деп қадап айтқан ғой. Ал ұлтқа қызмет етуде сол ұлттың тілінде сөйлеп, оны айрықша қадірлеу – ұлт зиялысының асыл парызы.

М.Әуезовтің: «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге болады. Себебі ол қандайлық мамандық білімі болса да рухани, ой тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады» деген лебізін неге ұмытамыз? Әзербайжанның көрнекті саяси қайраткері М.Э.Расулзаде де: «Ана тілін білмей, өзге тілде сөйлеп, зиялы болған адам күлкілі болмақ. Олардың өз ортасымен байланысы мардымсыз. Олар бір ортадан алшақтайды да, бірақ екінші ортаға толық кіріге алмайды» («Не знающие родной язык, ставшие интеллигентами, говорящими на другом языке, бывают смешны. У них привязанность к собственной среде минимальна. Они отходят от одной среды, но в другую не могут войти полностью») деп жазған екен.Гарвард университетінде отыз жылдың үстінде президент болған Чарлз Эллиот: «Мен еркек пен әйел үшін білімнің қажетті бөлігі ретінде бір ғана рухани құндылықты мойындаймын, ол – ана тілін еркін және талғаммен пайдалану» дейді.

Қазақстан Республикасының ­Прези­­денті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында барша қазақстандықтарға «мықты әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа бірге қадам басуды, бұқаралық сананы өзгертуді» ұсынды. «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп Елбасының өзі айтқандай, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм және реализм, ұлттық бірегейлікті сақтау, сананың ашықтығы секілді негізгі бағыттардың қай-қайсысы да ұлттың рухани кемелденуінің, ұлттық сананың жаңғыруының кепілі болмақ.

Осы мақалада Мемлекет басшысы «ұлттық код» туралы мәселеге тоқталып, оны рухани жаңғырудың негізгі тұғыры ретінде сипаттайды: «…Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай».

Ұлттық код – сол ұлттың жаратылысын, болмысын, рухани бітімін, дүниетанымын, өмір салтын айқындайтын негізгі белгі­лерді жинақтайтын жүйе. Яғни халқы­мыз­дың ғасырлар бойы жинақталған өмір тәжірибесінен сұрыпталып жеткен ең жоғары бағаланатын қасиеттерінің, ұлттық құндылықтар жүйесінің, тұжырымдалған дүниетанымының сығымдалған формуласы.

Ұлттық кодтың негізі – ана тілі, салт-дәстүрі, тарихи жады, мәдениеті мен ұлттың ділі. Жалпы ұлттың қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық қатынастарындағы барша өзекті танымдар, көзқарастар мен ұстанымдар ұлттық сананың негізін құрайды.

Ұлттық сана – ұлт руханиятының негізі болса, ұлттық код – оны түрлі салалар бойын­ша толықтырып тұратын құрауыштары. Ұлттық код – ұлттық сананың өзегіне апаратын, оның негізін құрайтын мән-мазмұнын ашатын кілті. Ұлттық құндылықтар ұрпақтан-ұрпаққа ұлттық тәрбие, тарихи жады, салт-дәстүр, тарихи тұлғалар тағылымы, ілім-білім мен әдеби-мәдени, тарихи мұралар арқылы беріліп отырады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы ұлттық код арқылы қоғамдық сананы жаңғыртып, ұлттық рухты көтеруде жатыр. Рухы биік ұлт қана заманның талабына сай болып, қатал уақыттың тәуекелдеріне төтеп беріп, алдыңғы қатарлы елдермен бәсекелестікте дами алады.

Ұлттық кодтың жиынтық қазығы, тұғыры – тіл. Тіл – ұлттық дүниетаныммен, ұлттық санамен тығыз байланысты күрделі ұғым. Ана тілі – сол ұлттың күллі асыл қасиеттерін, қастерлі ұғымдарын бойына жинап, сақтайтын алтын өзегі. Қазақ халқы ана тілін аса қадірлі рухани мұрасы ретінде қастерлеп, ғасырлар бойы сақтап, жетілдіріп, дамытып келеді. Егер әлемдік қауымдастықта ұлттық болмысымызды сақтап, елдік келбетімізбен бәсекелестікке ұмтыламыз, ұлттық құндылықтарымызды жасампаздықпен дамытамыз десек, ана тілімізді мемлекеттік тіл ретінде лайықты тұғырына қондыруымыз керек. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат! Одан басқа жол жоқ! Елдегі барлық салалар – саясат, білім беру, ғылым, ақпараттық кеңістік, экономика мен қаржы, т.б. – мемлекеттік тілге тұғырланып, өзге ұлттық тілдер (орыс тілі де) диаспора тілдері ретінде өз ауқымында еркін дамитын болса ғана ұлттың болашағы, еліміздің ертеңі үшін алаңсыз бола аламыз.

Қорыта айтқанда, мемлекеттік тіліміз мемлекеттің қорғауына зәру. Өзге өркениетті елдердегідей, мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылданып, жұмыс істегенде ғана қазақ тілінің халі жақсарады деп білеміз. Сондықтан Ата Заңымызға өзгеріс енгізіп, ондағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген бапты «ұлтаралық тіл» ретіндегі орыс тілін қосақтаудан арылтып және мемлекеттік тілге қажеттілік туғызатын «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа арнайы заң қабылдау қажет деп санаймыз.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



ТЕКСТ

Яндекс.Метрика