КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


70 жылдық тарихы бар кеңестік дәуірде Қазақстан, оның ғылымы, өндірісі, әл-ауқаты, қазақ халқы, әдебиеті айрықша қарыштап дамыды дедік. Бірақ солай бола тұра тіліміз өндірістік, ресми, саяси, мәдени қатынастан тыс қалды. Қазақ тілінде бірде-бір ғылыми еңбек жасалып, жазылмады. Ұлттық мектеп жабылып, білім, жоғары білім тек орыс тілінде берілді. Мысалы, жоғары оқуда алғаш рет қазақ бөлімдері ашыла бастаған 90-жылдардың басында қазақша оқулық болмай, бұл мәселеде сонау 20-жылдардың деңгейінде тұрғанымыз, қалып қойғанымыз әшкереленіп қалды. Яғни жетпіс жыл аралығындағы екі Қазақстанның айырмасы да, жаңа заманға ілесіп, уақыт ағынына түспеген қазақ тілі мен қазақ қоғамының арасы да жер мен көктей болып, тіліміз басқа емес, өзіміз үшін де жаттанып үлгерген еді.

Дегенмен, ол тұстағы БАҚ елу пайыз қазақша сөйледі, тіпті таза қазақтілді «Шалқар» радиосы, «Алатау» телеарнасы ашылып, жемісті жұмыс істеді. Ең бастысы – ол тұста қазақша қате айтылған, жазылған сөз болмайтын. Көшемізде де қате сөзді былай қойып, бір әрпі қисайған жартақта, жолтақта жоқ еді. Орысша ғана емес, қазақша дұрыс айтып, жазбау да ұят, күнә, кемшілік саналатын. Тоқсаныншы жылғы қазақ тілі тәуелсіз Қазақстанның, сол кезде де ұлтжанды қазақтың қолына осы күйде тиді.

Ал бүгіндегі тілім, елім дегенде етегі жасқа толардай өрекпитін хал-күй, әрекет 1987 жылғы «Қос тіл – қос қанатың» дейтін ұран, «Қазақ тілі қоғамы» құрылу, «Ана тілі» газеті шығу, мемлекет құрушы ұлт тілі мемлекеттік тіл болып жариялану, маңдайша, мекеме аттарының қазақшаланып, екі тілде жазылу, арнайы заң, бір-екі үкіметтік қаулы қабылдану, ­Елбасы тағына үміткерден тілдік емтихан алған болу, тілді дамытуға қатысты бірнеше жылдық бағдарлама жасалып тұру сияқты бір жағы дақпырттық сипатты, аты дардай да заты босбелбеу істермен басталып, жалғасып жатты.

Содан бергі отыз жылда тілге, терминге арналған үкіметтік, парламенттік, ғылыми, республикалық, аймақтық, тіпті ауылдық жиын, айтылған сөз, қойылған мақсат, берілген сертте есеп жоқ. Тілдің жайын сөз қылып, ой тербеп, қалам тартпаған қазақ та қалмағандай. Қазынадан тілге бөлінген, тілге деп бөлінген қаржы-қаражат та аз болмады. Сірә, әсіресе сырт көзге қазақтан ұлтшыл халық, қазақ үкіметінен мемлекетшіл билік, қазақ зиялысынан елшіл қайраткер жоқтай-ақ болды.

Алайда соншалық шабылып, жабылғандағы жеткен жетістікті саралар болсақ, «баяғы жартас – сол жартас» дерлік.

Біріншіден, отыз жылда отыз сөз үйренбеген қазақ та, қазақстандық та жетіп-артылады. Қазақ тілі өзінің ана тілі, елінің мемлекеттік тілі екенін түсініп, мойындап, қазақша сөйлейін деген ­ниетке келе қоймаған, қызмет орны ғана емес, отбасында да орысша сөйлеуін жалғастырып келе жатқан қазақ әлі де көп. Отыз жылды, қатардағы қара қазақты айтамыз, жасы сексенге келген қаламгер, қайраткер қазақтың өзі мама, папа, понедельник, сентябрь дейтін кеңестік тілінен жаңылар сыңай танытайын демей де келеді.

Қазақтың өзі, үкіметі үйреніп, қолданып жарытып жатпаған қазақ тілін өзге ұлт өкілдері де үйрене қояйын деген жоқ, үйренерлік себеп те көрмей отыр. Оларға қазақ тілін білейін, қолданайын дегізетін қандай да қажеттілік те әзір туа қойған жоқ.

Арнайы қаралып-анықталмауы, қадағаланып отырмауы, тіпті назарда да болмауы себепті ісқағазының қаншасы қазақ тілінде жүретінін бір құдай біледі. Орталық, республикалық атқарушы билік негізінен орыстілді болғандықтан аймақтық, жергілікті биліктің қағаз-құжаттары да міндетті түрде екі тілде дайындалады және соның өзінде қазақшасы орысшасының аудармасы, көшірмесі, тіркемесі мәртебесіне ғана ие.

Ал Қазақстан аумағына тарайтын басқа, әсіресе орыстілді ақпараттың пайда болып, көбейгені соншалық, мемлекеттік тілдегі басылым мен электрондық ақпарат түрінің өзін елу пайызға жеткізу мүмкін еместей күйде. Ең бастысы – ұлттық радио мен телеарнада, түрлі жарнама, жартақтада орын алып отырған орыс тілінен сөзбе-сөз аудара немесе қалай болса солай жасалып жатқан тіл бұзу әрекеті, тіл, телеарна алдындағы жауапсыздық адам айтқысыз деңгейге жетті. Әрі мұны жай жұрт емес, тілші, әдебиетшілердің өзі жасауда. Ақпарат құралдары көмегімен бұқара тілін түзеуі тиіс журналшы қауым, керісінше, оны жермен-жексен етудің көшбасшысына айналды.

Елдегі ұлты орыс, орыстекті оқушы үлесі әлдеқайда төмен бола тұра орыстілді мектеп саныаса азая қойған жоқ. Ұлттық тілдегі оқулық тілін айтудың өзі артық. Осынша уақыт өтсе де, қазақ ғалым-ұстазы өзіндік сапалы оқулық жазуға қауқарсыз халде. Жоғары оқудағы қазақ топтары артқанымен, ондағы пәндердің біразы орыс тілінде өтіп келеді.

Кез келген тілдің басты мәселесінің бірі –терминге келейік. Бұл ретте ғасыр бойы ресми, ғылыми қолданыстан шығарылып, сөзжасам жүйесі толық тоқырауға ұшырап келген тілдің терминдік жүйесі, баламасы әуелі ұлттық тілден ізделу, жоғы жаңадан жасалу, қоланысқа шығарылу, көпшілік талқысына салыну керек еді. Алайда оның орнына бар әрекет әлі туып, табылып, пайда болып та үлгермеген «терминді» тездетіп және жүздеп, мыңдап бекіту ғана болып келеді.

Пәленбай қаржы жұмсалып, аз уақыт ішінде бір емес, үш дүркін шығып үлгерген 31 томдықтың, әсіресе алғашқылары балама ұсыну, жаңа сөз жасау, терминнің құрығанда біразын қазақшалау жұмыстарын жиып қойып,«орысша-қазақша» аталатынымен, басым бөлігі аномалия – аномалия, аналогия – аналогия дегендей «қос сөзден» тұратын немесе аномальдық, аналогиялық түрінде қазақшаланған және бір сөзі бір сөзіне қайшы, әр беті, әр томында әртүрлі берілген сөздіктер қатарын көбейтіп қана қойды.

Ал тілді қолданысқа енгізу, тұрақтандыру, осы бағыттағы бар жұмысты баянды етудің негізін қалауы тиіс ғылым не істеді дегенге келсек, біріншіден, тіл білімі ордаларында сала терминінің өзіне ғана қатысты, сірә, бірнеше ондаған ғылыми диссертация қорғалды. Бірақ ол қорғаушылардың бірде-бірі тілші, терминші маман болып қалыптасып, ең болмаса, сол сала термині бойынша шығып жатқан аталмыш сөздіктерді жасауға атсалыса алмады. Көп ұзамай-ақ не істеп, не қойғандарын ұмытып та үлгерді.

Екіншіден, біз – тұрғынының пәлен пайызы көрші жатқан имперлік мемлекет ұлтының өкілінен тұратын, жергілікті халық түгелдей сол ұлт тілінде түсінісіп, түген пайызы өз тілін ұмытып, одан бас тартып та кеткен, тілдік қарым-қатынасы 70 жыл бойы толық түрде басқа басым тілде жүргізіліп келген елміз. Осындай, яғни тіл заң күшімен міндеттеліп қана енгізіле алмайтын елде мемлекеттік тіл, ұлттық тіл, ана тілі деп аталатын тілдің өзін кең тарапты қолданысқа түсіру мүмкіндігі, қалай енгізу керектігі туралы арнайы жоба жасалып, үкіметке ұсынылмады, зерттеліп-зерделенбеді. Үкімет те өз тарапынан ондай мәселе қоймады, керек қылмады. Тіпті қашан да, қай санында да тіл тақырыбын аттап өтпейтін баспасөз бетінде де қазақты, үкіметті, өндіріс пен шаруашылықтың түрлі саласын қазақша сөйлету үшін не істеу керек, бұл ретте қай саланың қандай ерекшелігі бар дейтін ой қозғалып, сұрақ қойылып көрмеді.

Сірә, әуелгі мақсат-мұраты бойынша қазақ­тың түрлі топтарын тілдің әр алуан істеріне жұмылдыру үшін құрылған Қазақ тілі қоғамы да «халықаралық» атанып, он, он бес, жиырма жылдық мерей тойын ана қала, мына қалада атап өткеннен, ара-тұра өздері жиналып алып, тілді менсінбейді, есігінен қаратпайды дегеннен басқа ештеңе істемеді. Қандай да нақты ісімен есте қала алмады. Мысалы, үкіметтің мемлекеттік тілге қатысты көпжылдық бағдарламалары тілді енгізу, қай сала, қай өңірге қалай енгізу, оны неден және қашан бастап, қашан аяқтау сияқты ­басты, шешуші қадамдарды айналып өтіп, 30 жыл бойы түрлі шара өткізу, үгіт-насихат жүргізу, сөздік, кітап шығару сияқты қосымшалық сипатты іс-әрекеттерге негізделіп келді. Ал осы бағдарламаның жасалу, орындалуын жан-жақты талқылап, бақылап, оны қара халыққа түсіндіріп отыруы тиіс қоғам мұндайдың, мұндай міндетінің бар-жоғын, сірә, байқаған да емес.

Кез келген істің жүзеге асуы үшін ең әуелі оны істейін дейтін шын ниет болуы әрі ол ниет, бастама киіз кімдікі болса, білек сонікі дегенге сәйкес нәрсенің шын иесінен шығуы керек. Ал тілдің иесі – қашан да қара халық та, халықтың иесі – зиялы қауымы. Ендеше, тіліміздің бүгінгі болымсыз жайы бірінші кезекте осы екі иесі белсенділігінің төмендігінен, сөзі мен ісінің арасы тым алшақ болып келуінен дер едік. Олай дейтініміз, тәуелсіздігін кеше ғана жариялаған елдің әр адамының адамдық, азаматтық міндеті – әуелі басқаны қойып, өзі өз тілінде сөйлеуге көшу, тіл шұбарламай таза сөйлеуге дағдылану, өзінің бұзық сөздерін анықтап алып, бірте-бірте, бір-бірлеп олардан тыйылу болса, екінші – осының бәрін бала-шағасы мен айналасына айтып, таңып, жөн сөзін өткізе, оларды көндіре білуі тиіс еді. Яғни қалыпты қазақ, адам әлдекімнің үкімін, ұсынысын күтіп отырмай және Елбасының, басқаның «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегені үшін емес, керісінше, өзі өзгені, үкіметті бұлай етуге жан-жақты мәжбүрлеуі, мәжбүрлей білуі керек. Ал зиялы қауым, тіл маманы, тілші, журналшылар өзгеге үлгі көрсетуі, бұл реттегі бар жұмысты назарда ұстап, тілді өндіріске өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай енгізудің ғылыми, саяси-әлеуметтік негізін қалауы, қамтамасыз етуі тиіс-тін.

Әрине, тілдің көптеген мәселесін заң күшімен, үкімет тарапынан міндеттеу, мәжбүрлеу жолымен шешуге болады. Бірақ халықтың, қазақтың қазақша сөйлеуі, мәдениетті сөйлеуі – негізінен оның өз еркіндегі нәрсе. Тек тілді түзеудің тиімді жолдарын тауып, бұл бүкілхалықтық істі жеңілдетуге, көңілді етуге болады.

Айталық, бүгіндегі тіл шұбарлығы кеңестік кезеңнен қалыптасып қалған дағдыға қоса, көптеген сөздің әуелгі қазақшасын ұмытып қалуымыз, білмеуіміз, екінші – бірқатар сөздің қазақшасы әуелден болмауы, олардың кеңестік дәуірде жасалмауы, жасалмай қалуы, жасалмай келуінен болып отыр. Яғни қазақша айтайық дейтін ниет болғанымен, айта қоятын, дайын тұрған сөздің жоқтығынан да айтпай келеміз. Мысалы, телетілшілеріміз «шорты» дегенді осы қалпында орысша айтқысы келмей және мұның баяғыда-ақ шолақай делініп, жаңа сөз жасала қазақшаланып қойғанын да білмей, көбіне ақ қысқа шалбар, көк түсті қысқа шалбар деген шұбалаңқы сөзге жүгінуге мәжбүр. Немесе тіреуішті жартылай қорғаушы дейміз, беларқанға тіреп соққылауда деп, опорный полузащитник, канат сөздерін қазақшалап-бағуда.

Әдетте, «қазақ тілі – керемет тіл» демейтін қазақ жоқ. Тіпті мұндайды орыстілді, еурожанды әрі болып-толған қазақтың өзі және шын көңілден айтып жатады. Дегенмен, осы уақытқа дейін бұлай дегіш жазушы-академиктің өзі де тілдің «кереметтігін» көрсететін нақты дәлел келтіріп көрген емес. Біздіңше, бұл да, яғни қазақ және кереметтігіне күмән келтірілмейтін орыс, ағылшын тілдерінің артық-кем жақтарын салыстыра талдап-анықтау да – көп болып, көмек болып атқаруға болатын әрі қызықты мәселе. Өйткені тілді қашан да қандай да ғұламалар ғана емес, бүкіл халық жасайды және қабылдайды. Сол себепті біз – тілші, әдебиетші емес, физик, химикпіз, жай жұрт, қатардағы көптің біріміз деп бөлініп-жарылмай, бейтарап қалмай, қазақтың кез келгені сөз жасау, тіл жасау, тіл тану ісіне өз үлесін қосуы керек. Қара қазақ түгел сөйлеп, белсенділік көрсетпей, қазақ тілі мемлекеттік тіл де, ұлтаралық тіл де бола алмасы айдан анық. Яғни келесі айналып келгенде қазақ тілінің қандай болатыны тек сіз бен бізге байланысты, қымбатты қазақ жұрты!



ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



ТЕКСТ

Яндекс.Метрика