КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Шәкен Жәдиұлының «Соңғы көш» романын оқыған боларсыз?! Өзіміздің елімізден бастап Алтай, Памир, Альпі, Гималай, одан ары қарай Пәкістан, Үндістан т.б. бірнеше елді басып өтіп, соңы Түркияға келіп, бүгінде Еуропа қазақтарын құрап отырған қандастарымыз жайлы жазылған керемет деректі роман. Гиннес рекордтар кітабына тіркеуге болатын бұл ұлы көште қандастарымыз жалаң аяқ Азияның аспанмен таласқан биік тауларын да басып өтеді. Әрине, адам төзгісіз құрбандықтар арқылы...

Еуропа қазақтарының ішінде қандастарымыз ең көп қоныстанған ел Түркия екені белгілі. Мүмкін, түркі тектес ел болғандықтан, менталитетіміз, дініміз, тіліміз ұқсағандықтан, бұл елде қандастарымыздың көп бөлігі бүгінде жақсы тұрмыс кешуде. Алайда, өз уақытында бұл елде де жұмыссыздықтар болып, біраз қазақтар 1980 жылдың басынан бастап Түркиядан Ұлыбританияға жұмыс істеу үшін, күн көру үшін қоныс аудара бастаған. Олардың барлығы дерлік бұл күнде Лондонда өмір сүріп жатыр. Бұдан бөлек, әсіресе соңғы жылдары Қытай және Ауғанстан сияқты елдерден Ұлыбританияға келіп, осында тұрып жатқан біраз қандастарымыз тағы бар. Бірақ, олардың саны аса көп емес. Жалпы алғанда, Түркиядан Ұлыбританияға көшіп келіп тұрып жатқан қазақтардың саны 200 адам шамасында болған екен. Ал, бүгінде бұл қандастарымыз үйлі-жайлы болып, ұрпақтар тәрбиелеп, сандары бірнеше есе өсіп отырғанын сыртқы істер министрлігі хабарлайды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, жоғары білім алып немесе жұмыс істеу үшін т.б. себептермен көптеген Қазақстан азаматтары Ұлыбританияға келіп өмір сүруде. Ал «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияға келген қазақ жастарының көбі оқуларын бітіргеннен соң бірі елімізге қайта оралса, бірі осы елде қалып кетіп жатыр. Ұлыбританияға 1980 жылы келген қазақтар киім-кешек тігіп, тоқыма секторында жұмыс істеп, нанын тауып күн көрген. Бірақ, соңғы жылдары Шығыс Еуропа және Қытайда пайда болған арзан жұмыс күші мен арзан өнімдерінің салдарынан бұл сектордың құлдырауына байланысты қазақтар басқа салаларда жұмыс істей бастайды. Олардың ішінде өздерінің дербес шағын кәсібін құрғандар да бар. Оқуын бітірген немесе белгілі бір салада мамандық алғандар өздерінің мамандықтары бойынша түрлі салаларда жұмыс істеп жатыр. Лондонда тұрмыстың қымбатшылығы салдарынан қазақтардың көбі орташа табысы бар топқа кіреді. Түркияның әрі Ұлыбританияның қос азаматтыққа рұқсат етуіне байланысты Ұлыбританияға Түркиядан барған қазақтардың барлығы дерлік Ұлыбританияның да азаматтығын алған. Алайда, халық санағы жүргізілсе Түркияда бұл екі елдің азаматтығын алған қандастарымыз есепке алынбайды. Керісінше, Ұлыбританияда тұрып, осы елде жұмыс істегендіктен, осы елдің халық санағында есепке алынады.

Ұлыбританиядағы бірінші буын қазақтардың балалары 1995 жылдан кейін жоғары білімдерін тәмәмдап, мамандық иесі бола бастады. 1998 жылы университетті бітіріп шыққан 2 адам болса, қазір жоғары білім алып жатқандар яки оны табысты түрде аяқтап қызметке орналасқан қандастарымыздың саны күрт өскен.

Аға буынның қазақша сөйлеуіне байланысты, Еуропадағы орта буын қазақтар өз тілдерін айтарлықтай жақсы түсініп, азды-көпті сөйлеп те жүрген. Бірақ, олар қазақ тілінде оқып, жазғанда кейбір қиыншылықтарға тап болатыны жасырын емес. Әсіресе, қазіргі Қазақстанның кириллицалық әліппесін оқи алатындардың саны өте аз. Латын графикасымен оқу жеңіл болса да, көбінің сөз қоры жетпегендіктен қазақша мәтіндерді толық түсіне алмайды. Қазақ тілі туралы айтылатын тағы да бір мәселе, Қазақстаннан Ұлыбританияға «Болашақ» бағдарламасы бойынша келген жастардың қазақша білмейтініне қатысты. Бұл жастардың кейбірі Ұлыбритания Қазақ Қоғамының іс-шараларына ерікті түрде қатысып жүреді. Егер, елімізден «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияға барған сол жастарымыз қазақша білсе, бүгінде сол елдегі қандастарымыз елімізден барған жастарымызбен қазақша тілдік қатынасқа түсіп, бүгінде айтарлықтай нәтижелерге жетіп, ана тілдерін ұмытпауға септігі тиер еді. Өкінішке орай, шетел асатын жастарымыздың басым бөлігі өз ана тілдерін білмейтіндер.

Еуропа қазақтарының арасында ұлттық салт-дәстүрлердің қаншалықты сақталғандығына келер болсақ, жағдай біршама жақсы. Құда түсу, қыз ұзату, үйлену тойлары, шілдехана, бесік тойлары, тұсау кесу рәсімдері, азан шақырып балаға ат қою дәстүрі, баланы сүндетке отырғызу салты, кісі өлгенде жетісін беру, қырқын беру, жыл айналғанда асын беру, ораза айында құран-хатым түсіру сияқты жоралғылар азды-көпті өзгешеліктермен бұрынғысынша орындалып отырады. Бірақ, қажетті шаралар қолданылмаса жаңа буын қазақтар, тұрған елдерінің мәдениетін және салт-дәстүрлерін қабылдап, ассимиляция болып кетеді. Балаларға берілетін тәрбиенің басы ұлттық тіл мен мәдениет десек, Еуропадағы ата-аналарға жүктелетін жауапкершілік өте көп. Бірақ өздері де шетелдерде туып-өскен ол ата-аналарға қол ұшын беру, ең алдымен, Қазақстандағы тиісті орындардың алдында тұрған міндет болса керек. Мәселен, Ұлыбританиядағы қазақ елшілігі не қарап отыр?! Саусақпен санарлық қандастарымыздың басын тоғыстырып, қазақ тілі курстарын ашып, ұлттық сананы бойларына сіңдіру үшін жұмыс жасап жүр ме? Әрине, бұл сұрақ төңірегіне келсек, жұмыстар жоқ емес, бар. Алайда, жеткіліксіз дәрежеде...Мәселен, Қазақ мәдениет орталықтарын, қазақ тілі курстарын ашу жұмыстарымен кезінде елшілік шұғылданған екен, алайда тұрақсыз елшіліктердің ауысуына байланысты ол жұмыстар бір тоқтап, бір ашылып, қазақ тіліне қызыққан қандастарымыздың қызығушылығын жоғалтқан. 

1980-ші жылдан бері қандастарымыз өз еріктерімен әрі тілдерін, әрі мәдениеттерін сақтап қалу және өзара байланыстарын күшейту мақсатында бірнеше қазақ тілі қоғамын құрып көрген екен. Бірақ, экономикалық жағдайларының жеткілікті болмауы кесірінен, әрі жергілікті заңдарды жетік білмегендіктің салдарынан ол қоғамдардың жұмыс жасауы ұзаққа бармапты. Ұлыбританиядағы қазақ елшілігі ашқан Қазақ Мәдениет Қоғамы 2003 жылы алғашында қор ретінде құрылып, Ұлыбритания Қорлар Комиссиясы тарапынан тіркелген. Сондықтан, осы қордың іс-әрекеттері және қаражаттық есептері аталған комиссия жағынан бақыланып, бағдарланып отырады. Сол жылы ресми түрде жұмысын бастаған Ұлыбританиядағы Қазақ Мәдениет Қоғамы қазақ тілі және мәдениетін жасатып және оларды таныту үшін бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Ұлттық және діни мейрамдарда жиналыстар жасап, жастардың бір-бірімен аралас-құралас болуы үшін тілге, ұлттық мәдениетке қатысты жұмыстар жасап, сондай-ақ спорттық іс-шаралар ұйымдастырып тұрады.

Еуропаның дәстүрлі түрде келісілген кез келген бір қаласында Еуропа қазақтарының дәстүрлі кіші құрылтайы өткізіліп тұрады. 2-3 күнге ұласқан бұл құрылтайлар мәдениет фестивалі және қазақ жастарының арасындағы футбол турнирі ретінде өтеді. Бұл құрылтайларға Қазақстаннан Білім және ғылым министрлігінің және Мәдениет министрлігінің басшы қызметкерлерімен қазақ халық музыкасының өнерпаздары қатысып тұрады екен. Онда Еуропадағы қазақтардың алдыңғы қатарлы азаматтары мен Еуропа Қазақ Қоғамы басшылары және Қазақстаннан келген делегацияның мүшелері қатысқан дөңгелек үстелде қазақ тіліне және ұлттық-мәдени мәселелерге қатысты проблемалар талқыланады. Өкінішке орай, бұл басқосуларда қабылданған қарарлар еш уақытта жүзеге асқан емес...

2009 жылы Еуропа Қазақтары Кіші Құрылтайы 30-31 мамыр күндері Лондонда өтті. Оны ұйымдастыру жұмыстары қызу жүргізілгенімен талқыланар мәселелер аз болды. Бұл құрылтайдың бағдарламасын Ұлыбритания Қазақ Қоғамының өздері жасап шығады. Қазаққа қатысы бар Лондондағы кәсіпкерлердің демеушілігімен құрылтайға кеткен барлық шығынды Ұлыбритания Қазақ Қоғамы өзі қамтамасыз етіпті. Өкініштісі сол, Қазақстандағы ресми, яки бейресми бір ұйым немесе органның бұл құрылтайдың ұйымдастырылуынан ешбір хабары болмаған. Бұл мәліметтердің астарында, қазақ елшілігі, яки еліміздің сыртқы істер министрлігі Еуропа қазақтарына көңіл бөлмей жатқандықтарын білдіреді.

2002 жылы Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарды барлық салаларда нығайту мақсатында Британдық Қазақ Қоғамы (British-Kasakh Society) құрылған екен. Бұл қоғамның қамқоршылары ағылшын ханзадасы Андрей мен Қазақстан Президенті Н.Назарбаев, ал қосбасшылары болса екі елдің елшілері болған. Бұл қоғам екі ел арасындағы байланыстарды дамыту үшін концерттер, семинарлар және көрмелер сияқты көптеген шаралар ұйымдастырып келген. Алайда, Еуропа қазақтарының құрылтайын ешқашан демеушілік жасамаған...


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика